Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Күбіртке 2209 2 пікір 12 Тамыз, 2024 сағат 18:18

Йасауи мәдениетінің қазақ болмысындағы орны

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Бұл мақаланы жазу ойымда жоқ еді. Жапондық тюрколог Наката Оконың қазаққа қатысты пікірі менің осы мақаланы жазуыма түрткі болды.

Ол кісі былай деген екен: «Әрине, біз сіздерге баға бере алмаймыз. Бір тілде сөйлейсіздер ме, әлде екі тілді бірдей таңдайсыздар ма – оны өздеріңіз шешесіздер. Екі тілді бірдей білген жаман емес. Билингвизм әлемнің көп елінде бар. Тарихшы ретінде айтатын болсам, маған қазақтар өзінің ұлттық ерекшелігін, тілін жоғалтып алған халық секілді болып көрінеді. Сіздер – адасқан жолынан жаңылып қалған халықсыздар, меніңше. Халықты әдейі не тарихи жадынан айырып тастаған сияқты. Әйтпесе, есі дұрыс адам ана тілінен гөрі  орысша білген дұрыс па деп сұрай ма? Бұл – абсурд! Тамырынан ажырап қалған, не істерін білмей аласұрып жүрген халықтар ғана осындай сұрақ қояды негізі. Тіл мәселесін бір жолата шешу үшін – халыққа тарихын оқытып, халықты, ұлтты соған ынталандыру керек.» Байқап қараған жанға жапон ғалымының қазақ халқының қазіргі рухани-мәдени болмысының диагнозын дәл қойғанына  көз жеткізеді. Өкініштісі, біз өзіміз осыны әлі күнге дұрыс байқай алмай жүрміз. Ең бастысы қазақ халқының басын біріктіріп, тарих сахнасына шығарған рухани-мәдени негіз қайсы деген сұраққа әлі тарихшыларымыз жауап берген жоқ. Олардың білетіні «қазақ көшпенді болған, сол көшпенділер өркениетінің өкілі. Қазақтың мәдениеті де, салт-дәстүрі де, бар болмысы осы осы көшпенділіктің ықпалымен пайда болған» деген ұстанымға қатып қалған. Ал, сонда қазақ даласында тарыдай шашырап жатқан қалаларды кім салған деген сұрақ туады. Оған не деп жауап береміз? Оңтүстік пен Сыр бойы қалаларын сарттар салған деген ғылыми тұжырымды біздің ғалымдар әлде қашан беріп қойған. Олай болса, қазаққа не қалады? Осы мәселеге ойланып көрдік пе? Біздің бұл көшпенділер өркениетінің өкілдеріміз деген тұжырымымыз біздің кейбір көршілеріміздің саяси талабына сай келіп тұр.   2000 жылдар басында түркімен ағайындар Маңғыстау жерін түркімендер жері екендігін дәлелдеген кітап жариялады. Ал, 1993-1994 жылдары марқұм Өзбекстан президенті Ислам Каримов тарапынан айтылған мына бір сөз есімде қалыпты. «Әмір Темір атының тұяғы жеткен жерлерге біз ақылмен жетуіміз керек» деген сөзін Өзбекстан телеарнасынан есітіп, өзбек ағайындардың мақсаты ұзақты көздеп отыр екен-ау деген ой қалыптасып еді. Сол ой бүгін материалданып келе жатқан сияқты. Олай деуімізге кешегі Астанада өткен «Орталық Азия мемлекеттерінің тарихшыларының бірінші форумында» өзбекстандық кейбір тарихшылардың тарапынан Қазақ хандығы деген мемлекет болмаған, Өзбек хандығы болған деген сияқты мәселелер айтылғандығы туралы хабар ватцап желісі арқылы келді. Бұл пікір қалалардың өзбек ағайындардың