Жасанды зерде мұғалімнің орнын баса алмайды!
Жасанды зерде мұғалімді ауыстыра алмайды, бірақ күнделікті жұмыстың бір бөлігін атқару арқылы мұғалімге түсетін салмақты жеңілдетеді. Қазақстан үшін жасанды зерде – кез келген баланы ең үздік оқу бағдарламалары және материалдарымен қамтамасыз ету арқылы әр аймақтағы және әлеуметтік санаттағы оқушылардың білім алу деңгейіндегі айырмашылықты қысқартуға көмектесетін мүмкіндіктердің бірі. Дегенмен, жасанды зердені қолдануда этика, қауіпсіздік және рұқсат етілген дүниелер тұрғысынан қажет ережелерді енгізіп, балаларға үйрету керек.
Педагогтардың 2024 жылғы Республикалық тамыз саммиті аясында өткен «Жасанды зерде дәуіріндегі классикалық білім» панельді сессиясына қатысқан сарапшылар осындай пікірде. Сессияны Qalam Global көптұғырлы ғылыми-танымдық жобасы ұйымдастырды.
Қатысушылар бірінші кезекте Бүкіләлемдік Экономикалық Форум мамандарының жасанды зерде дәуіріндегі білім туралы зерттеуін талқылады. Зерттеуде жасанды зерденің жақын арада мұғалімнің орнын баса алмайтыны, алайда олардың күнделікті жұмысының 20-40%-ын автоматтандыруға көмектесе алатыны жайлы айтылған болатын.
Жасанды зерде саласындағы маман Ник Макфлай зерттеу қорытындысымен келіседі. Ол жасанды зерде мұғалімді алмастырмайтынын, тек оған көмекші бола алатынын атап өтті: «Жасанды зерде өз бетімен жұмыс істемейді. Ол тек мұғалімнің қызметін толықтырады. Бұл құралдың көмегімен оқушы мен мұғалім арасындағы байланысты тереңдете түсу мүмкін болатын шығар, себебі жасанды зерде шынымен күнделікті қайталатын жұмысты өз мойнына ала алады», – дейді сарапшы.
Bilim Media Group компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, Қазақстанда мектеп бағдарламасы толықтай цифрландырылған. Бұл жасанды зерде секілді жаңа технологиялар мен құралдарды пайдалану мәселесіне барынша дайын болуға мүмкіндік береді екен. «Жасанды зерде біз үшін үлкен мүмкіндік деген пікірдемін. Біз білім сапасында аса үлкен айырмашылық бар аймақта, мемлекетте өмір сүреміз. Оқушылардың аз ғана бөлігі жоғары деңгейдегі білімге қол жеткізе алады. Оның инфрақұрылымға байланысты бәрімізге белгілі себептері бар, мәселен, балалар екі-үш ауысыммен оқиды. Мұндай қиындықтарды ақшамен шеше алатын үлкен мемлекеттерде жасанды зерде жәй ғана қызықты дүние деңгейінде қалса және алдағы уақытта да солай дами берсе, біз үшін жасанды зерде – жағдайды жылдам түрде түбегейлі өзгертуге және осы айтылған білім сапасындағы айырмашылықты қысқартуға арналған үлкен мүмкіндік. Баланың қайда тұратынына қарамастан, оны сапалы контентпен және көмекшімен қамтамасыз ету мүмкіндігі», – деп атап өтті ол.
Химия магистрі Алина Әлімбаева қазірдің өзінде көптеген мұғалім жасанды зердені сыныптағы әр бала үшін жеке әзірленген тапсырмалар дайындаудан бастап оқушылардың жазбаша жұмыстарын тексеруге дейінгі алуан түрлі мақсатта пайдаланып жүргенін айтады. «Бәрі мұғалімнің ойлану қасиеті трансформацияға ұшырағаннан басталуға тиіс. Әр мұғалім мұның ешқайда жоғалмайтынын және, жалпы алғанда, одан алып бара жатқан қатердің жоқ екенін түсінген кезде жасанды зердені күнделікті жұмысқа қызықты түрде енгізуге болады. Біз мұнда жасанды зерде мұғалімнің орнына сабақ береді деп отырған жоқпыз, жасанды зерде күнделікті істерді атқаруға көмектеседі деп отырмыз. Сабақты біз өткіземіз. Ал жасанды зердені балаға көбірек уақыт бөлу мақсатында, жұмысызды жеңілдету үшін пайдаланамыз», – дейді оқытушы.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Станислав Кауров жасанды зердені мұғалімдердің түрліше қабылдайтынын айтады: «Бір жағынан, бұл технологияны шынымен қолданып, жасанды зердеге күнделікті жұмысының бір бөлігін тапсыратын әріптестерімді көріп жүрмін. Екінші жағынан, «Жасанды зерде деген жақсы ғой, бірақ менде құралдан тек тақта мен бор ғана бар» дейтін мұғалімдер де кездеседі. Осы базалық деңгейді жауып, шынымен жасанды зердеге деген қызығушылықты оятатын, «Бұл не?», «Оны шынымен қалай қолдануға болады?», «Жасанды зерде менің мұғалімдік қызметімді қалай жеңілдете алады?» деген сұрақтар қоюға итермелейтін келесі деңгейге шығу керек».
Жасанды зерде көмегімен әр оқушының ерекшелігін ескере отырып сабақ өткізу мәселесіне келгенде Станислав Кауров жаңа технологияларға бейімделуге кедергі болып жататын стандарттар мен талаптар бар екеніне де тоқталып кетті.
Рауан Кенжеханұлы бұл сұрақтың тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде кездесетінін айтып өтті: «Реттеуші орган әрдайым кешігіп жүреді. Бұл заңдылық. Басқа салалардан да көріп отырмыз. Мәселен, қаржы технологиялары бағытында реттеуші нарықта пайда болған дүниелерді кейін барып заңдастырды. EdTech-те де сол болады».
Панельді сессия спикерлері жасанды зердені этика аясында және орынды қолдану мәселесін де талқылады.
Тарихшы, Qalam.global жобасының бас редакторы Жар Зардыханның айтуынша, басқа салалар секілді жасанды зерденің де дамуы барысында алдымен үлкен көлемдегі ақпарат пайда болып, кейін оның бір бөлігі керексіздігі салдарынан ысырылып қалады екен. «Тарихшы ретінде маған жасанды зерденің қазір ұсынатын визуал бейнелері ұнамайды. XVI ғасырдағы Қазақстанды көрсет десең, мәселен, пагоданы салып беруі мүмкін. Бұл жақсы емес, өйткені мұндай контент көпке жарияланады, әсіресе әлеуметтік желілерде таралады, салдарынан қолданушыларда қате пікір қалыптасады. Мысалы, қазақ жауынгері немесе оның киімі қандай болды деген мәселелерге қатысты. Әрине, жасанды зерде – оқытылатын жүйе, оның үстіне оны жасақтау кезінде де, қолдану кезінде де түзетіп отыра аламыз», – дейді ол.
«Жаңа технологияларды этика аясына орнымен қолдану, іс-әрекет ережелері, қауіпсіздік ережелері әр пән аясында оқытылуы керек. Бұл мәселе бірінші кезекте реттеуші органға қарасты және қазір бұл тақырыпта талқылаулар кеңінен жүріп жатыр», – деп айтып өтті Рауан Кенжеханұлы.
Станислав Кауров мұндай ережелерді балалар табиғи дүние ретінде қабылдауы керек екенін атап өтті: «Сабақта не істеуге болатыны, не істеуге болмайтыны жайлы көптеген акт қабылдай аламыз, бірақ оқушы үйіне барғанда ол ережелерді сақтайтынын-сақтамайтынын біле алмаймыз. Әрине, белгілі бір ережелер керек, бірақ олар қалыпты іс ретінде қабылдануға тиіс, себебі біздің балалар бұл құралды табиғи дүние деп таниды».
Бұдан бөлек панельді сессия аясында Qalam.global жобасы ұйымдастырған республикалық ÖZIMIZ ауызша әңгімелер байқауы бірінші маусымының қорытындысы жарияланды.
Бірінші орын мен 1,5 млн теңгенің сертификаты астаналық Мансұр Сәбитұлына бір отбасының тарихы туралы жұмысы үшін берілді.
Екінші орын (1 млн теңге) Тараз қаласында тұратын Анар Жұмахан мен Толғанай Бекжапардың «Қарасай шатқалының тарихы» туралы жұмысына тағайындалды.
Үшінші орынды (500 мың теңге) Лиана Товсултанова (Құсмұрын, Қостанай облысы) «Депортация кезінде отбасымның тарихы» еңбегі үшін алды.
Сонымен қатар үш қатысушыға Qalam.global редакциясы атынан арнайы жүлде тапсырылды және тағы үш қатысушы оқырмандар көзайымы жүлдесіне ие болды.
Анықтамалық ақпарат:
Qalam Global – әлем тарихы мен мәдениетіне Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің көзімен қарайтын мультимедиялық жаңа жоба. Жобаға Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Ресейден келген халықаралық зерттеушілер тобы қатысады. Qalam жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді.
Димаш Зиядин
Abai.kz