Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 649 3 пікір 19 Қараша, 2024 сағат 22:27

Адал табыстың декларациялануы – әділетті қоғамның айнасы

Коллаж: halyq-uni.kz

«Жаппай декларациялау – азаматтардың табысы мен мүлкін заңды түрде жариялап, оны мемлекетке тіркеу жүйесі. Декларация тапсыру әлеуметтік әділеттілікті орнатып, көлеңкелі экономиканы қырқартады». Отандық сарапшылар осындай пікір білдіріп отыр. Еске салсақ, жуырда Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Президент азаматтардың табысын декларациялау туралы тілге тиек еткен еді.

«Біз Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатырмыз. Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда, азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер мен осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық азамат декларация тапсырады деп  жоспарланған. Алайда, Мемлекет басшысы төртінші, соңғы кезеңде азаматтарды міндеттеу қаншалықты орынды деген мәселені көтерді. Президент атап өткендей, жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы 14 жыл бұрын қабылданған. Осы уақыт ішінде цифрландыру мен финтех саласы қарқынды дамып, мемлекеттік мекемелердің ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салықтық бақылау күшейіп, цифрлық қызметтер кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет.

Бүгін Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылы декларация тапсыруы тиіс 8 миллион азаматтың басым бөлігі бұл міндеттен босатылуы мүмкін екенін жеткізді.  Жеңілдіктер жеке құрылым қызметкерлеріне, зейнеткерлерге, үй шаруасындағы әйелдерге, студенттерге және басқа да жеке тұлғаларға қатысты болады. Бұл ұсынысты Премьер-министр Олжас Бектенов қолдады. Ол мемлекеттік органдарға үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер дайындап, Парламентке енгізуді тапсырды. Бектеновтің сөзінше, халықаралық келісімдер аясында шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер көрсету кең таралған.

Деректер базасының цифрландырылуы нәтижесінде жеке тұлғалардың активтері туралы барлық ақпарат қолжетімді. Сол себепті, декларация тапсыру міндетінен босатылған азаматтарға бұл процесс ерікті негізде жүргізіледі. Отандық сарапшылар «Мемлекет басшысы мен Үкіметтің шешімі цифрландырудың артықшылықтарын пайдалана отырып, халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болмақ», - дейді.

Сурет: inform.kz

Қазыбек Дауталиев, заң ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық құрылтай мүшесі:

– Адал табыстың декларациялануы – әділетті қоғамның айнасы. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда көлеңкелі экономиканың ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 2020 жылы 27% құраған екен. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 19,75%-ға дейін азайған. Арадағы 7% айырманың өзі бюджетке - 2 трлн теңге салықтық түсім әкелген. Көлеңкелі экономиканың кесірі сол, мемлекет қазынасына түсуі тиіс салықтық түсімдер азаяды. Бұл өз кезегінде мемлекеттің әлеуметтік саясатын іске асыруға зиян келтіреді. Төленетін зейнетақылар мен жәрдемақылардың көлеміне теріс әсер етіп отыр.

Көлеңкелі экономика әлемнің дамыған елдерінде де кездеседі. Бірақ оның үлес-салмағы айтарлықтай төмен. Мәселен, бұл көрсеткіш Ұлыбританияа  - 11,33 %, Австралияда - 10,85 %, Қытайда - 10,12 %, Жапонияда - 9,5 %, ал АҚШ-та 7,59 % құрайды.  Айта кетуге тиіспіз көлеңкелі экономикамен күрес жүргізуде еліміз АҚШ тәжірибесін негізге алуда. Посткеңестік елдердегі жағдай көңіл көншітерлік емес. Көлеңкелі көштің басында Әзірбайжан (58,05 %) орналасқан. Ресей (39,19 %) мен Украинадағы (45,84 %) ахуал да оңып тұрған жоқ.

Осы себепті 2021 жылдан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялау жүргізілуде. Ол төрт кезеңді қамтып, біре-бірте іске асып келеді. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар.

2023 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны – 1,4 миллионға жуық жеке тұлға ұсынды. 2024 жылы - 2,6 миллион азамат, 2025 жылы – 8,8 миллион азамат ұсынады деп күтілуде. Сөйтіп келесі жылы жалпыға бірдей салықтық декларация науқаны өз мәресіне жетуі тиіс. Алайда, тәжірибеде келесідей мәселелер бар:

а) декларацияны толтырудың күрделілігі, мұны интуитивті түсінетіндей платформаға айналдыру керек;

ә) халықтың қаржылық сауаттылығы төмен. Сондықтан декларациялауды ақпараттық қолдау маңызды. Бұл ретте ҮЕҰ арқылы оқытып-үйрету жұмыстарын кеңмасштабы жүргізген жөн;

б)  коммерциялық емес қызмет түрімен айналысатын субъектілер үшін салық декларациясын толтырудың көлемін азайту қажет;

в) орташа жалақы мөлшерінен төмен табыс табатын салық төлеушілер үшін салық декларациясын толтыруды алып тастаған жөн;

г) мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру қажет, себебі олардың дерекқорындағы мәліметтер қайталанып жатады;

д) сондай-ақ салықтық декларацияны қате толтыруы себепті (өйткені өте күрделі) әкім немесе депутат сайлауына түскен үміткерді тіркеуден өткізбеу фактісі жиі орын алуда. Салықтық декларацияны толтыру азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуға деген конституциялық құқығын іске асыруға кедергі келтірмеуі тиіс. Бұл ретте сайлау комиссиялары салық органдарымен бірлесе отырып оңтайлы механизм әзірлеуі қажет.

