Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 1194 0 пікір 21 Тамыз, 2024 сағат 15:07

Ғасырдан көп жасаған Морера...

Сурет Асхат Қасенғалидың парақшасынан алынды

117 жыл, 169 күн. Ғасырдан да ұзақ. Тірі тарих еді. Испанияда Мария Браньяс Морера атты қария бүгін өмірден өтті. Ойланып қарасаңыз, өмірі тұтас тарих екен ғой.

1907 жылы өмірге келді. Ол сәтте қазақ зиялылары Мемлекеттік Думаға сайлауға қатысып жатқан. 1912 жылы, Мария 5 жасқа келіп, жүгіріп, ойнап жүрген сәтте «Титаник» суға батып жатты. Мария 6 жасқа толғанында, «Қазақ» газетінің бояуы кеппей, алғашқы басылымы шықты. Мария 7 жасқа келгенде Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. 10 жасқа толғанын тойлап жатқанда, бізде Алаш Орда құрылып жатты, Ресей империясы құлап түсті. Ал 11 жасқа толған шағында Ресейде патша әулетін атып жатты, өз отанында «испан тұмауы» cап ете қалды. Миллиондар көз жұмды. Сол тозақтан аман өтті.

1931 жылы тұрмысқа шықты. Ол сәтте қазақ бір түйір дән, бір үзім нан таппай қолдан ұйымдастырылған аштықта қырылып жатқан еді.

Ол империялардың құлауын көрді. Осман империясы, Ресей империясы, Аустро-Венгрияны тарих қалай жерлегеніне куә болды. КСРО құрылған, Гитлер таққа келген, Муссолини тізгін алған, Франко соғысқан дәуірде жастық шағы өтті. Өз отанындағы азамат соғысынан аман шықты (1936-1939), кейін «уф» дей беріп, Екінші дүниежүзілік соғысқа қайта кіріп кетті. Атом бомбасы Жапонияның басына жарқ еткен шақта, 38-дегі келіншек болыпты. Қырғи-қабақ соғыстың барлық оқиғасына, сан соғысына куә болыпты. Адамзаттың ғылыми жетістіктері тәй-тәй басқан сәттен бастап қарыштап дамығанына дейінгі аралықты аман-есен өту қандай сезім екен?...Адамзаттың ғарышқа ұшуына таңданған Мария, апта сайын бір спутник ұшырып, ай сайын ғарышкер аттандыратын заман боларын сол сәтте сезді ме екен? Қызық...Айтпақшы КСРО-ның құрылғанын көрген Морера, оның өлгенін де көрді ғой.

2020 жылы коронавирус жұқтырған екен. «Испан тұмауынан» аман шыққан Мария әжей үшін, коронавирус бұйым болып па, әлбетте аман шыққан. Адамзаттың сан соғысын, сан апатын, сан аштығын, сан жетістігін, сан пандемиясын көрген Мария әжей, ақыры жалғаннан кетіпті.

Асхат Қасенғалидың жазбасы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5236