Жұма, 22 Қараша 2024
Абай күні 1648 5 пікір 10 Тамыз, 2024 сағат 10:00

Ақылбайдың ақын-әке жанына оралуы

Сурет: Википедиядан

10 тамыз – Абай күні!

«АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ...»

Соңғы күндері Абайдың көңілі көтеріңкі еді. Бұл өзгерісті былайғы жұрт  аңдай қоймаған. Бірақ, отағасының қабағын баққан Еркежан бірден байқады. Інісі Оспанның қазасынан кейінгі тұнжырыңқы жүзінің ашылғанына іштей қуанады. Бұған Ақылбайдың себеп болғанын да сезеді. Келімді-кетімді кісі аяғы басылған бір әредікте Еркежан Абайға:

– Ақылжанның бауырларының ортасына қосылғаны жақсы болды-ау... –  деп ақынның жауабын тосқандай бөгеле берді.

Абай басын қағаздан көтергенімен, ләм-мим деп жақ ашпады. Әйелін тыңдағысы келетін сыңайы бар. Соған қарағанда жаңағы естіген сөз жанына жағатындай. Еркежан жұбайының жылы шырайын таныған соң,  айтпақ ойын енді ірікпеді:

– Жастар әзілдері жарасып,  бірін-бірі түзеп, мәре-сәре болады да жатады, әйтеуір.

Отбасындағы көңіл-күйді тілеуқор қосағының айтқызбай ұққанына ақын іштей разы еді. Ендеше,  бұдан әрі үндемей қалуға болмайды:

– Оның рас, осы Ақыл туғанда бала қадірін білетін жаста ма едік, – деді тұңғыш перзентін еркелете алмағанын мойындағандай. – Әйтсе де, мейірімге  кенде болған жоқ. Қара шаңырақтың кенжесі орнында еркебұлаң өсті. Тек қана, әне бір тоқмейіл, мақтан құмарлау мінезі болмаса...

Қажының өзі ғана емес, жас  тоқалы Нұрғанымның да Ақылбайға қамқор бола алғанын жұрт жақсы біледі. Оның ауыл молдасынан сауатын ашқан соң одан әрі оқымаған сауық құмарлау мінезі де белгілі. Соған орай Ақылбайға арналыпты деген өлеңінен баласының келешегі алаңдатқан әке уайымы естіледі: «Ата-анаға көз қуаныш – Алдына алған еркесі. Көкірегіне көп жұбаныш, Гүлденіп ой өлкесі. Еркелік кетті, Ер жетті, не бітті?...».

Бәсе, не бітті?

Өлеңнен ақын-әке арманы мен реніші қатар аңғарылады: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол. Сүйкімі жоқ құр масыл би / Сүйретіліп өтер сол. Табылмас қайла, Ойбайла – Не пайда?..».

Сүйкімі қашқан ұлдан сақтасын деңіз. Әлеуеті зор әкесі бауырына салған тұңғышын Әбдірахманы секілді оқыта алмай қалғаны жанына бататын.

Соңғы уақытта оның Жидебайға ат басын жиірек бұрып, «өнер ортасын тапқанына» разы:

– Енді алаңсызбын, содан мейіріміңді аямашы,  – деді.

Осы бір бейкүнә сөз, алайда Еркежанның жанына салқындау тиді:

– О не дегеніңіз, Әубәкірім мен Пәкизатымның  көкесінің мұнда өгейлік көрер жөні қайсы, – дегенінде жүрегін сыздатқан сырын бүге алмады: – Өйткен күнде ініңіздің аманатын ұмытқаным ғой.

Оспан екеуі бауырларына салған Ақылбайдың екі баласына Еркежанның ерекше өбектейтінін көріп жүр. Ендеше құрсақ көтермеген  әйелдің көңілшектігін де түсінеді. Бірақ жарының  «әлсіздігін» байқамаған  бола салу оған оңай емес: «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп, Ойлама отсыз, ойсыз, суық жан деп. Жүректегі жалынды көзден жас қып, Ағызғаным болады ол неге сеп?..».

