Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2718 7 пікір 31 Қазан, 2024 сағат 13:41

Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз (Жалғасы)

Суреттер Н.Маханның мұрағатынан және adebiportal.kz сайтынан алынды.

Басы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз...

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Төртінші бөлім

1932 жылғы ғаламат аштық, одан бергі 37-нің репрессиясындағы айдау мен ату, абақты – түрмеге түспеген, еркіндікте жүрген адамның өзінің өмірін қапасқа айналдырды. Бұл – ақиқат тарих, болған жағдай.

Бірақ, осы зұлматтың бәрі, мына бізге, Кеңес өкіметінің көзін көріп, тәрбиесін алған 40-50-60-70 жылдары туған ұрпақ үшін, болған, бірақ, белгілі бір уақытқа ғана созылған кезеңдік қана оқиғалар секілді болып көрінеді. Себебі, ашаршылықтан Совет өкіметі ұйымдастырған «Жәрдем» комитеті арқасында аман қалдық. Жетімдерге арналған балалар үйінде тәрбиеленіп, білім алдым. Ашаршылық көргенім жоқ. Немесе, Кеңес өкіметінің арқасында білім алып, қызметке ілініп, өмірден өз орнымды таптым деген адамдарды жеке өз басым жүздеп, бәлкім, мыңдап кездестірдім. Ал, қазір бізде Кеңестік кезең – қап-қара зұлмат дәуір ретінде түсіндіріледі. Иә, Кеңес өкіметінің тұсында тарих пен ұлттық жадымыз мәңгілікке кешірмейтіндей ашаршылық, репрессия секілді зұлмат кезеңдер болды. Бірақ, бұл кезеңдер белгілі бір уақытқа ғана созылды ғой. Мен Кеңес өкіметін ақтап отырғаным жоқ. Әсіресе, Кеңес өкіметінің халқымыздың үштен екісін қырып салған қолдан ұйымдастырылған ашаршылығы мен репрессиясын ешуақытта да кешірмеймін! Бірақ, Кеңес өкіметінің тұсындағы 70 жыл, тұтас қара түнек заман болды. Қазақ халқы барынан айрылды, - деген пікірмен де келісе алмайды екенмін.

Иә, болар іс болды. Бәрі өтті. Бұл – тарих. Біз өткен тарихтан сабақ алуға міндеттіміз. Себебі, кез-келген ұлттың тарихында нешеқат бұлғақ пен бұралаң кезеңдер болған. Сондықтан да, өткенімізге ақиқат көзімен қарап, ұлт тарихын диалектикалық тұрғыдан саралай отырып,  болашаққа нық әрі сенімді қадам жасауға міндеттіміз.

Сталиндік зұламат кезеңнің ұлы трагедиясы – 1956 жылдың 14-25 ақпан аралығында болған Кеңес Одағы коммунистік партиясының ХХ сиезінде, сол кездегі Компартияның бас хатшысы Н.С.Хрущевтің баяндамасында ашық көрсетіліп, сталиндік зардаптардың кеселді қалдықтарын жою жолдары жан-жақты қарастырылды. Репрессия құрбандары Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрім ақталды. Бірақ, соңғы үшеу – Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрім – біздің кейбір зиялылар (мүмкін «зияндылар» деген дұрысырақ шығар) тарапынан қарсылыққа ұшырап, олардың шығармаларымен туған халқын қауыштыру, 1989 жыл – репрессия құрбандарын ақтаудың екінші кезеңіне дейін шегеріліп келді. Неге? Менің дәл осы сұрағыма жауап ретінде 1979 жылдың 6 ақпанында өзінің «Сыр дәптері» атты күнделігіне қазақтың белгілі классик жазушысы, академик Ғабиден Мұстафин былай деп жазыпты: «Абайдан кейін біздің заманымызға дейін қазақтан туған білімді, талантты адамдардың ішінде аты мәлім төрт адам атаусыз қалып, ұмытылып барады. Олар – Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев. Олар бойындағы өнер білімін халқына беріп кетуге құмартты. Алайда, тап тартысын біздің белсенділер тап мақсатынан гөрі өз мақсаттарына көбірек пайдаланды. Олар өздерімен бәсекелестерді құртып алған соң, жалғыз шауып, жүйрік атанбақ болды. Егер анау төртеу қатарға қосылғанда, олар шаруаның бір шобыры болып қала берер еді. Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрімдердің ғылыми, әдеби тамаша еңбектері әлі көмулі жатыр. Неге? Өйткені ол еңбектерді ұрлап, жырымдап пайдаланып атақ алғандар, қарнына қазы біткендер бар. Бұлар көмбені ашқызбауға тырысады. Ашылса, өздерінің қоясы ашылады. Мен осы жайлы кейінгі бес-алты жылда өзіміздің Орталық Комитетке үш рет кіріп айттым... Тек тақауда ғана Шәкәрімді қатарға қосатын болдық деп, секретарь Имашев телефон арқылы маған хабарлады. Қалған үшеуі әлі көмулі. Әдебиетте мен сияқтылар Совет дәуірінің бұрынғысы мен қазіргісін басынан кешіре отырып, әділетті бүркеп кетсек, кейінгілер не демек?! Біз бүркегенмен, олар ашады. Қазақ тарихы, қазақ әдебиеті жойылмаса, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрімдер жойылуы мүмкін емес. Тарихымыздың төрінен орын алады олар. Сондықтан мен осы «Сыр дәптеріме» жазып кеттім, кейінгілердің қарғысына ұшырамауды ойладым. Дүниеден өзің кеткенмен, ізің қалса болғаны. Сол ізбен келіп сырыңды ашады кейінгілер». (Бес Арыс. 7,8-бет. Естеліктер, эссе және зерттеу мақалалар. Алматы, «Жалын» – 1992)

