Жұма, 22 Қараша 2024
Абай мұрасы 1330 30 пікір 23 Тамыз, 2024 сағат 12:16

Абайтану неліктен құлдырады?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Оның себебі, кешегі атеистік дәуірде қалыптасқан әдебиетші ғалымдарда  рухани білім болмады. Сондықтан данышпанның сырлы сөздерін терең ашықтап, рухани мұрасын халыққа өз дәрежесінде жеткізу қиынға соқты. Олар Абайдың заңғар биік рухани тұлғасын өздерінің дүниелік көзқарас деңгейіне тартып түсірді. Абайтану ғылымы құлдырамағанда қайтеді...

Айталық, «Абай бүгінгі күндердегі блогердей ғана болған», «Ол қазақты «жарым адам», «малдарсың» деп сынаған, сондықтан, қазақты жек көрген», «Орыс тілін оқы» деген орысшыл болған», тіпті, Зәуре Матаева деген әдебиетшінің «Абай деген болмаған», «Абайдікі деген шығармаларды Ә. Бөкейханов жазған» тәрізді теріс ойлары талай мәрте айтылып, бұқаралық ақпарат құралдарында желідей есті. Бүгінгі абайтанудың дәрежесі сын көтермейді деуіміздің бұдан артық дәлелі бола ма?!...

Отыз жылдай Абай мұрасын зерттеп-зерделеп, 15 кітап жазған адам ретінде абайтану жайына ой көзімен қарасам, бұл құлдыраудың басы сонау 1995 жылдан белгі береді екен. Осы жылы данышпанның 150  жылдық мерейтойы аталды. Дүниежүзілік ауқымда, өте салтанатты болып өтті. Көптеген ғылыми конференция,  жиындар өтіп, оларда «Абайтануға жаңа көзқарас керек» деген маңызды қаулы бірауыздан қабылданған болатын. Бұл қаулы тек қана ақын-ағартушы деп қабылдаған кеңес дәуірі тұтқынынан Абайды құтқару үшін үлкен маңызға ие еді.

Амал қанша, іске аспай қалды. Оған әдебиетшілер мен философтар арасында пайда болған тайталас себепкер еді. Осыған тоқталайын.

Тәуелсіздік абайтануға да жаңа дәуір сыйлады. Абайтануға жаңаша көзқарас бағытында жасалған ғылыми жұмыстар қауырт басталып кетті. Ақжан Машанидің «Фараби және Абай», Ғарифолла Есімнің «Хакім Абай» атты кітабы жарық көрді. Ең тәуірі, жас философ абайтанушылар сахнаға шықты. Мен өзім теолог ретінде «Абайдың рухани мұрасы» тақырыбына докторлық еңбегімді жазып, соның негізінде Білім және Ғылым министрлігі тапсырмасымен Абайдың хакімдігіне негізделген «Абайтану курсы» атты оқу құралын жаздым. Бұл кітапта Абайдың жетілу жолдары анықталды. Алғаш рет рухани мұрасы бір жүйеге келтіріліп, «толық адам» жолы үш сатыға, сегіз деңгейге бөлініп, әрқайсысы сараланып және көрнекті болу үшін, тіпті, сызбанұсқа ретінде берілді.  Жаңаша үлгідегі бұл алғашқы оқу құралы 1998 жылы жарық көріп, 2002 жылы өңделіп, толықтырылып қайтадан басылып шықты.

Өстіп, 1995 жылдан Абайды ақын-ағартушы деп қабылдаған ескі көзқарас енді ой алыбы ретінде қабылдаған соны көзқарасқа жол берген сияқтанды. Сондықтан Қазақстан Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет институтындағы «Абайтану» бөлімі Философия институтына ауысып, абайтану саласы филологтардың қолынан философтардың қолына толығымен өтуге тиісті еді. Бірақ олай болмады. Себебі, әдебиетші ғалымдар ұзақ жылдар азығы, яғни ғылыми тақырыбы болған абайтану саласынан айырылуды қаламады. Абайды ұлы ақын ретінде зерттеп үш мыңға жуық ғылыми еңбек жазған, ойшыл мұрасын түгел иемденіп алған филологтар қарсы шабуылға шықты.

