Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Министрдің назарына: 3506 7 пікір 6 Желтоқсан, 2024 сағат 17:58

Төрт қолбасшылыққа төрт батырдың аты лайық!

Сурет: Т.Смағұловтың мұрағатынан және wikipedia.org сайтынан алынды.

Бүгінгі қолыма қалам алған себебім - ақын, ҚР жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, ұстазым Ахмет Кендірбекұлы қоңырау шалды.

«Бауырым елдің сұрауымен Қабанбай батыр туралы кітап жазайын деп едім, сен көп жылдар бойы әскери салада қызмет істеп едің... Қабанбай батыр атында әскери бөлімше, орден, төсбелгілер бар ма? Біліп, маған хабарласшы», - деген еді.

Мен әскери жолдастарыма, шәкірттеріме қоңырау шала бастадым. Қабанбай батыр атында мемлекеттік орден, төсбелгілер жоқ екен. Әскери бөлімшелер де жоқ. Біраз уақыт өткеннен кейін, ауған соғыс ардагері, подполковник Баймулдинов Серікбай хабарласып: «Осыдан он-он бес жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының Аякөз қаласындағы дивизияға Қабанбай батыр аты берілген, қазір бар ма, жоқ па білмеймін», - деді.

Осыдан кейін маған бір ұсыныс ой келді

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде төрт өңірлік қолбасшылық бар:

- «Астана ӨК»;

- «Шығыс ӨҚ»;

- «Оңтүстік ӨҚ»;

- «Батыс ӨҚ».

Осы өңірлік қолбасшылыққа батырлардың атын берсе жөн болар еді.

Әр өңірдің елін-жерін қорғап, бүгінгі күнге жеткізген батырлары бар. Соларды зерттеп-зерделеп, сол батырлардың атын берсе құба-құп болар еді. Әлемде жер көлемінен 9-шы орын алатын жерімізді қорғап, бүгінгі ұрпақтарына жеткізген - батырларымыздың арқасы.

Мысалы: «Шығыс өңірлік» қолбасшылығына Қабанбай батыр бабамыздың атын беріп, сол өңірдің әскери саласында үлгілі жоғарғы көрсеткіштер көрсетіп жүрген сарбаздарды өңірлік Қабанбай батыр атындағы төсбелгімен марапаттап, ынталандырса деген ой пікірімді жолдағым келіп отыр. Өйткені осы шығыс жерін қорғап қалған Қабанбай батыр. Сондықтан, жерімізді қорғаған батыр бабамыздың атын әскери салада да насихаттап, шығарсақ деген ойымды айтқым келеді.

Өйткені әскери саланың басты міндеті - елін, жерін қорғау!

Ауданның, ауылдың, көшенің атын берген дұрыс. Дегенмен әскери өңірлерді батырлардың атымен атау маңызды!

Бұрын жауға шапқан кезде «Абылайлап», батырларының атын атап, рухтанып жауға шапқан! Батырлардың аты әскери қатарда қызмет етіп жүрген сарбаздарға рух, жігер беретіні сөзсіз.

Бұл біріншіден - қазақ тарихындағы батырларды дәріптеу болса, екіншіден - өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде маңызы зор!

Сәуірдің соңында Парламент депутаттары «Айбын» орденінің үш дәрежесіне қазақтың үш батырының есімін беруге қатысты заңға өзгерістер енгізуді мақұлдады.

«Айбын» орденінің I-ші дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі, II-ші дәрежесіне Бауыржан Момышұлы, III-ші дәрежесіне Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілгенін қуанышпен қолдап едік. Ер есімі әрқашан ел есінде болу керек!

2010 жылы маған бір тілші келіп: «Аға мен «Аңыз адам» журналының тілшісі едім. Келесі нөмірімізді батыр Бауыржан Момышұлына арнайық деп, материал жинап жүр едік. Сіз көп жылдар бойы Б.Момышұлы мектебінде жұмыс атқарып жүрсіз. Сол кісі жайында сізден сұхбат алайық деп келдік», - деп қолқа салған.

Мен оған қуана-қуана келістім. «Аға қалай ойлайсыз, батыр атамыз Б.Момышұлы бүгінге дейін халық арасында өзінің орнын алды ма» деген сұрағына: «Жоқ», - деген жауап бердім.

«Себебі: Еліміздің ең үлкен қаласы Алматыда соғыс батырларына арналған 28-Панфиловшылар паркінде Кеңес одағының батыры Б.Момышұлының ескерткіші түгілі, бюсті де қойылмаған. Б.Момышұлын «Халық қаһарманы» деп халық айтқанымен, Халық қаһарманы атағын бүгінгі күнге дейін алған жоқ», - деп жауап берген едім.

Бұл сұхбат Б.Момышұлы туралы «Аңыз адам» журналы №19 нөмірінде суретіммен қосып жариялаған. Бір жыл өткеннен кейін парктың кіре берісіне толық бойымен Б.Момышұлының ескерткіші қойылды. Осы ескерткіштің орнатылуына басты себепші болған марқұм Бауыржантанушы, әскери ғылымының профессоры полковник Серікбаев Ким Серікбайұлы болатын. Осы ескерткіштің жанынан өткен сайын бойыма батылдық пен жігер аламын. Өйткені осы ескерткіштің тұруына өзім де себепші болдым деп ойлаймын.

Еліміз, жеріміз үшін шейіт болған батыр бабаларымыз бен аталарымызды ұмытпауымыз керек және өскелең ұрпақтарымызға патриоттық рухты тәлім-тәрбие беруде батырларымыздың атын беріп, ескерткіш қоюға міндеттіміз деп ойымды аяқтаймын.

Төкен Смағұлов,

ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Айбын» орденінің иегері ҚР ҚК ардагері 

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048