Қазақтың қазба-байлығы: Кен орындарын кімдер зерттейді?
Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстандағы жерде сирек кездесетін металдарды геологиялық барлаудың перспективалы учаскелері туралы мәлімдеді.
Ол сирек кездесетін металдар саласын дамытуға бағытталған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында 12 учаскеде іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда жерде сирек кездесетін металдар қоры шамамен 800 мың тоннаға бағаланатын Күйректікөл учаскесі учаскесінің болашағы туралы деректер бар», - деді Қанат Шарлапаев.
Сондай-ақ министрліктің мәліметінше, жерде сирек кездесетін металдарды барлауды – Cove Capital және HMS Bergbau сияқты жеке компаниялар жүргізеді.
Сонымен қатар Қанат Шарлапаев Қазақстанда геологиялық барлаудың озық әдістері белсенді енгізіліп жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, солардың бірі – аэрогеофизикалық зерттеулер, ол жер қойнауының құрылымы туралы сапалы заманауи ақпарат беретін және жер қойнауын барлауға инвестиция тарту үшін қажетті деректер көзі болып саналады. Пилоттық жоба Қазақстанның перспективалы өңірлерін, соның ішінде Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым аймағын қамтиды.
«Сондай-ақ осы жылдың мамыр айында «Тау-Кен Самұрық» пен Ivanhoe қатысуымен бірлесіп геологиялық барлау жүргізу үшін ынтымақтастық туралы келесім жасалды. Бірлескен жұмыс кезінде Қазақстанда мыс, алтын, күміс кен орындарын 1,5 км тереңдікте анықтай алатын Typhoon технологиялары пайдаланылатын болады», - деді Қанат Шарлапаев.
Жиында Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов көмірсутектер саласындағы геологиялық барлауға бағытталған инвестициялар көлемі туралы хабарлады. Ол Қазақстанның зерттелмеген немесе аз зерттелген әлеуетті ресурстарға ие екенін атап өтті.
«Биыл 2 электронды аукцион өткізіліп, 15 учаске іске асырылды. Қол қою бонусының түпкілікті көлемі 32,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде бүгінгі таңда бюджетке 9,1 млрд теңге түсті. Геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі – $82,5 млн», - деді Ерлан Ақкенженов.
Ал Ұлттық геологиялық қызметтің (ҰГҚ) төрағасы Ерлан Ғалиев салалық ақпаратты цифрландыру бойынша негізгі бастамаларды таныстырды.
Оның айтуынша, Қызмет Қазақстандағы сенімді әрі толық геологиялық-геофизикалық деректердің негізгі жеткізушісі саналады. Қажетті учаскені егжей-тегжейлі зерделеу кезінде әлеуетті жер қойнауын пайдаланушы (инвестор) зерттелетін нысанның толық бейнесін талап етеді. Мұрағаттарда сақталатын бастапқы геологиялық ақпаратты сканерлеу және цифрландыру жүргізіледі. Қорларда – қағаз материалдары, магниттік таспалар, картридждер түрінде сақталатын карталарды, графиканы және мәтіндік ақпаратты қосқанда, 4,5 млн-нан астам деректер бірлігі бар. 2023 жылдан бастап материалдардың шамамен 40%-ы цифрландырылды.
«Негізгі міндеттердің бірі – бұл деректерді машинада оқылатын форматқа түрлендіру, бұл ақпаратты біріздендіруге және стандарттауға мүмкіндік береді. Осы міндетті шешу үшін ҰГҚ бастамаларды тиімді іске асырудың БАӘ тәжірибесі бойынша инновациялық тәсілдері енгізілген «Үкіметтік акселераторлар» бағдарламасына қатысады. Біздің қысқа мерзімді жобамызда 100 күннің ішінде негізгі бастамалар іске асырылатын болады», - деп атап өтті Ерлан Ғалиев.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бүгінгі таңда 2,5 млн деректер цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл жұмыс жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы күшейтіледі. Келесі жылдың соңына дейін тағы 1,5 млн деректерді цифрландыру жоспарлануда. Бүкіл процесті 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау күтіліп отыр. Бүгінгі таңда зерттелген жер қойнауының ауданы 2 млн м² дейін жеткізілді. Шет елдердің геологиялық қызметтерімен Шығыс Қазақстанда минералдық ресурстардың перспективалы кен орындарын бірлесіп іздестіру жүргізілуде. Көмірсутек шикізаты саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және күрделі кен орындарын геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасауға бағытталған Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігі енгізілді. Бұл орайда 12 учаскеде мемлекет қаржысы есебінен жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Әсіресе литийге деген сұраныс ерекше. Оны іздестіру жұмыстары Баянкөл өңірінің, Арал–Каспий аумағының маңында жүргізіліп жатыр. Биыл шамамен 1 млн шаршы шақырым аумақта пайдалы қатты қазбаларды барлау алаңдары ашылды. Бұл Riotinto, Fortescue, Arras Minerals сияқты және басқа да ірі халықаралық компанияларды тартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар металдардың жекелеген түрлерінің қорлары бойынша елдің жетекші позициясына қарамастан, қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутектер қорларын кеңейту бойынша іздестіру жұмыстарының белсенділігі төмен екені атап өтілді.
«Қолда бар жұмыс тәсілдерін өзгерту керек. Минералдық-шикізат базасын ұтымды әрі тиімді пайдалануға және жаңа кен орындарын игеруге бағытталған мемлекеттік саясатты әзірлеп, оны нақты іске асыру керек. Бүгінде пайдалы қазбалардың сапалық құрамы төмендеп барады. Бұл осы салаға көлемді қаражат тартуды және кен өндіру мен тазартудың жаңа технологияларын әзірлеуді талап етеді. Яғни инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылдап, жеңілдіктерді қарастыру керек», - деп атап өтті Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Abai.kz