Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Анық-қанығы 1645 2 пікір 12 Қараша, 2024 сағат 13:46

«Алтындық» құм басқан қала ма, әлде су басқан қала ма?

Көрнекілік сурет қытайдың әлеуметтік желісінен алынды.

Шапшал ауданының (Шапшал – Алматы облысының Қарадаласымен жапсарлана іргелес жатқан аудан) шығыс оңтүстігі, қазіргі Қайнұқ ауылынан шығыс солтүстікке қарай жұргенде бес шақырым жерде, ерте заманнан қалған бір қаланың қирандысы жатыр. Бұл қаланы жерлік халық «Алтындық» деп те, «Хунтайжының құм басқан қаласы» деп те атайды.

Қиранды қаланың көлемі мен жер түзілісінен қарағанда, қала сырты кезінде биік те берік қорғанмен қоршалған, қақпасы оңтүстік Үйсін тауы жаққа ашылып, қаланың ішкі құрлыстары шығыстан батысқа қарай нар көшелер алынып салынған. Тамнан, кірпіштен жасалған тұрғын үйлер жиі де ретті орналасқан. Көшелердің кеңдігі 13 метр шамасында, көшенің екі жақтауына тоған қазылған, бұл сол заманда жол жағалай түрлі көшет отырғызылғанын 400-де, 500 түтін отырақтанған бұл қаланың едәуір көркейген мәдениетті орын болғандығын дәлелдейді.

Талай тарих, талай сырлы дүниені бауырына басып тып-тыныш жатқан бұл қала туралы Шапшал халқының арасында не бір ғажап аңыздар айтылар еді. Соның ішіндегі ең маңыздысы, әрі менің қолыма қалам алдырып шындық пен аңыз туралы ой толғауыма себеп болғаны: «Бұл қала Жоңғар ханы Хутайжының қаласы екенін, істемеген жамандығы жоқ зұлым ханға пенденің күші жетпегендіктен, Тәңір жазалап қаланы бір түнде құм басып қалыпты, қаладағы бар тіршілік опат болып, сонымен хандық та жойылыпты» дейтін аңыз болып отыр.

Өткен жылы (2005 жылы) қиранды қаланың шығыс іргесінде отырған Сегізсұмын аулында бір тойда болдым. Түнгі қонағасында бір талай ақсақалдар бас қосып шүйіркелестік, бірақ, әңгіме өрісі ауылдың ұсақ-түйектерін төңіректей берген соң, мен ойымда жұмбақ болып жүрген қиранды қала туралы сыр тартқым келіп:

– Сіздер Алтындыққа бір табан жақын отырсыздар, әр дайым көріп жүрсіздер. Ата-бабаларыңыздан жалғасып келе жатқан аңыздарды менен жақсы білесіздер, сіздерше болғанда осы қаланы құм басқан ба, әлде басқадай себептермен қираған ба? – деп сұрадым.

Отырғандар алғаш «бұл не қылған сұрақ, Алтындықты құм басқанын біле тұрып бізден және несін сұрайды» дегендей аңтарылып отырып қалды. Зайыры мен жауабы белгілі нәрсені сұрап тұрған мыжғау секілді әсер қалдырған көрінемін. Деседе, талқыға қатнасқандар да аз болмады, отырғандар бірінен кейін бірі сөз алып, жоғардағы ел айтып жүрген шиырға айналған аңыздан өзге мандытып ешнәрсе айта алмайды. Сонан бір талай орағытулардан кейін сөз кезегін өзім алып:

– Менің қарауымша, бұл қаланы құм басқан емес, су басқан секілді. Менде бұрын сіздер айтқан осы аңызды малданып жүруші едім. Былтыр (2004 жылы) қиранды қалаға барып көрдім. «Құм басты» деген көзқарастан біржолата өзгеріп, «су басқан» деген көзқарасқа келдім, – дедім.

Менің бұл жорамалым отырғандарды тіпті толқытты. Мен әуелі олардың өмірлік сенімін өзгертіп жібергендей-ақ қызарақтаушылар да шықты. Бір қария маған төте қарап тұрып: «Су басты» дегенді сен ойыңнан шығарып айтып отырсың ба? Әлде материалдан көрдің бе? Осы күнде ақша тауып, атағын шығарғысы келген жазғыштар жоқты жонып қисындастыруға шебер болып барады» деп қарсы дау да көтерді. Мен ыңғайсызданып қалдым.

