Париж-2024 қорытындысы: Ақырғы секундтағы алтын
ХХХІІІ Жазғы Олимпиялық ойындар аяқталды. 16 күнге созылған спорт мерекесінде 205 елдің өкілдері жүздеген жүлдені сарапқа салды. Осыншама елдің тек 93-і ғана медаль ала алды. Қазақстан олимпияшылары 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен жалпы командалық есепте 43-орынға табан тіреді.
Бұл көрсеткіш осының алдындағы Токио Олимпиадасында алған 84-орынмен (0 алтын, 0 күміс, 4 қола) салыстырғанда сәл имантаразылау.
Ал Рио-2016 Ойындарындағы 30-орын (2 алтын, 5 күміс, 10 қола) бұл күнде арман болып қалғаны рас (оның алдындағы жетістіктерді еске алмағанның өзінде). Демек, қазақ спортында ілгерілеудің, дамудың жоқ екенін мойындаған жөн, бұл жайт осы сала жетекшілерін ойландыруы, батыл шешімдер қабылдауға жетелеуі қажет. Бокс, күрес, дзюдо секілді жүлдеден үмітті спорт түрлерімен қоса спорттық гимнастика, көркем гимнастика, ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, су спорты түрлері, жеңіл атлетика түрлері секілді салаларға көп көңіл бөлу қажет. Командалық спорт түрлеріндегі жағдай тіпті сын көтермейді. Шеттен оралған өз қандастарымыз ел азаматтығын дер кезінде ала алмай, зарығып жүргенде біздің шенеуніктер Кениядан алып келіп, лезде Қазақстан азаматтығын бере қойған «легионер желаяқтарымыз» 17-орыннан аса алмай жүр, солардың орнына өз ұл-қыздарымызды тәрбиелесек, әйтеуір көз қуаныш болмас па еді. Пәлендей жетістікке жетпесе де Олимпиаданың Париж төріндегі жабылу салтанатында ел туын тік ұстап шыққан Батырхан Төлеуғали мен Эльжана Таниеваны көріп, көңіл шалқыған жоқ па?..
Жалпы спорт саласына реформа керек, ұлттық ұстаным, отаншылдық көзқарас қажет.
* * *
Жалпы медальдар кестесінде АҚШ құрамасы бірінші орын алды. Жарыстың соңғы сәтіне, ақырғы секундтарына дейін 40 алтын алған (27 күміс, 24 қоласы тағы бар) Қытай озып тұр еді. 39 алтыны бар америкалықтарда соңғы үміт – баскетболдан қыздар командасы қалған болатын. 10 тамызда жанкүйерлер де, журналистер қауымы да «Дрим-тим» («Арман-команда») атап кеткен баскетболдан АҚШ ерлер құрамасы финалда Францияны жеңіп (98:87), қалай чемпион болудың үлгісін көрсеткен-ді. Леброн Джеймс үшінші рет, Кевин Дюрант төртінші рет Олимпиада чемпионы атанып, ал допты торға алыстан лақтырып, бірден үш ұпай олжалаудың теңдессіз шебері Стефен Карри (бұл – оның тұңғыш олимпиялық алтыны) өзінің үздік ойынымен алаң қожайындарының сағын сындырған болатын.
АҚШ-ТЫҢ ҚЫТАЙДЫ БАСЫП ОЗУЫ...
11 тамызда қыздар баскетболының финалында да осы екі қарсылас – Франция мен АҚШ кездесті. Атлант мұхитының ар жағынан келген меймандарға француздың жігіттерінен гөрі қыздары лайықты қарсылық көрсетті. Кімнің жеңіп, алтын алатыны ақырғы сәтке дейін белгісіз болып тұрды. Ойынның бітуіне 4 секунд қалғанда америкалықтар 67:64 есебімен ұтып жатты. Француздар лезде өздерінің ең мерген қызы Гэбби Уильямсқа пас берді. Осының алдында ғана алыстан лақтырып, үш ұпай алып, есеп айырмасын қысқарта түскен ол тағы да допты солай алыстан лақтырды – гол болса, таразы басы теңеспек! Бірақ – о, қырсық! – бар зейіні допты сонау дөңгелек торға дөп түсіру болып тұрған Уильямс аңдаусызда алға бір қадам басып, үш ұпайлық шеңбер сызығынан ішке еніп кетіпті. Оның лақтырған добы торға түсуін түсті-ау, бірақ үш ұпай емес, екі-ақ ұпай беретін кәдуілгі гол болып шықты. Уильямс өкініп үлгермей жатып, сирена соғылды, ойын бітті – 67:66! Сөйтіп, АҚШ қыздары өз елі үшін 40-шы алтынды иеленді! Америкалықтарда күміс саны көп болғандықтан (44, ал қытайларда 27), жалпы командалық медальдар тізімінде олар бірінші орын алды.
* * *
Егер биіктікке секіру жарысында америкалық Шелби Макьюэн жаңазеландиялық қарсыласы Хэмиш Керрмен алтынды өзара бөліскенде, АҚШ құрамасы соңғы алтынды соңғы секундқа дейін күтіп отырмас еді.
