Есей Жеңісұлы. ЕГЕР ДЕ және ЕГЕР ДЕ...
Жасымыз өсті ме, өмірді тани түстік пе, білмеймін, көп нәрсеге өзімізді жауапты сезінетін болыппыз. Тіпті, барлық нәрсеге. Барлық жайтқа.
Мұқағали ақын жазатын: «Бәріне жауаптымын, бәрін білем, бірақ білмен өзімнің әлімді мен», – дейтін көңіл-күй тура біздің басымызда да бар. Өзіміз аралассақ, өзіміз қолға алсақ, барлық іс оңынан келіп, алға басып кететіндей көрінеді де тұрады. Маған соңғы кездері «егер де...» деген ой жиі келіп жүр. Әрине, тарихтың тегершігін кері айналдыру мүмкін емес. Біз тарихқа бүгінгі таным-түсінікпен, бүгінгі көзқараспен, ең бастысы, өзіміздің біліміз жеткенінше ғана баға бере аламыз. Менің басымдағы «егер де-лер» бұл тұрғыдан алғанда өте «бұзақы», өте «шатақ».
Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Бұл қазақ деген – талай рет тозақтың алдында асылып тұрып, арқаны әйтеуір бір ғажайыптың күшімен үзілмей, аман қалған халық», – дегенге келетін сөзі бар. Шынында да, не көрмеген халықпыз! ХХІ ғасырда әлемнің көлемі жағынан тоғызыншы елі болып, айдарымыздан жел еспесе де, ешкімнен кем емес жағдайда өркениеттер көшінде келе жатсақ, бұл біздің бағымыз шығар... Бүгінгі күні өз тарихи Отанымызда санымыз 63,1 пайызға жетсе, Алланың қазаққа назарының түзулігінен болар.
Жасымыз өсті ме, өмірді тани түстік пе, білмеймін, көп нәрсеге өзімізді жауапты сезінетін болыппыз. Тіпті, барлық нәрсеге. Барлық жайтқа.
Мұқағали ақын жазатын: «Бәріне жауаптымын, бәрін білем, бірақ білмен өзімнің әлімді мен», – дейтін көңіл-күй тура біздің басымызда да бар. Өзіміз аралассақ, өзіміз қолға алсақ, барлық іс оңынан келіп, алға басып кететіндей көрінеді де тұрады. Маған соңғы кездері «егер де...» деген ой жиі келіп жүр. Әрине, тарихтың тегершігін кері айналдыру мүмкін емес. Біз тарихқа бүгінгі таным-түсінікпен, бүгінгі көзқараспен, ең бастысы, өзіміздің біліміз жеткенінше ғана баға бере аламыз. Менің басымдағы «егер де-лер» бұл тұрғыдан алғанда өте «бұзақы», өте «шатақ».
Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Бұл қазақ деген – талай рет тозақтың алдында асылып тұрып, арқаны әйтеуір бір ғажайыптың күшімен үзілмей, аман қалған халық», – дегенге келетін сөзі бар. Шынында да, не көрмеген халықпыз! ХХІ ғасырда әлемнің көлемі жағынан тоғызыншы елі болып, айдарымыздан жел еспесе де, ешкімнен кем емес жағдайда өркениеттер көшінде келе жатсақ, бұл біздің бағымыз шығар... Бүгінгі күні өз тарихи Отанымызда санымыз 63,1 пайызға жетсе, Алланың қазаққа назарының түзулігінен болар.
Бұл шүкірдің бәрін ішке сақтап, «егер де солай болмаса, біз қандай ел болар едік?» деген сауалды өзімізге-өзіміз қойып көрейікші...
Бірінші «егер де...» Егер де «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы болмаса, қандай ел болар едік? Тәуке хан өмірден өткен соң, ішкі бірлігі әлсіреген қазақ халқы жоңғарларға оңай жем болды. Қырылған қара халықты айтпағанда, майдан даласында 100 мыңға жуық жауынгеріміз шейіт кетті. Әрбір 10 сарбаздың төртеуі жанын ел үшін пида етті. Ең жаманы, атамекенінен шұбырған қазақтарды Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтары одан әрі тоз-тоз қылды. Былайша айтқанда, бұл қырғын қазақтың тарихи жадысы мен демографиялық үдерісіне кері таңба салды. Осы зауалдан қазақ араға 4-5 жыл салып қана ес жиды. Аңырақай шайқасы ғана ел еңсесін қайта тіктеді. Бұл қырғынның тарихтан орын алуына қос тараптағы көршілердің мүдделі болғаны жасырын емес. Орыс әскерінен соғыс өнерін үйреніп, қолтығына су бүріккен қытайлардың қоздырмасынан қайраттанған жоңғарлар осылайша өздері де тарихтан кетіп, болашақ ғасырларда автономия болып қана қалуға қадам жасады. «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, Алқакөлге жетіп сұламағанда қазақ саны әлдеқайда көп ел болар еді. Екі тараптағы алып көршілер аяқтарын байқап басар еді. Ең бастысы, осы зауалдан кейін қазақ хандары Ресей патшалығына бодан болуға ұмтылмас та еді...
Екінші «егер де...» Егер қазақ халқы Ресей патшалығына бодан болмаса, қандай ел болар еді? Бұл да ғылыми фантастика деңгейіндегі қиял шығар. Бірақ ойланып көрейікші. Менің ойымша, халқымыздың санасында керемет сілкіністер болар еді. Өйткені, айналадағы елдің бәрі бұл уақта білім мен ғылымға ден қойып, болашақтың кілтін тауып алған-ды. Қазақ саналы түрде бұғауда ұсталды. Ең жанды жері – туған топырағы қазыналық меншікке көшірілгесін, қазақ тоғышар күйге түсті. «Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны» деген Мұрат ақын пайымы дұрысқа шықты. 1861 жылы крепостнойлық құқық жойылған соң, орыс переселендері қазақ даласына қаптады. Ең шұрайлы жерлер соларға берілді. Мұның бәрі болмағанда, қазақ өз әліпбиін қалыптастырып, даму жолына түсер еді. Жазу-сызуы реттелген халық өзгеге есесі көп кетіп жатқанын аңғарар еді. Алпауыт көршілерінің жұтқыншағына түсіп кетпеудің амалдарын қарастырар еді. Былайша айтқанда, қазақ фольклорлық сипаттан нақты шаруақор халықтың кейпіне енер еді. Ең бастысы, қазақы урбанизация процесі басталар еді. Яғни, жаз жайлауын жайласа да, қазақ негізгі шаруасын отырықшылықпен байланыстыруға дағдыланар еді. Билік жүйесі реформаланатын еді. Монархиялық билікті сақтап қалған күннің өзінде, монарх елдегі ең маңызды мәселелерде ғана шешімі мен кесімін айтар тұлға болып қалар еді. Қазақ халқы билік үшін таласу «дәрістерінен» өтпес еді, көкіректеріне сөлкебай қадауды абырой емес, ар санар еді, ең бастысы, табиғатында жоқ ұсақ мінездерді сіңірмес еді.
Үшінші «егер де...» Егер де Алаш автономиясы ресми танылып, қазақ өз алдына ел болып кетсе не болар еді? Шынында да, Ресей патшалығы құлағанға дейін қазақтың сол қанды шеңгелден шыға алмайтыны белгілі болатын. Тарих ақсақал ХХ ғасырдың басында қазаққа мысқал мүмкіндік берді де, дереу тартып ала қойды. 1917 жылдың соңында Алаш автономиясы жарияланып, 1920 жылға дейін өмір сүрді. Автономия ең әуелі өз аумағын анықтады, сосын «жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі» деп мағлұм етті. Алаш автономиясының басында сол кездегі қазақтың игі-жақсылары, оқыған-тоқығандары, ең бастысы, мемлекет басқару ісінің аужайын түсінген жандар отырды. Олар сол бетінше Алаш мемлекетін әлемдік айдынға алып шықса, қазақ 1920, 1932-33 жылдардағы ашаршылыққа тап болмас еді, қырылмас еді. 1928 жылдан басталған байларды кәмпескелеу ісі жүргізілмес еді. Әр бай өз орманында заман ыңғайына қарай магнаттарға айналып, таза капиталистік орта қалыптастырар еді. 1937 жылы бүкіл игі-жақсылар оққа байланбас еді. 1910 жылдардан бастап ерекше қарқынмен дами бастаған қазақ әдебиеті әлемдегі ең алдыңғы қатарлы әдебиетке айналар еді. Қазақ жерінде өзі басқаратын, өзін қамтамасыз ететін ірі кәсіпорындар, зауыт-фабрикалар салынатын еді. Әр сала бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіліп, ғылыми орта сол кездерде-ақ пайда болар еді. Қазақ тілі айдынын кеңге жаяр еді, тіпті, түркі жұртына ортақ тілге де айналар еді.
