УКРАИНА ӨЛМЕК ЕМЕС! УКРАИНА БІЗДІ СҮЙЕДІ!
Украин халқы жеңіске жетті. Өзгеріс пен жеңіске деген бостандыққа толы сенім Украин халқын жарық күннің астына алып шықты. Дүниенің көз алдында Украинаның құлдық санадан азат халқы өз таңдауын жасады. Өз талабын алға шығарды. Әлемді, әсіресе, қалың саяси ұйқы құшағында жатқан Орта Азия елдерін Украина халқының "Украина ешқашан өлмейді!" "Украина бізді сүйеді!" деп келетін Киевтегі Майданның әнұранына айналған видеролик кезіп жүр. Украиндардың өр рухы үрейге толы жүректерді шымырлатып, тамағынан алған тұрмыстық илеуде жатқан жұрттың көкірегіне ащы запыран толтырып, "Көктемді" күткен көздерге жас үйіріп тұр...
Еуромайданның әнұраны рухтандырған украин азаматтары видероликтер жасап (төмендегі видео), youtube-қа жүктеген. Осы видеоролик туралы, нақтырақ айтқанда біздің режиссерлер мұндай роликті қалай жасар еді деген сауал төңірегіндегі журналист Айдос Жұқанұлының (3-нші суретте) жазбасын жариялап отырмыз.
Abai.kz
Төмендегі роликті біздің режиссерлер жасаса қайтер еді?

Бүйтер еді: Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша тендерді "жеңдер" деп түсінеді. Әлбетте, 25% «рахметі» жоғарыға кетеді.
І нұсқа
Ескі көлікті жөндемейміз. Дамыған 50 елде олай болуы мүмкін емес. Жаңа бір көліктің айнасын Самал ш/а-да сүртіп тұрамыз да, сол айнадағы өз бейнемізге қарап қиялға кетеміз. Айтпақшы, ол көлік Лада болуы керек. Әйтпесе, стратегиялық әріптесіміздің көңіліне қаяу түсіреміз. Кеден Одағына қайшы материалға республикалық телеарнада орын жоқ. Кішкентай бүлдіршін қыз планшетте сурет салуы керек. Оны өзімізде шығара бастадық емес пе?! Мақсат - елу емес, отыздыққа іліну. Ілініп-салынғаны несі? Таптап өтеміз! Жоғары класстың оқушысы тыңдап отырған құрал жайфон болмауы керек. Жасырын жарнама. Ақша жасап қалу керек қой. Ары қарай кеттік. Екі оқушының қоңыр тақтаға бормен жазуы Орта Азияның үлкен мысығына жат нәрсе. Міндетті түрде интерактивті тақта тұрғаны жөн. Кемпірдің гүл сатып күнелтуі - жабайы капитализмнің көрінісі. Орыс кемпір гүлзарда чихуахуасымен кетіп бара жатуы керек. Міне, осылай.
ІІ нұсқа
Алдыңғы нұсқада "ақша қайда кетті?" деген қаңқу болуы кәдік. Сондықтан молынан қарпимыз. Өзіміздікін менсінбей, Ресейден бейнеоператор жалдап алады. Ол Алматы мен Астананы түсіріп шығады. Көрініс былай. Көктөбе. Қырғыз тымақ киген қазақ шал джиптен түсіп Алматының үстінен қарайды. Көліктің артқы есігінен орыс күйеу баласы шығады да, қазақ келіншегін қолынан демеп түсіреді. Болмаса, керісінше. Еркегі қазақ, орысы әйел. Басқа "128 ұлтты" мойындамаймыз. Өйткені, орыссыз өмір сүре алмайтын құлдық-толерастық санамыз басқаша ойлай алмайды. Сосын Көктөбеден кезқұйрық ұшып шығады. Бүркіт емес. Себебі, қалада өскен режиссер жемтікке үйір кезқұйрық пен Алтайдың ақиығын айыра алмайды. Кезқұйрықтың көзімен қазақтың даласын және сол атыраптағы девальвацияны болдырмай тұрған үлкен-үлкен өндіріс-зауыттарын көрсетеді. Ары қарай астанамыз Астанаға жетеді. Ақорданы алты айналып, Бәйтеректі бес айналып стадионға жетеді. Онда "Жас қанаттың" жүгермектері мойындарына сары шүберек байлап алып, "Казахстан!" деп шыңғырады. Тағы бір университеттің ректоры өте-мөте жаужүрек үш мыңға жуық бала-шағасымен әлгілерге қосылып, "I love you, Kazakhstan" деп бақырады. Көк жәшікке Құдайдай сенетін Айгүл апамыз ауылда мұның бәрін көріп, қатты рухтанады. Ары қарай мұрнына сірге таққан "Әнәндіні" көріп, патриоттық сезімі одан әрмен өрби түседі.
Шын айтам, біздің режиссерлерге креатив жетпейді. Жаңаша ойлау қиын. Бір қораның ішінде жүргені. ШҚО Ұлан ауданында Сіләм деген қойшы болды. Айыртау деген қиыр жазықтағы қыратқа қарап тұрып айтқаны әлі есімнен кетпейді. "Айыртауға шықсаң Қытай көріне ме?" дейді. Біздің режиссерлер Алатау мен Ақорданың қасында айланба ауруына шалдыққан тоқты секілді жүргені, бір жердің ғана шөбіне малданып. "Есіл ағады" деп әндетсе де рухым көтерілмейді. Астананың әйнек ғимараттары да жаныңды селт еткізбейді. "Дамыған елу елге кіреміз" деп кәрі-жасы стадион ішінде сарыжағал мойынорауыштарын желбіретіп тұрғаны да көңілімді көншітпейді.
Кітап оқытумен рухты көтеретін заман кетті. Ендігі жол сол кітапты клип, ролик пен киноға айналдыру. "Жаушы", "Батыр Баян", "Жаужүрек мың бала" секілді өмірде қазір жоқ Жоңғармен соғысқанына мәз. Жоңғар дегеніміз "Сол қанат" деген сөз. Ал оң қанаты мен басы, бүкіл денесі жорыққа шықса не болдық? Мұны естіген моңғолдар артын ашып күледі. Кенесары, Махамбет, Исатай туралы фильм түгілі клип түсіру арман болды. Бірақ кеңестік көбентеден шыққан, дамудан қалған қазақтар кеткен соң бұл жоқтың да орны толатынына сенімдімін. Ал әзірге идеологиямыз Үйделогия немесе Тыныш отырология болып тұр.
Айтпақшы, мына роликте «Украина любит нас!» дейді. Біз «Қазақстанды жақсы көреміз!»", «Қазақстанды сүйеміз!» дейміз. Ал Қазақстан біз дегенде «өліп-өше» ме?