Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Көкжиек 1779 17 пікір 23 Қыркүйек, 2024 сағат 18:22

Ұлт болып қалыптасудың басты ережесі – бірігу!

Сурет: anatili.kazgazeta.kz

Қазақ Елі 33 жыл тәуелсіз өз мемлекетінде өмір сүруде.  Осы жылдары қазақ ұлты өзін мемлекеттің бар жауапкершілігін мойнына жүктейтін потенциалы бар саяси ұлт ретінде қалыптаса алды ма? Біздің ойымызша, бұл сұраққа біржақты «иә» деп жауап бере алмаймыз. Себебі, «саяси ұлттың» мемлекетте тек жетекшілік орында тұруы жеткіліксіз. Саяси ұлт, алдымен, мемлекетте тұрып жатқан барлық өзге диаспораларды өз мәдениеті мен тілі, өзінің ұлттық мақсаты тұрғысынан біріктіруі қажет. Біздегі жағдай осы қағидаға толық сай келмей отыр – қазақ тілі әлі де өзінің «мемлекеттік тіл» статусын толық атқара алмай келеді; еліміздің барлық азаматтары толығымен қазақ ұлты мәдениетін қабылап, оны өздерінің төл мәдениетімен біріктіре алған жоқ; кейбір ірі диаспора өкілдері қазақ халқының тәуелсіз  мемлекеттілігін өздерінің «тарихи Отанымен» байланыстыра қарайтын «жатжұрттық мүдделерден»  арыла алмауда...

Мемлекеттің «қазақы моделін» құруымыз қажет

Осы мәселелердің әлі де біржақты шешім таппауының салдарынан, қоғамда қазақ ұлтының тағдыры туралы алаңдаушылықтар әлі де жалғасып келе жатқаны шындық. Мәселен, соның ең өзектісі – тіл төңірегінде!  Еліміздің Конституциясының 1-тармағының 7-бабы бойынша «мемлекеттік тіл» мәртебесі бар қазақ тіліне қатысты үкімет және атқарушы билік тарапынан жіберілген кейбір келеңсіздіктер осыған көбірек әсер еткен секілді. Атақты философ Гегель «шынайы асыл дүниелер тек ана тілде туады» деген.  Бүгінде біздің мемлекеттік қызметкерлерден бастап, өзге салалардағыы көп азаматтарымыз ‑ өздерін «қазақ тілінің иегеріміз» деп атаса да – бұл ойшылдың айтқанына сай келмей отыр десек болады.

Тіл мәселесі – өте күрделі мәселе қатарына жатады. Оны саяси, заңдық‑құқықтық, этнология мен мәдениет бағытында жеке‑жеке талдау қажет. Бірақ, шынайы жағдайда осы бағыттағы талдаулар бір‑бірімен сәйкес келе бермейді. Мысалы, саяси тұрғыда Қазақстан әлі де орыс тілі құрсауынан шыға алмауда. Ал, заңдық‑құқықтық тұрғыдан еліміздегі миллиондаған азаматтар өзге тілдерде қарым‑қатынас жасап отыр және оған құқылы. Дәл осы жағдай өзге этнологиялық және мәдени бағытта да орын алуда. Сондықтан, қазіргі қазақ тілі мен мәдениетінің жай‑күйі көп жағдайда «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау» секілді қазақ мақалының мағынасына дөп келіп тұр десек қателеспейміз.

Міне, осыны ескере келе, қазіргі Қазақстанның «мемлекеттік дамуы», ең алдымен, тарихи әділеттікке жүгіне отырып, «мемлекетті қазақтандыруды» қолға алған дұрыс деп айтамыз. Өйткені, тәуелсіздіктен бергі отыз жылдан астам уақытта қоғам санасы «Қазақстан – Қазақ Елінің мемлекеті» деген парадигма берік орныға алған жоқ. Ол, енді ғана еліміздің барлық азаматтарына ортақ ұғым не түсінік болып қалыптасу үстінде. Олай болса, идеологиялық өрісте біз Ұлттық мемлекеттің «қазақы моделін» алға шығаруды қолға алмасақ болмайды.

Мысалы, жуырда ғана өткен 5‑ші Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында «Қазақ Елі» идеясы толығымен паш етілді. Бірақ, бұл бір мезгіл өтетін шара. Ал, біздің айтып отырғанымыз – «Қазақ Елі» идеясының күнделікті өмірде, ғылым мен білімде, мәдениетте,  әр азаматтың тұрмыс жағдайында, ойлау жүйесінде көрініс тауып отыруы.

Яғни, бұл жағдайда  «адамдарды жақсылыққа бағытталған ортақ ой (мақсат) біріктіреді» (Абай) деген қағиданы басшылыққа ала отырып, халқымыз бар күш‑жігерін тұтасымен өз Отанын қуаттарндыруға, гүлденуіне еңбек етулері қажет.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969