Төртінші «егер де...» 1932-33 жылдардағы аштық қолдан ұйымдастырылмағанда, қазақ саны қанша болар еді? Бұл енді – ұлтымыздың жан жарасы, қасіреті. 1897 жылғы санақ бойынша қазақ жеріндегі қазақ саны 3 392 751 адам болса, 1939 жылы 2 327 625 адамға түсіп қалды. 42 жыл бойы қазақ халқы азаюмен болды! «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген Голощекин саясаты асыра сілтегені сонша, қазақ халқы 1989 жылға дейін өз жерінде азшылықтың күйін кешті. Яғни, ес жиып, еңсе түзеу үшін жарты ғасырдан астам уақыт керек болды. Сан болса ғана сапа болады. Бұл – адамзат жаралғалы бері келе жатқан заңдылық. Аштық болмағанда, қазақтың тарихи жады кері шегінбес еді. Жұттың салдарынан қазақ бұрынғы жауынгерлік рухынан, кеуде бастыртпайтын намысқойлығынан адасып қалғандай болды. Барына қанағат қылып, бүгінгі күніне ғана тәубе айтатын тоғышарлық кеп киді. Ең бастысы, қазақ бойында үрей пайда болды.
Бесінші «егер де...» 1937-38 жылдары қазақтың игі жақсылары атылмаса, асылмаса, жер аударылмаса, қандай ел болар едік? Бұл да – жауабы жоқ сұрақтардың бірі. 1937 жылдың қырғынынан түрлі себептермен аман қалған Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, т.б. қадау-қадау тұлғалардың қазақ руханиятына қандай үлес қосқаны көз алдымызда. Әрине, бұл жылдардағы зауал қазақ халқының басына ғана түскен жоқ. Бірақ ең көп зардап шеккен қазақ десек, артық айтпайтын болармыз. Репрессияға ғылым мен білімде, саясатта, өмірдің басқа да маңызды салаларында жүрген азаматтар ілінді. Бұл қазақтың енді ғана бас көтерген, алапат күші барын байқатқан прогрессшіл қалпын тежеді. Күншілдік деген бұрын да бар мінез еді, бірін-бірі сыртынан нұсқап, еш өкінішсіз ұстап беру арқылы халқымыз тағы ұсақтады. Яғни, өзгенің қолымен от көсеген қазақ тағы кері қадам жасауға мәжбүр болды.
Бұл тізімді Ұлы Отан соғысымен, тарихтағы басқа да ірі оқиғалармен байланыстырып жалғастыра беруге болар еді. Ең бастысы, осынша қасіретті басынан өткеріп келген қазақтың енді шегінер жері жоқ. Сүйегінде жоқ, жүре жабысқан мінездерімізден арылсын деп Жаратушы Ие біз тепкісін көп көрген ХХ ғасырдың соңына қарай Тәуелсіздікті сыйға тартты. Енді тарихтан сабақ алып, ел болмақ – өз қолымызда. Жоғарыда мен келтірген уәждерге ғалым бауырларымыздың, діндар азаматтардың кері пікірі туындайтынын да білемін. Бірақ өткеннен сабақ алмай, ертеңнің іргетасын қалау жоқ. Қазақтың әрбір баласы өзін ұлты алдында жауапты сезінетін кезеңге келіп жеттік. Біз жауапкершілік танытсақ, болашақ ұрпақ та қазақтың әрбір құндылығын аялайтын болады. Оған күмәнім жоқ.
"Айқын" газеті