салғандығы туралы ғана емес, бүкіл қазақ халқының, қазақ мемлекеттігінің тарихта болғаныдығына күмән келтіріп отырған өзбек тарихшыларының бұл пікірі қазақтың халық ретіндегі рухани-мәдени болмысына берілген ауыр соққы екенін түсіне алдық па? Өзбек тарихшыларының бұлай мәлімдеуі қазақ халқына деген олардың көзқарасының қай деңгейде екендігінен хабар береді. Бұл бір емес, соңғы бір-екі айдың ішінде осы Оңтүстік Қазақстан жерінде қалалардың пайда болуына қатысты қазақстандық өзбек айғайындар тарапынан Оңтүстіктегі барлық қалаларды өзбектердің салғандығы туралы пікірі ФБ бетінде жарияланды. Сол видеоға Өмір Шыныбек атты бауырымыздың «бұған қазақ тарихшылары не уәж айтады екен» деген репликасы да бар еді. Әрине, Өмірбек бауырымыздың бұл репликасына ешкім жауап берген жоқ. Еліміздің Оңтүстігіндегі қалалардың пайда болуы туралы қалыптасқан бұл пікірлер нені білдіреді? Демек, қазіргі қазақ тарихы қазақ халқының халық ретінде тарих сахнасына шығуы, оны халық ретінде қалыптастырған рухани идеология  түгіл оның құрамындағы қала мәдениетінің пайда болуы туралы әлі күнге тиянақты тұжырым қалыптаспағандығының дәлелі.  Бұл қазіргі еліміздегі тарих ғылымында ұлттық тарихты зерттеу методологиясының жоқтығын, қазіргі қолданыстағы методологияның қазақтың шынайы тарихын жазуға қауқарсыздығын көрсетеді. Ең бастысы қазақ халқын ұйыстырып тұрған рухани өзекті әлі күнге тани алмай отырғандығын айғақтайды. Біз оны осы «Абай.кз» сайтында жарияланған «Қазақтың Алтын Орда мемлекетіне қазақтың қатысы бар ма?» атты мақалада көрсеткен болатынбыз. Ол мақалада Жошы ұлысын Алтын Орда деңгейіне көтерген Өзбек ханның жүргізген діни-саяси реформасы болғанын, Йасауи жолын мемлекеттік идеология деңгейіне көтергенін, қазақ халқының рулық, тайпалық  жүйелері мен жүздік құрылымдарының осы реформа нәтижесінде дүниеге келгенін, ол жүйелердің мемлекетті басқару жүйесіндегі ролі туралы талдап көрсетілген болатын. Ең бастысы евроцентристік көзқарас пен тарихты материалистік тұрғыдан тану методологиясы негізінде қазақ тарихын жазу мүмкін еместігі туралы мәселелер көтерілген еді. Өкінішке орай, бұған құлақ асып, үн қосқан, қарсы шығып, қателігімді көрсеткен ешкім болмады. Бұл біздегі тарих ғылымының қазақ халқының тарихына да, тарихи тағдырына да немқұрайды қарайтынын көрсетсе керек. Егерде біз осы немқұрайдылықтан құтылмай, қазіргі туындап отырған сұрақтарға ұтымды жауап бере алмасақ, онда ертеңгі күні бармақ шайнап қаларымыз анық. Ең бастысы қазіргі қазақ тарихы ғылымының басты ұстанымына айналған көшпенділер өркениеті мен евроцентризм, тарихты материалистік тұрғыдан түсіну методологиясынан бас тартпай, әзірге қазақтың тәуелсіз тарихын жазып шығу мүмкін емес. Ең өкініштісі, қазіргі жаңадан дайындалып жатқан қазақ тарихының жеті томдығы да қазақтың тәуелсіз тарихи танымын қалыптастыра алмайды. Қазақтың тәуелсіз тарихын жазып шығу үшін алдымен тарихты