Келесі сәтте өзі жақында тәржімалаған өлеңмен жарының уайымын іштей бөліседі: «Ішімде қайғым қалың, көз жасым кем, Адам жоқ, кімді дос деп мен шағушы ем...».

Ақынның осы сәт жан сырын өлеңге ашып, содан жұбаныш тауып отырғанын Еркежан білмеген. Өлеңнің әзіл аралас соңғы буынын ойша қайырып, жүзі жылұшырай қалды: «...Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек, Көзінен жасы шықса, бойына ем».   

Талайдан бері салқын сабыр тауып, жүзі сирек жадырайтын Абайдың жымиғаны Еркежанның ескі күйінішін тез ұмыттырды. Ақынның кітабына қайта үңілгенін көрген соң, шаруасымен айналысып кетті. Хәкім оңаша қалған соң да перзентіне қатысты ой сүрлеуінен біразға шейін шыға алмады. «Ақылбайды айтыпты» деп, ел аузында жүргені «Ата-анаға көз қуаныш...» деген өлең ғана еді.

Соны білетін кейбіреудің, тіпті өзіне кінә артатынынан да хабардар. Бірақ сол үшін ешкімнің де алдында ақталмақ емес. Он алты жасында әке атанса, перзентін қайдан бауырға тартсын. Оның үстіне әкесі Құнанбай өз алдына, Нұрғаным да бұған ұлының маңдайынан «сипата» қоймас еді. Өзіне бір шақалақ бұйырмаған жас тоқал Ақылбайды  көзінің ағы мен қарасындай көріп,  шаң жұқтырмай отырады.

Олай болса, алаңдайтын да жөні жоқ секілді. Бірақ тұңғышының молдадан сауатын ашқан күйі оқуын одан әрі жалғастыра алмағаны қабырғасына бататыны да рас. Бәлкім, ұлының оқуына дер шағында мән берсе, әкесі де қолын қаға қоймас па еді? Енді, міне, оның сауықшал мінезіне өзін де кінәлідей сезінеді: «Басында әке айтпаса ақыл жарлық, Ағайын табылмаса ой саларлық, Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?» – деп ойға батады.  

Қара шаңырақтағы Ақылбайының  маңғаз қалпы мен «елең-селең» тірлігіне деген қынжылысын Абай бұрын да жасырмайтын. Осы себеппен өлең жазғаны да сол бір жолы ғана емес. Көргісі келетіні – «сүйінерге жарар» өнегелі ұрпақ. Өзінің осы арманын дәйім өлеңге түйіп, баласының құлағына жетуінен дәмелі: «Тайға міндік, Тойға шаптық, жақсы киім киініп. Үкі тақтық, Күлкі бақтық, Жоқ немеге сүйініп. Күйкентай күтті, Құс етті, не бітті?...»  деп алаң көңіл жүретін.

Рас, не бітті? Шала оқу, бос қалжың, ат жаратып, сән таратқан күндестік... Ұлының алтын уақытының текке өтіп жатқанына қалай бей-жай қарасын: «Жазу жаздық, Хат таныдық, Болдық азат молдадан. Шала оқудан / Не жарыдық, Қалғаннан соң құр надан?...» деп қабағы түйіледі. Ендеше «Бағасыз жастық – Бозбастық, адастық... Бұрынғы қайда? Ойбайла – Не пайда?...». Қайта айналып келмес уақыттың қадірін білгенге не жетсін: «Сағаттың шықылдағы емес ермек, Һәмишә өмір өтпек – ол білдірмек. Бір минут – бір кісінің өміріне ұқсас, Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек...».

Баласына қатысты өкінішінің  жеке басына, яки жалқыға ғана емес, жалпыға ортақ екенін де Абай жақсы біледі: «Бір дәурен кемді күнге –  бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық. Жастықта көкірек зор, уайым жоқ, Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық...» – депоқушысына ой салады. Осыны, әттең өзге жұрт, әсіресе, жастар түсінсе ғой: «Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық... «Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық».  