– Ешқандай материалдан көрмедім. Бұл тек өз жорамалым ғана, су басқандығын қаланың орны мен қазіргі күйі өзі айтып отырғандықтан осы қортындыға келдім, – деп дауды әзер доғардым. Міне осы күннен бастап қиранды қала туралы мақала жазу жатсам-тұрсам ойымнан еш кетпей қойды. Ол үшін алдымен ел ішінде байырғы қала және оның жай-жапсары туралы аңыздарға құлақ түрдім. Аңыз бен шындық арасынан өмірге жанасымды жауап іздеуге қармандым. Ендеше аңыздар не айтады? Соны көрелік.

                                            І. Аңыздар айтады

Ел аңызы бойынша, бұл қала тегінде моңғол ханы Батур Хунтайжының орталық қаласы екен. Қаланың орны қазір тақыр болғанмен, ертеде асыл түңкелі жер болған деседі. Қаланың кемер жақ асты қалың қамысты, шөптесін әрі бұта-бұргені бітік тоғайлы жер болып, тоғай арасына жабайы аң-құс жыртылып айрылады екен. Қаулап өскен шидің арасынан түйе көрінбестей құйқалы болыпты. Сондықтан мал бағуға аса қолайлы болғанымен, егіншілікке жайсыз орын болған ұқсайды. Сондықтан қыста малды осы өңірде бағып, жаз, күз, көктемде иен жатқан Үйсін тауының бөктерін, таулы өңірлерін пайдаланады екен. Хунтайжының малы аса көп болыпты. Төрт түлік малын табын-табынға бөліп, әр түліктің ерекшелігіне қарай қолайлы жерді таңдап бағады екен. Мысалы, сиырды Үкіршіге (жер аты), ешкіні Жаматы (жер аты) мен Ешкілік тауына, жылқыны Әңгірті жайлауына, қойды Қонақай мен Құжыртай төңірегіне бақтырыпты. Осы күндегі Үкірші әсілі моңғол тілінде «Укыршы»деген сөз болып сиыршы деген мағына береді. «Жаман» моңғол тілінде ешкі деген мағына береді. Айтуларға қарағанда Хунтайжы сиырды бақтырып, сүтін сауады екен-дағы оны науамен ағызып келіп, қала халқын сүтпен қамдаған екен.

Хунтайжының түйесін осы өңірге дін таратуға келген арабтық Шаһи Мәшіреп деген әулие бағады екен. Әулие далада түйе бағып жұріп шөлдесе немесе намаз уақыты болып дәрет алуына су қажет болғанда аса таяғымен қай жерді түртсе, сол жерден бастау пайда болады екен. Қазіргі Қайнұқ, Ақбұлақ, Сегізсұмын атырабындағы бастаулар су көзінің жұрнақтары деседі.

Шаһи Мәшіреп жоқшылықтан жаз күндері жалаң аяқ жүреді екен. Жарылған табанына малдың майын қыздырып басып емдеп алады дейді. Шаһи Мәшірепте бір кереметтің барын байқаған ханның қызы оған ғашық болыпты. Мұны хан сезседе іштей құптап үндемейді екен. Бірақ, әулие оның діні басқа болғандықтан шырғасына түспей бойын аулаққа салыпты. Күндердің бірінде жарылған табанына май қыздырып басып отырған әулиенің қарсы алдына ханша келіп жүресінен отыра кетіпті. Ханшаның абиыры ашылып қалса керек. Недерін білмеген әулие: «Менің табаным жалаң аяқ жүргендіктен жарылды. Ал сенің мына жерің не көріп жарылып жұр?» – деп, істіктегі майды басып қалған екен. Қыз тұлан тұтып жөнеп беріпті. Міне содан қыз жүкті болып ұл бала туыпты. Кейін ол ержетіп хан болыпты. Өзіне қарасты неше мың моңғолды ислам дініне кіргізген Тұғлық Темір хан сол екен. Оның ислам дініне кіруі Шаһи Мәшіреппен жоғарғыдай қатысы барлығынан екен. Қазіргі Сүйдің, Күредегі Тұғлық Темір хан мазарында жатқан әулие арабтық пен моңғол нәсілінің қоспасынан туған Түлек екен.