зерттеу методологиясын өзгерту керек. Ол үшін алдымен қазақ болмысындағы басты құндылықты анықтап алғанымыз абзал. Қазақ үшін материалдық дүние басты құндылық болып табылмайды. Қазақ үшін басты құндылық  - оның ар-иманы. Сондықтан да қазақ «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп, ар-иман үшін барын құрбандыққа шалған. Қазақ тарихын зерттеуде қазақтың осы ұстанымы негізге алынбайтын болса, онда ол тарих тарихи оқиғалардың тек хронологиялық тізбегі деңгейінде қалады. Өкінішке орай, осы мәселені тарихшыларға айтып түсіндіре алмай келемін. Бұл жерде қазақ үшін неліктен ар-иманның бәрінен жоғары тұруының себебі не? – деген заңды сұрақ туындайды. Себебі, кезінде Қожа Ахмет Йасауи ислам дінінің тоқырауға түсіп, Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланыс үзілген кезеңде дүниеге келді. Адамның физикалық болмысының қажетін ғана өтейтін шариғат ілімімен адамзаттың ары қарай дамуын қамтамасыз ете алмайтынына көзі жеткеннен кейін ислам дінін жаңа сатыға, тариқат деңгейіне көтерді. Адам болмысындағы Алланың берген аманаты Рухты белсенді күшке айналдырып, оның өлмейтін мәңгілік сипатына халықтың көзін жеткізе білді. Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланыс қайта орнады. Йасауи Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланысты өзі ғана орнатып қоймай, сол байланысты үзбей жалғастырып тұратын әулиелер мектебін қалыптастырды. Бұл халықтың дүниеге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Адам болмысының бөлшегі Рухтың мәңігі өмір сүру үшін жаратылған жаратылыс екенін түсінді. Фәни мен бақидың аражігін ажырата алатын деңгейге көтерілді. Адам Рухының Алланың адамға берген аманаты екендігін, фәни жалғаннан өткеннен кейін бақиға (мәңгілік өмірге) жалғанатынын сезінді. Бақиға жалғанудың негізгі шарты Алланы сүймек, адамды сүймек, адалдық пен әділдік екендігіне көз жеткізді. Абай атамыздың

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті,

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жол осы деп әділетті,- өлең жолдарының негізінде Құрандағы «Аср» сүресі мен Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың осы ұстанымдары жатты. Уақытша өмір үшін, оның қызылды-жасылды қызығы үшін мәңгілігін ауыстыруға тұрмайтынын сезіне білген текті, мақсаты мәңгілік өмірге ұласу болған, адалдық пен әділет жолын ту еткен халық дүниеге келді. Өздеріне мәңгілік өмірге барар жолын көрсеткен Әулиесіне халық жүрегінің төрінен орын берді. Әзіреті Сұлтан деп төбесіне көтерді. Осылай түркінің рухани-мәдени болмысының болашағын айқындаған Йасауи жолы-Йасауи мәдениеті атты Қасиетті де Киелі жол дүниеге келді.  