«Қалайша? Алтын жүлдені бөлісуге де бола ма?» дейсіз бе? Болады. Заң жүзінде оған тыйым салынбаған.
Осыдан үш жыл бұрын Токио Олимпиадасында болған мына жайт есіңізде ме? Ол кезде биіктікке секіруден финалға италиялық Джанмарко Тамбери мен қатарлық Мутаз Баршим шыққан еді. Екеуі де 2 метр 39 сантиметр биіктікті бағындыра алмай, бірнеше рет талпыныс жасап шаршады. Сонда спортшылардың бірі төрешіге барып: «Алтынды екеуімізге де бере салуға бола ма?» – деп сұраған. «Болады» депті төреші. Сөйтіп, Тамбери де, Баршим да Олимпиада чемпионы атанды, яғни күміс медаль ешкімге берілген жоқ.
Рас, Тамбери мен Баршим жарыс алаңында ғана емес, өмірде де талай жылдан бері дос боп жүрген жігіттер екен. Бәлкім, екеуінің мұндай шешімге келгендеріне, яғни алтынды бөліп алғандарына бұл жайттың да әсері болған шығар.
МАКЬЮЭН МЕН КЕРРДІҢ ТЕКЕТІРЕСІ
Ал Макьюэн мен Керр – дос емес, тек қарсыластар ғана. Сондықтан бәсеке соңына дейін жалғасты. Бұған дейін екеуі де аса ірі нәтижеге жеткен емес-ті. Макьюэн былтырғы әлем чемпионатында 7-орын алған, ал Керр тіпті іріктеуден де өте алмаған болатын. Яғни Париж Олимпиадасының финалы – екеуі үшін де керемет жетістік еді. Тайталаспай-ақ тып-тыныш алтын жүлдені бөлісіп алуға таптырмас шақ. Лос-Анджелесте өтетін келесі Олимпиадада екеуінің де жасы 30-дан асып кетеді, мұндай мүмкіндік ол кезде бола ма, болмай ма...
Ақыры Ш.Макьюэн де, Х.Керр де 2 метр 38 сантиметр биіктікті ала алмай, төрешінің алдына келді.
– Тағы секіреміз бе? – деді Макьюэн.
– Секіреміз, – деді Керр.
Төреші, екеуінің әлі де ойлануына мұрсат бергісі келгендей, сәл кідіріңкіреп барып:
– Сонымен, анық секіретін болдыңдар ма? – деп нақтылады.
Макьюэн «секіреміз, секіреміз» деп бас шұлғи берді.
Ереже бойынша, енді екеуі де әлгі бағындыра алмаған биіктіктен сәл төменірек межелерді белгілеп, әрқайсысы бір-бір талпыныстан жасауы керек. Кім бірінші қателескенге дейін. Яғни футболдағы пенальти сериясы секілді ғой.
Алдымен 2.38-ге секірді. Бұл – екеуі ешқашан бағындыра алған биіктік емес-ті. Бұл жолы да секіре алмады. Тең көрсеткіш.
Сосын 2.36-ға талпыныс жасады. Екеуі де секіріп өте алды, бірақ екеуі де құлап бара жатып, биіктік белгіленген сырыққа денесін тигізіп, қозғалтып қойды. Тағы да бірдей нәтиже.
2.34. Америкалық Макьюэн секіріп бара жатып, сырықты ұшырып түсірді, ал Керр оған денесін тигібестен таза секірді: бітті, Жаңа Зеландия өкілі – Олимпиада чемпионы!
Алтын медальды қарсыласымен бөліскісі келмеген Шелби Макьюэн ақырында күмісті қанағат тұтты.
Бәлкім, ол қарсыласымен әңгімені «Секіреміз бе?» деп емес, «Бөлісеміз бе?» деп бастауы керек пе еді...
* * *
Өзбек боксшылары 5 алтын алып, ерлегенін екінің бірі жазды. Осы табыстағы еңбегі ерен бапкер Тулқин Қиличевтің өз шәкірті Хасанбой Дусматовтың жеңісті жекпе-жегінен соң... жүрегі тоқтап қалыпты. Тап сол маңайда жүрген Ұлыбритания бокс құрамасының дәрігерлері Хардж Сингх пен Робби Лиллис дер кезінде дефибриллятор қолдану арқылы жедел медициналық жәрдем көрсетіп, бапкерді аман алып қалған.
ӨЗБЕК БАПКЕРІНІҢ ЖҮРЕГІ ТОҚТАП ҚАЛҒАН...
– Боксшылар сайыс алдында денесінің құрыс-тырысын жазып, жаттығар, ширығар жерде қашанда у-шу болып жататын. Өзбек командасы да кезекті жеңісіне қуанып, дабырласып тұрды. Бір кезде сол тұстан басқаша айғай шықты. Қуаныш айғайына ұқсамайды. Олардың жедел дәрігер көмегін сұрап жатқанын тез түсінген әріптесім Хардж тұра жүгірді. Соңынан мен де жеттім. Жедел медициналық жәрдем сөмкесін үнемі иығымнан тастамайтынмын, соның көмегі тиді, – депті Sky News тілшісіне берген сұхбатында дәрігер Робби Лиллис.
