Ерлан Бапанов. Қазақстан ДСҰ-ға кіруге дайын емес
Еліміздің ДСҰ құрамына ену бағытында келіссөздер жүргізіп келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. 13-қаңтарда ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов: «Ұйымға мүше болу үшiн тауарлар, қызмет көрсету, ауыл шаруашылық және жүйелiк мәселелер бойынша екiжақты келiссөздер жүргiзу қарастырылған. Бұл төрт мәселе бойынша келiссөздер аяқталуға жақын. Тек екi мәселе – тарифтiк үйлесімділік және жергiлiктi үлес мәселелерi бойынша келiссөздер жүргiзу қалды. Сол себептi, осы жылы келiссөздер толық аяқталып, Қазақстан ДСҰ-ға мүше болады деп күтілуде», – дедi.
Еліміздің ДСҰ құрамына ену бағытында келіссөздер жүргізіп келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. 13-қаңтарда ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов: «Ұйымға мүше болу үшiн тауарлар, қызмет көрсету, ауыл шаруашылық және жүйелiк мәселелер бойынша екiжақты келiссөздер жүргiзу қарастырылған. Бұл төрт мәселе бойынша келiссөздер аяқталуға жақын. Тек екi мәселе – тарифтiк үйлесімділік және жергiлiктi үлес мәселелерi бойынша келiссөздер жүргiзу қалды. Сол себептi, осы жылы келiссөздер толық аяқталып, Қазақстан ДСҰ-ға мүше болады деп күтілуде», – дедi.
Қазақстан экономикасы ДСҰ-ға кірген соң қалай болуы мүмкін? Cарапшылар ДСҰ туралы сөз еткенде, бұл ұйымға ену үшін, алдымен, әлсіз тұстарымызды мықтап алуымыз керектігін алға тартады. Мәселен, біз қазірде жеңіл өнеркәсіп және құрылыс секторы, сондай-ақ агроөнеркәсіп салалары бойынша тұтынушыларды толықтай өніммен қамтамасыз ете алмай отырмыз. «Ал ертең дүниежүзілік нарықта алдымен осы салаларымыз бәсекеге қабілетті болуы керек» дейді мамандар. Тәуелсiз сарапшылардың пікірінше, елде жаппай өзгерулер орын алады. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырайды, өйткені шетелдік өндірушілер төмен кедендік баж салығымен отандық нарыққа еркін еніп, олармен бәсекеде біздің өндірушілер жеңілуі мүмкін.
Сондықтан «Жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек». Науқаншылдыққа ұрынып, асығыстыққа жол берсек, өз экономикамызға залал келтіреміз. Мәселен кезінде Қырғызстан, Молдова және Гүржістан елдері ұйымға кіру үрдісін барынша жылдамдатты. Салиқалы сараптамалық жұмыстар мен талдаулар жасауға аса мән бермеді.Соның салдарынан Қырғызстанның аграрлық саласы мен өнеркәсібі зиян шекті. Елді импорт жаулап алды, қырғыз өнімі олармен баға және сапа бойынша бәскелесе алмай қалды. Бұл кәсіпорындар мен фермерлердің күйреуіне, өндірістердің қысқартылуы мен жойылуына, бюджетке түсетін салықтың күрт азаюына әкеп соқтырды. Гүржістан шетел инвестициясының ағылуына қарамастан экономикалық басымдықтарға ие бола алмады. Молдованың ауыл шаруашылығы, машина жасау, темекі өндіру және шарап ашыту индустриясына күйреу қаупі төнді.
Ал қазақстандық экономиканы қазіргі жағдайда бәсекелестікке қабілетті деп атау қиын. Дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес, әр салаға кем дегенде 3,25% -дан артық экспорт келсе ғана бәсекелестікке қабілетті саналады. Қазақстанның дүниежүзілік саудадағы үлесі жайлы айтатын болсақ, 2011 жылғы болжамдар бойынша, Азия-Тынық мұхиты аймағында (АТА) Қазақстан үлесіне тауар экспортына – 1% келеді және қызмет экспортына – 0,4% келеді. 2011 жылдың нәтижесі бойынша дүниежүзілік саудада қазақстандық экспорттың салмағы 0,39% асты. Енді жеке салалар бойынша айтсақ, Қазақстанның отын-энергетикалық ресурстар экспорты саласындағы үлесі – 1,3%, темір мен болаттың үлесі – 0,9% құрайды. 2012 жылы да бұл көрсеткіштер оңды өзгерістерге ұшырай қойған жоқ.
