Дүйсенбі, 16 Қыркүйек 2024
Әдебиет 1970 0 пікір 9 Қыркүйек, 2024 сағат 18:05

Әлемдік әйгілі ақындардың өлеңі

Сурет: istpravda.com.ua

Ярослав Сейферт (1901-1986 ж.) Чехияның әйгілі ақыны. Ол жұмысшы отбасында дүниеге келген. Жас шағында қазан төңкерісінің ықпалында төңкеріске ат салысып, коммунистік партияға мүше болған.

Осы барыста ұлт  азаттығын және мемлекет тәуелсіздігін армандаған қыруар жалынды өлеңдер жазған. Поэзиялық, прозалық шығармалардан сырт, комедия, драмма, кино, әсемөнер салаларында қыруар мақалалар және шалқымалар (эсселер) жазып жариялаған. «Хатшы кептер», «Жан қалтадағы алма», «Ана» қатарлы шығармалары бар. Өлеңдерінде азаттыққа ұмтылған қайсарлық және күрескерлік рух арқылы күллі адамзатқа жігер бергендігі себепті, 1984 жылы Ярослав Сейфертке Нобель әдебиет сыйлығы берілген.

Телегей теңіз

Сарылтқандай сағыныш сарала мұң жасытқан,
Теңіз жатыр телегей бұйра толқын тасытқан.
Толқын бейне арудың шаштарындай толқиды,
Жазған хаттай жауапсыз жағалауға асыққан.

Жағада жүр жас ару, кешіп теңіз жағасын,
Төгілдірген шаштарын толқынба деп қаласың.
Жағада тұр жас жігіт, ізге қарап іздеп не,
Толқын жуып-шая алмай жүрегінің жарасын.

Көктем сазы

Балағанды жапқан шөп, көгеріштеп бүрлеген,
Ұшырады мамығын саумал самал үрлеген.
Көктем келіп қалыпты-ау, бүта-бүрген найқалып,
Тербеледі бастары хабар айтып тұр неден?

Жыйды кәрі мекиен қанаттарын күркілдеп,
Кет ары деп кез құйрық, бәлкім байқұс тұр тілдеп.
Шыға келді астынан шиқ-шиқ етіп жем тілеп,
Балапандар ақ үрпек майда мамық үлпілдек.

Ой, Тәңір-ай, ішінде балапан ең кішкене,
Кең далаңнан түйір дән табу оңай іс деме.
Арман-дала, үміт-дән, адам ғана шыдайды-ау,
Тауқыметті тағдырдың азабына тістене.

Бір ән

Кім екен ақ жаулығы бұлғақтаған,
Көз жасын қимастықтың құрғатпаған.
Әр күні күн шығады, күн батады,
Басталу аяқтауға бұрмақ қадам.

Талықпай кептер қанат қаққанындай,
Адаспай өз ұясын тапқанындай.
Үміт пен түңілуді қос қанат қып,
Жұлдыз боп адам ғұмыр аққанындай.

Өмірдің барма бұдан басқа мәні,
Неліктен жанарыңнан жас тамады.
Бір ән бар, басталады, аяқтайды,
Бір ән бар, аяқтайды, басталады....

Мәңгілік

Әлемдегі философтар айтады,
Өмір-қысқа, адам-қонақ, қайтады.
Ғашық жарды күткен сәттің мәңгілік,
Екендігін сірә кімдер байқады?

Әйел жайлы бір өлең

Біреу маған айтты: есіңде сақтағын,
Махаббаттан қызық нәрсе таппадым.
Бәлкім солай шығар, әйтеу бұл жайлы,
Көп ойланып бас қатырып жатпадым.

Кейбіреуге қан төгу де құмарлық,
Өліктерден аттау қызық ұнарлық.
Олар үшін бәлкім солай шығар-ау,
Тісінбедім мұнда не бар ұғарлық.

Соғыс бітті қанға құмар тоймаған,
Естен шықты елес қылыш ойнаған.
Қасіретті шақтарды кім еске алар,
Солай шығар, мен былайша ойланам:

Зеңбіректі берсе әйелдер қолына,
Роза гүлін жаудырар оң-солыңа.
Солай шығар, әлде олай емес пе,
Жете алмадым бұл сұраудың соңына.

Терезе түбінде

Көктем келді, тал-теректер бүрледі,
Қауашағын саумал самал үрледі.
Терезеден үнсіз қарап анашым,
Төкті жасын, есіне алып тұр нені?

Дедім сонда: айтшы маған апашым,
Неге мұнша қасыретке батасың?
Болған кезде ағаштар гүл ашпайтын,
Айтам балам, сонда біліп жатасың.

Қапалақтап қар төгілді аспаннан,
Қалыңдады терезе мұз басқаннан.
Дала жым жырт, анам отыр біз тоқып,
Тоқымаға жанарынан жас тамған.

Дедім сонда: айтшы маған апашым,
Неге мұнша қасыретке батасың?
Болған кезде қапалақ қар жаумайтын,
Айтам балам, сонда біліп жатасың.

Мәскеу

Жорға биі жоғалды жортақтаған,
Арфа күйі өшті ол да жол таппаған.
Сан ғасырлық сарайға сар тап болған,
Қойды апарып құлпы тас қорқақ надан.

Кремльлге кіргендер қаш кесірден,
Қан майдан бұл хан орда бас кесілген.
Жібек кебін оранған мүрде куә,
Қызыл қаннан қырғынға тас тесілген.

Бокал бос тұр бал-шарбат мөлдіремей,
Шайқас туы тұр жел жоқ көлбіремей.
Ескі қылыш тек қана еске салар,
Сом қылыштың иесін сол бір егей.

Жүзік шіріп, тәжді тат баттастырған,
Жағалық гүл жайнап тұр таппас қырдан.
Алтын тоны тоз-тоз боп әйел патша,
Ежірейер есіркер таппас бір жан.

Алтын күмбез әмірмен ер бастаған,
Шірік алма құрт кеулеп жер жастаған.
Ныспы да жоқ қаһарлы сол шақтардың,
Мазар сынды маңына ел баспаған.

Темір кепеш тегі сыр дулығадан,
Теперішке түседі булыға жан.
Арғымақ жоқ империя арбасында,
Кіріптарға кім бастар нұрлы қадам?!

Қытай тілінен аударған Қанатбек Жұмабайұлы,

Дайындаған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір