Балама баянды бола ма?
Күні кеше бір интеллектуалды кездесуде бір бауырымыз: «Аға, қазіргі жағдайға байланысты Қазақстан сыртқы саясатта Ресейге қандай балама іздеуі керек?» деген сұрақ қойған еді.
Уақыт тығыз болған соң, «мақала ретінде жауап берермін, содан оқып аларсыз» деген едім. Сол уәдемді орындайын.
Иә, Украинаның жеріне басқыншылық жасап соғыс ашқан Ресей бүгінде әлем жұртшылығы алдында масқараға ұшырап, өркениетті дүниеден аластатылды, үжымдық Батыс санкцияларына көміліп, солардың салдарынан көз аша алмауда. Трендшелеп айтсақ, Ресей әбден «токсичный» боп, жаһанда жападан жалғыз қалды.
Ол көзқарастың салқыны Ресеймен жеті жарым мың шақырым ортақ шекарасы бар көрші, қалыптасқан экономикалық, сауда-саттық байланыстары бар, ЕАЭО, ҰҚШҰ секілді ұйымдарда бірге одақтас Қазақстанға да тиіп жатқаны рас.
Сол себепті дәл қазіргі геосаяси ахуалға сай біздің сыртқы экономикалық қарым-қатынастарымызды диверсификациялауға тырысып жатқанымыз әбден орынды.
Мәселен, Ресей арқылы мұнай мен Қытайдан жөнелтілген сан алуан тауардың транзиттік бағыттарының Ресейден тыс жерлермен жаңаша түзіп жатқанымыз дұрыс. Біріншіден, балама бағыт қалыптасады, екіншіден, балама болған соң, бағаның да бәсекесі болады. Ол да болса, пайда дегендей.
Путин өз жарлығымен даңғыл жол ашқан «параллель импортқа» қатысты Батыстың ұстанымы аса қатал болғалы тұр. Соғыс әрекеттері созылып, жағдай ушыға түскен сайын ондай импортты болдырмауға қатысты Батыстың талабы күшейе бермек. Сол кезде біз де белгілі бір дәрежеде тыйымдарға ұшырауымыз әбден ықтимал. Ол да Құдай берген көршінің біз үшін бір бәлекет әлегі болайын деп тұрған сияқты.
Өз басыма, сыртқы мүмкіндіктерден айрылған ресейлік компаниялардың Қазақстанға экспансия жасап жатқаны ұнамайды. Көпвекторлық саясатты жариялаған биліктің сөзі мен ісі бір-біріне қабыспай жатқан секілді. Оның өзі отандық бизнестің наразылығын туғызуда.
Ресейге балама іздеудегі бір үлкен қауіп сол: Ресейдің орнын екінші бір алпауыт, мәселен, көршіміз Қытай басып алса ше? Ондай біржақтылық та керек емес.
Сол себепті сыртқы ізденістеріміздің бағытын, кем дегенде, төрт тарапқа: демократиясы мен экономикасы дамыған Батыс елдеріне (Еуроодақ, АҚШ), өзіміздің туысқан түркі әлемі мен көршілерімізге, Азия жағынан Жапония, Оңтүстік Кореяға, соңғы кезде дипломатиямыздың трендіне айналған Оңтүстік-Шығыс елдеріне (Индонезия, Малайзия, Сингапур және тб.) бағыттағанымыз жөн деп санаймын.
Мәселен, президент Тоқаевтың кешегі «Орталық Азияның Ренессансы» атты мақаласында Орталық Азия периметрінде қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері бойынша кооперация құру туралы ұсынысы – үлкен халықаралық резонанс туғызатын бастама (ол туралы әңгіме, әрине, бөлек).
Жер қойнауы Менделеев таблицасы элементтеріне толы және тоқсан тоғыз торабы мен тарабы бар Қазақстан экономикасының ол елдер қызығарлықтай жобалары аз болмас. Ол елдерден де біздің үйренер жақтарымыз бен тұтынар тауарларымыз жеткілікті болар.
Әрине, бұл бағыттар бірден қалыптаса қоймайды, өйткені ресми сапарлар барысында қаншама декларацияға қол қойылғанымен, әр мемлекеттің өзінің түпкілікті де түбегейлі мүддесі бар. Алайда бүкіл әлем бастан кешіп жатқан қазіргі аса күрделі геосаяси кезең барша елге, соның ішінде, Қазақстанға бұрын-соңды боп көрмеген жаңа мүмкіндіктер ашуда. Содан құр қалмайық.
Осы тұста, біреу келісіп, біреу келісе қоймас бір болжам айтайын.
Иә, Ресей бүгінде әлем жұртшылығы алдында қарабет боп алды. Ондағы билік демократия принциптерін аяқ асты етіп, барған сайын тоталитарлық сипат алуда. Неоимпериялық көріністер жиілеп барады. Осының бәрі ресейлік саясатқа теріс көзқарас қалыптастыруда.
Бірақ, бір нәрсе анық: бұл жағдай ұзаққа созылмайды. Мұндай кесірлі саясаттың ұзақтығы – бір ғұмырлық қана, яғни, президенттер келеді, кетеді, ал көрші орыс халқы бізбен көрші боп қала береді. Ондағы 600 мыңдай қандастарымыз бен осындағы орыс диаспорасы да әлі біраз уақыт біздің ішкі және сыртқы саясатымызға өз әсерін тигізе бермек.
Менің ойымша, Ресейдің қазіргі басшылығының солақай саясатына қарсы сол ел күштер ерте ме, кеш пе, өз дегенін істетеді. Өркениеттік дамудың заңдылығы сол: ол елге де өзгерістер келеді, өз елін әлемдік қауымдастыққа жақындатуға ұмтылатын басшылардың жаңа буыны келеді. Олар агрессиялық саясаттан бас тартады, БҰҰ жарғысын мойындайды, көршілерімен тату-тәтті өмір сүруді мақсат тұтады. Сол көршілердің қатарында біз де бармыз.
Abai.kz