Ендеше, Қазақстан неліктен ДСҰ-ға кіруге асығады? Биліктегілер дүниежүзілік экономикаға терең ықпалдастық жасау арқылы ІЖӨ өсімінің қарқыны жылдамдатылады деп есептейді. Себебі, халықаралық сауданың дүниежүзілік экономикаға қарқын беруі, сондай-ақ, жаһанданудың басқа аспектілерін өзімен бірге ілгерілетуі осындай болжамдарға итермелейді. Ұйымға мүше болу ДСҰ мемлекеттерiнiң аумағындағы сауда еркiндiгi, транзиттiк тасымалдарға қатысты айтарлықтай жеңiлдiктерге қол жеткiзбек. Сонымен қатар, импортталатын көлiктерге кедендiк баж салығы да төмендейдi. Қазiргi уақытта жеңiл көлiктерге импорттық салым 30% көлемiнде екенi белгiлi. Алайда бұл сома ұйымға кірген уақыттан үш жылдан соң ғана сатылы түрде азайтылмақ. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 50 жылда өндіріс өнімдерінің дүниежүзілік сауда мөлшері 17 есеге өсіп, ал дүниежүзілік өндіріс мөлшері 6 есеге ұлғайған. Және де, соңғы 10 жылда дүниежүзілік сауданың жыл сайынғы өсу қарқыны 6,5%. Сонымен қатар, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы ғаламдық транзиттік делдал болуға ұмтылуда, ал ДСҰ-ға нақты мүшеліксіз бұл ұмтылыс сенімсіз көрінеді. Қарап отырсақ, жаман көрсеткіштер емес. Алайда мұның барлығы жалпылама қортындылар.
Сонымен қатар, еркін сауданың пайдасы мен басымдықтары ДСҰ-ның жаңа мүшесіне автоматты түрде ұсыныла салмайды. Көп нәрсе Қазақстанның экономикалық әлеуетінің деңгейіне, өндірушілерінің мүддесін қатаң түрде қорғай алуына байланысты. Сондай-ақ елдегі демократиялық үрдісті мейлінше дамытып, коррупциялық күштердің қысымын төмендетуіміз керек. Бұл мәселелер бізде күн өткен сайын кері кетуде. Оның үстіне АҚШ және ЕО өз фермерлерін субсидиялай отырып, дамушы елдерге қолдампаздық (протекционистік) саясат ұстанады. Мұнда бәсекенің күштілігі соншалық, дамушы елдер мен дамыған елдер арасындағы қызмет пен тауар құнын алшақтатып, тіпті, дамушы елдің экономикалық әлеуетін тұншықтыруы да мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстанның экспортында басты орынды мұнай, қара және түсті металл т.б алады. Бүгінгі таңда Қазақстан көбіне шикізатты экономикасы дамыған елдерге экспорттайды, айырбасқа қайта өңделетін саланың өнімдерін үстеме қосылған құнымен алады. Мәселе – өңдеуші өнеркәсіп саласында туындайды. Ең бастысы – осы саланың және кәсіпорынның бәсекеге қабілеттігінің төмендігі болып отыр емес пе. Ең алдымен халықты толғандыратын басты мәселе − азық-түлік бағасы, ал оның өзгеруі барша елдерге тән құбылыс. Еліміз ет пен сүтте де импортқа аса тәуелді. Осы тұрғыдан алсақ, Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі бойынша қауіпті аймақта тұр. Біздің басты экспортшымыз − Қытай. ДСҰ-ға мүше бұл ел үшін Қазақстан нарығының кең ашылуы тиімді. Себебі, бір жағынан, Кеден одағы құрылғалы Қытай кәсіпкерлеріне елімізде жұмыс істеу қиындап кетсе, екінші жағынан, отандық тауар өндірушілер ешқашан Қытаймен бәсекеге түсе алмайды. ДСҰ-ның міндеттері отандық өндірістің және жергілікті бизнестің дамуына белгілі бір шектеу қояды. Бюджетпен қаржыландырылып отырған ауыл шаруашылық бағдарламалары, шағын бизнес бағдарламалары мемлекеттік субсидиядан айырылады. Бұл онсыз да шатқаяқтап тұрған ауылшаруашылығы саласын құрдымға жібереді. Себебі оның дамуы мемлекеттік жыл сайынғы субсидияларға да қарамаcтан төмен болып отыр.
Елімізде тәуелсіздік алғалы бері әлі бірде-бір мұнай өңдеу зауыты салынбапты. Тек совет өкіметі кезінде бой көтерген үш зауыт бар. Оның өзі, Павлодар мұнай өңдеу зауыты Батыс Сібір мұнайына, ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты 25-30 пайызға Ресей мұнайына тәуелді екен. Сондықтан Қазақстан өзінің мұнай өңдеу зауыттарын жаңартпайынша және жаңадан бірнешеуін салмайынша, жанар-жағармай бағасы арзандайды деп үміттенуге болмайды. Жаңа зауыттар салынып, олар өз шикізатымызды өңдеуі тиіс.
Бірқатар нысандарды көгілдір отын пайдалануға көшіру үшін елімізге газ өңдейтін зауыттар салу қажет. Жалпы, Шикізат өндірісімен ғана отырған Қазақстанға тұтынушылар колониясына айналып кету қаупі бар. ДСҰ қандайда бір тауар шығаратын елдер үшін тиімді екенін ескерсек, әзірге біздің мемлекеттің мүддесі үшін тиімсіз екенін естен шығармауымыз керек. Кедендік одақтың аясындағы ортақ келісімдер жасауда көрші Ресей тарапынан экономикалық кемсітушіліктерге ұшырап отырғанымыз аздай, енді тағы бір ұйымға ұмтылып екі қайықтың құйрығын ұстағанның кебін кимекпіз бе? Қысқасы, сауданың «ортақ қазанында» әлемнің 150-ден астам елімен алыс-беріс жасасуға Қазақстанның ішкі нарығы әлі дайын емес.
Abai.kz