Көріпкелдік... Бәлкім, әулиелік... Еркін, тәуелсіз заманның түбінде бір келерін сезгендей, өз заманында әдебиетіміздің абыз ақсақалы болған Ғабиден Мұстафин осыдан 45 жыл, еліміз тәуелсіздік алудан 12 жыл бұрын өзінің «Сыр дәптеріне» дәл осылай деп жазыпты. Ғ.Мұстафин күнделігіндегі жазбаны түсіндіріп жатудың өзі басы артық жұмыс. Жазушы күнделігінде Кеңестік дәуірдегі қазақ зиялыларының түрлі болмыс-бітімі анық аңғарылып тұр.

Жазушының аталмыш дәптерінде айтылғандай, Орталық Комитет секретары Имашев: «Шәкәрімді қатарға қосатын болдық», – деп қанша жерден айғақтаса да, біздің «зиялы белсенділердің» жұмысы болса керек, Шәкәрім сол айтылған уақытынан 10 жылдан соң, яғни, 1989 жылдың көктемінде барып қатарға қосылды. Міне, біз қазақтар осындаймыз!

1956 жылғы XX сиездің шешімімен ақталған Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрімдерді араға тура 33 жыл салып, 1989 жылы әупірімдеп жүріп, әрең дегенде қатарға қосып, тарихымыздың «ақтаңдақ беттерін» қайта жазып, түзеткендей болдық.

Кейде мен ашаршылық пен репрессия тұсындағы зобалаңда көрінген біздің ұлттық менталитетімізге тән факторларды зерттеп, қортындылайтын ғылыми-зерттеу орталығын ашу керек-ау, – деп ойлаймын. Өткенімізден сабақ алып, болашаққа нық қадам жасау үшін осындай ғылыми зерттеу орталықтарды ашумен бірге: Осы біз, қазақтар, қандай ұлтпыз? – деген сұрақты да өзімізден-өзіміз жиі сұрауға тиіспіз. Мұндай сұрақ – өркениетті ұлттар үшін қалыпты үрдіс.

Партияның XX сиезінен соң сәл ғана уақытқа созылса да, Кеңес Одағы халықтарының өмірінде демократиялық құндылықтардың елесі бар «жылымық» кезең басталды. Бірен-саран болса да шетелге шығуға мүмкіндік, мемлекеттік қызметкерлердің халық арасында есеп беруі секілді «жылымық» кезеңнің кейбір белгілері, бергі уақыт – Кеңес өкіметі тарағанға дейін сақталып қалды. Қалай болғанда да, Хрущев тұсында басталған «жылымық» кезең – Кеңес Одағы халықтарының өміріне аз да болса игі әсер еткені анық. Бірақ, партиялық диктатура, цензура, басқаша ойлайтындарды үнемі көрінбейтін мемлекеттік бақылауда ұстау мүлдем алынып тасталынған жоқ. Десек те, бұл уақыт – Сталин заманынан әлде қайда еркін, бостан заман еді. Кеңестік заманның адамдарының психологиясында да, әлеуметтік тұрмысында да, Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың ұлттық өмірінде де оң өзгерістер болып жатты. Дәл осы кезеңде біздің М.Әуезов, Қ.Сәтпаев, Ә.Марғұлан, Х.Шигаева, М.Айтқожин, О.Жәутіков, т.б. сол секілді көптеген ұлт зиялылары еңбектері әлемдік деңгейде танылып, мойындалды.