Хунтайжы хан болып тұрғанда Іленің үш жерінен бутхана салдырған. Бірі қазіргі Құлжа қаласының Қарадөң өңірінде, бутхана қақпасының екі жақтауына Құлжаның бас мүсінін тастан қатырыпты. Содан бұл қаланың аты Құлжа аталыпты. Екінші, қазіргі, Құлжа - Қорғас тасжолының бойындағы Шайлаңзыда екен. Оның қақпасының екі босағасына қос арыстанның мүсінін қатырыпты, оны «Лама сұн» деп атапты, мен 1964 жылы социалистік тәлім-тәрбие қызыметімен Шайлаңзыға барған кезімде сол қос арыстан мүсінін көрген едім. Ал үшінші бутхана қазіргі қиранды қаланың өзінде екен.

Хунтайжы халқының азық-түлігі мен әскери ат-көлігінің азығы үшін диқаншылықпен шұғылдануды жоспарлап, еңбеккүшті Қашқар, Ақсудан алдырыпты. Оларға Үйсін тауынан еңістеп ағатын салма-салма өзендердің төменгі етегінен жазыққа су шығаратын тоғандар қаздырып, тың жерлерді игеріп, бидай қатарлы дақылдарды ектіріпті. Қазіргі тараншы деп жүрген ұйғұрлардың тегі солар. Өйткені, «таранщы» деген моңғол тіліде егінші (бидәйші) деген сөз екен.

Хунтайжы қандай қысым түскені белгісіз, ол бірде қазынасындағы бар алтын, күміс, жамбы-жаһұттарын жүз түйеге артып Жалғызтай өзенінің өргі жағында тау арасына құпия көмдіріпті. Жұмысы біткен соң жүз түйені айдап барған жүз құлды түгел өлтіріп тастапты. Тек аспаздық істеп барған бір ұйғұр ғана қашып құтылыпты. Ол көмілген қазынаның орнынан жаңылып қалмау үшін Жалғызтай өзенінің төменгі ағары қазіргі Нұрақын бұлақтың аяқ жағынан бір түие тас жасап, түйенің басын батысқа, құйрығын шығысқа қаратып қойыпты. Кейінгі жылдары қиратылған түие тас сол екен.

Хунтайжы алғаш Шапшалға қоныс теуіп, күшейіп алғанша айналасындағы елмен тату-тәтті өткендей болғанымен кемеліне келген соң, өзгелерді тонап-талау мен қырғыншылықпен шұғылданыпты. Отырықты елдің қырғанын қырып, тірілерін батысқа ығыстырып тастапты. Осындай шектен асқан жауыздығы, халықтың қарғыс-наласы ұрған оның қаласын бір-ақ түнде құм басып, халқы да, өзі де опат болыпты. Осы табиғи апатта бір кемпір мен шал ғана тірі қалыпты. Айтуға қарағанда түн жармында оянып далаға шыққан шал, құм жауып жатқанын көріп үйіне кіріп кемпірін оятады екен де, үйдің бұрышына бір сырықты тіктеп оған жалғыз сиырын байлап, шал сиырды жетелеп, кемпір сиырдың құйрығынан ұстап сырықты айнала беріпті дейді. Таң ағарғанда қала тұтас құм астында қалыпты да, тірі қалған шал-кемпір Іленің арғы жағындағы Ламасұнға (жер аты) өтіп кетіпті. Содан қайтып бұл жерді ешкім мекендемепті.

Қорытып айтқанда, Хунтайжы және оның құм басқан қаласы туралы сан тарау аңыз сақталған. Бұл аңыздардың бір бөлімі кейбір тарихи деректерді айғақтаса, көп сандылары халықтың түрліше сенім-нанымы мен жорамал көзқарастарына байланысты туылған деуге болады.