Осы жолдың арқасында араб-парсы мәдениетіне жұтылып бара жатқан түркілер қайтадан өзінің тілі мен  мәдениетін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Кезінде арабтың дәстүрі мен мәдениетін толық қабылдамасаң мұсылман бола алмайсың деген қағидадан бас тартқызып, түркінің тілі мен мәдениетін ұстанып та мұсылман болу мүмкін екендігін, діндегі басты мәселе иманда екендігін халықтың санасына құя білді. Йасауи жолында әрбір халық Алланың өзі жаратқан үмметі. Олардың әрқайсысының өмір сүрген табиғатына қарай өзіндік ерекшелігі бар. Тілі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі сол табиғатқа Жаратушы Құдіреттің Өзі тарапынан ылайықталып берілген. Ол  заңдылықты бұзу Алланың бұйрығына қарсы шығу. Бұл ұстанымның барлығы Құран сүрелерінде айқын көрсетілген. Өзінен бұрын өткен Абу Ханифа мен Имам Матуриди ілімдерін негізге ала отырып, түркінің рухани-мәдени болмысын толығымен қанағаттандыра алатын сопылық жолды қалыптастырды. Исламнан тек бес парыз алынды. Олар: иман, намаз, ораза, зекет, хаж. Қоғамдық қатынастарды реттеу толығымен көнеден келе жатқан түркінің әдет-ғұрып, салт-дәстүріне берілді. Сонымен бірге, сопылық таным негізінде  қалыптасқан салт-дәстүрлер болды. Дін тілі түркі тілінде сөйледі. Қожа Ахмет Йасауиден кейінгі барлық шығармалар тек түркі тілінде жазылды. Алайда, Йасауи заманында бұл тариқат көп қанат жайып кете алған жоқ. Түркінің қайтадан бас көтере бастағанынан қорыққан Хорезмшах Мұхаммед бір жағынан, қарақытайлар бір жағынан Йасауи жолына қарай бет бұрған Қарахандықтар мемлекеттерін толығымен талқандап, хандарының барлығын өлтірді. Тек, Шыңғыс ханның келуі ғана Йасауи жолының-Йасауи мәдениетінің Ислам әлеміне кеңінен таралуына мүмкіндік берді. Шыңғыс хан атының тұяғы тиген жерге Йасауи ілімі де жетті. Йасауи бабамыздың Мұхаммед Данышманд Зарнуқи сияқты шәкірттері Шыңғыс ханның бас кеңесшілерінің біріне айналды. Жалпы Қожа Ахмед Йасауи мен Шыңғыс ханның дүниеге келіп, әлемді жаулауының негізінде Жаратушы Құдіреттің Өз жоспары жатқан сияқты. Бірі адамзаттың ары қарай өмір сүру жолын көрсетіп берсе, екіншісі сол ілімнің кең қанат жайып жалпы адамзаттық сипат алуына қылышымен жол ашты. Сондықтан бұл екі Ұлы тұлғаның әрекеттері астарында біз білмейтін құпия сыр жатқандығына менде күмән жоқ. Бұл екі тұлғаның жанқиярлық еңбегі арқасында жер бетінен жойылып бара жатқан түркі халықтары қайтадан бас көтеріп, әлемге үкімін жүргізе алатын халыққа айналды. Сондықтан қазіргі әлемдегі түркі халықтары осы екі тұлғаның Қожа Ахмет Йасауи мен Шыңғыс ханның алдында мәңгілікке қарыздар. Егерде қазіргі күні көптеген түркі халықтарының тәуелсіздігінен ажырап, өзгеге отар болған болса, онда оған сол Йасауи жолынан бас тартып, басқа діни ағымға бет бұрғанымен тікелей байланысты. Себебі, Йасауи жолы киелі жол. Ол жолдан бас тартқанды Тәңір Тағала кешпейді. Тәуелсіздігіңді алып, өзгеге кіріптар етеді. Бұл сол Алтын Орда мемлекетінің күйреп, ыдырауының басты себебі Йасауи жолынан шегіну болғандығын әлі күнге түсінген адам жоқ. Кезінде Жошы ұлысында Өзбек хан тұсында Йасауи жолы өкілдері-Әулиелер йасауийа тариқатын мемлекеттік идеология деңгейіне көтеріп, Жаратушының қалауына сай адамзат тарихындағы ең әділетті мемлекетті дүниеге келтірген болатын. Ол мемлекетте абсолюттік билік не ханда, не биде, не қарада болған жоқ. Абсолюттік билік тек – шариғатта, заңда болды. Ол мемлекет аз ғана уақыт ішінде әлемдегі ең озық, ғылымы мен мәдениеті дамыған мемлекет деңгейіне көтерілді. Осыған байланысты бұл мемлекет Алтын Орда деп атала бастады. Өкінішке орай бұл мемлекеттің өмірі ұзақ болмады. Абсолюттік билікке ұмтылған Жошы ұрпақтары қалайда Йасауи жолынан құтылудық жолын қарастырды. 1342 жылы Өзбек ханның кенеттен қайтыс болуы, Алтын Орда тағына Жәнібек ханның келуіне мүмкіндік берді. Тақ мұрагері Тыныбек пен інісі Хызырбекті өлтіріп, билікті өз қолына алды.  Йасауи жолынан бас тартып, шафиғи мазхабын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. Асан Қайғы бастаған Йасауи жолы өкілдерінің мемлекетті сақтап қалу жолындағы әрекеті сәтсіз аяқталды. Міне, содан бері Евразия кеңістігінде Рухани билік пен саяси билік арасындағы тіке-тірес Қазақ хандығы дүниеден кеткенше тоқтаған жоқ. Тәуке ханның Йасауи жолын мемлекттік идеология дәрежесінен айыруының соңы мемлекеттің күйреуіне әкелген басты себеп болды. Абылай ханның Йасауи жолын қайтадан мемлекеттік идеология дәрежесіне көтермек болған әрекеті сәтсіз аяқталып, өзі сол жолда құрбан болды. Тәуке ханның кезінен қолына билікті қолға алған жүз, ру-тайпа басшылары мемлекеттің тұтастығынан гөрі қолындағы билікті артық көрді. Қаз дауысты Қазыбектің ұлы Бекболаттың Абылай ханға қарсы әрекеті шектен асты, Ханды қорлап, Ордасының үстіне басып кірмек болды. Атығай, қарауыл рулары болмағанда Бекболаттың ханды сол Көкшетау жерінде мерт ету мүмкіндігі бар еді. Алайда, хан одан аман қалды. Ондағы халықтың ойының бұзылғанына көзі жеткен Абылай хан, халыққа өкпелеп, Түркістанға көшуге мәжбүр болды. Мұның бәрі Мәшһүр Жүсіп атамыз қалдырған «Абылай аспас Сары бел» атты аңыздар жинағында жүр. Мұның соңы Абылай ханның Самарқантқа баруы, сол жерде түс көріп, түсінде Арыстанның жолбарысқа айналуы, жолбарыстың қасқырға айналуы, қасқырдың азып, түлкіге айналуы, түлкінің азып бақа-шаянға айналуын көріп, шошынғаны, ол түсін пірі Жалаңаяқ қожаға айтқанда, (Кейбір деректерде Бұхар жырау) ол кісі мен де сол түсті көрдім, осымен біздің мемлекеттігіміз күйреді. Енді аман-есен елге жетейік деп, кері қарай жолға шығады. Жолда келе жатып өзі аз ғана нөкерімен Ташкентте қалып, сол жерді билеп отырған Жүніс қожаның үйінде болады. Қайтар жолда қазіргі Шымкент қасындағы Ханқорғанға жеткенде Сайрамның сарттары 3000 әскермен қоршап, қыспаққа алады. Осы қорлыққа шыдамаған Абылай хан құсалықтан сол жерде көз жұмады. Ең жаманы сол жерде айнала отырған дулат пен қоңырат билері қол ұшын беруге жарамайды.  Қазақ мемлекеттігінің күйреп, өзгеге бодан болуы осы оқиғадан басталған болатын. Өкінішке орай, бұл тарихтан халықтың көпшілігі хабарсыз.

Ендігі кезекте сол Ташкент, Сайрам, Түркістан, Тараз өңірлеріндегі өзбектер қайдан пайда болды деген сауалға жауап берейік. Бұл жерлерге сырттан келген ешкім жоқ. Барлығы кешегі үш жүздің баласы. Ортағасырларда араб-парсы мәдениеті негізінде дүниеге келген нақшбандийа тариқатының мақсаты түркі билігін іштен ірітіп, жою болатын. Сол тариқаттың өкілі Ташкентте туылып, Самарқантта билік құрған Хожа Ахрар өз заманында «Шыңғыс хан Йасасының күлін көкке ұшырамын» деп жар салған болатын. Шындығына келгенде оның күлін көкке ұшырмақ болғаны Йасауи жолы болатын. Оның бұл ұстанымы абсолттік билікке ұмтылған Қазақ хандығының билеушілерінің тілегіне сай келіп, Есім ханнан бастап нақшбандийа тариқатын қазақ арасына жаю мемлекеттік саясат деңгейінде жүргізілді. Олардың бұл саясатының қармағына алдымен қала халқы ілікті. Йасауи жолынан, түркілік мәдениеттен бас тартып, араб-парсының салт-дәстүрі мен мәдениетін қабылдауға мәжбүр болды. Ең бастысы некелік қатынастарға мән берілді. Қазақ халқында қалыптасқан жеті атаға дейін қыз алыспау туралы принцип бұзылып, немере ағайындар арасындағы некелік қатынас енгізілді. Кімде-кім бұл талапты орындамайтын болса, онда ол адам Пайғамбар (сАс) сүннетіне қарсы шыққан болып есептелді. Бұл қазақ ру, тайпаларының ыдырауына ықпал етті. Мемлекеттің іргетасы болған ру, тайпалар ыдыраған соң билер институты да өздігінен жойылады. (Тәуке ханға дейін билер институты Йасауи жолы өкілдері-қожалардың қолында болғанды) Осылай қала мен қыстақ халықтарының біртіндеп сарттана бастауына ықпал етті. Қазіргі Оңтүстік қалаларындағы өзбектердің пайда болуы осы үдеріспен байланысты. Бұл жерде ешқандай халықтың өмір салтының қатысы жоқ. Көшпелісің бе, отырықшысың ба, бәрібір. Біз осы қазақ ру, тайпаларының өзбектенуі осы Йасауи жолынан шегініп, нақшбандийа тариқатын қабылдаумен байланысты болғанын нақты ғылыми деректермен дәлелдеп бере аламыз. Мен қазір Түркістан мен Шымкент, Сайрамдағы өзбектердің қай ру, қай тайпадан екендігін көрсетіп бере аламын. Мысалы, Түркістандағы өзбектердің көпшілігі арғын, найман, қаңлы тайпаларының өкілдері. Ал, Түркістанның жанындағы бұрынғы Керіз, қазіргі Бірлік қыстағының тұрғындары 100 пайыз Алтай Арғындар. Кезінде Тәуке ханның аталығы, әрі бас уәзірі болған Барқы аталықтың ұрпақтары. Оның ар жағындағы Қарашық аулының тұрғындарының 70 пайызы Көк Мұрын қыпшақтар және аздаған қаңлы мен қоңырат бар. Оның ар жағында отырған Шипан атты ауыл бар.  100 пайыз найманның балталы, бағаналы аталарының ұрпақтары. Ал Қарнақ кентінде үш жүздің баласы түгелімен отыр. Кезінде қазақ хандарының негізгі орталығы болған бұл жерден Өзбекстанның қаншама ғалымдары мен жазушылары шықты. Совет өкіметі заманының өзінде 9 академик шыққан болатын. Түркістаннан 10 шақырым жерде Теке деген ауыл бар. Негізінен қаңлылар тұрады. Бірақ халық қазақ-өзбек болып екіге бөлінген. Себебі, қазақтары Йасауи мәдениетінде, өзбектері нақшбандийа тариқатын қабыл еткен. Ал, Сайрамдағы Қарамұрт, Қарабұлақ ауылдарының тұрғындары да сырттан келген ешкім жоқ. Барлығы дулат, сіргелі тайпаларының руларынан құралған. Мысалы, Қарамұртта 100 пайыз жаныстар тұрады деп айтуға болады. Бірақ араларында қазақ жоқ. Себебі,  бұлардың барлығы сол нақшбандийа тариқатын қабылдағандар. Қарабұлақта да сол.