Шабуылдары «Абайтану» кітабынан басталды (ұйымдастырушы абайтанушы Мекемтас Мырзахметов және шәкірті Жабал Шойынбет).  Тартысқа филолог ғалымдар, жазушы, журналистер тартылды. Атап айтқанда, академиктер З. Ахметов, С. Қирабаев, филология ғылымдарының докторлары А.Ісмакова, Т.Кәкішев, М.Қалматаев, сондай-ақ, Ә.Меңдеке, Б.Тілеухан, Н.Халабузаров, А. Тойшанұлы және т.б.

Бұл тартыста философтар жеңіліс тапты. Себебі, филологтар шабуыл барысында ықпалы өте күшті тәсіл қолданды. Бұл туралы олардың бірі былай деп жазады: «Абайтану» оқу құралы шыққанда  Жабал Шойынбет шиыршық атып, әрлі-бері жүріп «Енді бұған не істейміз?» деген сұрақ қойды. Сол кезде М.Мырзахметов ағамыз: «Ең әлсіз жеріне ұрыңдар!» деп жауап берді». Ең әлсіз жер қазақ үшін қайсы? Ол, әрине, ұттық болмысты сақтап қалу мәселесі! Осылай философтар әрекеті қазақ халқының бірлігіне, оның дініне, тіліне қарсы әрекет деп, оларды «халық жауы» ретінде көрсету тактикасы қабылданған (бұл тактика осы күнге дейін қолданып келеді десек өтірік емес). Екінші себеп, бүкіл БАҚ тізгіні филологтардың шәкірттері қолында болған соң, олар өздерінің ұстаздарының мүддесін қолдады.

Сөйтіп, өкпесі қара қазандай («кітапты бізге жаздырмады» деген) әдебиетшілер «Абайтану» оқулығына қарсы мақалалар мен телебейнелерді қарша боратты. «Қазақ философтары қайда қарап отыр? Немесе ұрпақ санасын улайтын кітапты қорғаушылар туралы», «Ұлт рухына қауіп тудыратын кітап», «Абай. Ой-бай!», «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің», «Ұлт рухына қауіп төндіретін кітап», «Жынның кітабы», «Сананы улайтын қос кітап» тәрізді көптеген мақалалар жарияланып, оппоненттер «Хабар» тәрізді телеарналар экранынан айлап түспей қойды. Бұл шын ғылымға еш қатысы жоқ, таза тізеге салып, күш көрсету тәсілі еді. «Қытайдан болса да, білім ал» деген хадис аяқасты етілді.

Сөз болып отырған шабуылдың негізгі себебі туралы көп жазылды. Мысалы, орыс тілді «Комсомольская правда» газеті: «Литературоведы возмущены, что книга была издана без их участия, без открытого конкурса и их мнение открыто игнорируют», - десе, «Мектеп» баспасының президенті Ерлан Сатыбалдиев былай деп жазды: «Уверен, что среди тех, кто сейчас бьет в набат и призывает придать это издание огню, мало кто-нибудь держал его в руках... И сегодня они отказываются от своих подписей, публично предают анафеме собственно утвержденную книгу. В научной, педагогической среда случалось, что превалировать начинал фактор соперничества, который выходит за рамки соперничества творческого и научного. Но до открытого шельмования еще никогда не доходило...» (Газета «ЭкспрессК» 10.04.2003 г.) «А литературоведы обижены, что их не привлекли при составлении учебника, а выбрали «дилетанта с техническим образованием» («Вечерний Алматы»). Мұны кейбір қазақ газеттері қостады.