II. Қиранды қала не айтады?

Құм басқан қала туралы жоғарғыдағы аңыздар әр дәуірдің адамдары жағынан өңделіп, түрліше жамау-жасқауларды бастан кешіріп бізге жеткенімен, бір ғана нәрсе өзгермей жеткен. Яғни, қаланы құм басып қалған деген көзқарас мүлде жалпы беттік мойындалған ортақ көзқарас екені анық. Айтушылардан құм Алтындықты ғана басып онымен көршілес жерлерге неге  жаумаған? Ал, кезінде бір қаланы бірақ басып қалған құмнан қазір бір түйірі жоқ, Ол қайда кеткен? Деп сұрасаң, алдыңғы сұраққа: «Ол құдайдың кұдіретімен» деп жауап берсе, соңғы сұраққа: «Ұзақ замандар боранның ұшыруынан, селдің шайуынан, онан қалса адамдардың алтын шайқауынан» жоқ болған деп оп-оңай жауап береді. Бірде сенгіңіз келеді. Өйткені табиғат аса құдіретті әрі тілсім құбылыс қой, дүниенің бір жеріне тас жауыпты, бір жеріне балық жауыпты дегендерді еміс-еміс естіп жүрміз. Айтуларға қарғанда мұндай құбылыс аса күшті құйын әсерінен пайда болатын көрінеді бұл бір, екінші бірі, қала жұрты көп рет қазылған алтын, күміс, мәдени бұйым іздеушілер қаланың қорыс-қопасын шығарған. Қазушылар әрбір қиранды үй ішінен аз болғанда екі де, үш адамның, көп болғанда он адамның сүйегін бүтін күйінде кездестірген. Кей жерлерден елу де жүз қойдың сүйегі шыққан. Міне осыған қарап халық бұл қаланы құм басып қалған дегенге мүлде сенген.

Бертіндегі жылдардың өзінде Қайнұқ, Ақбұлақ қыстақтарының тұрғындары бұл жерден көптеген ерте заман метал бұйымдарын, фарфор ыдыстардың, қыш ыдыстардың сынықтарын, теңге-моншақтарды, мыстан, жезден құйылған түймелерді, жебенің ұшын т.б-ларды тауып алған. Қазірдің өзінде қыш ыдыстардың сынықтары, күйдірілген кірпіштер, малдың, адамның сүйектері ол жер, бұл жерде шашылып жатыр. Демек бұл орынның ертеде недәуір гүлденген қала болғандығына талас жүрмейді.

