Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Аласапыран 2094 8 пікір 19 Тамыз, 2024 сағат 13:39

Сүйелдей болған ҰҚШҰ: Мәскеу бізге сенбесін!

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: kaztag.kz, sputnik.kz

Қазақ қоғамын алаңдатқан басты сауал – Курскіге ҰҚШҰ (ОДКБ) күштерін араластыру-араластырмау жайлы сөз қозғап көрейік...

ҰҚШҰ (ОДКБ) бүйдейді:

«Соғыс ҰҚШҰ жауапкерлішігі аумағына ойысты. Бұл қақтығыстың жаңа кезеңі және біздің аналитиктер тәулік бойы жағдайды бақылап отыр. Біз ұйым жарғысына сай әрекет етеміз. Бізге қазір Ресей Курскідегі жағдайлар туралы баяндап отыр. Егер Ресей тарапынан ресми көмек сұралса, ОДКБ серетариаты тиісті процедураларға жүгінеді», - деді. ҰҚШҰ осының алдында: «Ресей бізден көмек сұраған жоқ», - деп айтқан еді.

ҰҚШҰ процедурасы бойынша Ресей көмек сұраған жағдайда оған мүше барлық мемлекет ортақ шешім қабылдауы керек. Яғни, консенсус болмаса, шешім де қабылданбайды.

РЕСЕЙ

Субьективті пікірімше, Ресей ОДКБ-дан көмек сұрай қоюы екіталай. Біріншіден ҰҚШҰ-дан көмек сұрау – Ресей өзінің майдан даласындағы (мейлі ол Курскі аумағы болса да) жеңілісін мойындаумен пара-пар. Кремльдегі басшы-қосшылар үшін бұл онсыз да оңбай «нокдаун» алған имиджіне қосымша соққы болатыны айдан анық.

БЕЛАРУСЬ

Сосын ҰҚШҰ-ның өзге мүшелері де бұл төбелеске араласуға ниетті емес. Араласар болса, Тәуелсіз Беларусьті ешқандай ұрыссыз, соғыссыз, 28 бөлімнен тұратын «Одақтас Республика» келісімі арқылы «Ресейдің боданы» етіп берген Лукашенко бірінші болып араласар еді. Ол да эфирлерде екіпіндеп сөйлегенімен, іске келгенде қос қолын шалбар қалтасына мықтап салып қойып: «Володя, мой старший брат, если что я на шухере», - деумен шектелуде.

Лукашенконы қанша жерден Путиннің көлеңкесіндегі адам десек те, Беларусьті 30 жылдан басқарып келе жатқан нағыз әккі, нағыз қу ғой. Бұның да бір саусағы бүгулі екен.

Иә, Беларусь Ресей әскеріне шекарасын ашып берді. Былайша айтқанда: «Жерімді пайдалан. Бірақ, елімді соғысқа араластырма», - деді. Сөйтіп, соғысқа ол да араласқан жоқ.

Айтпақшы, қазір Беларусь жерінде Ресейдің резервтік әскері бар. Оның үстіне өлді деген Пригожиннің «вагнерліктері» осы Беларусь жерінде. Ресей сәті туғанда, бұл резервтік күшті де қолданатын болады. Сондықтан, логика бойынша ҰҚШҰ-дан бұрын соғысқа Беларусь араласуы керек. Әзірге, бұл жақ қозғала қойған жоқ.

ҚЫРҒЫЗСТАН МЕН ТӘЖІКСТАН

Бұл екеуі де ҰҚШҰ-ға мүше. ҰҚШҰ осы күнге дейін өзінің дәрменсіздігін әбден танытып болған. Тіпті, ұйым мүшелері арасындағы қарулы қақтығыстар кезінде де «ләм-мим» дей алмаған бейшара ұйым. Сөзімізге дәлел осы Қырғызстан мен Тәжікстан болмақ. Бұл екеуінің арасында «шешілмеген шекара дауы» дейтін сүйел-жара бар. Жылда шекарада қақтығыс. Кейінгі 1-2 жылда ғана басылды. Сондай қақтығыстардың ең ауқымдыларының бірі - 2022 жылы болды-ау, шамасы. 100-ге жуық адам опат болған кез. Ол кезде танктер мен авиация іске қосылып, тіпті, әйгілі «Байрактар» әуеге көтерілген. Кәдімгі соғыс болды. Сол кезде осы ҰҚШҰ соғысушы тараптарға қой деуге жарамады. Құйрығын бұққан сүмелек иттер секілді, үн шығара алған жоқ.

