АЭС салу заман талабы. Бірақ, есемізді жіберіп алмайық...
Бүгін әлемде су мен энергия тапшылығы орын алатыны туралы дүние жүзі ғалымдары дабыл қағуда. Болашақта өз тәуелсіздігін өзін-өзі энергиямен, сумен, азық-түлікпен қамтамассыз ете алған елдер ғана сақтай алады. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауында екі мәселе АЭС салу мен су тапшылығы қатар айтылуы тегін емес.
Өздерінде атом стансалары бар бірқатар елдер Қазақстанға өз технологияларын ұсынуда. Қазір АЭС-тің төртінші, бесінші буындары жасалып салынып жатыр. Қазақстанға да заманауи технологиялар мен қауіпсіздікке негізделген сондай АЭС қажет. Ол жайлы әлеуметтік желілерде мамандардың айтқан пікірлері аз емес. Дегенмен өз ойымызды ортаға салып көрейік.
2024 жылы 6-қазанда АЭС салуға қатысты республикалық референдум өтеді. Бұл да «Жаңа, әділетті Қазақстанның» сыналар кезі. Бірақ, референдум, сайлау өткізудің отыз жылдық тәжірибесіне қарасақ билік өзіне қажетті сайлау нәтижесін оп-оңай қолдан жасап алатынын көрдік. Сондықтан да, референдум нәтижесінде АЭС-ті салуды қолдайтындар басым түсетіні анық. Бірақ, мәселе АЭС-ті біз кімге салдыруымызда болып отыр. Технологиясы озық көш ілгері елдердің ұсынысын қабылдаймыз ба, әлде Қазақстанда РФ АЭС салу туралы мәселені 2003 жылдан бері жүйелі түрде көтеріп отырған, технологиясы артта қалған РФ салдырамыз ба?
Біздің өкіметтің бір бүйрегі үнемі РФ бұрып, Ресей саясатының жетегінде жүретіні жасырын емес. Түбінде мұның себебін ашу саясаткерлер мен тарихшылардың еншісінде. Бұның басты себебінің бірі билік өкілдерінің аға буыны кеңестік-тоталитарлық жүйенің өнімі болып табылады. Сондықтан да билік көптеген әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан шешуге құлықсыз.
Сөз жоқ бұған дейін орын алған келісімдерге сәйкес Қазақстандағы АЭС-ті РФ салады. Оның орны да анықталып қойған. Ол Балқаш көлінің солтүстік жағалауы. Осы жерде үлкен экологиялық мәселе туындап отыр. Балқаш көлі жылдан жылға тартылып бара жатыр. Сондықтан да, ақыры АЭС құрылысын РФ салалдыратын болсақ, онда Балқашқа, Аралға Сібір өзендерінің суын неге бұрып тартқызбасқа?! Сібір өзендерін Орта Азияға бұру жөнінде осындай жоба кезінде Кеңес заманында болған.
Осындай бір әттеген-ай 1990-жылдары ҚР мен ҚХР арасында шекараны делимитациялауға байланысты келіссөздер кезінде орын алды. Шекарадағы «даулы» жерлердің мәселелесі жөнінде келіссөздер кезінде, шекара аралық Ертіс, Іле өзендерінің мәселесін қоса көтеру керек еді. Өзінің өндірістік қажеті үшін ҚХР бұл өзендердің суын аса көп көлемде пайдаланатыны сондай, бұлар да тартылып қалуға аз қалып отыр. Ақыры «даулы» жерлер қазақ территроисының есебінен шешілген екен, онда ҚХР аумағынан ағып келетін өзендерді пайдалану көлемінің нормаларын да шегелеп тастау керек еді.
Бұл жерде басты мәселе не салсақ та, кімге салдырсақ та өз есебімізді жібермеу, ұпайымыздың түгел болуы, мәселені кешенді түрде ұлттық мүдде тұрғысынан шешу.
Жұмаділ Арман Қабдешұлы
т.ғ.к., Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ЖҒҚ, ҚБТУ қауымдастырылған профессоры
Abai.kz