III. Қиранды қаланың Алтындық аталуы

Қиранды қала жұртын қазіргі халық «Алтындық» деп атайды. Мұның бұлай аталуы тегін емес, бір аңыздарда қаланың қақпасы алтыннан жасалған делінсе, қала қорғанның қарауыл мұнарасы ұшына алтыннан жасалған белгі орнатылған делінеді, кейінгі жылдары яғни 1933 жылығы 12 сәуір саяси өзгерістен кейін Шың Шысай Шыңжаңның билігін қолына алып, алғаш өзі Марксизимді қабылдап, коммунизмді көксеген адам болып көрінді. Партия орталық комитетінен Шыңжаңға келіп қызымет істейтін кадрлар жіберуін талап етті. 1938 жылдың алғашқы маусымында Чин Тиянчу, Мау Зымин қатарлы адамдарды Шыңжаңға жіберді. Алайда, бұл кезде Шыңжаңның саяси жағдайы аса қиын болып, халық кедейлескен, экономика тұралап, көп таратылған қағаз ақша мейілінше құнсызданған болатын. Осы кезде қағаз ақшаның құнсыздануын тежеу, Шынжаң экономикасын жандандыру үшін алтын қорын молайту қажет болған. Сонымен үкімет Алтай Көктоғай кен районын негіз етіп, бүкіл Шыңжаңда алтын қазу, алтын шайқау науқанын өрістеткен. 1941 жылы Іледегі жерлік үкімет Алтындықты қазу және алтын шайқау жұмысын жүргізген. Бұл мүлде құпия істелген, жерлік адамдардан қара жұмысшы қабылдағанымен олардың қолына еш нәрсе ілікпеген. Бұл кез менің 16 жас кезім еді. Есімде қалуынша, Мүкіспайұлы Сейдін деген баужаң (мәнсап аты) біздің ауылдан Бөгенбай, Мақпыр, Әбілдә деген үш жігітті ертіп барып үш ай мөлшерінде алтын шайқау жұмысына жалданды. Олар қайтып келген соң, ауыл адамдарынан бірнешеуі Әбілдәнің үйіне жиналып, амандық сұрап не олжа әкелгенін сұрағанда, Әбілдә: «Олжа көп қой, бірақ, ол біздің қолымызға тиген жоқ, біз тек қаз деген жерін қазамыз, топырақ тасимыз, алтын шайқайтын науаға құм тастаймыз, қасымызда қаруланған төрт-бес әскер бақылап тұрады. Әуелі науаның ішіне қарауымызға жол қоймайды. Өздеріне қажеттілерін алып болған соң, біз қалғанын тереміз. Сондағы олжамыз осы» деп, отырған әйелдермен балаларға тана моншақ қатарлы нәрселермен қоса бізге қойдың, арқардың, еліктің асықтарын үлестіріп бергендері әлі есімде. Сонда тана моншақтарды ауыл әйелдері алуға жүрексінеді, өйткені олардың қарауынша бұл орыннан алған нәрсе қырсық әкеледі. Иесі түсіне кіріп, менің нәрселерімді неге аласың, орнына апарып қой, – деп мазалайды дейтін дақпырт сөз бар болатын, олар содан қорқушы еді. Сонда Әбілдә: «Сендер қорықсаңдар, барлығын Мерует алады, түсіне кіріп қуалап жатса, алған мен, Меруетті не қақың бар деп қуып саламын», – деп барлық адамды күлдіргені барды. Міне, осыған байланысты жерлік ел бұны «Алтындық» атап кетті. Демек, бұл жерден кезінде мол алтын, күміс табылғаны ақиқат. Осы арада айта кетерлік бір жайіт, белгілі ұйғұр зерттеушісі Әмет Мира өзінің «Қайнұқ тазкіресі» деген кітабында, «Алтындық»1936 жылы қазылған деп жаңсақ айтады. Әрі Әмет Мира Алтындықты ертедегі Қайнұқ ауылының көне жұрты, бұл қала 1200 жылдың ақырғы мезгілінде Шыңғысхан және оның әлеуеттері жүргізген қанды соғыста ойран болған деп жазды. Бұл көзқарастың да қисыны аздау, өйткені, «Алтындық» салынған және Хунтайжы дәуірлеген мезгілінде ұйғұрлар Оңтүсітк Шынжаңнан жаңадан көшіріліп әкелінген. Әрі Хунтайжының егінін егіп, саудасын істеп, үй жасап, қала салып моңғолдардың әмір-пәрмені бойынша жұмыс істеген халық болатын. Әрі Алтындықтағы бутхананың салынуы бұл қаланың ұйғұрлардікі емес, моңғолдардікі екенін дәлелдейді.

IV. Аңыздар туралы айтар сөз

Сөз болып отырған «Алтындық» және Хунтайжы туралы айтылып жүрген аңыздардың барлығына жауап іздеу шамалы, өйткені аңыздардың шындығынан гөрі жорамал тұстарының көп екендігін оқырман өзі сезіне алады. Мен бұл арада тек екі мәселе туралы ғана тоқтала кетпекпін.

Бірі, Тұғылық Темір хан мен Шаһи Мәшірептің қатысы бар ма, жоқ па? Деген мәселе, ол үшін тарихи фактілерге жүгінейік.