Біз осы Оңтүстіктегі қазақ-өзбек арасындағы арақатынасқа қатысты Қожа Ахмет Йасауи университеті аясында «Темірқазық» клубы ұйымдастыруымен арнайы  дөңгелек стол өткізген болатынбыз. Оған қазақ, өзбек ақсақалдары шақырылып, осы мәселе жан-жақты талқыланған болатын. Халықтың сұрауы бойынша осы шара бұдан кейін екі рет өткізілді. Бірінде біздің тарапымыздан, екіншісі өзбек ағайындар тарапынан өткізілді. Осы үш бас қосудан түйгеніміз біздің ұстанған бағытымыздың дұрыстығына көз жеткіздік. Егерде осы мәселеге мемлекет тарапынан оң көзқарас болса, мәселені ың-шыңсыз шешу мүмкіндігі барлығына  көзіміз жетті. Бұл мәселені бұдан кейін іліп әкеткен «Ел бірілігі» қоғамдық қоры болды. Сол қордың басшысы Мұхтар Мұхаммеджанның белсенді әрекетінің арқасында Қарабұлақ аулынан 750 отбасы «бізді қайтадан қазақ халқы құрамына қабылдаңдар. Біз кешегі қазақпыз»- деген арыз түсті. Өздерінің Сіргелі тайпасы құрамындағы Қарабатырлар екендігін дәлелдейтін «Досымқұл Ата» шежіресі дейтін шежірелерін де жіберді. Осы кезде біздің билік ондай қадамға бара алмады. Әр қайсың жеке-жеке өтініш жазыңдар деген сүйкей салды жауап келді. Көп ұзамай осы мәселеге мұрындық болып, ел бірлігін нығайту жолында барын салып жүрген Мұхтар Мұхаммеджан бауырымызға жазықсыз жала жабылып, сотталып кете барды. Біздің тарапымыздан жасалынған мемлекеттің ішкі бірлігін қалыптастыру бағытындағы әрекетіміз осылай кедергіге ұшырап, тоқырап қалды. Егерде бұл мәселе қайтадан қолға алынып, оң нәтижелерге қол жеткізілмесе  шешуі қиын түйінге айналу ықтималдығы бар. Біз оны оңтүстіктегі қалаларға қатысты  мәселені қозғағанда сөз еткен болатынбыз.

Қорыта айтқанда, осы мақала шеңберінде біз қазақ халқының қалыптасуында Йасауи жолының-Йасауи мәдениетінің шешуші ролі болғандығына жауап бердік қой деймін. Егерде осы қазақ даласындағы діни-рухани үдерістер тарихы халық санасына сіңгенде, қазақ деген халықты тарих сахнасына алып шыққан рухани өзек-Йасауи мәдениеті екендігін халық сезінгенде өзге мәдениеттің жетегінде кетпеген, өзіміздің тілімізден, қазақы болмысымыздан бас тартпаған болар едік. Өкінішке орай, қазір ата-бабаларымыздың «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы» деген аталы сөзінің мағынасын түсінуден қалдық. Бес күн жалғанның емес, мәңгілікті мұрат еткен дана халықтың рухани болмысының жоғарылығының сыры неде екенін түсіне алмайтын деңгейге төмендедік. Кезінде осы Йасауи жолында болғаны үшін бұл халыққа «қазақ» деген ат беріліп еді. Қазіргі біздің замандастарымыздың сол атқа ылайық бола алмай, материалдық дүниенің соңына түсіп азғындап бара жатқаны ішті ауыртады. Егерде осы жолға қайтадан бет бұрып, жоғалғанды қайтадан қалпына келтіруді ниет етсек, бізге ол оншалықты қиындыққа соқпайды. Бірақ оған екі кедергі кесе-көлденең тұрып алып, мүмкіндік беретін емес. Біріншісі, ҚМДБ ұстанып отырған салафилік бағыт болса, екіншісі, тарих ғылымындағы осы күнге дейін қолданыстан шықпай, тарихты зерттеуді шырмап алған көшпенділер өркениеті деген концепсиясы мен тарихқа евроцентристік көзқарас пен тарихты материалистік тұрғыдан тану деген методологиясы. Бүгінгі күні қазақ осы екі ұстанымнан құтылып, өзінің рухани тәуелсіздігіне бет бұрады немесе халық ретінде жойылады. Үшінші жол жоқ.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958