Т.Қиличев бірден есін жинай қоймапты. Тек жүрек-өкпе тұсын қайта-қайта баса берген Х.Сингхтың тоқтаусыз әрекетінен соң ғана есін жиыпты. Қазір бапкердің ахуалы жақсы дейді.
* * *
Қазақ бапкері Есбол Сұлтанов жаттықтыратын Тунис таэквондошысы Фирас Катоуси (80 келі салмақ дәрежесі) Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды.
Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында қазақ бапкері Е.Сұлтанов Туниске 2023 жылдың қыркүйегінде кеткенін айтыпты. «Негізгі мақсатым шетелде жаңа белестерді бағындыру болды. Бір жылдың ішінде көп жұмыс атқардық. Мен ғана емес, бүкіл команда, оның ішінде ғылыми топ, медицина қызметкерлері, федерация, олимпиялық комитет жұмылып еңбек етті. Туниске барған кезде келісімшарт жасастық. Олар барлық жағдайды жасады, керек құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті, жоспарланған оқу-жаттығу жиындардың, жарыстардың бәріне қатыстық. Тунис таэквондо құрамасы Олимпиадаға толық құрамда қатысты. Бұл Тунистің тарихында бірінші рет болды. Жарыстың бірінші күні 58 келі салмақта спортшымыз қола медаль алды. Ал үшінші күні 80 келі салмақта алтын медаль жеңіп алдық. Бұл – Тунис үшін тарихи жеңіс. Өйткені Тунис Олимпиялық ойындарда алғаш рет алтын жүлде иеленді. Қазір бұл елде үлкен мереке болып жатыр» дейді ол.
* * *
Олимпиада бағдарламасына тұңғыш қосылған брейкиң спортынан канадалық Филип Ким (жігіттер арасында) және жапондық Ами Юаса (қыздар арасында) алтын алды. Қазақстан атынан сынға түскен Әмір Закиров ширек финалдан аса алмады. Босқындар құрамасы сапында қыздар арасындағы сайысқа қатысқан ауғандық Манижа Талаш (оның тағдырына біз «Парижде ауған қызы асыр салмақ» атты мақалада толығырақ тоқталғанбыз) жарысты топтық кезеңде аяқтады. Ол Нидерланд спортшысы Индиа Сарджомен сайыс кезінде арқасына «Free Afghan Women» («Ауған әйелдеріне бостандық беріңдер») деген жазуы бар киім киіп шықты. «Сайыс киіміне саяси ұрандар жазуға болмайды» деген ХОК тыйымына сәйкес, ауған қызы жарыстан шеттетілді. Дегенмен, төрешілер шешіміне сай, нидерландтық Сарджо онсыз да одан басым түскен еді.
* * *
Биылғы жаз испан футболының жанкүйерлері үшін керемет болды. Алдымен Мадридтің «Реалы» Чемпиондар лигасын жеңіп алды; сосын Испания ұлттық құрамасы Еуропа чемпионы атанды (жартылай финалда Францияны жеңгенін білесіздер); осыдан бірер апта бұрын осы елдің 19 жасқа дейінгі жастар құрамасы ағаларының жолын қуып, Еуропа чемпионы болды (финалда тағы да француз жастары опық жеді); енді, міне, Испания олимпиялық құрамасы Париж Ойындарының алтын медалін жеңіп алды.
Финалда олар тағы да Франция футболшыларынан 5:3 есебімен басым түсті. Негізгі уақытта екі голды Фермин Лопес, бір голды Алекс Баэна соқса (бұл екеуі жақында ұлттық құрама сапында «Берлинді де алған» болатын), қосымша уақыттағы шешуші қос доптың авторы – алаңға 83-минутта шыққан Серхио Камельо.
Айтпақшы, осыдан тура 40 жыл бұрын – 1984 жылы Еуропа футбол чемпионатының финалында Испания құрамасы тап осы Парижде, тап осы «Парк де Пренс» стадионында Франциядан 0:2 есебімен ұтылған еді. Испан жастары аға буынның сол «кегін» де қайтарды деуге болады.
Бұл – испан футболының Олимпиада тарихындағы екінші алтыны. Алғашқы жеңісті 1992 жылы Барселонада Хосеп Гвардиола, Луис Энрике және Кико Нарваэс бастаған жігіттер алған болатын.
* * *
Жаңа Зеландия спортының жарық жұлдызы Лиза Кэррингтон сегізінші рет Олимпиада чемпионы атанды. Байдаркада есуден ол жалғыз жарыста да топ жарды, жұптаса өнер көрсеткенде де алдына қара салмады, төрттік сайыста да үздік шықты. Париждің өзінде үш рет алтыннан алқа таққан оның жалпы Олимпиада тарихындағы алған алтыны 8-ге жетті – Лондон-2012 (1 алтын), Рио-де-Жанейро-2016 (1), Токио-2021 (3), Париж-2024 (3). Керемет нәтиже!
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz