Өміржан Әбдіхалықұлы. Билік неге қорқады? Неден қорқады?
Өткен сенбі күні теңгенің құнсыздануына байланысты Алматыда жүздеген адам бейбіт шеруге шықты. Шерудің аяғы әдеттегідей жаппай тұтқындаулармен аяқталды. Қала әкімшілігі Абай ескерткішінің жанына жиналған наразы топтың бетін қайтару үшін аяқ астынан сол маңның қарын тазалауға кірісті.
Қазақстан билігі жыл өткен сайын митингілер мен шерулерден, тіпті бірер кісі жай ғана көшеде топтасып тұрса да зәресі ұшып, аяқ басқан жұртты аңдып, реті келсе тұтқындап, әкімшілік жазаға тартуды жиілетті. Ал, Қазақстан Президентіне қарсы сөз айту – қылмыстық іс қозғап, сотталумен бітеді.
Адамдардың Конституциялық құқы, билік қол қойған халықаралық адам құқықтары жөніндегі конвенциялар мен пактілер Қазақстан билігі үшін – қағаз. Басқа ештеңе де емес. Билікте қандай жолмен болсын өзін-өзі қорғау инстикті ғана қалған.
Мұның бәрі биліктің әлсіздігінің, шарасыздығының көрінісі. Билік дер кезінде саяси реформалар жасаудың орнына қуыршақ оппозиция құрып, өзіне шын бәскелес болатын саяси ұйымдарды құрту арқылы ендігі кезекте халықтың наразылығына тап болып отыр. Соңғы жылдардағы халықаралық саяси жағдайды есепке ала қарасақ, бұқара наразылығы мен қарсылығын тоқтату өте қиын. Мүмкін емес десе де болады.

Қазақстан билігі халық атынан сөйлейтін оппозицияны өзімен тең дәрежеде саясатқа араластырғанда қоғамды толық бақылауға мүмкіндік алар еді және елде демократиялық нышан барын шын байқатып, екі жеп биге шығар еді. Бірақ, бұл мүмкіндіктен Қазақстанның жоғарғы билігі 2005 жылы айырылды. Енді неше жерден саяси реформа жасап, экономикалық ертегілерді айтқанмен оның берер нәтижесі нөлге тең. Оның ең негізгі себебі, тұтас билік халық сенімінен жұрдай.
Күні кеше өткен жүздеген адамның наразылығы - елдегі саяси-экономикалық дағдарысты билік шеше алмағанындықтан да халық қордаланған мәселелерді өзі шешкісі келетінін, ол үшін үлкен өзгерістерді қалайтындығын ашық көрсетті.
Ал, тұтқындалған наразы топтың тағдырына келсек, олардың біразы босатылып, бірнешеуі әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Президентке «кет» деп айқайлағандардың әрекеті қылмыстық іс қозғауға түрткі болуы да ғажап емес. Себебі, 2010 жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістерде: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындау кезеңінде жасаған, сондай-ақ олар тоқтатылғаннан кейін – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты іс-әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, одан жауап алуға не оның жеке басын тексеруге болмайды.
Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызмет үй-жайларына; қызметтік көлігіне; байланыс құралдарына; хат-хабарларына; оларға тиесілі құжаттарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке қандай да бір шектеу қойылмайды.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығы мен оларға қол сұғылмауына кепілдік беріледі» делінген. Демек, Президентке қарсы кез келген әрекет қылмыстық қудалауға әкелуі әбден мүмкін.
Бұған дейін әртүрлі наразылық шараларына қоғамдық белсенділер, оппозициялық партия мүшелері, қоғамдық ұйымдар өкілдері және зейнеткерлер қатысып келген болса, сенбі күні наразылыққа қатысқандардың дені жастар. Бұл Қазақстандағы әлеуметтік наразылық болып басталып, соңы саяси талаптарға ұласатын митингілер мен шерулердің жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Бұл – биліктің бойындағы үрейді тіпті де еселей түсері сөзсіз.
Елдің әлеуметтік талап-тілегін ерікті түрде білдіруне қатысты мәселе әлеуметтік желілерде де талқыланып жатыр. Төменде фейсбук әлеуметтік желісіндегі бірнеше адамның пікірін ұсынып отырмыз.
Дәурен Қуат, Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы:
«Бейбіт түрде наразылық акцияларын өткізу, алаңға жиналу, плакаттар көтеріп жүру, талап ету, қандай да бір мәселенің мән-жайына қанығу үшін жауапты тұлғаның атына сұрау салу - көтеріліс емес. Бізде екі кісінің басы қосылып, қара көрсетсе бітті, "көтеріліс болғалы жатыр екен" дейтін сөз шыға келеді. Осы бір "көтерем көтерілістен" биліктің де, шай-пұлын ұсақ мекемелер мен кеңселерден тауып отырған кішкентай қызметкерлердің де зәресі ұшып бітті. Шамасы бұл жайт біздің қоғамның қорғансыздығы мен биліктің дәрменсіздігін көрсетсе керек. Әлеуметтік мәселе болмай тұрмайды. Оны бүркемелеме, шешімін тап. Тезге сал. Түптеп келгенде кез келген шенеунік үшін қорықпай көшеге шығып, көппен тілдесудің ақыры нақты нәтижеге ұласады. Халық - табиғи эволюцияның даму шегінде қалып қойған маймыл емес, ол оқиға тудыра алды. Осыны ескеру керек».
Дина Төлекова, журналист:
«Иә, мен қантөгіске, төңкеріске қарсымын! Бірақ, бейбіт шеруге шыққанда тұрған не бар? Өзің келіспейтін белгілі бір дүниеге - наразылық білдірудің бір формасы емес пе? Бізде саяси мәдениеттің бұл түрі қалыптаспағандықтан болар, биліктің бойын үрей басқан. Меніңше, қоғам белсенді болса, билік те халықпен санаса бастайды, кейбір мәселелерді өзара диалогқа келу арқылы шешіп тастайды. Ал егер қоғам марғау болса - төбемізге шәугім қайнатары анық. Қайнатып та жүр!»
Нәзия Жоямерген, журналист:
НАРАЗЫЛЫҚ ТАНЫТУ - ӘРКІМНІҢ ҚАҚЫ
«Наразылық таныту, достар, қылмыс емес!!! Бұл әрбір азаматқа ҚР Конституциясын беретін мүмкіндік! Өйткені "мемлекеттің басты байлығы - АДАМ" (Конституциядан). Демек, адамнан артық ештеңе жоқ біздің мемлектте. Біз тек қуанышымызды ғана емес, реніш, уайым, алаңдаушылық, наразылықты да білдіре аламыз. Әлбетте, заңның шеңберінде! Момындықтан емес, марғаулықтан, жалқаулықтан, немқұрайдылық пен жалтақтық, жалпы ҚҰЛДЫҚ ПСИХОЛОГИЯДАН қорқу керек! Қазақ елін құрдымға сүйрейтін - сол құлдық психология. Өр мінезді, мәрт те жомарт атаның ұрпағымыз. Айтпаса сөздің атасы өлетінін де білеміз. Демек, ЗАҢ шеңберінде наразылық танытуды, Үкіметті қамшылауды, елдің дамуына үлес қосуға тырысуды қылмыс деп білетіндер пікірін өзгерткені жөн. Тіпті, күні кеше Н.Назарбаевтың өзі Үкіметті отставкаға жіберем деп қорқытты ғой. Сонда билік халықтан не естігісі келеді?! Алғыс па?!»
Abai.kz