Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Мәдениет 853 0 пікір 4 Қараша, 2024 сағат 16:09

Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы аталып өтті

Сурет Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының баспасөз қызметінен алынды.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармония сахнасы тағы да бір маңызды іс-шарамен толықты. Халық ақыны, әнші-композитор, «Алатаудың бұлбұлы» Жетісу кәсіби ән мектебінің көрнекті өкілі Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай, шығармашылығына арнап Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің концерті өтті. Көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің кавалері Дінзухра Тілендиева.

Өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі болған Кенен ақын ғұмырында жүзден аса ән шығарған. Сондай-ақ екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында ондаған эпикалық жыр-дастан болған. Таңды-таңға ұрып жырлаған дастандары, тыңдаған құлақтың құрышын қандырып, Жетісудың ғана емес, қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Кенен шығармаларының тілі көпшілікке түсінікті, қарапайым келеді. Қазақ халқының аса бай қазынасын дәстүрлі өнер жолына арнап, тың тақырыптарды әнінде кеңінен тарқатады. Оның «Бозторғай», « Көкшолақ», «Ой, бұлбұл», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады.

Он алты жасында Боздаланың бозторғайы атанған Кенен Әзірбаевтың туғанына биыл 140 жыл толып, бірқатар өнерпаздардың қатысуымен мерейтой атылып өтті. Кештің шымылдығы  Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің орындауында «Ата толғауы» күйімен түрілді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері, профессор Жалғасбек Бегендіков және Халықаралық конкурстардың лауреаты Әбілқайырхан Бейсековтің дирижерлік етуімен Кенен Әзірбаевтың оркестрге өңделген бірнеше шығармаларымен қатар, Н.Тілендиев тағы да басқа Қазақстан композиторларының шығармалары орындалды.

«Қазақтың халық ақыны Кенен атамыздың 140 жылдығына орай ұйымдастырып отырған концертімізді халық ұзақ күткені белгілі, өйткені бүгін аншлаг. Бұл өте қуанышты. Бүгінгі концертімізде Кенен атамыздың халық арасында кеңінен танымал бірқатар шығармалары орындалады. Оның ішінде «Бастау», «Бозторғай» әндері бар. Бағдарламада Алтынбек Қоразбаевтың атамызға арнап жазған «Сағындым, Кенен атамды» деген әні де орындалды. Концерт керемет өтті, халықтың көңілінен шығады деп ойлаймын»,деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері, профессор, дирижер Жалғасбек Бегендіков.

Сонымен қатар, Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр елді мекенінің Әлібек Нұрғожа атындағы ардагерлер халық ансамблі Құматай Қайсанов жетекшілігімен К.Әзірбаевтің «Қордай» әнін орындады. Концертке арнайы қонақ болып келген Кенен Әзірбаевтың ізін жалғаған Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев сахнаға шығып, қазақ дүлділінің өнегелі өмірі мен шығармашалығы жайында сөз сөйлеп, өзінің «Сағындым, Кенен атамды» атты әнінің тарихына тоқталды.

«Баяғыда, ең бірінші Кенен атаның 90 жылдық тойын 1974 жылы өткіздік. Мен жаңадан консерватория бітіріп, Тараз қаласына «Алатау» ансамблін басқарып, алып бардым. Сол кезде 90 жылдығына арнап, «100 жасаңыз, Кенен ата» деп, сөзі мен әнін жазып, ән шығардым. 1975 жылы Кенен атамның батасын алайын деп, осы әнімді орындағанымда,Кенен Әзірбаев «Қарағым, құлағым дұрыс естімейді, бұл әніңді менің ұрпағыма, бала-шағама айтып берерсің» деп батасын берді. 1976 жылы атамыз 92 жасында қайтыс болды. Ақтық сапарға шығарып саларда, көптің ішінде Нұрғиса Тілендиевте болған. Сол кездегі дәстүр бойынша, атамыздың беті ашық, бірнеше жігіт алып бара жатты. Жел тұрып, атамның сақалы желбіреген көрінісі кезінде Нұрғиса Тілендиев сол жақ иығымнан ұстап, «Айналайын сақалыңнан желбіреген, барасың-ау бәрін тастап» деп жылап келе жатты. Осы сөздер менің көкейімде қалып қойып, жаңа әнімді жазуға арқау болған. 8 жылдан кейін 100 жылдық тойында «Сағындым, Кенен атамды» деген әнімді шырқаған едім»,- деді Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев.

Кенен атамыздың мұрасын халық арасында жеткізіп насихаттап жүрген Төрткен Кененқызы бастаған ұрпақтары көрермендерден қатарынан табылып, кешке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, сахнада Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Нұржан Жанпейісов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Шолпан Даржанова, «Ерен еңбегі үшін» медальінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Бейбіт Мұсаев, филармония солистері Мәдениет саласының үздігі Мақпал Қазыбекқызы, халықаралық байқаулардың лауреаттары Біржан Бәзілжан, Жанқожа Аяпов, Нұрғалым Аманбай, Жұлдыз Байжұма өнер көрсетіп, ақынның әндерін қайта жаңғыртты.

Академик Ахмет Жұбанов өзінің бір еңбегінде "Кененнің негізгі тақырыбы – біздің заман. Ол осы майданда үзбестен шығармалар беріп келді. Қандай жаңа оқиға болса да. Кенен оны әнде, өлеңде халық арасына үгіттеуде республика композиторларының ішінде бірінші орынның бірін алды... Кененнің репертуары кең. Онда әндерден, өлеңдерден басқа қазақтың "Қобыландысы", қырғыздың "Манасы", түрікменнің "Көрұғлы" сияқты үлкен эпикалық дастандар бар" деп жазған еді. Расымен де, әр жаңа тақырыпты жырына арқау еткен ақын ұрпағына өшпес мұра қалдырды. Өнерпаздардың бүгінгі сахнасы – халқымыздың қазынасы болған Кенен мұрасының ел үшін қашан да қастерлі екенінің тағы бір айғағы болды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1974