Ақылбайға арнаған сөзінің қалың қазағы ділгір білім мен еңбекті дәріптеуінің бір себебі ғана екені өзіне ғана аян. Жанына оралғалы бері оның өлеңге бейімі барын байқап жүр: «Нағашым – ер Қазыбек әулие еткен...» секілді жыр-тоғаулары құлағына жетіп те жатады.  Тұңғышының ата-тегін мақтан еткен сөздерімен ешкімнің таласа алмайтыны даусыз:

« .... Әрі Арғын, бабам десе болмас жалған, Тек кісі емес осындай жолды салған... Бекболат туып қалған сондай заттан... Тіленші одан туған өзі дана, Ұлына Орта жүздің болған пана...».

Бұдан әрі оның «Біріне - бірінен соң жұрт билетіп, Жаратқан осылай ғып хақ тағала» дей келіп,  «ығы зор» Құнанбайдай атасымен мақтанғанына еріксіз езу тартады: «Бұлғыннан ішік кидім, кәмшат жаға, Сарп еттім дүниені білмей баға...».

Әке жүрегі ұлының дарынын мойындайды. Өз қатарына қарағанда сөзге жүйрік,  суырып салма екені де рас: «Әлекем бір ән тауып бер деген соң, Матай да алыс бірталай жер деген соң. Ойыма он минутта осы ән түсті, Қолымды қапаш-құпаш сермеген соң», – деп төгілткеніне шын көңілден разы.

Хәкім «қолын кеш сермеген» өкінішінің орнын «білмекке құмар, үйренуге тоймайтын» ұрпақпен толтырсам деген мақсатына жетуден үмітті. Ақылбайы мен Мағауиясының таяуда өзімен бірге Семейдегі Бастауыш білім беру жөніндегі қамқоршылық кеңеске мүше болғанын да жанына таяныш етеді. Оның үстіне інісі Оспанның қазасы қамаған қайғысын  Ақылбайының оралуы жеңілдете түскендей сезінеді. Ол туралы «ескінің бір әңгімесін дастан етіп жазып шығыпты» деген сөзді естіген. Өлеңнің Қап тауын мекендеген елдегі қос мұңлықтың ғашықтық сыры жайында екені ақынға мәлім.

Бұл әңгімені, тегінде Тобықты жұртының Абайдан естіп, кейін ауыздан-ауызға тарағалы қашан. Бүгін ұстаз-әке ұлымен оңаша қалғанында, оның поэмасын тыңдауға ықылас танытты. Соған орай Ақылбай емін-еркін өскен мінезбен қағазға қарамай-ақ мәнерлеп оқи жөнелді. Өлеңді тыңдай отырып Кавказдың тамылжыған табиғатын ұлының шынайы суреттей алғанына көңілі толды: «Қазақтың «Қап» дегені Кавказ серек, Тәңірім, сұлу биік еткен ерек... Кавказды сұлу қылған Құдай қалап, Көрген адам кете алмас тамашалап... Ақ жиек, көкшіл сұрғылт сәуле берген, Мұнартқан Кавказ буы көтерілген. Алтын шатыр сәулесі тау басында...».

Дастанның, әсіресе,  «Бұлбұл құс ұйқысынан көзін ашып, Түріне гүл-бәйшешек таңырқасқан» деген жеріне келгенде Ақылбайдың сөз саптауына іштей сүйінді. Бірақ өлең сөздің «тігісінің сетінеп» кетуінен секемденіп, өз пікірін әзірге ойына түйеді: «Пәлі, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы» деген  осы да».

Хәкім жырдың «қиыннан қиыстырған» шумақтарына ерекше ықылас қояды:  «Қозғаған жас қуатын мәуелі жаз, Мақұлық қыбырлаған бәрі де мәз» деген «айналасы теп-тегіс, жұмыр» өлең жолдары «жүрегіне жылы тиеді». Одан ақын өзінің төңіректі мәз-мәйрам, мамыражай күйге бөлеген «Жазғытұры» атты өлеңінің лебін  сезгендей жадырайды: «Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен...».