Адал табыс пен салықтық мөлдірлік болмай - әділетті қоғам құру мүмкін емес.

Сурет: malim.kz

Қайрат Бодаухан, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор:

– Әлемдік кеңістікте ақпараттық технологиялардың дамуы, халықтың және тиісті органдардың, бизнес субъектілері мен қызмет саласының, қаржы саласының іс-қызметін жеңілдетумен қатар қызметтің ашықтығы мен жеделдігін арттыратыны сөзсіз. Сонымен қатар, әртүрлі адами факторларды жойып, қағазбастылықтан туындайтын жемқорлықтың да азаюына оң әсер етеді.  Кез-келген мемлекеттің экономикалық қуаттылығының басты көзі – бюджет түсімін арттыру және тиімді жұмсалуын дұрыс үйлестіру. Олай болса, бюджет негізі – салық көзі. Сондықтан әр азамат салық жүйесіне өте мұқият болуы маңызды.  Мемлекет салық жүйесінің дифференциясын дұрыс үйлестіру арқылы халықтың еркін түрде салық төлеу мәдениетін қалыптастыруға міндетті. Бізде салықты уақытылы төлеудің маңыздылығын және салық төлемеу жоғары құқықтық жауапкершілікке апаратынын халыққа түсіндіру жоқ.

Заманауи цифрлық технологиялар мен мәліметтер базасы декларацияны тапсыру қажеттілігін қысқарту маңызды. Өйткені, бұл адами факторларды, қағазбастылықты азайтумен қатар, халықтың жеке жауапкершілігін, қаржылық сауаттылығын арттырады. Жасыратыны жоқ, халықтың күнделікті тіршілігі тек жасырын кірістер арқылы шешіліп келеді. Бұл тіпті қарапайым мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметкерлер арасында кең таралған. Неге олай болады? Себебі, тек сондай жолдар арқылы ғана өзінің күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуде. Егер салықтың дифференциясын өте тиімді және қолжетімді түрде реттесе, әркім ерікті түрде күнделікті коммуналдық төлемдерін өтегендей жауапкершілік ретінде сезініп, шынайы көңілмен төлеу мәдениетіне көшеді.

Азаматтардың көпшілігі табыс декларациясын қалай дұрыс толтыру керектігін білмейді. Бұл тұрғыда білім беру немесе түсіндіру жұмыстары жоқ десем болады. Интернет жүйесі әркімге қол жетімді емес. Болған жағдайда қарапайым азаматтарға түсініксіз. Істі әкімшілік жолдармен «декларация тапсырмасаң, айыппұл төлейсің» деген қалыптасып қалған тәсілдермен жүзеге асыру  дұрыс емес. Әлі істің мәнін түсінбеген қарапайым халық декларациясын дұрыс алмағандықтан, қосымша әкімшілік жауапкершілікке ұшырайтыны сөзсіз. Сондықтан, қате тапсырылған жағдайда қайта өңдеп тапсыруына мүмкіндік жасау керек. Азаматтардың салық төлеу мәдениетін дамыту үшін декларациялау маңызды рөл атқарады деп есептеймін. Декларация тапсыру халықтың қаржылық сауаттылыған, өз міндеті мен жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз. Бірте-бірте салық төлеудің ерікті тетігі орнайды.

Тоғжан Бауыржанқызы, қаржыгер:

– Жаппай декларациялаудың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық төлеу мәдениетін арттыру, әлеуметтік әділеттілік орнату және мемлекеттік кірістерді көбейту. Бұл жүйе әрбір азаматтың қаржылық жағдайы туралы ақпаратты ашық көрсетуді талап етеді.

1. Әлеуметтік әділеттілікті орнату. Әрбір азаматтың табысын жариялауы және мемлекетке үлесін қосуы ашық салық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Барлық азаматтардың заң алдында тең болуы – әлеуметтік әділеттіліктің басты негізі.

2. Көлеңкелі экономиканы азайту. Көлеңкелі экономика елдің қаржылық жүйесіне елеулі зиян келтіреді. Жасырын табыс көздерін анықтау арқылы мемлекет бюджетінің кірісі артып, қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашылады. Бұл заңсыз кәсіпкерлік пен салық төлеуден жалтаруға қарсы күресте маңызды құрал.

3. Коррупциямен күрес және ашықтықты арттыру. Жаппай декларациялау мемлекеттік қызметкерлер, лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлердің табысы мен мүлкін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, заңсыз байлық жинау әрекеттерін тежейді.

4. Мемлекеттік бюджетке түсімдерді ұлғайту.Табыс көздерін жариялау салық базасын кеңейтіп, салық жүйесінің тиімділігін арттырады. Бұл мемлекетке маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті қаржы көздерін қамтамасыз етеді.

5. Қоғамдық сенімді қалыптастыру.Табысын ашық жариялаған қоғамда азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің тұрақтылығы мен халықтың бірлігін нығайтады.

6. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Тіркелмеген активтер мен табыстарды анықтау арқылы мемлекет қаржы ағындарын бақылауды күшейтеді, бұл елдің қаржылық және экономикалық қауіпсіздігін нығайтады. Қысқаша айтқанда, жаппай декларациялау елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға және қоғамның мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды реформа деп есептеймін.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5196