Басқасын былай қойғанда, ХХ ғасырды Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры десек, 60-90-жылдардағы қазақ әдебиеті әлемдік деңгейге көтеріліп, әлемдегі ең мықты деген он елдің әдебиетінің ортан белінен жоғарылап, ең үздік бестікке кірді-ау, - деп ойлаймын. Бұл – әдебиетші ретіндегі менің өз жеке пікірім.

Міне, осы Кеңес өкіметінің тұсында, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген ұлт таланттарының алдыңғы шебінде, Кеңес өкіметін өте жек көретін жазушы Мұхтар Мағауиннің өзі де жүрді.

Кейде ойлаймын, цензура күшті болған сайын, әдебиет те мықты болады-ау деп. ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті цензураның арқасында әлемдік деңгейге көтерілді. Цензура – билік тарапынан көркем ойға жасалынған идеологиялық қысым. Қысым күшті болған сайын, қысымға қарсы көрсетілетін ішкі қарсылық күш те өрши түспек. Бұл – табиғат заңдылығы! Міне, сондықтан да, Кеңес өкіметінің цензурасының бақылауындағы жазушылар, әсіресе рухани езгіге түсіп отарланған қазақ жазушылары айтпақ болған ойын түрлі әдеби тәсілдер мен әдеби бөлшектер арқылы жеткізуге мәжбүр болды. Осы «мәжбүрлік» нәтижесі – ұлттық әдебиетіміздің жалпы деңгейінің көтерілуіне алып келді.

Қазір цензура жоқ. Нені айтам, қалай  айтам десең де өзің білесің, өз еркің. Бірақ, бүгінгі ХХІ ғасырдағы тәуелсіз қазақ әдебиеті – ХХ ғасырдың 60-90-жылдардағы деңгейіне жете алмай отыр. Парадокс! Әрине, ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің жалпы деңгейінің түсіп кетуіне бірнеше себеп бар. Біз бұл жерде ол себептерге тоқталып жатуды мақсат етпедік.

Қазір бізде Кеңес өкіметін қаралап сөйлеп, Кеңес өкіметінің тұсында ешнәрсе жоқ, тек, кері кету ғана болғандай етіп сөйлеу – үрдіске айналды. Меніңше, осы үрдістің бастауында 1996 жылы жарық көрген М.Мағауиннің  «Мені» тұр. Кеңес өкіметін Мағауинше жек көретін біздің кейбір ғалымдарымыз: қазаққа Кеңес өкіметінің де, оның колхозының да түкке керегі жоқ еді. Себебі, ұжымдасып өмір сүрген қазақ халқында бай да, тап та болған жоқ. Қазір біздің бай деп жүргеніміз, ол – өз руын асырап, руластарына жұмыс беруші – қазіргі тілмен айтқанда ұйымдастырушы – менеджер дейді, - де, олар 1919  жылдың 3 тамызында «Жизнь национальностей» журналының №29 санында жарияланған Ахмет Байтұрсынұлының «Револоюция и киргизи (казахи Н.М.)» мақаласында айтылған ойдан мысал келтіреді.  Осы аталған мақаласында А.Байтұрсынұлы: «Вторая революция показалась киргизам (казахам Н.М.) не понятной, объясняется просто: у киргиз нет ни капитализма, ни классовой дифференциации: даже собственность у них не так резко разграничено, как у других народов: многие предметы потребления считаются у них общественным достоянием», - деп жазған. (Ахмет Байтұрсынов. Резолюция и киргизы. «Жизнь национальностей» №29. 03. 1919. Байтұрсынұлы Ахмет. Шығармалары. Он екі том. 2-том. 286-бет. Астана, «Алашорда» Қ.Қ: 2022)

(Екінші революцияның қырғыздар (қазақтар Н.М.) үшін түсініксіз болғаны оңай түсіндіріледі: Қазақтарда капитализм де, тапқа жіктеліп бөліну де болған жоқ. Тіптен, жекеменшік те оларда басқа халықтар секілді өте айқын көрсетілмеген. Көптеген тұтыну заттары оларда көпке ортақ мүлік болып есептелінеді.)

1919 жылдың 3 тамызында жазылған А.Байтұрсынұлының мақаласын талдап көрелікші...

Рас, қазақ халқы капиталистік қоғам қүрылысын бастан өткізген жоқ. Ал, жекеменшік болды ма? Әрине, болды. Отбасы болған жерде – жекеменшіктің болмауы мүмкін емес. Ал, жекеменшік болған жерде, мүлік теңсіздігінің болуы – тарихи-диалектикалық заңдылық. Мүлік теңсіздігі, бұл – адамдардың жеке мүлкінің көп не аз болып бөлінуі. Қарапайым түсінікте, жеке мүлкі аз адам – кедей, мүлкі көп адам – бай.

ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ отбасыларында жекеменшік болды. Бұған ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында, Ресей империясының құрамындағы Қазақстанда болған халық санағынан сансыз көп мысалдар келтіруге болады. Ал, жекеменшік болған жерде, мүлік теңсіздігінің болуы – заңдылық. Демек, ХІХ-ХХ ғасырларда тіптен одан арғы замандардағы жекеменшік қатынасқа құрылған қазақ қоғамында мүлік теңсіздігі болды. Яғни, қазақ халқы бай және кедей болып екіге бөлінді. Бай және кедей болып бөлінген халықтың тапқа жіктелуі, бұл да – заңдылық. Мүмкін, қазақ қоғамында саналы түрдегі таптық күрес болмаған шығар, бірақ, қазақ халқының бай және кедей болып жіктелгені – анық! Рулық жүйемен өмір сүрген қазақ халқы үшін жер – руға ортақ меншік болып есептелсе де, әр отбасының өзіне тиесілі жеке қыстауы, нашарлаған малы жайылатын жеке қорығы және егін салатын жері болған. Тек, мал жайылымы ғана күллі ру мүшелеріне ортақ меншік болып есептелінген. Мүмкін, А.Байтұрсынұлының «Көпке ортақ мүлік» деп айтып отырғаны – осы жайылымдық жер болар. Сонымен, революцияға дейінгі қазақ қоғамында жекеменшік болды. Бұл – талас тудырмайтын ақиқат! Тіптен, Кеңестік замандағы колхоз мүшелерінің өзінде де жекеменшік болды. Сол социализм тұсындағы колхоз мүшелерінің өздерін де жеке мүлкіне қарай, оларды сырт көз, салыстырмалы түрде «бай», «орташа», «кедей» деп бөлетін. (Ғабиден Мұстафиннің «Миллионер» шығармасын еске алып көріңіз).

Ал, енді кейбір ғалымдарымыздың: «Қазақтар революцияға дейін ұжымдасып өмір сүрді»,-деген пікірін қалай түсінеміз?

Менің ойымша, «ұжымдасып өмір сүру», ол – белгілі бір кәсіппен ұжымдаса отырып айналысып, сол ұжымдық кәсіптен түскен пайданы ұжым мүшелерінің барлығына теңдей етіп бөліп беру. Қазақ халқының ішінде некен-саяқ егінмен айналысқандары болмаса, халық түгел дерлік көшпенді тұрмыстағы мал шаруашылығымен айналысқан. Айталық, бір ру түгел ұжымдасып жылқы бақты делік. Олар сол жылқы бағудан түскен өнімінің пайдасын қалай бөліскен? Жалпы, қазақ рулары ұжымдасып мал бағыпты. Сол малдан түскен пайданы теңдей бөліп, бай-кедейге бөлінбей, әлеуметтік жағдайлары тең, тұрмыстары бірдей болып, әділетті өмір сүріпті, – деген деректі біз еш жерден кездестірмедік.

Анығына келгенде, қазақтар революцияға дейін ұжымдасып өмір сүрді, – деген пікірде ешқандай ғылыми негіз де, логикалық жүйе де жоқ.