Алты айлық қытымыр қыстан кейін жер аяғы кеңіп,  тіршілік жайраң қағады: «Жаз жіберіп, жан берген қара жерге / Рахметіне Алланың көңіл сенер. Мал семірер ақ пенен ас көбейер, Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер. Қара тастан басқаның бәрі жадырап, Бір сараңнан басқаның пейілі енер». Ақын-әкенің суретті сөзінің талапты жасқа қанат байлағаны анық: «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып... Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду. Гүл мен ағаш майысып қарағанда, Сыбдыр қағып бұраңдап ағады су. Көл жағалай мамырлап қу менен қаз, Жұмыртқа іздеп жүгіріп балалар мәз..».

Осындағы Абайдың «ду-ду ұшқан көбелегі»  мен балалардың мәз-мәйрам суреті Ақылбайдың да дастанынан көрініс береді: «Көбелектей көп әскер сайда дулап, Қамданған қалың кісі шықты шулап...» немесе «Қозғаған жас қуатын  мәуелі жаз, Мақұлық қыбырлаған бәрі де мәз». Әлбетте, бейбіт күнде Абайдағы  «Гүл мен ағаш майысып қарағанда» судың «сыбдыр қағып бұраңдап аққаны» жарасымды-ақ. Бірақ, осы ерке-наз «бір сөзге қанжар алып қағысқаннан іркіліп көрмеген» немесе «екі сөзді көтермес зор көкірек, қара салы жамылған  кемпірі көп» өңірдің «тентек» мінезімен қабыса қоймас еді.

Сондықтан Дағыстанның табиғатын сипаттай отырып Ақылбайдың  жазиралы өңірдегі қарама-қайшылықты тайға таңба басқандай бейнелеуі ұстаз көңілінен шығады: «Гүл мен ағаш майысып қарағанда, Еліріп тік қарайды Кавказ мықты». Дархан табиғат пен халықтың тәкаппар болмысының   бетпе-бет қойылуынан да әке дарын «сыбағасын» сезеді. Жас ақынның көркем тілі мен көрікті ойына жүрегі елбіреп, жаны сүйінеді. Тіпті, өзінің жазғанына еліктеп, жекелеген сөздерін төл шығармасына енгізгеніне іш тартады.

Мұны Хәкім өзінің Лермонтовтан аударған «Теректің сыйы»  өлеңіне ұлының еліктеуінен де байқайды: «Асау Терек долданып, буырқанып, Тауды бұзып жол салған, тасты жарып, – деп толғанады жас шайыр. – Арыстанның жалындай бұйра толқын / Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып...». Кавказдың асқақ рухы мен халқының кекшіл мінез-құлқын Ақылбай «Дағыстанда» сөзбе-сөз немесе мағыналық жағынан астастыра отырып толғайды: «Ақырып айдаһардай жүз толғанып, Тауды бұзып, тас жарған долы Терек...».

Олай болса, осы таулы өңірге «Жауменен жалығу жоқ шабысқаннан... Бір сөзге қанжар алып қағысқаннан... Әр жерінен ажалдың иісі шығып, Суық түспен қарайды кәрі Кавказ...» деп берілген баға ел мен жердің «егіз» жаратылысының айғағындай. Тап қазір есіл-дерті өзі жазған дастанға ауған Ақылбай әкесінің барын да ұмытқандай. Дастандағы  кейіпкерлерімен қоян-қолтық араласып, тіпті дүние төңкерілсе де, өзге ештеңеге алаңдайтын хәлде емес.

Өлеңнің келесі бір сәтінде өткеннің ләззатты шағы елес беріп, әке жүрегін ғашықтық сыры қытықтайды. Дағыстанның тап мынадай аруын көрген жанға «онсыз дүние тар» екенімен де іштей келіседі. Тал бойының міні жоқ, қолаң шашты арудың ажарынан өзінің «қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» сұлуының сипатын танығандай болады. Арудың ажарын өзі «Бұралған тал шыбықтай қыпша белі... Толқынды қара шашы жібек талдай... Аласы аз, нұрлы қара, ұялы көз, Жаралған бір денесі қапы қалмай...» деп суреттеген еді.

