Қаламы жорға журналист
Мақала тақырыбына қарап, Нұрмахан Оразбек тек қана журналист екен деп ойлап қалуымыз мүмкін.
Алайда ол кісі – жақсы жазушы да. Бір қызығы, Нұрмахан Оразбек, кезінде Саттар Ерубаев қызмет еткен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан»(бұрынғы «Қазақстан пролетариаты») газетінде бас редактор болған және Саттар қайтыс болған 1937 жылдың 1 желтоқсанында, Түркістан облысының Түркістан ауданындағы Қандөз ауылында дүниеге келген. Шорнақ ауылындағы орта мектепті бітірген. Н.Оразбектің Қандөзде туылып, Шорнақта мектеп бітіруінің себебі: әкесі бұл туғанда Орынбор-Ташкент теміржолының Шорнақ тұсындағы №31 разъезінде, қатынап қара жұмысшы болып істейді екен. Содан отыз сегізінші жылы үйін сол Шорнаққа көшіріп әкетіпті.
Нұрмахан аға 1955-1957 жылдары Алматы облысындағы «Іле» кеңшарында, Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатында жұмыс істеген. 1958-1962 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факултетін бітірген.
Еңбек жолын 1962-1973 жылдары Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде бастаған ол, Түркістан облысының Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газеттерінде, «Лениншіл жаста»(қазіргі «Жас Алашта»), Қазақстан Жастар одағының Орталық Комитетінде, «Социалистік Қазақстан»(қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, Партия тарихы институтында әртүрлі қызметтер атқарған.
1974 жылы Қазақ ақпарат агенттігіне (ҚазТАГ) бас редактор, 1982 жылы директордың орынбасары болып тағайындалды. 1988-1991 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Баспасөз министрлігінің мерзімді баспасөз бас басқармасының бастығы, ағылшын тілінде шыққан республикалық «Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1995 жылдан «Қазақстан» баспасының директоры, сонымен бір мезгілде 2000-2002 жылдары республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. Бұдан соң «Қазақстан» баспа үйі» серіктестігінің директоры болды. Ол «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы болып тұрған кезінде, сол замандағы коммунистік партияның ұраны «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран сөзді алып тастап, оның орнын «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген қазақтың нақыл сөзімен алмастырды.
«Қарсыбай Сыпатаев», «Құрбанбай Ырысбеков», «Капитал қамалындағы 18 күн», «Қасиеттісің, сен Отан!», «Қағажу көрген өмірден», «Бар айласы – бас пайдасы», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы», «Шапық Шөкин» атты кітаптары жарық көрген. Атақты Оксфорд университетінің «Саясаттану», «Әлеуметтану» түсіндірме сөздіктерін түпнұсқадан аударған.
Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Н.Оразбектің қызметінің көпшілігі газет-журналдармен тікелей қатысты болғандықтан, тақырыпты «Қаламы жорға журналист» деп алған едік. Ал шын мәніндегі жазушы, журналист, баспагер, аудармашы - Н.Оразбек 2015 жылы 9 желтоқсанда Алматыда дүниеден озды.
Н.Оразбектің еліне жасаған ересен еңбегі елеп-ескеріліп, «Қазақ КСР-нің Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» құрметті атағымен, КСРО-ның «Еңбек ардагері» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен, 2001 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, 2004 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, 2007 жылы «Парасат» орденімен, 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атағымен, Қазақстан Республикасының «Баспа жане полиграфия iсiнің кайраткерi» құрметті атағымен марапатталған.
«Ұлтқа қызмет қылу білімнен емес, мінезден» екенін көрсете білген білімді де мінезді тұлға Н.Оразбек жөнінде қысқаша мәлімет беру – қыруар музей ісінің құрамдас бір бөлігі ғана. Әзірге мақала мақсаты осы. Ол кісі жайлы айтылар ұзақ-сонар әңгіме мен жазылар зерттеу еңбектер алдағы күндердің еншісінде деп білеміз.
Айгүл Бақытқызы
С.Ерубаев музейінің меңгерушісі
Abai.kz