Енді революцияға дейінгі қазақ қоғамында «бай» деп аталып жүрген адамдар – қанаушы емес, рудың асыраушысы яғни руластарына жұмыс тауып беріп, оларды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ұйымдастырушы – менеджер. Қазақ қоғамы «бай», «кедей» деп жікке бөлінген жоқ, – деген пікір турасында ой қозғап көрсек...

Тарихты лингвистикалық тұрғыдан зерттер болсақ: Қазақ қоғамында «бай», «кедей» деген ұғымдар болмаса, бай және кедей деген сөздер қайдан пайда болған? Бай – байға, сай – сайға құяды деген мәтел қайдан шықты? Бұл – бір. Екінші, қазақтың байлығы жылқымен есептелінген. Айталық, рулас туысқандарының қалың ортасында өмір сүріп отырған бір байдың мың жылқысы бар еді. Оны тұрмысы төмен он туысқаны бағып, жылдық еңбекақысына екі жабағыдан алуға келісті делік. Революцияға дейінгі қазақ қоғамында еңбекақы малмен есептелінген. Мал – қазақ қоғамы үшін тіршілік көзі. Оның сүтін ішеді, етін жейді. Ал, жүні мен терісін тұрмысқа молынан пайдаланған.

Жоғарыда біз сөз еткен байға жалданған он адам, байдың жылқысын қыстан аман шығарып, көктемде құлындатып, мың бас жылқысын екі мың бас етті. Күзде әлгі байдың мың құлыны мың жабағы болған кезде, сол мың жабағының ішінен бай 20 жабағыны келісілген еңбекақысының орнына жылқысын баққан өз туысқаны – он жылқышыға бөліп береді де, қалған 980 бас жабағы таза пайда ретінде байдың өзінде қалады. Байдың бұрынғы мың жылқысы енді 1980 бас жылқы болып, бай бұрынғысынан да байып, ауқаттана түседі. Бай сонда қалай байыды? Әрине, әлгі он жылқышының еңбегінің арқасында. Әділетіне келсек, бір жылдағы таза пайда – мың жабағы, байдың өзін қоса есептегенде он бір адамға тең бөлінуі керек қой. Сонда әр жылқышыға тоқсаннан аса жабағы тиген болар еді. Бірақ, бай олай етпейді. Он жылқышының келісілген екі жабағы –еңбекақысын төлеп, оларды жалдап отырмын деп есептеген бай, жылқысын баққан он кедей туысқанының еңбегінің арқасында байып отырмын деп ойламайды да. Бір сөзбен айтқанда, байды байытқан кедейдің еңбегі. Ал, байдың: мен сендерді асырап, сендерге жұмыс беріп отырмын. Біз туысқан адамдармыз, – деген сөзі – бос сөз, немесе, – идеологиялық насихат.

Бір рудан мың жылқысы бар елу бай шықты деп асыра айтқанның өзінде, сол елу бай ары кеткенде бес жүз адамды ғана жұмыспен қамти алады екен. Ал, бір ру – кемі үш-төрт болыс ел. Бұл дегеніміз үш-төрт мың адам. Осы бір рудағы үш-төрт мың адамның тең жартысы кәмілеттік жасқа жетпеген балалар дегеннің өзінде, кемі бір жарым, екі мың жұмысқа жарамды адамды ең ауқатты рудың байларының өзі жұмыспен қамтамасыз ете алмаған. Себебі, малы тек жайылымдық жерді ғана пайдаланатын қазақ байларына, жұмыс күші өте аз керек еді. Сондықтан, бай өз руының асыраушы әрі оларды жұмыспен қамтып отырған ұйымдастырушы-менеджер деген пікір – әшейін бос сөз. Бай – жеке адам ретінде жақсы адам болуы бек мүмкін. Бірақ, ол саяси экономикалық тұрғыдан келгенде адам еңбегін қанап, сол адамдардың еңбегінің арқасында байып отырған қанаушы тұлға екені анық. Бір сөзбен айтқанда, революцияға дейінгі қазақ қоғамы – бай және кедей деп бөлінген жекеменшік қатынасқа құрылған қоғам болатын. Сөз соңында айтпағым: қазақта бай және кедей деген таптық ұғым болған жоқ. Олар ұжымдасып өмір сүрді деп, Байтұрсынұлының 1919 жылы жазған «Киргизы (казахи) и революция» деген мақаласын мысалға келтіретіндерге дәл осы Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы «Ақ жолда» басылған «Партия әм кеңес құрылысындағы рушылық әсері» атты мақаласын оқып шығуға кеңес берер едім. Осы аталмыш мақаласында А.Байтұрсынұлы: «Қазақта бай бар, кедей де бар. Өз руынан деп тұрмайды: байлары кедейлерін жалдап, жалақы беріп, кедейдің күшінен пайдаланып, байлығын молайтады. Біреу мың қойлы бай, біреу 5 қойлы кедей. Бұл шаруашылық әм саяси-кемшіліктерді тудырады. Сондықтан қазақ халқы тапқа бөлінеді», –  дейді. (А.Байтұрсынұлы. Бес томдық шығармалар жинағы. 235-бет. Алматы, «Алаш» – 2006 жыл).