Сол бір «кірсіз тіс, қырлы мұрын, мінсіз ерін... алма бет, аппақ еті қар секілді...» келбет тағы да айнадағыдай жарқ етті:  «Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған, Бір жаңа ұқсатамын туған айды. Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды». Шәкірт ұлы да өлеңінің ақын-әкеге, оның өзі суреттеп,  жас атаулы қызыққан бойжеткеннің келбетін есіне салатынын сезетіндей: «Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі, Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды... Сорақы ұзын да емес,  қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды... Қолаң қара шашы бар жібек талды, Торғындай толқын ұрып, көз таңдайды».  

Ақылбай өз «ғашығының» келбетіне сүйсіне отырып,  ұстазының    «Қансонарда» өлеңінде көңілін тербеген «хаса сұлудың шомылғаны» кезінде өзінің де көзін арбағанын қалай ұмытсын: «Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі –  қызыл... Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш, Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда...». Осы уақыт Абайдың  «Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты... Аласы аз қара көзі айнадайын... Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, Тісі әдемі... Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ...  Піскен алма секілді тәтті қыз»  алдынан шыға келетіндей толқып кеткенін ол байқамады.

Ақылбай шығармасын аяқтағанда ақын-әке  ризашылығын ашық білдірді:

– Бәрекелді, ел айтса, айтқандай-ақ екен, сөз жақсысын келістіріпсің, іші алтын, сырты  күміс болып шығыпты, – деп ұлының жауабын күтпестен кітап сөресіне бұрыла берді:

– Енді сен мынаны да оқып шық, – деді орыс тіліндегі кітапты ұстатып жатып.

Бұл ағылшын жазушысы Хаггардтың «Сүлеймен патшаның қазынасы» («Копи царя Соломона»)   романы болатын. Әкесі дастанды ұнатып отырғандай көрінгенімен, Ақылбайдың көңілінде «не айтар екен» деген  күмәні басым еді. Төл туындысына жаңағы берілген баға мен сыйлаған кітап жас ақынды сәйгүлік мінгеннен артық қуантты. Жидебайға келуі жиілеген Ақылбай әке тарапынан жылы шырайды осы жолы шындап сезініп, ағынан жарылды:

– Рахмет, әке, – дегенінде «әке» сөзін әдейі баса айтты, – өзге жұрттың да тіршілігінен хабардар болған ләзім ғой.

– Дұрыс айтасың, оның үстіне мына кітаптағы жат жұрттың   біздің елмен тағдырлас екенін де кейін ұға жатарсың. Оқып көр, ұнаса айтасың, – деп бұл әңгіменің әлі де жалғасатынын білдірді.

Осыдан  көп ұзамай-ақ, тағы бір жолыққанда ұлына романның ұнағанын білген соң, оны өлең етіп жазуға кеңес берді. Ол да кібіртіктей қоймады. Қайта осындай  әңгіме боларын сезгендей жүзі нұрланып тұрған...

Шәкірт-балаларының бірі – Ақылбай да өмір өнегесінен өлеңмен сусындап, жай ғана «көз қуанышы» емес,  «сүйінерге жарар» азаматқа айналып келе жатты. Әкесінің «Ескендір», «Масғұт», «Вадим», «Әзімнің әңгімесі» және басқа шығармаларына ой жіберіп, ақынның жан сырына ден қойған-ды.

Ақылбай «Дағыстан (кәрі Жүсіп»), «Зұлыс»   дастандарында   ұстаз үлгісімен заманның тамырын басып, ұлы ақын өлең сөзінің тереңіне «сүңгуге» тырысады.  Ел-жұртының басындағы қараңғылық пен бодандық қыспағына оның да жүрегі ақын-әкесімен бірге сыздайды: «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп. Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп...».

Бұл аздай ағайынның алакөз тірлігі де қабырғасына батады:  «Барып келсе Ертістің суын татып, Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, Елді алып, Еділді алып есіреді, Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып». Бұл – бас көтерер игі жақсының көпшілігі халықтан алыстап, орыс патшасының билігіне жалтақ күй кешкен кезең еді.

