Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 1944 19 пікір 28 Тамыз, 2024 сағат 20:31

Құқықтық алаяқтық немесе 7-баптың құпиясы

Сурет автордың желідегі парақшасынан алынды.

Қазақстанда мемлекеттік тілге байланысты дау-дамай ұзақ уақыттан бері тыншымай келеді. Енді екі күннен кейін Конституция күні аталып өтілмек. Келесі 2025 жылы қолданыстағы Ата заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толады екен.

Бұл 30 жылда емес шындап қолға алынса 30 күнде біржақты етілетін шаруа. Бірақ бұл іске мүдделі болып отырған тарап жоқ. Конституциялық қағида жүзеге аспай жатқан соң «мемлекеттік тіл туралы арнайы бөлек заң қабылдайық» немесе «Негізгі заңның 7 бабының 2 тармағы алынып тасталсын» деген тәрізді әрқилы ұсыныстар да жасалып жүр. Кезінде Ата заңымыздың балама нұсқаларын қазақ тіліне аударуға, бірқатар заң терминдерін енгізуге атсалысқан, сондай-ақ «Заң газетін» құрып бірнеше жыл басқарған заңгер-журналист ретінде Конституцияның тілге қатысты тұстарына нақты сараптама жасап көрсеткім келеді. Өйткені Қазақстанда тілге қатысты құқықтық проблема жоқ. Проблема заңсыздықтардан туындап отыр.

Ата заңымыздың 7 бабының бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп басты қағида бадырайтып жазылған. Яғни бұл қағида қосарланған басқадай еш мағына бермейді. Бүкіл мемлекетте мемлекеттік тіл жалғыз тіл – қазақ тілі екендігін орнықтырады. Мемлекеттік тіл мемлекеттік органдарда (қадап тұрып айтайық: мемлекеттік орталық органдарда), министрліктерде, әкімшіліктерде қолданыстағы жалғыз тіл болуға тиіс. Әрі әлемдік конституциялық нормаларда баптың бірінші тармағы әр кез екінші тармақтан жоғары тұрады. Бірақ бізде өкінішке қарай Ата заңымыздың тіл туралы осы бабына баса мән берілмейді. Көп жағдайда осы баптың екінші тармағымен шатастырылады. Содан теріс ұғымдар тебіндеп жүр. Биліктің барлық тармақтарында, барлық орталық органдарда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде конституцияға байланысты өз қызметін толықтай және тұтастай атқаруға тиісті. Прокуратура органдары Конституцияның осы талаптарының жүзеге асуын қадағалауға міндетті.

Ал 7 баптың 2-тармағында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми

түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Бұл қағиданың 7-баптың бірінші тармағына еш қатысы жоқ. Байқасаңыз, бұл жерде тілдің қолданыс аясы мемлеттік органдарда емес «мемлекеттік ұйымдарда» деп көрсетілген.

Айырмашылығы – орталық мемлекеттік орган өкілетті (уполномоченный) орган бола алады, ал мемлекеттік ұйым мемлекеттік өкілетті орган бола алмайды.

Яғни мемлекеттік ұйым мемлекеттік органнан бір саты төмен тұрады деген сөз. Яғни мемлекеттік органнан бір саты төмен тұратын ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі «ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Бәрі қолмен қойғандай ап-айқын болып тұр ғой. Керісінше «Тілдер туралы заң» орыс тіліне аясы Конституциядан да кең заңсыз жоғары мәртебе тағайындап қойған. Шатысудың бәрі тап осы жерден басталып жатыр.

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi» екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Ары қарай: «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» екендігі жазылған. Бұған қосымша: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» екендігі көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі 2007 жылдың 23-ақпанында Мұхтар Шахановтың депутаттық сауалы бойынша берген жауабының №3 қосымшасында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген конституциялық норма орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл тіл мәртебесі берілетінін білдірмейді» деп қаулы қабылдаған. Дәлірек айтқанда орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайды!

Осы заңның «Орыс тілін қолдану» деп аталатын 5-бабында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген конституциялық норма қайталанған.

Конституциялық қиғаштықтарға соқтырып отырған «Тілдердің қолданылуы» туралы 8-бап. Онда: «Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» делінген. Осы жердегі «орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген соңғы тіркес бәрін бүлдіріп тұр. Орыс тілінің «ресми түрде қазақ тілімен тең» қолданылатын аясы мемлекеттік органдарда емес тек мемлекеттік ұйымдарда ғана. Әрі орыс тілі екінші мемлекеттік тіл болмағандықтан «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң Конституцияны бұзып, орыс тіліне мемлекеттік органдарда да «қазақ тілімен тең» қолданылатын мәртебе беріп қойған.

Бұдан да сорақысы осы заңның Қарулы Күштер мен құқық қорғану органдарындағы тiлге қатысты 12-бабында: «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, сондай-ақ әскери және әскерилендiрiлген құрамалардың барлық түрiнде, мемлекеттiк бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттiк тiлдiң және орыс тiлiнiң қолданылуы қамтамасыз етiледi» деп конституциялық бұрмалаушылықтарға соқтырған. Орыс тілінің мемлекеттік органдарда, оның ішінде қорғаныс және құқық қорғау органдарында қолданылуы Ата заңымыздың 7-бабының бірінші тармағына сәйкес – ЗАҢСЫЗ. Өйткені мемлекеттік органдардағы қолданылатын жалғыз мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдар желеуімен қазақ тілімен қабаттастырып орыс тілінің мемлекеттік органдарда қолданылуы қонституцияға қайшы! Бұл барып тұрған құқықтық алаяқтық!

Сондықтан бұл мәселені түпкілікті шешу үшін Парламент депутаттары Конституциялық соттан «мемлекеттік орган» және «мемлекеттік ұйым» деген терминдердің құқықтық анықтамасын сұрауы қажет.

Марат Байділдаұлы,

Жазушы-публицист

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5236