Ғалымдарда пікір өзгерісі болып тұруы – қалыпты жағдай. Соңғы мақаласында А.Байтұрсынұлы жоғарыда мен айтқан қазақ қоғамындағы жекеменшік туралы пікірді толық қолдап отыр. Басқа айтарымыз жоқ екен. Сонда да болса, кейбіреулер Байтұрсынұлының 1926 жылы жазған: «Қазақта бай да бар, кедей де бар» деген пікірін Кеңес өкіметі зорлықпен айтқызып отыр деп айтуы да бек мүмкін. Оларға айтарым: Шоқанның, Абайдың, Ыбырайдың тарихи-танымдық тұрғыда жазылған еңбектері мен көркем шығармаларын оқып шығыңыз. Қанша дегенмен олар революцияға дейінгі қазақ қоғамында өмір сүрген белгілі тұлғалар ғой. Сонда, революцияға дейінгі қазақ қоғамында «бай» және «кедей» деген ұғым да, тап та болғанына оңай көзіңіз жетеді. Ең болмағанда Абайдың: «Кедейдің өзі жүрер малды бағып, отыруға отын жоқ үзбей жағып», – деген өлеңін еске түсіріп көріңізші деуден өзге айтарымыз жоқ.

Көзі ашық, орта ғана білімі бар кез-келген адамға белгілі революцияға дейінгі қазақ қоғамындағы әлеуметтік қарым-қатынасты қарапайым түрде, бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп жатуымыздың негізгі себебі – кәсіби тарихшылар емес, көбіне әуесқой тарихшылар айналысып кеткен қазіргі қазақ тарихы ғылымы – қазақ халқы, рудың асыраушысы байдың арқасында ұжымдасып тамаша өмір сүрді, – дейді де, Кеңестік дәуірдегі қазақ халқының өмірін қара түнек заман ретінде суреттейді. Кеңестік дәуір – бір жақсы нәрсе жоқ, ең бастысы  даму жоқ, тек кері кету ғана болған секілді түсіндіріледі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұндай ұстанымның бастауында Мұхтар Мағауиннің «Мені» тұр. Себебі, М.Мағауиннің «Менінде» Кеңестік дәуір саяси-экономикалық тұрғыда сарапталмаған.

Кеңестік дәуірдегі рухани отарлық езгі сөз болатын Мұхтар Мағауиннің «Мен» атты ғұмырбаяндық роман-эссесінің жалпы идеясы – оқушының бойына өткен Кеңестік дәуірге деген өшпенділікті оятады. Осы өшпенділік кейбір тарихшы деген ғалымдарымыздың революцияға дейінгі қазақ қоғамын тарихи-диалектикалық тұрғыдағы саяси-экономикалық сараптаудан тыс, ешқандай ғылыми негізі жоқ, тіптен басқаша түрде түсіндіруіне себеп болған секілді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, жазушы Мұхтар Мағауин Кеңес өкіметін өте жек көреді. Оның негізгі себебі: Автордың өзінің жазуы бойынша, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов секілді Алашорда көсемдерімен тікелей қарым-қатынаста болып, Алаш ұстанымдарын қолдаған жазушының туған-туысқандары кеңестік-сталиндік репрессияның құрбандығы болса, Мағауиннің өзі бар азапты ғұмырын рухани отарлық езгіге қарсы күреске –  Алаш мұраты арқылы ұлтының көкірек көзін ашуға арнапты.