Қойшы, сонымен, «Абайтану» оқулығы мектеп бағдарламасынан алынып, іс бітті. Жаңа үлгідегі он екі мың дана абайтану оқулығы «отқа өртенді». Бірақ әлі күнге дейін заман талабына сай «Абайтану» оқулығы жоқ. Жаңағы шу көтергендер кітапты алдырып тастап, енді өздері неге жаңа кітап жазбайтыны түсініксіз.

Реті келген соң айтқан жөн, 2008 жылы Қазақстан Ұлттық педагогика университетінде «Хакім Абай» орталығы ашылатын болып, оның директорлығына философия ғылымдарының докторы Мұрат Сабитов тағайындалмақшы еді. Бірақ, Жабал Шойынбет оған қарсы шабуыл ұйымдастырып, яғни оның ғылыми жұмыстары ұлттық рухқа қауіпті деп «әшкерелеп»,  ақыры профессордың орнына өзі отырды.  Сол сияқты Қанағат Жүкешевті қаралап жазып («Жүкешевтің бұл қай «далбасасы»?, Түркістан газеті, 27.09.2007ж. Ж.Шойынбет, «Қазақты, Абайды қорлап докторлық диссертация қорғамақ», Қазақ әдебиеті газеті, 12.09.2007ж.) философиядан докторлық жұмысын қорғатпай тастады. Кейінде кітап болып шыққан Қ.Жүкешевтің бұл маңызды еңбегі қазақ тілінің даму динамикасын көрсетіп, келешекте оны заман ағымына бейімдеу жолдарына арналған еді.

2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Ж.Шойынбет «Қазақты, Абайды қорлау – ұлттық құндылыққа шабуыл» атты мақаласын қайыра жариялады. Ол бірнеше газеттерде, электронды порталдарда жарық көрді.  Мақала «Ашық хат! Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза!» деп басталып, әрі қарай былай жалғасады: «Біздің «шетелдік дұшпандарымыз» Қазақстанды, оның негізін құрайтын қазақ ұлтын «мәңгүрт» ету үшін алдын ала терең зерттелген, барлық мүмкіндік жан-жақты қамтылған, ұзақ мерзімге арналған жоспарын бірте-бірте неше түрлі зымияндықпен ойластырған айла-тәсілдері арқылы іске асыруды қолға алды». Жабал мырза «шетелдік дұшпандарға» академик-философтар Әбдімәлік Нысанбаев, Сейіт Қасқабаев, Ғарифолла Есім, академик-биолог Рахым Оразалиев, философия ғылымдарының докторлары Тұрсын Ғабитов, Нағима Бәйтенова, Ақтолқын Құлсариева, философия ғылымдарының кандидаты Әуезхан Қодар, жазушы Роллан Сейсенбаев және абайтанушы философтар Асан мен Досым Омаровтарды жатқызады. Мақала авторы: «Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза! ...егер Абай академиясы ашылса біздің Орталықтағы абайтанушы-ғалымдар «Абай» энциклопедиясын жаңаша көзқараспен толықтырып, Абайдың академиялық екі томдығын қайта қарап және ақын ғана емес хәкім Абайдың даналығын әр ортаға... түсінікті етіп дайындап шығаруға үлесімізді қосар едік» деп түйеді. Осымен, түпкі мақсаты, құйтырқы ойы ашылып қалғанын өзі де аңдамаған.

Тұжыра келгенде, абайтану саласы бүгінгі күндері толықтай филологтар қолында. Ең жаманы, абайтанушылар саны күрт қысқарып, сексен жастың арғы-бергісіндегі қарт адамдар ғана қалды. Жастар жоқ. Себебі, абайтануды мектеп қабырғасында толық оқытпайды.