Белден басқан отарлық билікке және қарындас халқының күйкі тірлігіне  ашынған ақын-әкесінің  мұң-зарын санасына тоқи береді.  Бірақ, Абай өзі ұсынған хикаяны ұлы  шапшаң жаза қояды деп ойламаса керек. Сондықтан өз ойын оның өткен жолы-ақ айтқызбай ұққанына риза.  «Зұлыс» поэмасында Ақылбай Африка құрылығын шетелдіктердің отарлауына қару алып, қарсы көтерілген жергілікті жұрттың қайсар мінезін дәріптеп, ой желісін әке арманымен өзектес өреді. Бар айырмасы, дастандағы оқиға Шыңғыстаудың баурайында емес, Африкадағы Ніл дариясының бойында өтеді.

Хәкім шәкіртінің жаңа шығармасынан қара құрылықтың қазынасына қызыққан келімсектердің «бай мейірсіз ер құлдан саза тартқан» опасыз тағдырының куәсіне айналады. Африка зәңгілері туралы дастан әкелі-балалы екеудің отарлық «өртіне» күйінген жандарының ышқынысы болатын. Олар бодандық құрығында бұлқынғанның жалғыз қазақ емесін біледі. Еуропаның сол тұстағы Англия мен Франция, Испания мен Португалия секілді әлеуетті  мемлекеттері  озық техника мен технологияның арқасында жаңа жерлерге баса-көктей кірді. Әсіресе, ХVIII ғасырда кенже қалған халықтар жаппай дерлік құлдық қамытын киді.

«Крепостнойлық право» кеңірдегін сығымдаған іргедегі орыс патшалығы мұхит кезіп, әуре болмады. Орал тауынан асып, оңтүстікке қарай жөңкіді. Еуропалық отарлаушылар «қазыналы» жерлерді, арзанға болса  да сатып алып жатты. Ал, орыс басқыншылары керісінше, әуелі Сібір жұртын, бұдан кейін кезінде өзі бас ұрған «Алтын орда» мұрагері – қазақ даласын зорлықпен басып, жаншыды. Бұған келіспей, қарсы шыққанды қырып, жоюдан да еш тайынбады.

Ақын ұлдарына бодандықта күн кешкен елдер туралы жыр жазуға тапсырма беруі, Абайдың іште қайнаған ыза-кекті шым-шымдап болса да сыртқа шығаруының «бейкүнә» жолы еді. Ол ағартушылық жолындағы  тынымсыз қам-қарекетке көшкен еді. Ақынның  қарумен майданға түсуге емес, білім мен өнер бәсекесіне шақыруы өмірден түйген  ұлы сабыр еді. Алла тағаланың ерекше жаратылысы – адам екенін білгендіктен «тәңірінің берген өнері / көк бұлыттан ашылса... кірлеген жүректің жуынбай тұра алмасына»  сенеді.

Осылай қайран қазағын оятуды аңсаған  Хәкім ақындарға зор үміт артады: «Тәңірінің күні жарқырап, Ұйқыдан көңіл ашар көз...  Сонда ақын белін буынып, Алды-артына қаранар. Дүние кірін жуынып, Көрініп ойға сөз салар. Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алар».

...Ал, қазір ше? Халықтың жанына батқан сөзді біз – ақын - жазушылар, барша қаламгер қауым айта алып отырмыз ба? «Кектеніп надан, зұлымға, Шиыршық атар толғанар» жанның көп емесі де шындық.

Абайдың «Әділет пен ақылға / Сынатып көрген-білгенін,  Білдірер алыс, жақынға / Солардың сөйле дегенін. Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тіл / Не жазып кетсе – жайы сол, Жек көрсеңдер өзің біл» деуі де содан.

Ел-жұртын суретті сөздің самалымен сергітіп, терең оймен тербеген адамдық пен азаттықтың шамшырағы   –  Абай сөзін Ақылбай да ақын-әке аманатындай қабылдайды. Заманының зарын жан жүрегімен түсінген дарынды ақын, өкінішке қарай, Семейде әкесінің қырқын берген күні жалғаннан бақиға озды.

Болат Жүнісбеков

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302