Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Анық 642 2 пікір 10 Қыркүйек, 2024 сағат 13:03

Астана: Болат Мажағұлов ұсталды

Фото: news.kz

Елорда әкімдігі мәдениет басқармасының бұрынғы бастығы Болат Мажағұлов ұсталды. Ол 2016 жылы «Күн» субұрқағын салу кезінде қаражат жымқырды деген күдік туған. Субұрқақ Астана күніне орай ашылған. Алайда, 2017 жылдан бастап субұрқақ апатты жағдайға түскен. Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын растады.

Тергеуден белгілі болғаны, жоба миллиард теңгеден астам ақшаға салынған, бірақ мәдениет басқармасы оны мемлекеттік сатып алусыз салдырған. Тіпті, субұрқақта жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ және мемлекеттік сараптамадан да өтпеген болып шыққан.

Кейінірек «Күн» субұрқағының сапасыз материалдардан жасалғаны, сол себепті тез істен шыққаны анықталған.

Тергеу жүргізіп жатқан ҚМА мәліметтері бойынша, сол кездегі қаланың мәдениет басқармасы бастығының бұған тікелей қатысы бар.

Тергеу аясында Болат Мажағұловтың 3 коммерциялық үй-жайы, 2 паркингі және премиум санаттағы пәтеріне шектеу қойылған.

Сондай-ақ, іс бойынша субұрқақ салған мердігер компаниялардың өкілдері де күдіктілер қатарында екені айтылады. Барлығын есептегенде, 500 миллион теңгеден астам мүлікке тыйым салынған.

Abai.kz

2 пікір