Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Бәрекелді! 1128 18 пікір 6 Желтоқсан, 2024 сағат 14:02

Қазақтың «Бетарашын» енді ЮНЕСКО қорғайды!

Суреттер: ulysmedia.kz, euronews.com сайттарынан алынды.

СҮЙІНШІ, ҚАЗАҚТЫҢ «БЕТАШАР» ДӘСТҮРІ ЮНЕСКОНЫҢ «МӘДЕНИ МҰРАЛАР» ТІЗІМІНДЕ!

Иә, бұл керемет жаңалық!

«Беташар» дәстүрінің ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізілуі – қазақ халқының рухани құндылықтарының халықаралық деңгейде мойындалғанының жарқын мысалы.

Беташар – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі, ол жаңа түскен келіннің бетін ашып, оны жаңа отбасы мен қоғамға таныстыру рәсімі. Бұл дәстүр көбінесе ақын-жыраулардың немесе салт-жоралғыны жақсы білетін адамдардың қатысуымен өткізіледі. Дәстүр барысында келінге жаңа әулеттегі міндеттері айтылып, оған ізгі тілектер тілінеді.

Беташар кезінде бүкіл қауым қосылып «жар‑жар» айтады. Қазақта ерлі‑зайыптылар атауы неше түрлі түрленіп айтылады. Мәселен, «Қосағыңмен қоса ағар» деген батада «қосақ» сөзі қолданылады. Неге десеңіз, қазақ көшіп‑қонып өмір сүрген, онымен қатар, қазақ халқы жаугерлік заманға да жиі ұшыраған. Сондықтан, әрбір қазақ жігіті үйінде жараулы ат ұстап, «жау келді» деген хабар келгенде атқа қонуды өз  міндеті санаған. Сол кезде, жорық ұзаққа созылатынын, не барар жер шалғайлығын ескерген ел, жорыққа аттанған ұландарына белі бос бір ат жетектеткен. Оны қазақ «қосақ» деп атаған. Қосақ ат – оны жолда қалдырмаған, өз аты шаршағанда ауысып мініп, жетер жеріне жеткізген...

Міне сол «қосақ» аты жаңа үйленген жастарға да қатысты бата түрінде айтылған: «Қосағыңмен қоса ағар» ‑ деп, яғни, ұзақ өмір жолында, шаңырақ көтерген екі жас бір‑біріңе демеу болыңдар дегені...

Одан әрі «бір‑біріңе жар болыңдар» деп «жар‑жар» айтқан. Яғни, өмірдің небір қиыншылықтарында біріңе•бірің арқа сүйер ЖАР болып, одан аман‑есен өтіңдер деп...

Одан әрі, қазақ  жаңа түскен келінге «жұбайы» деп айдар таққан. Яғни, ол бойынша «ер жігіттің бір басы екеу болып, отау көтеріп – жұпталды» деген мағынаны білдірген...

Міне, осындай астарлы да терең мағыналы қазақ даналығының бастауы – үйге түскен келіннің беташарынан бастау алып отырған. Келіннің бетін ашу ауылдағы сыйлы жеңгелеріне, (олар да келіндер), қадірлі От Аналарға міндеттелетін болған.

Сонымен бірге, «Беташар» жаңа түскен келінге бүкіл әулетті таныстырудың құралды болды. Осы беташар кезінде әулеттегі және ауылдағы адамдарды келінге «таныстыру» рәсімі қоса жүреді. Мәселен, «мынау қайнағаң, шалқыған бай ағаң», «мынау қайның болады, ертең іздеріңді басып атқа қонады» т.т. дегендей ұйқасты сөздермен айтылған...

Соңыра келінге ауыл болып бата беріп, өміріне қуаныш, отбасына үбірлі‑шүбірлі болуды тілеген...

Беташардан кейін, «беті ашылған» келін, осы ауылдың, осы әулеттің бір мүшесі ретінде саналатын болған. Одан кейін, келіннің тағдыры да тек осы әулетпен байланысты болуы да «Беташардан» басталған.

Міне, енді ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген бұл тамаша дәстүріміз қазақ халқының мәдени байлығы мен рухани ерекшелігін бүкіл әлемге паш ететін болды. Бұл жаңалық біздің халқымыз үшін ұлттық дәстүрлерімізді сақтап, оларды болашақ ұрпаққа жеткізуде үлкен маңызға ие.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1976