Шыңғысханның 2-ші ұлы Шағатай кезінде Ілені орталық етіп, батыста Сыр бойына дейін, оңтүстікте Қашқар, Хотанға дейін, Шығыста Құмылға, солтүстікте Алтай, Тарбағатайға дейін биледі. Еренқабырға тауының оңтүстік бөктеріндегі Алмалық қаласын орталық етіп, хандықтың саяси, экономика, мәдениет істерін айтарлықтай дамытты, шығыс пен батыстың байланысын күшейту, керуен жолының іркіліксіз болуын көзде ұстай отырып, ежелгі жібек жолының бір тармағы Іле - Үрімжі тасжолының Сайрам бойындағы Талқы асуы жолын жасатты. Бұл Шағатай хандығының тарихтағы істеген көп игі істерінін бірі еді. Өз үлесіне тиген бай өлкеде тыңнан тірлік жасап, соңғыларға айта қалсын жақсы ат қалдырды. Шағатай 1240 жылы қайтыс болып, сүйегі Алмалыққа жерленді. Осыдан соң оның әулеттерінен 25 адам 109 жыл ішінде осы өлкеге үстемдік жүргізді. Шағатай әулетінің соңғы ұрпақтарының бірі Еміл Қожа хан болып тұрған мезгілде Меңді атты канизек Есенбұғадан жүкті болады, Есенбұға аңға шығып кеткенде оның үлкен әйелі Сатылмыш қызғаншақтық істеп Меңдіні Шерғұл дегенге қосады да: «Бұл өлкеден алыс кетіңдер» деп құып салады, бірақ Меңдінің ханнан жүкті болғандығын елдің бәрі білетін еді, көп кешікпей Есенбұға өлді. Енді Шағатай әулетінен ханға лайық ешкім шықпай әр тайпа өз алдына бұрһан сайлап, хандық ыдырай бастады. Осы кезде Дулат тайпасынан шыққан Болатшы деген әмірші хандықтың құлап, тахтың иесіз қалуынан алаңдап, Есенбұғадан жүкті болып кеткен канизек Меңдіні табуға, одан туған ұлды хандық таққа қоюға бекінеді. Сөйтіп, ол Тастемір дегенге 300 қой ақы беріп, Меңдіні тауып, одан туған ұлды алып келуге бұйырды. Тастемір ел аралап сұрау сала жүріп, Меңді мен Шерғұлды оңтүстік Шынжаңның бір аймағынан табады. Меңді Есенбұғадан туған ұл барын, аты Тұғлыұқ Темір екенін айтады. Шерғұл Болатшының тапсырмасын айтып, Тұғлық Темірді көшеде ойнап жүген жерінен тауып алды да Болатшыға әкеліп береді. Болатшы Тұғлық Темірді тәрбиесіне алып, оны 1346 жылы 18 жасында моңғолдың заңы бойынша хан сайлайды. Бірақ Тұғлық Темір өте жас болғандықтан хандықтың негізгі тізгіні Болатшының қолында болды. 24 жасқа шыққан жылы, яғни, 1352 жылы қол астындағы 160 мың әскерімен ислам дініне кірді. 34 жасында өледі. Сүйегі Алмалыққа жерленеді. Демек Әбілғазы Баһадурдың осы шежірелік дерегі бойынша алғанда ел аңыз етіп айтатын Шаһи Мәшіреп пен Тұғлық Темір арасында ешқандай байланыстың жоқ екеніне көз жеткізуге болады.

Екінші, Хұнтайжы кім? Ол «Алтындықта» құм басып өлген бе?

Чиң патшалығының алғашқы жылдарында жоңғар тайпасы Батур Хұнтайжының шураш, ойрат, хошыт, торғауыт, қойыт руларының басын қосып 1635 жылы шураштардың билеушісі Қарақол тайжының ұлы Батур Хунтайжы хандығын құрып, Ертіс өзенінің бас ағарын, Іле өзенінің бүкіл алқабына өз билігін жүргізді. Бұл кезде Шағатай әулетінің орталығы Алмалықта болып, түрлі себептер салдарынан хандықтың шаңырағы шайқалып, іргесі солқылдап тұрған шағы еді. Осыны пайдаланған Хунтайжы Алмалықты тастап, Іле өзенінің күнгей бетіндегі Алтындықта хандық іргесін қалаған болатын. Ол өз билігін бекемдеп алғанша көршілес елдермен достық қатнаста болды. Әскери дайындығын күшейтіп, болашақ соғыс үшін әзірлік жасады. Метал қорытып әскери қару өндірді. Яркен, Ақсу, Қашқар, Тұрпан қатарлы орындардан ұйғұрларды көшіріп әкеліп, көп сандысын егіншілікке пайдаланды. Оларды «тараншы» деп атады және бір бөлімдерін керуен ұйымдастырып сауды саттықпен шұғылдандырды. Олар оңтүстік Шынжаңнан, ішкі өлкелерден, Еуропа елдерінен мата, шай, фарфор ыдыстар, кілем, жібек кездемелер және басқа заттық бұйымдарды айналымға салды. Бұларды «базар ган» деп атады. Және бір бөлімдерін тері мәнерлеу, ағашшылық, тамшылық, зергерлік т.б да жұмыстарға салды. Сөйтіп ішкі-сыртқы дайындығын әбден пысырып алған Хунтайжы Ұлы жүз жеріндегі Қасым ханға қарасты елге тұтқиыл шабуыл жасап, бейбіт жасап жатқан елдің берекетін кетіріп, тоз-тозын шығарды. Ханзада Жаңгірді тірідей қолға түсіріп, қырғыннан аман қалған елді батысқа қарай ығыстырып тастады. Жойқын әскери күшпен ілгерлеген Хунтайжы Жетісуды басып, Нарынқол мен Байынқол, Қастек пен Қаскелеңдегі жеңісіне марсиып ілгерлей соғысып, ең соңында қазақ әскерімен Шу өзенінің бойында болған соғыста Шапырашыты Қарасай батырмен жекпе-жекке шығып соның қолынан қаза болды. Демек, бұл сөзді айтудағы мақсатымыз ел аңыз қылғандай Хұнтайжы әсте құм басқан қалада опат болып, хандығы да сонымен бірге жойылған жоқ.

