Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Желтоқсан жаңғырығы 1789 4 пікір 10 Желтоқсан, 2024 сағат 15:01

Желтоқсан көтерілісі: Бүгінгі қазақ жастары не біледі?

Суреттер: e-history.kz, wikipedia.org сайттарынан және спикерлерден алынды.

Желтоқсан көтерілісі - 1986 жылы желтоқсанда Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы шыққан ұлт- азаттық көтерілісі ретінде тарихта қалды. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға. Қазақ жастарының сол жолғы бас көтеруі – Кеңес Одағының ыдырауына және Қазақстанның тәуелсіздік жолында жасаған маңызды қадамдарының бірі болды.

Желтоқсан көтерілісі туралы бүгінгі қазақ жастары не біледі? Біз сұрау салдық, сауалнама жасадық…


Асылбек Алмас, студент:

– Менің ойымша, қазіргі қоғамда жастар арасында «желтоқсан»  сөзін тек «жаңа жыл» мерекесінде  ғана қолданатындай көрінеді. Қатарлас, бір арнада жүрген дос-жарандардың қыс мезгілі басталса батыс өркениетіне еліктеп, сауық-сайран құрып кететіні көңілге қаяу салатыны өтірік емес. Бірақ, кешегі ұлт абыройы жолында шейіт болған боздақтарды есіркеп, елеп жүретіндері де баршылық. 1986 жылдың 16-желтоқсанында біздің аға-әпкелеріміз бас көтермегенде бүгінгі жағдайымыздың қандай боларын ойлау қиын-ақ. Сол үшін «Желтоқсан оқиғасының» маңызы зор, құнды екенін білу біз үшін, жастар үшін маңызды.

Небәрі 3-ақ күнге созылған көтерілісте 200-ге жуық адам қайтыс болып, 200-ден астам жан ауыр жараланған деседі. КСРО IIM-нің бұйрығы негізінде «Құйын-86» операциясын қолдану арқылы ереуілшілерді жаппай басып, жаншыған болатын. Сол уақытта аяушылықты білмейтін лагер тұтқындарын әскер қатарына қосып, қарусыз, қауқарсыз тұрған қара халықтың төбесіне әңгір таяқ ойнатқанын бірі білсе, бірі біле бермес. Көтеріліске қатысқандарды жазалау нәтижесінде 1000-нан аса адам тұтқындалып, 264 студентті оқудан шығарғаны тарихтан мәлім. Бірақ, бұл цифрлар әлі де қайта қаралып, жіті зерттемелерден өтуі керек деп ойлаймын.

Қаншама уақыт бойы таусылып күткен тәуелсіздігімізді бүгінгі күні лайықты түрде бағалап жатқан жоқпыз. Оның бірден-бір дәлелі «Тәуелсіздік» күнін жоғары деңгейде атап өте алмауымыз. Иә, біз өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет шығармыз. Алайда, қиын-қыстау заманда өз еліне қорған бола білген батыр ұл-қыздарымызды өзімізге үлгі-өнеге ретінде әлі қалыптастыра қоймағанбыз. Бұл ащы болса да шындық. Менің замандастарым, жастар осы жолда еңбек ету керек деп ойлаймын.

Дүйсен Қарақат, студент:

– «Желтоқсан көтерілісі» – қазақ халқының тарихындағы ең маңызды әрі бетбұрысты оқиғалардың бірі. 1986 жылғы 16-желтоқсан күні Алматының орталық алаңына жиналған жастар Кеңес Одағының әділетсіз саясатына қарсылық білдіріп, қазақ ұлтының құқығын қорғауға шықты. Бұл көтеріліс тәуелсіздікке жету жолындағы алғашқы батыл қадамдардың бірі еді.

Мен үшін «Желтоқсан оқиғасының» мәні өте терең. Қазақ жастары ол кезде өз өмірлерін, болашағын қатерге тігіп, әділетсіздікке қарсы күресті. Әсіресе, Мәскеудің Қазақстанға жаңа басшы етіп Геннадий Колбинді тағайындауы – халықтың ұлттық намысына тиген ауыр соққы болды. Себебі бұл шешім жергілікті халықтың пікірімен санаспай, қазақтың өз ішінен шыққан жетекшіні тағайындау мүмкіндігін елемей қабылданды. Мұндай жағдай ұлттың намысын оятып, жастарды батыл әрекетке итермеледі.

«Желтоқсан көтерілісі» – тек өткеннің тарихы емес, бүгінгі ұрпаққа берілген үлкен сабақ. Ол бізге ұлттық намыстың, бірліктің, және әділдікке деген ұмтылыстың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазіргі таңда бізде еркін білім алып, өз ойымызды ашық айту мүмкіндігі бар. Бірақ бұл тәуелсіздік бізге өздігінен келе салған жоқ. Сол жылдары алаңға шыққан жастардың ерлігі мен батылдығы арқасында қол жеткіздік.

