Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Дін мен тін 241 1 пікір 20 Қыркүйек, 2024 сағат 17:49

Конфессияаралық диалог аса маңызды!

Сурет спикердің мұрағатынан алынды.

Халықаралық қауымдастық жалпы адамзаттық құндылықтардың маңыздылығын мойындайды. Кез келген бірлік пен өзара түсіністіктің түп мақсаты – жер бетіндегі бейбітшілік пен келісім. 

Ал бейбітшілік – адамзаттың қажеттілігі, оны орнату, оның шарттарын қамтамасыз ету және жетістіктерін қорғау үшін күш салуды қажет етеді. Ол бір ғана мемлекеттің немесе бір діннің аясында шешілетін мәселе емес. Бейбітшілікке қол жеткізу халықаралық қауымдастықтың, діни конфессиялардың бір жеңнен бас, бір жеңнен қол шығару арқылы бірлесіп қол жеткізетін құндылығы. Бұл құндылыққа жету діни лидерлер мен діни ұйымдардың арасындағы диалогқа негізделген келісім мен өзара түсіністік арқылы ғана жүзеге асырылатын бірлескен үдеріс. Діндер диалогы қоғамдар мен мемлекеттердің дамуының маңызды критерийлерінің бірі болғандықтан, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі конфессияаралық және дінаралық диалог болып отыр. Демек, дінаралық диалогтың да, өркениеттер арасындағы диалогтың да негізгі мәні де осында жатыр. Бұл ретте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің диалог алаңының мәні  әлемде халықтар арасында өзара құрмет пен достықтың туын желбіретіп, бейбітшілік пен келісімнің үстемдігін орнату мақсатында болып отыр.

Дінаралық келісім мен татулық қазақ халқының рухани дәстүрінің өзегін құрайды. Қазақстан бүгінде өркениетаралық және конфессияаралық диалогтың маңызды халықаралық орталығы атанды. Халықаралық қауымдастықпен Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесі посткеңестік кеңістіктегі ең табысты тәжірибелердің бірі ретінде танылған. Ғасырлар бойы түрлі этностар мен конфессиялардың рухани мұрасымен байыған біртұтас Қазақстан халқы толеранттылық, діни төзімділік сияқты қасиеттерді бойына сіңірген. 124 этнос пен 18 конфессия өкілдері тұратын Қазақстан өзінің тәуелсіздігінің 30 жылдан аса уақыт ішінде өзінің қазақстандық жолын қалыптастырып, этносаралық және конфессияаралық келісім қоғамының өзіндік бірегей моделін құрады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде қазақстандық қоғамның басты құндылығы болып табылатын түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардағы азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді сақтап қалу әрбір қазақстандықтың міндеті болып отыр.

Конфессияаралық келісім мен діни төзімділікті сақтаудың бірегей қазақстандық тәжірибесі әлемдік деңгейде сұранысқа ие болды. Төзімділік, бейбітшілік, мәдениет, дін және өркениет ынтымақтастығы идеялары еліміздің сыртқы саяси бастамаларын жүзеге асыру алаңына айналды. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндерге диалог алаңын ұсыну бастамасы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тарапынан бірауыздан қолдау тауып 21 жыл бұрын Қазақстанның ұйымдастыруымен ең алғашқы Съезд отырысы өткен.  Ол басқосуда  әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің өркениеттер, конфессиялар, елдер мен халықтар арасындағы келісімді нығайтып, сындарлы диалог орнату жолында жасалған алғашқы қадамдары бүгінде Қазақстанның әлемдік діни және дінмен байланысты мәселелерді көтеретін және олардың шешу жолдарын ұсынатын үлкен диалог алаңына айналды.

Астана қ. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кездесуі сындарлы диалог үшін кең перспективалар мен мүмкіндіктер ашады, зорлық-зомбылықты, діни фанатизмді, экстремизм мен терроризмді жеңуге көмектеседі. Сондай-ақ Съезге гуманизм, мейірімділік, махаббат сезімдерінің қоғамның қол жетпес құндылықтарына айналған күрделі заманда діни ұйымдар мен дін көшбасшылары арқылы өмірдің рухани-адамгершілік негізін қайта жандандыру миссиясы артылған. Бұл тарихи міндет бірінші кезекте діни алуандылықты, этникалық өзіндік ерекшеліктерді, конфессияаралық және этносаралық диалогты сақтау қажеттілігімен байланысты болып отыр.

Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндердің кезекті Съезін әрқашан тағатсыздана күтеді. Әлемдік беделі бар конфессия басшыларының бейбітшілік пен ынтымақтастыққа шақырған үндеулері Қазақстанның  ұлтаралық және дінаралық татулығына негізделген саясатымен үндестік тауып әрбір адамның жүрегіне жол табары анық.

Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астана қ. диалог алаңын құру арқылы жер бетіндегі мәдениеттердің шексіз алуандығының астарында еркіндік пен төзімділік құндылықтарына негізделген басқа мәдениеттерге деген төзімділік және мәдениеттердің сан алуандылығы тән   жаһандық біртұтас өркениеттің бар екенін паш етті. Сәйкесінше, сан алуандылық – діндер арасындағы диалогтың негізі. Осылайша, Қазақстанның діндер диалогын ұйымдастыра отырып алдыға қойған мақсаты -  әр алуан діндер мен мәдениттерді адамзатқа ортақ құндылықтарға негізделген бірегей жаһандық өркениетті қалыптастыру, дініне, нәсіліне қарамастан барлық адамдарды соның аясында топтастыру.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Қазақстан конфессияаралық, дінаралық және өркениетаралық диалог пен келісімді дамытуға зор үлес қосқанын атап өткен жөн. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің бүкіл әлем үшін маңызы ерекше, ол тек рухани лидерлер ғана емес, саяси және қоғам қайраткерлерінің келісімі мен диалогына жол ашты.

Қазіргі әлемде конфессияаралық және дінаралық келісім - бейбітшіліктің, қауіпсіздік пен келісімнің, үйлесімділіктің негізі болып табылады. Қазақстан діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің диалогына негізделген жаһандық проблемаларды талқылайтын жаһандық алаңға айналды. Осылайша, неше жылдан бері Қазақстан жерінде өтікізіліп жатқан Съездер әлемдік қауымдастықтың мәдени және діни айырмашылықтарға негізделген өркениеттер дағдарысы мен қақтығыстарын еңсеру, төзімді, тұрақты әлем құру және тұрақты дамуға қол жеткізу жөніндегі күш-жігерін толық көрсетті. Өткен мен бүгінгінің стратегиялық жетістігі – көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан халқының бірлігі болашақта маңызды басымдықа ие болып Әлемдік және дәстүрлі діндер Съездері арқылы этносаралық және дінаралық келісімінің қазақстандық моделін әлемге танытып қана қоймай сол модельді одан әрі ілгерілету.

Діни ахуалды мониторинг және талдау департаменті  бас сарапшы Д.Жақиянов

Abai.kz

1 пікір