Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Күбіртке 1847 2 пікір 5 Желтоқсан, 2024 сағат 15:42

Халық үніне құлақ асар күн қайда?!...

Сурет: 7-su.kz сайтынан алынды.

«Менен кейін тіпті жаман болады...» деген еді. Кеткен кісі. Кеткен кісі өз билігінің жеке әулетіне қаншалықты оңтайлы, халыққа қаншалықты опасыз болғанын білді, әрине. Бірақ, келер биліктің бұдан да нашар болатынын әулиедей болжап кеткенге ұқсайды...

Адам атаулы келер күнге деген үмітпен өмір сүретіні – заңдылық. Кеткен кісінің тәрбиесін көргенін, тәлімін алғанын, соның пәрменімен билікке келгенін білсек те, келген кісіден көп үміт күткеніміз рас. Астананың атын қайтарғанда, Ата заңымызға өзгеріс енгізгенде «а-құдайлап» қуанғанымызды несіне жасырамыз. Әлемдік деңгейде қызмет жасап, халықаралық дипломатияның жілігін шаққан, бірнеше тілді еркін меңгеріп, аузы дуалы айтулы тұлғаралмен дәмдес-пікірлес болған қаламгердің баласы ғасырлар бойы тағдыр тауқыметін тартып, қасірет көрген халқына тіреу болар, азаттық пен ақиқаттың ақ жолына апарар деп жорамалдаған едік. Жыл сайынғы жолдауларына демімізді алмай сүйсіне құлақ түріп, құрылтайларда ұлтты ұйыстыру жайлы айтқандарын құран сөзіндей тамсана тыңдап келе жатқанымыз да ақиқат. Алайда...

... Алайда, сөз бен істің қабыспай жатқанын көру үшін әулие болудың қажеті жоқ шығар. Халық күн өткен сайын кедейленіп, тұрмыс тауқыметі қарапайым адамдарды қажытып тастағанын кімнен, несіне жасырамыз?! Билік өзі ойдан шығарып алған «қиял әлемінде» өмір сүріп, ал қараша жұрт кімнен қолдау табарын білмей, аңырап қалғаны – бүгінгі күннің ақиқаты.

Өзгесін қоя тұрып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген құран сөзіндей әуезді тіркеске келейікші. Кім шығарса да – көңілге қонымды, құлаққа жағымды, қара тасты да жібітер сөз емес пе?! «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деген жалпылама ұғымнан көрі бізге жақынырақ, күнелікті тірлігімізде көмек болар ұтымды ұран екен деп жұртшылықпен бірге қуандық. Үмітіміздің пілтесіне тың леп келгендей күй кештік. «Е, бәсе! Солай болса керек-ті!» – деп жүрегіміз лүпіл қақты. Алайда, содан бері халықтық бастамаларға, жұртшылықтың жанайқайына құлақ түріп, мәселені көптің пайдасына шешкен билікті көре алмадық. Көрмедік.

Мәселен, ел ішінде ең көп талқыға салынып, қарапайым тұрғындардың наразылығын тудырған «Утильсбор» деген негізсіз салықтың немен аяқталғанын баршаларыңыз жақсы білесіздер. «Жоқ! Алынбайды!» – деді «халық үніне құлақ асатын» билік. Шенділер әрбір бес қазақтың төртеуі қарызға белшесінен батып, тапқан-таянғаны сол көлікті алу үшін рәсімдеген несиесін төлеуден аспай жатқанына, миллиондаған отбасы бір жалақыдан екінші жалақыға дейін ілдалдалап күн көріп жүргеніне пысқырған да жоқ.  Кезінде бір әулеттің қалтасын қампайтуға жұмыс жасаған құйтырқы тәсіл, алда да монополистердің мүддесіне қызмет ете беретін болады! Сорлаған халық сол сорлаған қалпы. «Ал, не істейсің?! Қыларыңды қылып ал!» – дегендей кейіпті көрдік!

