Жұманғарин: Фермерлерге бөлінетін қаражы артады!
Келер жылдары фермерлерге бөлінетін несие 1,5 трлн теңгеге жеткізіледі. Бұл туралы елордада «Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі» тақырыбында өтіп жатқан парламенттік тыңдауда Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мәлім етті.
- Азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі аспектілері «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңда көрсетілген және мемлекеттің халықты сапалы және қауіпсіз азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету қабілетімен айқындалады. Бұл ретте елдің азық-түлік тәуелсіздігі халықтың жылдық тұтыну қажеттілігінің кемінде 80 пайызының өз өндірісі есебінен қамтамасыз ету арқылы жүзеге асады. Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенде зор әлеуетке ие. 27,1 млн га егістік және 183,2 млн га жайылымды қоса алғанда, барлығы 219 млн га ауыл шаруашылығы жері бар өңірдің аграрлық секторындағы көшбасшы саналады. Жыл сайын елімізде 18 млн тоннадан астам астық өндіріліп, оның 7 млн тоннадан астамы экспортталады, сондай-ақ 1 млн тоннаға жуық ет өндіріледі», - деді С. Жұманғарин.
Оның айтуынша, еліміз ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен 80%-дан 100%-ға дейінгі қамтамасыз етеді. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн – бұлардың барлығы ішкі нарық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті көлемде өндіріледі.
- Алайда бірқатар тауар бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр (құс еті – 73%, шұжық өнімдері – 60%, балық – 54%, ірімшік және сүзбе – 57%, қант – 42%). Бұл мәселе бізге белгілі және оны шешу мақсатында сүт тауарлы фермаларды, өңдеу кәсіпорындарын, құс фабрикаларын салу бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері енгізіліп отыр, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, Үкімет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге несие бөлу процесін пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудың күрделі схемасынан бас тарту арқылы жетілдіріп жатыр.
- Енді фермерлер көктемгі дала жұмыстары мен егін жинау үшін 5% төмендетілген мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген кредиттер ала алады. Мұндай кредиттің көлемі алғаш рет 580 млрд теңгеден асты (бұған дейін 180 млрд теңге), ал болашақта бұл көрсеткішті 1,5 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген кредит беруді биыл қарашаның соңында бастадық, бұл фермерлерге жанармай, қосалқы бөлшектер және басқа да қажет ресурстарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді, - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Abai.kz