Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Анық 729 0 пікір 28 Тамыз, 2024 сағат 13:55

Биыл 95 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 34 адам сотталды

Фото:qazaly.kz

Биыл әлеуметтік салада 95 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 58 адам әшкереленді, 34 адам сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «№2 Жаңаөзен қалалық емханасы» ШЖҚ МКК директоры мен бас бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Олар мемлекеттік сатып алу шарты шеңберінде медициналық бұйымдарды жеткізбестен жеке компанияның шотына 10,5 млн теңге сомасында ақша аудару арқылы қаражат жымқырды деген күдікке ілінді. Соттың санкциясымен кәсіпорын директоры қамауға алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Осы жылдың 26 тамызында Атырау қаласының соты №4 Атырау қалалық емханасының директоры Е.Сабировқа, шаруашылық меңгерушісі А.Әлжановаға, бас бухгалтер М. Дүйсенғалиеваға және кәсіпкер А.Ералиеваға қатысты үкім шығарды.

Алдын алу шаралары шеңберінде сот процесі ашық режимде өткізілді. Процеске онлайн түрде облыстық Денсаулық сақтау басқармасының және оның 28 ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері қосылды. Сотталушылар заңнама талаптарын бұза отырып жасалған шарттар шеңберінде іс жүзінде қызмет көрсетусіз кәсіпкерге 231,8 млн теңге сомасында ақша аудару жолымен қаражат жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен оларға 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, емхана басшысы Сабиров өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды. Әлжанова, Дүйсенғалиева және Ералиева мемлекеттік ұйымдарда 7 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Abai.kz

0 пікір