«Айдалада жатқан құйрық. Бұл не деген батпан құйрық» деуші едік бала кезімізде бір жайға таң қалғанда. Бұл жолы жоғарыда отырған бір «данышпанның» басына Қазақстанның барлық аймақтарында сағат тілін бірдей ету туралы «ғажап» идея келе қалыпты. Айтылды – жасалынды! Бұл қалай болар екен дедік, әуеліде. Көп ұзамай-ақ бұл бастаманың көптеген «әттеген-айлары» бар екені байқалды. Бұрындары кешкісін жұмыстан келгеннен кейін бір-ер сағат ауладағы шаруаларын бітіріп, бау-бақшаларын реттеп алатын тұрғындар енді іңір ерте түсетіндіктен қимылдай алмай қалды. Көшелер мен кеңселерде, тұрғын үйлерде жарық ерте жағылып, мемлекет қалтасына қажетсіз салмақ салынатыны өз алдына бөлек әңгіме. Ол-ол ма, түнгі төрттер шамасында таң атып кететіндіктен, жарықта жатып үйренбеген ағайындар  ерте оянып алып, айкезбедей (лунатик) бөлмелерді аралап жүретін әдет шығарып алыпты дейді білетіндер. Еліміздің шығысын мекендейтін бір қауым ел қысқы күннің қысқаруына байланысты шаңқай түсте кеш батып кетеді деп байбаламға салып жатыр. Таяуда бір топ Мәжіліс депутатының осыған байланысты мәлімдеме жасағанын көзіміз шалды. Сағат тілінің бірегейленуіне қарсылық танытқан дауыстар еліміздің әр шалғайынан естіліп жатыр. «Жоқ! Болмайды!» деді таяуда биліктегі жауапты лауазым иелері.

Қазақстанда зейнет жасының ұлғаюына байланысты мәселе көтерілгенде бір жас министріміз «патамушта... патамушта...» деп әбден күлкіге қалғанын көріп едік. Ал, мыналар, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Бір сағат артық ұйықтайсыңдар...» – дегеннен жаңылар емес. «Ой, ағайын, қажет болса ертерек жатып, ұйқымызды қандырып аламыз ғой, сағат тілін тіршілігімізге тиімді етіп, кері қайтарыңдаршы?!» – деген халықтың жанайқайын құлақтарына іліп жатқан билікті байқамадық. «Ал, не істейсің?! Қыларыңды қылып ал!» – дегендей тағы да...

Мәдениет – мәжбүрлеуден қалыптасып, уақыт өте келе өмір сүру дәстүріне айналатынын баршамыз білеміз. Осы орайда, жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерге, қоғамдық орында шылым шеккен, біреуді балағаттаған,  жерге түкірген азаматтарға айыппұл салу – санаға сиятын әрекет. Алайда, жүгенсіздерді жауапқа тартудың осы түрін бюджетке қаражат түсіру құралына айналдырып, аттап басқаның үшін айыппұл төлеу белең алып бара жатқандай! Алматыда автокөлікпен көшеге шыққан сайын айыппұл арқалап келетін болғанбыз. Бұған биліктің берер жауабы біреу ғана: «Жол жүру ережесін бұзба, сонда қалтаңа да салмақ түспейді!» Солайы солай ғой, алайда, мұндағы қайшыласқан көлік пен кептелістерде жаза баспай, жаңылмай жүрудің өзі бір қиямет. Әсіресе, көру-есту қабілеттері бәсеңсіп, тез шешім қабылдау, шалт қимылдау әрекеттері баяулаған жасы ұлғайған жандар үшін күн сайын жаңадан қойылып жатқан бейнебақылау камераларына түспей жүру – сол қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей болып барады. Ал, келер жылдан бастап айыппұлдың құны еселеп артатыны тіршілік атаулыдан түңілдіре түсуде. «Айналайындар-ау, ендігі тірі жүргеніміз үшін де айыппұл төлейтін шығармыз?!» – деген жұртшылықтың жанайқайы тағы да ескерусіз қалуда.

Бұл жазбамызда біз халық арасында жиі айтылып жүрген, күнделікті тірлігімізге қатысты кейбір мәселелерді ғана сөз еттік. Ал, мемлекеттік тілдің мүшкіл күйі, ұлттық идеологияның жұтаң жағдайы, тіршіліктің барлық салаларына меңдеп еніп алған жемқорлық,теңгенің құнсыздануы мен бағаның шарықтап өсуі, қарапайым адамды былай қойғанда, танымал тұлғалардың өздері аса мәртебелі әкімдердің алдына кіре алмай жүргендігі – жеке тақырыпқа жүк болар дүние.

Соңынан айтарымыз, халық жалаң ұрандар мен жылтыр сөздерді жалау етіп, жалпы жұртты мазаққа айналдыру аяқталатын, биліктің шын мәнінде халық үніне құлақ асатын заманды сарыла күтіп жүр. Кеудеміздегі үміт оты талмаусырап жануда. Айналайын, билік, соны өшіріп алмаңдаршы?!

Қуат Қайранбаев

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961