Мысалға 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абайдың толық жинағы шықты, бірақ сапасыз, бұрынғы ескі нұсқадан айырмашылығы шамалы. Енді Шәкәрімнің толық жинағын шығармақ. Бірде Әдебиет институтының директорының орынбасарына әдейі барып жолыққан едім, оның маған айтқаны: «Біз тек қана Шәкәрім шығармаларының жинағын ғана береміз. Ал оны қалай түсіну әркімнің өз еркінде». Бұл әулиенің еңбектері зерттелмейді, рухани мұрасы талданбай қала береді деген сөз. Масқара жағдай емес пе.  Қарапайым жинақты кез келген редакция өзі де құрастыра алады. Филолог Ж.Дадебаев бастаған Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-нің Абай орталығы Абай жайлы қырық томнан артық кітапты басып шығарды. Бірақ жаңаша көзқараспен жазылған философтар жұмысы жоқтың қасы, бәрі дерлік ескі дәуір жаңғырығы. Мен «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты кітабымды ұсынып едім, «Қаражат бітті. Ақша берсеңіз шығарамыз» деп, әрбір кітапқа үлкен ақша сұрады. Артынан бұл кітапты он есе аз ақшамен өзім шығардым, тіпті, Абай медалімен де марапатталдым.

Абай облысы құрылған соң, Семей мектептерінде абайтану сабағын енгізбек болып, бірнеше әдебиетшілер оқулық жазыпты. Солардың бас редакторы «Менің кітабымды неге қолданбайсыздар?» деген сұрағыма «Сіз Абайды өте діндар етіп жіберіпсіз» деп жауап берді. Абайтану оқулығын жазғандардың Абайдың рухани деңгейін, оның кім болғанын түсіну деңгейлері осындай. Семейдегі Абай музейінде «Абай – хакім» дегенге меңзейтін көріністер мүлдем жоқ. «Абайды неге зерттемейсіңдер?» деген сұрағыма Философия институтының орынбасары философия ғылымдарының докторы Серік Нұрмұратов  «Әдебиетшілер зерттеп жатыр ғой» десін. М.Мырзахметов «Толық адам» атты кітап жазды. Бірақ бұл кітаптан толық адамның қандай болуы  керек екенін түсіну өте қиын. Себебі, автордың өзі толық адамның кім екенін білмейді. Оның ойынша жақсы адамның барлығы толық адамға жатады. Бұл қате түсінік, себебі, рухани жолға толық түскендер ғана толық адам болып табылады. Ал бұл жол Абай көрсеткендей, әркім түсе алмайтын «Бек шетін, бек нәзік жол».

Бұл мысалдарды Абайтану құлдырап кетті дегенім құр сөз болмасын деп келтіріп отырмын. Бұл мысалдар қарапайым халық қана емес, сонымен бірге, абайтану саласындағы ғұзырлы адамдардың өздері де данышпан бабамызды түсінбейтінін, сондықтан, оның рухани мұрасына селқос қарайтынын көрсетеді.

Енді абайтануды қалпына келтіріп, оны әрі қарай жетілдіру үшін не істеу керек?

Қоғамның жаңаруы ой жүйені жаңартудан басталмақшы. Сыртқы, яғни саяси-экономикалық өзгерістер арқылы «Жаңа Қазақстанды» дүниеге әкелу мүмкін емес. Философия институты бүгінгі күндердегідей үнсіз отырмай, жұмысы түбегейлі өзгеріп, бұл бағытта авангард болуы керек. Сол үшін абайтану және шәкәрімтану оның құзырына берілуі керек. Бұл-бір. Екіншіден,  философ ғалымдарға министрлік Абай және Шәкәрімнің рухани мұрасын қоғам игілігіне жарату, атап айтқанда, абайтанушыларға рухани білімді игеруге септесу, мектепке абайтану сабағын толықтай еңгізіп, солардың арасынан келешек абайтанушыларды тәрбиелеу сияқты нақты істерді міндеттеуі керек.

Бұл мақала абайтанудың бүгінгі жағдайына шолу үшін, сонымен бірге, Абай. кз порталында (06.08.2024 ж.) жарияланған Данабек ұстаздың ойына байланысты «Абай.кз ақпараттық порталы алдағы уақытта белгілі абайтанушылардың жоғарыда аталған сөздерге қатысты пікірлерін жариялайтын болады» деген уәдесіне байланысты жазылды.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321