Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 2347 17 пікір 21 Қазан, 2024 сағат 13:01

«Хан Жүністен шыққан қасапшы»: Яхия Синвар кім?

Сурет vesti.az сайтынан алынды.

Яхия Синвардың билікке келу жолы қандай? Бүгін сол туралы жазайық:

ХАМАС саяси бюросына Исмаил Хания қазасынан кейін басшы болған Яхия Синвар 2023 жылғы 7 қазандағы Израильге қарсы шабуылды ұйымдастырған адам. ХАМАС-тың қолбасшысы, әскербасы болған. ХАМАС-тағы негізгі фигуралардың бірі.

2023 жылдың 7 қазанынан бері Израиль дәл осы Яхияның ізіне түскен. Тіпті, оның басына бәйге тігілген. Өйткені, Израиль: «7 қазандағы 1200 Израильдегі адам қаза тапқан шабуылға тікелей жауапты адам осы - Синвар! Ол Израиль тарихындағы ең қанқұйлы шабуылды жасаған адам және оның қазасы «соғыстың аяқталуының басы», - деп мәлімдеген.

Синвар 1962 жылы Газаның оңтүстігінде туған. Оның ата-анасы Ашкелоннан бас сауғалап қашқан босқындар болған. Бұл 1947-1949 жылғы бірінші араб-израиль соғысында болған.

Ол Газадағы Ислам университетінде білім алған. Араб тілінің маманы. Ол жас кезінен «Мұсылман бауырлар» радикалды тобының жақтаушысы болған. Сөйте жүріп оның саяси белсенділігі қалыптасқан.

1982 жылы ол «экстремистік істері» үшін тұтқындалып, кейін 1985 жылы қайтадан түрме көреді. Сол жерде ХАМАС шейхы Ахмед Ясиннің көзіне түседі, сеніміне кіреді.

Ал 1987 жылы ХАМАС ресми құрылып, толыққан соң, Синвар «Әл-Мәдж» дейтін ішкі қауіпсіздік құрылымын құрады.

Синвар нағыз әскери адам болған дедік қой. Ол құрған құрылым да өзінің қаталдығымен, репрессивтілігімен аты шығады. Израильмен байланысы бар деген күдіктілерді аяусыз жазалайды.

1988 жылы 4 рет өмірбойғы түрме жазасына кесілген. Не үшін десеңіздер: 12 палестиналықты өлтіргені үшін және Израиль сарбаздарын ұрлауға әрекеттенгені үшін.

Ол Израиль түрмесінде ұзын-саны 22 жыл отырған. Сол 22 жылда Синвар түрмедегілердің лидері атанып, тәртіп пен құқықтың сақталуы секілді мәселелермен белсенді айналысқан.

Израиль оның тұлғасы туралы зерттеуінде: «Яхия Синвар - өте қатал, қаныпезер және манипулятивті адам. Лидерлік қабілеті өте жоғары. Ол иврит тілін біледі», - деп сипаттайды.

Шынымен, Яхия еврей тілін меңгерген санаулы әскербасының бірі. Ол ивритті Израильге қарсы соғысу үшін мақсатты түрде меңгергенін өзі де айтқан. Ол ивритті гәзет оқып жүріп үйренген және түрмеде ол білімі пайдаға асқан. Тіл білгендіктен келіссөз жүргізе алған.

Синвар түрмеден 2011 жылы тұтқын алмасу кезінде босатылады. Ол кезде Израиль Гилада Шалит дейтін бір Израиль сарбазына 1027 палестиналық тұтқынды алмастырған. Сол мыңның бірі болып, Синвар да босап шығады.

Синвар Газаға қайта оралып, ХАМАС ішіндегі өз позициясын толық қайтарады. Сөйтіп, ХАМАС лидерлерінің бірі болып шығады. Ол жолындағы ешкімді аямайтын, Израильге қаны қас, кегі зор, ХАМАС ішіндегі ең қатал әрі қаныпезер басшылардың бірі атанды.

Оның «Хан Жүністің қасапшысы» деген лақап аты болған.

Дәл осы Синвардың басшылығымен ХАМАС Иранмен байланысын нығайтып, Тегеран тарабынан қару-жарақ жеткізілімі һәм экономикалық демеушілікті арттырды. 2021 жылы Синвар Иранның қолдауын ашық мәлімдеп: «Иранның қолдауынсыз Газадағы палестиналық қарсыласу осындай әлеуетке ие болмас еді», - деп мәлімдеді.

Израиль Яхия Синварды «зұлымдық жүзі» деп атайды. Ал оның қазасы Газа секторындағы соғысты аяқтаудың басы болуы әбден мүмкін. Себебі, Израильмен компромиске келмей, табандап қарсылық көрсеткен де осы Синвар еді.

Сарапшылар, егер ХАМАС-тың ендігі басшылары Израильмен келісім жолын таңдаса, Израиль де оны қабыл алуы мүмкін екенін айтады. Әрине, талап-шарттар жасалатыны айтпаса да түсінікті.

Түйін: Синвар 2020 жылғы бір сұхбатында: «Мен ақ төсекте, әдемі жатып өлгім келмейді. Мен үшін ол - қорлық өлім. Мен нағыз ерлерше, майданда өлгім келеді», - депті.

Синвар сол арманына жетті, ақыры. Қанқасап майданда, үйінді-қирандының арасында, қолындағы соңғы «қаруы» қалғанша күресіп өлді.

Айтпақшы, ол ХАМАС-тың өзге басшылары секілді шетелге қашып-тығылған жоқ. Газадан кетпеді! Газада туды. Газада өлді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5236