АРМЕНИЯ

ҰҚШҰ-ның осындай дәрменсіздігіне жаңағы қырғыз бен тәжіктен бұрын Армения өкпелі. Ол өкпесі қара қазандай. Осыған дейін Ресейдің әскери қанатының астында саналып келген Армения сол Ресейден де, ол негізгі күші саналатын ҰҚШҰ-дан да көңілі қалған. 2020 жылы Қарабақ соғысында ҰҚШҰ, соның ішінде Ереван қатты сенім артқан Ресей саусағының ұшын да қимылдатпай қойды. Әйтпесе, жаңағы айтқан процедура болмады емес, болды. Ереван ресми сұрауды бір емес, бірнеше кезек салды.

Осыдан соң, Ереван ҰҚШҰ-дан шығу туралы талқыны ашық жасап, Пашинян бастаған Армения саяси басшылғы ҰҚШҰ-ны айыптады. «ҰҚШҰ өзін-өзі өлтірген ұйым», - деген сөз де осы Ереван жақтан естілді. «Біз Ресейге ғана сенеміз деп, Қарабақта жеңілдік. Бұлай болмайды екен», - деп, әскери әріптестіктің альтернативларын қызу іздеп шықты және оны АҚШ пен Батыстан тапты. «ҰҚШҰ-дан шығамыз», - деп мәлімдеп, оның әскери оқу-жаттығуларын елемейтін болды.

Десе де, де-юре Армения ҰҚШҰ мүшесі, әлі. Сондықтан, консенсус үшін оның да дауысы ескерілуі тиіс.

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Курскі шайқастарына қатысты мәлімдеме жасап, «территорииялық тұтастықты сақтау, БҰҰ Жарғысын бұзБау, тараптарды соғысты тоқтатуға шақыру» дейтін позициясын жариялады. Әсілі, осымен тәмам болуы керек. Себебі, бұл біздің соғыс емес. Және бұл соғысқа қатысты Қазақстан позициясы – нейтралды. Ресей Украина жеріне басып кіргенде қандай позиция ұстандық, қазір де сол позициядан айнымаймыз. Бұл позиция әуелі біздің ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздігіміздің мәселесі. Өйткені, біздің әр басқан адымымызды халықаралық ұйымдар аңдып қарап отыр.

Оның үстіне, Ақордадағылар Қазақстан қоғамының, қазақ қоғамының ҰҚШҰ-ға қатысты көзқарасы қандай негативті екенін білмейді емес, біледі. Сондықтан, сақ әрекет етеді.

Тағы бір фактор: Қазақстанның әскери әріптестік бағыттары да әртүрлі. Соның ішінде, соңғы жылдары Түркия, Қытай, Франциямен екіжақты алыс-беріс, барыс-келістер күшейіп келеді. Бұл салада ОА және Әзербайжанмен де әскери байланыстар нығаю үстінде. Қазақстан әскері БҰҰ миссияларына қатысушы әскер. Сондықтан, солтүстікке балама бізде де бар.

ТҮЙІН:

Осыларды ескере отырып, ҰҚШҰ бізден көмек сұрай қоюы екіталай деп ойлаймыз. Бірақ, Мәскеуде отырған мыртықтардың миларына не кіріп, не шығып жатқанын дөп басар ешкім жоқ. Құдай атып, сұрай қалса ше?

Ондай жағдайда, сыйырдың бүйрегіндей бытырасып жатқан ҰҚШҰ ортақ күш шығару туралы ортақ келісімге келе қоймайды. Өйткені, оған мүше әрқайсының өз көздегені, өз ойлағаны бар. Көмек беруге көнетіні – Белаурсь болуы мүмкін. Қырғыз бен Тәжік 50/50 болса, Қазақ барынша қарсы болады. Ал енді 100 пайыз қарсы болатыны – Армения.

Жалпы, сарапшылар осы ҰҚШҰ-ның өмірі туралы: «ҰҚШҰ ыдырауға бет алған ұйым. Ресейлік блок өзінің толық дәрменсіздігін көрсеткендіктен, басқа елдер де одан шеттей бастайды деуге негіз бар», - дейді.

Лайым солай болғай! Қазақ қоғамы ҰҚШҰ-ға, оның Ресейге көмектесуіне қарсы. Себебі біреу ғана – бұл соғысты бастағанда Кремль бізбен ақылдасқан жоқ. Украина Ресейге шабуыл жасаған жоқ, керісінше Ресей Украинаға әскерлерін кіргізді! Бітті.

Айтпақшы: ҰҚШҰ-ның қазіргі Бас хатшысы өзіміздің Иманғани Тасмағамбетов.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053