Сәрсенбі, 6 Қараша 2024
Ақмылтық 3263 32 пікір 11 Қыркүйек, 2024 сағат 13:50

Қабылбек молданың қараңғылық «академиясы»

Коллаж: Abai.kz

Интернетті ашып қарасам, бүкіл қазақты Қабылбек Әліпбайұлы деген бір молда шулатып жатыр екен. Сөйтсек, соңғы кезде қазақтың діни өрісінде пайда болып, өздерін «ұстаз» деп ерекше әспеттеп, «сақалы бар, мұрты жоқ», одан қалды «беті бар, ұяты жоқ» бір топ молдалар легіне енген Қабылбек Әліпбайұлы бүгін тіл мәселесіне назар аударыпты. Аударғанда да бұрын соңды еш лингвист ғалым айтпаған, айта алмаған «ұлы жаңалығын» жария етіпті. Оған сенер болсақ, онда қазақ халқының ана тілі жоқ екен. Қазіргі қазақ тілі деп аталатын тілдің 70 пайызы – араб тілінен енген, 30 пайызы – орыс тілінен енген екен...

Кейінгі кезде «тик‑ток молда» деген атаққа ие болған  молдалардың интернетте салып жатқан сойқандары биыл ерекше қарқын алып кетті. Кейбіреулері, мысалы, «жұлдыз» ауруымен ауырған Нұрсұлтан молда,  өткенде арабқа барып, қазақ жігітінің болмысына жат «қатынкөйлек» киіп,  қызтекедей сәнденіп – өзін «жігітпін» деген барша қазақтың арын  таптады... Бүгін экраннан халық алдына тіл мәселесін көтеріп, «жарқырап» Қабылбек «ұстаз» шығыпты... Шыққанда да жәй шықпай, қазақ тілін қақ жарып, көбін (70) арабқа беріпті, азын (30) орысқа беріп тастапты... Қазақтің өзіне дым жоқ!

Әрине, елдегі биыл орын алған «діншілдер сойқанын» толық атап шығу біраз уақыт алары сөзсіз, әрі, оларға халық тарапынан дер кезінде жауаптар берілді. Оған дінбасыларының (мысалы, домбыраға қатысты) «ол аздап харам, аздап халал» деген жауаптарына да куә болдық. Бірақ, осындай ‑ «қазақ болмысы мен мәдениетін тамырынан жою, қирату» атты діни жарыста сарыағаштық Қабылбек Әліпбайұлы мырза оқ бойы озық шығып, биылғы жылдың «бас бәйгесін» алады деп сеніммен айтуға болады екен. Өйткені, бұдан өткен сорақылықты таппайсыз:

Қабылбек деген кім?

Осы тұрғыда «Қабылбек деген кім?» деген сұрақ қойылатыны заңды. Оның «В контакте» желісі парақшасында  «Жұмабеков Қабылбек Әліпбайұлы, 20.04.1982 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Абай өңірінде дүниеге келген» деп жазулы тұр. Бұл қысқа жазбаның өзі көп нәрседен ақпар береді. Мәселен, қазір «рухани астана Түркістан» десек те, еліміздің «діни астана Сарыағаш» десе болады. Өйткені, осы жерде Қазақстандағы ең үлкен медере ашылып, онда атышулы Сманов басшылық жасады. Соның арқасында Сарыағаш медресесі бүкіл қазақстандықтардың назарын өзіне аударған болатын. Өзін‑өзі қамтамасыз етуші медресе меншігінде шәкірттерді тегін оқыту мен тамақтандыру мақсатында игерілетін 2000 га бау-бақшалық жер телімі бар. 80 орындық қыстық асхана және 150 орындық жаздық асхана бар, 160 орындық жатақхана бар. Медресе базасында 350 орындық «Таяқты Ишан» мешіті орналасқан. Ол 200 шәкіртке лайықталған. Медресе кітапханасында 6000-ға жуық кітап қоры бар. Онда мұсылмандық ілімнің тәпсір, ақида, хадис, ахлақ, фикх салалары бойынша кітаптар жинақталған. Сонымен қатар араб тілі грамматикасы, тарихи әдебиеттер, энциклопедиялық анықтамалар мен көмекші оқу құралдары да бар. Міне, осы деректердің өзі Қабылбектің әуел бастан қандай біліммен суысындағаннан хабар беріп тұр...

«Еліміздегі діни оқу орындарында кімдер оқиды?»

Жасыратыны жоқ, қазір мемлекет экономикалық мүддені алға шығара отырып, жастарды ғылым мен білімді болуға шақыруда. Мектептегі оқыту жүйесі де осыған сәйкестендіріліп жатыр. Яғни, мемлекеттік мүдде тұрғысынан еліміз жаһандық білім мен ғылым жүйесіне енуге мүдделі. Сол себепті, педагогикалық, инженерлік және бірқатар маңызды мамандықтар бойынша берілетін мемлекеттік гранттардың саны артуда. Соның арқасында жастар біршама білімді бола бастады. Мамандық таңдауда да талап күшейді.