Кеңес өкіметі тұсындағы рухани езгіге жан-тәнімен қарсы болған жазушы өзінің «Рухани езгі және отарлық сана» мақаласында: «ХХ ғасырда келген ғылыми техниканың барлық табысы, ең аяғы электр шамына дейін – Совет өкіметінің, ұлы орыс халқының жетістігі ретінде көрсетілді. Бұрын осы электр шамының болмағандығы қазақтың жамандығының өлшеміндей көрінді. Ондай шам Россияда да болған жоқ, басқа жерде де болған жоқ. Жалпы адамзаттың, ғылымның, мәдениеттің, техниканың дамуы бар. Сол дамығанға дейінгі, орта ғасырлық кезеңдегі жоқ нәрсенің барлығы тек қазақта ғана жоқ деп, қазақты кеміту тенденциясы орын алды. Жалпы сол ұғым санаға сіңді. Қорлаудың тағы бір көрінісі – қазақтың мемлекеті болмады деді. Мемлекет болған жоқ. Мемлекеттік құрылым болған жоқ. Соның кейбір элементтері ғана ұшырасты деді. Сол ұғым қалыптасты. Көшпенді болған жаман деді. Ол артта қалғандықтың белгісі деді, көшіп жүргенді. Отырықшылық жақсы деді. Қазақтың әдет-ғұрпы, салтының бәрі – ұлттық дәстүрлер түгел жарамсыз деп жарияланды. Жазу болған жоқ, егін салған жоқ, тіпті, малдың өзін баға алмаған. Қазақта ештеңе жоқ. Екі аяғың бар, адамға  ұқсайтын жерің сол ғана. Сұмдық қой», – деп жазды. (М.Мағауин. Шығармалар  жинағы. 13-том. 268-бет. Алматы, «Қағанат» 2002)

Жазушы жанайғайында ұлттық құндылықтарды жоққа шығаратын отарлық рухани езгіге деген қарсылық күш – публицистикалық стильде, ғажап пішімде берілген. Бай интеллект! Тіл оралымы қандай! Басқа-басқа, Мағауиннің көркем әдебиет стиліндегі тіл өрнегі ғана емес, публицистикалық стильдегі тіл оралымындағы көркем ой жүйесі бойынша – қазіргі қазақ қара сөзінде Мағауинмен кім таласа алар еді?! Жазушының айшықты тіл өрнегіне үлкен ырзалықпен іштей сүйсінесің. Кеңес өкіметінің рухани езгісін баяндауда, жазушының қисынды жүйеге құрылған өрнегі бай тілі – оқырманына терең әсер етіп, Кеңес өкіметінің қапас дәуірін қаратүнек заман ретінде шексіз жек көруіне жол бастап тұр. М.Мағауин сөзінің магиялық күші – оқушыға саралау арқылы келетін сапалы ойға үлгертпей, соңынан ертіп, жетелеп отырады. Мұның өзі оқушыны екіұшты, екіұдай күйге бөлейді. Біріншісі – өрнегі бай, тіл құдіретін сезінесіз, екіншісі – ойланып үлгермейсіз. Жазушы тілінің құдіреті сізді ойлантып үлгертпейді. Кестелі ойдың нақышты өрнегін жан-жүйеңізбен сезінесіз де, жазушы соңынан бүлкілдеп ере бересіз. Бір қарағанда, қисынды жүйе мен тарихи дәлелдерге құрылған секілді боп көрінетін жазушының ой толғамына сын көзбен қарай алмайсыз да, оған қапысыз сенесіз. Жазушының шешен тілі – сізге тереңнен ойлануға мүмкіндік бермейді. Сондықтан да болар, бүгінгі таңда ұлт тарихы мен Алаш тарихын зерттейтін кейбір ғалымдарымыз, сараптау мен саралаудан тыс Мағауин ойын бірме-бір қайталап жүр. Сондықтан да біз, тақырыптан тысқары болса да революцияға дейінгі қазақ қоғамына саяси-экономикалық тұрғыдан шолу жасауға тырыстық.

Төртінші бөлімнің соңы

Жалғасы бар

Нұрғали Махан

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048