Сейсенбі, 3 Желтоқсан 2024
Билік 1044 0 пікір 28 Қазан, 2024 сағат 13:02

Дәстүр және Көш

Сурет jebeu.kz сайтынан алынды.

Атадан балаға жалғасқан сол қоғамның немесе әлеуметтік топтың қүндылықтар жүйесі мен ережелері дәстүр делінеді. Бүкіл шығыс пен батысты жалғап6 Еуразияның жүрегіне орналасқан еліміз ғасырлар қойнауында көшпелілердің өмір салтына, әлемді тануына негізделген озық дәстүрлерін қалыптастырды әрі әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде сол өміршең дәстүрлерін үздіксіз жаңғыртып, кемелдендіріп келеді.

Бүгінде алманың отаны, қызғалдақтың мекені атанғанымызбен6 ұлан-байтақ даламыздың қатал табиғаты мен асқар тау, өткел бермес өзендері, шөлейт құмдары тіршілік көзімізді көшпелі шаруашылыққа бейімдеді. Сонымен аттың жалы, құстың қанаты, түйенің қомында жүріп, мына табиғи әлемін, қоғамдасқан үдерісті танып білдік. Жауынгерлік жігеріміз, асқақ, қайсар мінезіміз осылай қалыптасты. Ат жалында жүріп, әлемді бағындырдық, әлемді биледік. Ғұн, сақ, түрік қағанаттары, Алтын орда, Осман заманы адамзат тарихынан ойып орын алды.

Теңіз-мұхит жолы ашылып, от қару суық қаруды  алмастырғанда, құтымыз кетіп, берекеміз қашты. Ежелгі табанымызда тапталған көршілеріміздің боданына айналдық. Айдағанына жүріп, айтқанына көндік.

Тәуелсіздік таңы атты. Біраз иеліктерімізден айрылсық та, барға қанағат, жоққа салауат айтып шаңырағымызды қайта тіктедік. Сөйтіп оңымыз бен солымызды танып, өткеніміз бен бүгінімізді сарапқа салып, салмақтадық. Әуелі, хандарымыз бен батырларымызды насихаттап, дүбірлі тойлар өткіздік. Оның аяғы БҰҰ-ның ЮНЕСКО шеңберінде ғұламаларымыздың мерейтойларымен ұласты. Тарихи елді мекендер мен қала-көше атаулары ұлттық түс алды. Діни мерекелер халықпен қауышып, медіреселер ашылып, мешіттер бой көтерді. Осылай ретіне қарай жүргізілген отарсздандыру үдерісі ширек ғасырдан асып, тәуелсіздіктің төртінші он жылдығының табалдырығын аттағанымызда, Республикамыздың аспанын кішкене бұлт шалып, тойынған олигархтар мен тежеусіз кеткен тентектер монархия жолына түскісі келді. Алайда,  халық даусымен  Конституция кепілі болған Президентіміз олардың жолын кесіп, қиялын іске асырмады. Әлем мойындаған, сенім артқан тұрақтылық пен дамуды сақтап қалды.

Кісілік құқық пен әлеуметтік әділдікті ту еткен, заң мен тәртіпті қоғамның негізгі өлшемі деп санаған Жаңа Қазақстан орнады. Қазіргі еліміз бастан кешіп отырған әлеуметтік қайшылықтар мен мың құбылған геосаяси жағыдайларды сарапқа сала отырып, еліміз дамуының қысқа мерзімді және ұзақ мерзімге арналған стратегиялық бағыттарын анықтайтын бағдармалық құжаттар дүниеге келді. Оның бәрі Президенттің әр реткі халыққа жолдауында, Ұлттық құрылтайдың үш реткі отырысында кеңінен қамтылды. Қоғамдық аңыс қозғалып, халықтың жүрегіне жол тапты. Әсіресе, Жошы ұлысының 800 жылдық мерейтойы еліміз көлемінде кең көлемде аталып өтіп жатыр сонымен бірге қыркүйек айының 8-13 күндері әлемнің 89 елі қатынасқан 5-ші Көшпелілер ойыны салтанатпен өтті.

Біле білсек, мұның бәрі де бізді дәстүрлі құндылықтарға бастап барар жол. Ғасырлар қойнауынан өтіп, бізге жеткен ұлтымызды ұйыстырып, берекемізді арттыратын озық дәстүрлеріміздің бүгінгі күннің келбетімен қауышуы еді. Садақ ату, бәйге, нысана көздеу, аударыспақ, көкпар, құс салу, күрес, ақсүйек, теңге ілу, жамбы ату, арқан тартыс, тоғыз құмалақ, асық ату сынды дәстүрлі ойын-сауық, спорт ойындарымыздың бәрі де жауынгер көшпелі ұлттың тән саулығы мен жан саулығын қалыптастыруда, дамытуда өзгеше орын алатын қимылы болатын.