Аружан Вахапова:

– «Желтоқсан оқиғасындағы» жастардың басты талабы – әділеттілік пен ұлттық қадір-қасиетті сақтау – қазіргі саяси шешімдермен тікелей байланысты. Сол уақыттағы жастардың батылдығы бізге өз құқығымызды қорғауды және ұлттық мүддені әрдайым алдыңғы орынға қоюды үйретті. Тәуелсіз қазақ жастары осы оқиғадан өз пікірін ашық айтуға, жауапкершілік алуға және қоғамдағы өзгерістерге ықпал етуге үйренуі тиіс. Ал мемлекет бұл батылдықты ескеріп, жастарға мүмкіндік беретін ашық әрі әділетті жүйе құруы керек. Бұл – Желтоқсан рухының сабақтары деп білемін.

«Желтоқсан көтерілісі» қазақ қоғамында бірнеше маңызды өзгерістерге себеп болды. Ең алдымен, ол халықтың ұлттық санасының оянуына ықпал етті. Қазақтар өз тілін, мәдениетін және тәуелсіздігін сақтап қалу үшін күресудің қаншалықты маңызды екенін түсінді. Екіншіден, бұл оқиға кеңестік биліктің әділетсіздігін ашып көрсетіп, тәуелсіздікке деген ұмтылысты күшейтті. Көтерілістен кейінгі жылдарда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының негізі қаланды.Сонымен қатар, Желтоқсан ерлігі ұрпақтарға рухани мұра болып қалды. Ол әділеттілік пен еркіндік үшін күрестің үлгісі ретінде қоғамның өз құқықтарын қорғауға деген сенімін нығайтты.

Азиат Жетібайұлы, студент:

– «Желтоқсан көтерілісіне» қатысушылардың алдында екі жол тұрды: біріншісі – үнсіз бағыну, екіншісі – өз ұлтының намысын қорғау. Олар екінші жолды таңдады. Желтоқсанның суық күндерінде алаңға шыққан мыңдаған жас тек өздерінің емес, бүкіл ұлттың құқығын қорғауды көздеді. Олардың әрекеттері халықтың жүрегіндегі еркіндік пен тәуелсіздікке деген ұмтылысты көрсетті. Алайда бұл оңайға түспеді: көптеген жастар ұсталып, қамауға алынды, қысымға ұшырады, кейбірі өмірімен қоштасты. Сол күндері көрсетілген қатыгездік тарихта мәңгі сақталып қалды.

«Желтоқсан көтерілісі» маған елге деген жауапкершілікті сезінуді, еркіндік пен әділдікті бағалауды түсіндірді. Бізге олардың ісін жалғастырып, тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қосу міндеті тұр. Бұл – сол кездегі батырлардың алдында біздің парызымыз. Сондықтан, «Желтоқсан оқиғасы» тек тарихи дата ғана емес, халқымыздың рухының мәңгі өшпейтін символы деп білемін.

Амина Сатай, студент:

– Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметінен алып, орнына қазақ халқымен байланысы жоқ Геннадий Колбинді тағайындауы халықтың наразылығын күшейтті. Бұл шешім КСРО-дағы орталық биліктің отаршылдық саясатының көрінісі болды.Сол уақытта, әлеуметтік жағдай халықты қанағаттандырмады. Нақты айтқанда, жастарының мүмкіндіктері шектеулі, білім беру мен мансаптық өсуде әділетсіздік байқалды.

«Желтоқсан көтерілісі» – бұл еркіндікке деген қазақ халқының  батыл қадамдарының бірі. Бұл оқиға тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды бетбұрыс болды. Жастардың батылдығы мен әділетсіздікке қарсы күресі ұлттың рухани жігерін оятты. Мен үшін бұл көтеріліс – ұлттың рухани тәуелсіздікке ұмтылысының символы және болашаққа бағытталған маңызды тарихи оқиға.

Көптеген қатысушылардың өмірбаяны, естеліктері мен куәліктері толық зерттеліп, жүйелеу қажет деп ойлаймын. Олар тек жеке оқиғалар емес, жалпы халықтың ұлтшылдық сезімдері мен әділетсіздікке қарсы күресін көрсетуі мүмкін. Бұл деректер қазіргі ұрпаққа сабақ болар еді.Осындай деректерді жинақтау және жүйелеу – тарихымыздың ақтаңдақ беттерін толтыруға үлкен үлес қосады. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың естеліктері мен өмір жолы тек олардың жеке тағдырлары ғана емес, сол дәуірдің рухани жағдайын, халықтың ар-намысы мен еркіндікке ұмтылысын сипаттайды.

Материалды дайындаған Аружан Байжан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1984