Тақырыптан алшақ болса да ұйғұрлардың Ілеге келуі туралы қысқаша айта кетелік, өйткені біз жоғарыда Хунтайжы заманында оңтүстік Шынжаңнан қыруар адам Ілеге әкелінді деген болатынбыз, бұл бірінші рет Ілеге ұйғұрлардың келуі еді, яғни 1755 жылы болатын. Осы кезде Іледегі Чиң үкіметінің санағына түскен ұйғұрлардың саны 4400 түтін 16 мың жан еді. Ал екінші рет адам әкелу 1760 жылдың ақпан айында басталып, 1768 жылы аяқтаған. Сегіз жыл ішінде 6386 семия көшіріліп әкелініп, бұлардан 600 түтіні Қайнұққа, 500 түтін Қонақайға орналастырылып, қалғандарын Қас, Борбосын, Жырғалаң, Тас өстең, Арөстең қатарлы жерлерге жүздік бойынша бытырай орналастырған. Жоғардағы сенімді материалдарға негізделгенле Ілеге ұйғұрлардың әсіресе Шапшалға келу мән-жайы осылай, олар Шапшалдың шығысы Талдыдан бастап, батысы Қонақайға дейінгі таулы өңірлерде суармалы егіншілікпен шұғылданған. Үйсін тауынан құлдилап құлап ағатын он бір өзеннен үлкенді-кішілі 30 тоған қазып егіншілікті дамытқан. Сол тоғандардың көп сандысы істетілуден қалғанымен ішінаралары әлі де істетіледі.

Түйін сөз:

«Алтындықты» су басқан ба, әлде құм басқан ба?

Оттың өрге, судың төмен тартатыны жаратылыс заңы. Қазіргі қала қирандысының жоғарғы жағы Үйсін тауынан еңістеп ағатын Өртең, Шежін, Жалғызтай өзендерімен тұтасады. Егер осы тауға қатты нөсер жауса, жоғардағы өзендерден аққан сел суының, қасықтай қағытпасы жоқ жазықты бойлап келіп, қазіргі қиранды қаланы басып қалатыны менмұндалап тұр. 1998 жылы тамызда Шежін сайының бір сілемі-төгілді деген өзекшеден күндіз сел жүріп, әпсәтте 8 адам, 600 тұияқ мал апатқа ұшырыды. Айтуларға қарағанда, жауын тек жирма минутқана  жауған. Егер дәл осындай нөсерлі жауын бұдан да ұзақ жауса немесе жоғары таудағы өзендерді шарпыса, онда шығын бұдан да ауыр, зардап бұдан да күшті болары анық еді.

Меніңше кезінде қаланы осы тауларға жауған күшті нөсерден қалыптасқан сел суы ойрандаған, әрі апат түн ішінде халық шырт ұйқыда жатқанда болған. Өйткені қала қақпасы Үйсін тауы жаққа қарай ашылатындықтан қақпадан кірген телегей-теңіз су айналасы берік те биік қорғанмен қоршалған қалада табиғи көл пайда қылған. Ұйқыда жатқан адам мен мал тұтас тұншығып өлген. Қазыр қаланың шығыс жақ іргесінде судың оруынан қалыптасқан үлкен аңғар бар, бұл аңғар сол кездегі сел суының әсерінен қалыптасқан болуы әбден мүмкін. Менің бұл тұжырымым тек жорамал ғана, қаланың күйреуі туралы геогроф ғалымдар мен архолектар тағы да ішкерлей зерттеу жүргізуі қажет деп білемін.

Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы битегі

Автордың «Мен таныған шындық» кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963