Көшпелілер әлемді ат жалында отырып таныды, бағындырды, биледі, гүлдендірді. Француз тарихшысы Рене Груссе өзінің «Дала империясының тарихы» атты кітабында: «Шыңғыс қағанның «Жасақ заңы» шығып, алтын кіндіктен тараған төрт ұл әкесінен енші алып, әлемді билеп тұрғанда, екі ғасыр бойы жолаушы Қытайдың Лианьюган деген елді мекенінен ат басындай алтын арқалап жолға шығып, Нидерландтың Амстердам қаласына дейін аман-есен баратын бейбіт заман орнады», - деп жазады.

Міне бұл, әлемнің сауда тарихында көшпелілер орнатқан дәстүр мен тәртіп еді. Ұлы қағанның «Жасақ заңы» табиғатты игеру мен қорғауда, мемлекеттің құрлымын қалыптастыруда, әділдік пен әлеуметтік теңдік орнатуда, өркениттердің өзара тоғысуында дәуір бөлгіштік сипатқа ие кодекіс болып қалды.

Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидың  «Тарих-и Рәшид» кітабында жазуынша, сол замандағы хан-сұлтандардың ұлдары  балағатқа толған соң бес қаруын қолға алып, жалғыз өзі құс ұшып, құлан жортпас иен далаға барып бір жыл өмір сүреді екен. Сол аралықта азық-түлік, киім-кешегін өзі тауып, адасып кетпей елге аман-есен оралса ғана хан-сұлтандар мен ру басылардың сеніміне кіріп, қатардағы жауынгерлердің құрметіне бөленіп қол бастауға рұқсат берілген. Осы керемет жауынгерлік дәстүр Тоғылық Темір хан және Әмір Темір заманында біршама өзгеріске ұшырады. Тағы да «Тарих-и Рәшидиге» жүгінсек, кезекті хан-сұлтандардың бас қосуында бір жас сұлтан тоқсаннан асқан данышпан қариядан «Жасақ заңы» тұралы кеңес сұрағанда, ол кісі: «Біз қазір жасақ заңымен емес, шариғаттың пәтуасымен өмір сүретін болдық», - деп жауап береді.

Ислам діні көшпелілердің, оның ішінде түрік өркениетінің жаңа сапалық өзгеріске ұшырауына қозғаушы күш болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Десе де, дін ғасырлардың озуы, танымның ескіріуімен белгілі шектемеге ұшырайтынын мойындаймыз. Тұтас Түркістан даласында руна жазуының өткенге айналуы, балбал тастардың қиратылуымен көптеген сыннан өткен дәстүрлерімізден көз жазып қалғанымыз да шындық.

Ұлттың, қоғамның өзін-өзі тануы да ұзаққа созылатын процесс. Осы барыста ішкі-сыртқы факторлар шешуші рол ойнайды. Бұдан бұрын өзімізге өзгенің көзімен қарап, сызып берген сызығымен жүріп келсек, қазір тәңірге шексіз тәуба!

Тәуелсіздіктен кейін әлемге, айналамызға, өзімізге өз көзімізбен қарай бастадық. Халық пен элитаның етене сәйкесуінің арқасында нарыққа өттік, Астананы алмастырдық, шекараны бекемдедік, жазуды өзгертуге талпындық, дүниенің әр бұрышында шашырап жүрген Қандастарды Атамекенде, бір тудың астына жинастыру жұмысын табанды жалғастырдық.

Бұл талпыныстарымыз тегін кетпеді. Елімізге жаңа қан келіп құйылды. Сол көшпен бірге байырғы озық, өміршең дәстүрлеріміз, әдет-ғұрыптарымыз қайтып оралуда. Қазір ұмытылған қаражорға биі бүкіл халықтық биге айналды. Шығыстық үлгіге тән ас мәзірі, қазақ емшілігі, ұлттық қол өнері, жұлдызға қарап ауа райын болжау сынды кәсіптерді қандастарымыз дөңгелек айналдыруда. Егін, мал шаруашылығы, туризм, қызмет өтеу, сыртқы сауда саласында қандастарымыз өз біліктілігі мен тәжірибесін әйгілеуде.

Бұл күнде халқымыз жиырма милионнан асты. Қалаға шоғырлану деңгейіміз 62,2 пайызға жетіп, жоғалған дініміз, қақпай көрген тіліміз, жарақаттанған діліміз қалпына келуде. Енді міне, дәстүрге деген құлшынысымызға шек жоқ. Мұның бәрі уақыты пісіп жетілген табиғи үдеріс деп білеміз. Жаңа ғасырдың табалдырығын Тәуелсіз ел ретінде еркін аттасақ, ендігі кезекте заман керуеніне заманауи ұлт болып еңсемізді биік көтереміз.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 866