Бірақ, өкінішке орай, осы «мемлекеттік мүддені» дін қабылдай алмады. Діни мекемелер «Ғылым‑білім Құранда» деген манипуляцияға барып, зайырлы білімді емес,  діни білімді «нағыз білім» деп уағыздай бастады. Ал оның уағызшыларына «ұстаз» деп ат қойып, айдар тағып –педагогикада бұрыннан қадыптасқан «Ұстаз» сөзінің мағынасын діни бағытқа бұруға  күш салуда.

Оның басты мақсаты: еліміздегі діни оқу орындарына жастарды көптеп тартып, діннің ықпалын одан әрі арттыру. Бірақ, ондай оқуға жұрт ағылып жатқан жоқ. Оған баратындарды жүйелесек, онда:

  • Мектепте ата‑ана ықпалымен дінге бет бұрған, орта білім бағдарламасын толық меңгермеген жастар;
  • Діни уағыздың ықпалына түсіп, белгілі бір мамандық иесі болудан бас тартқан жастар;
  • Өзінің өмірін тек дінмен байланыстырғысы келетін жастар екенін көреміз.

Соның бір көрінісі – бүгінде Астандағы бір мешіттің имамы қызметін атқарушы Қабылбек молда десе болады.

Жоғарыдағы медресе туралы деректен көргендей, еліміздегі діни оқу орындарында  Жаратылыстану  (табиғат, физика заңдары), Қоғамның даму заңдары, Құқықтану, Экономика, Философия, Ұлттық тарих, Ұлттық дүниетаным, Ұлттық дәстүр, Биология, Химия, Математика және т.т. пәндер мүлдем оқытылмайтынын, не болмаса, атүсті оқытылатынын байқауға болады. Ал, мұндай білімді мүлдем игермеген бала медресеге келгендегі оқитыны «араб тілін үйрену», «тәпсір», «ақида», «хадис», «ахлақ», «фикх»...

Міне, осыны оқып шыққан молда енді қоғам өміріне араласады. Сол кезде оған қоғам тарапынан неше түрлі сұрақтар қойыла бастайды. Ал, бұлар болса оны саралауға, сараптауға қауқарсыз. Өйткені, олар кез келген нәрсеге тек «халал‑харам» тұрғысынан қарауды ғана меңгерген. Сөйтіп, «домбыра мәселесі» туғанда да, олар «халал‑хараммен» шектелді. Олар «домбыра» ұғымына тарихи тұрғыда бойлай алмады. Ұлттық діл мен болмыстың күрделі тұсын пайымдай алмады... Домбыраға тек өздерінің исламдық іліміндегі «дыбыс шығарушы музыкалық аспаптың бірі ғана» деп қарады.

Қоғам әруақытта да дінге қатысты сұрақтарды көп қояды. Себебі, адамдар өз күш‑жігеріне ғана сене салмайды. Адамдарға белгілі бір қолдаушы рухани күш керек. Мысалы, спортшыға – жанкүйер, әншіге – көрермен дегендей... Осы қатарда адам Құдайға сиынады. Қазақтар оған қоса Аруаққа сиынып күш алады... Со кездері, олар «арада жүрген» молдаға, имамға, попқа, ламаға және т.т. барады. Дұрыс жауап іздейді... Осы жағдайда сауатсыз молда мәселені тек «ыңғайға келтіріп» талдайды, қосатынын өз қиялынан қосып жібереді... Бірақ, ол оны ақиқат деп қабылдауды талап етеді...

Міне, Қабылбек молда да өзінің шала сауаттылығын, білімсіздігін, шолақ ойлылығын «тіл мәселесіне» келгенде білдіріп алды... Өйткені, ол «қазақ тілім» деген әр адамның өзінің тілінің ғана емес, ұлтының да терең тарихын түгендей бастайтынын, одан әрі исламға дейінгі салт‑дәстүрін түгендей бастатынын біледі. Білмесе де – түйсігі оған солай деп тұр. Ал, бұл мұның идеалындағы немесе көзін ашқаннан «оқып‑тоқыған» араб тіліне, мәдениетіне, діни танымына сай келе бермейді... ‑ ол бұрын «қазақ ұлтының болуы ‑ тек исламмен байланысты» деп келсе, енді, «қазақ тілінің болуы ‑ тек араб тілімен байланысты» деген түйінге келіп, өзінің бұл »пәтуасын» ойдан құрастыра салған... Өткенде өзі «Отбасы Алланың берген аманаты» деп уағыздап отырған, сол сияқты...

Оған қоғам дүр етіп жауап қатуда. Мәселен, орыс тілінде түркизм бар. Бірақ, орыс тілі оны өз сөзі етіп алған. Ешбірінің оның кірме сөз екені қаперіне кірмейді. Бұл – ұлт болып қалыптасып, тілі, мәдениеті орныққан халыққа тән қасиет. Ендеше, дәл қазіргі жағдайда біз «дін мүддесі» деп өзіміздің бай тіліміздің қорын, әрбір сөзін Ұлттық құндылық деп бағалауға тиістіміз. Ал, оны бұзып, Ұлттық құндылығымызды аяққа таптаушы кез келген адам заң алдында жауап беруі тиіс.  Қазақ тілі – ең басты ұлттық құндылық!

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1092
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1866
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1843