Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1111 0 пікір 13 Желтоқсан, 2024 сағат 13:52

Сайрамдай терең мәнді жыр

Сурет: Автордың мұрағатынан және turkystan.kz сайтынан алынды.

Осы заман Қытай қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, сонау 1944 жылдары «Үш аймақ төңкерісі» кезінде атойлап алға шығып, қазақ баспасөзі мен поэзия жанрында өз биігіне көтерілген ақын, журналист, баспагер, қоғам қайраткері Құрманәлі Оспанұлының туғанына биыл 100 жыл, ал қайтыс болғанына 25 жыл толып отыр.

Қ.Оспанұлы жарты ғасырдан аса жасампаздық барысында мыңға жуық өлең, жыр, онға жуық баллада, дастан жазып жариялайды. Ақынның «Шаттық жырлары» (1957 ж.), «Тияньшан жырлары», 1980 ж.), «Меруеттер» (1981 ж.), «Жылдар ізі» (1983 ж.), «Алуан әуендер» (1988 ж.) қатарлы жыр жинақтары ілгері-кейінді баспадан шыққан.  Оның өзге қаламгер әріптестерімен бірігіп жазған «Салиқа – Сәмен» опирасы және өзі жеке жазған «Қыз бейіті», «Таудағы қыстақ» атты сахналық туындылары бар. Көргені мен көкейге түйгені көп, ел басқарған ақын тарихи маңызы бар көптеген естелік, эсселер де жазған. Бұл еңбектері «Үш майдан» (1991 ж.), «Шіркін бұраң дүние-ай» (1999 ж.) деген атпен кітап болып шыққан. Оның өлеңдері қытай, ұйғыр, қырғыз тілдеріне, орыс, түрік шет тілдеріне аударылған.

Ақынның ғасырлық мерейтойына байланысты, Қытайдың белгілі әдебиеттанушы, сыншы Хы Лудың Қ.Оспанұлының ертеректе жазылған өлеңдеріне баға беріп жазған – «Сайрамдай терең мәнді жыр» атты сын мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.


Сайрамдай терең мәнді жыр

Құрманәлі Оспанұлы еліміздің атақты қазақ ақыны. Ол «Үш аймақ төңкерісіне» қатынасып, әр ұлт халқының азаттықты аңсаған, асқақ төңкерістік жырларын шырқады. Кейін, ақын тіпті де тасқындаған азаматтық ынтамен, ауыр жауапты әкімшілік қызметтерді үстіне жүктей жүріп, жасампаздықпен айналысып, даланың жаңа өмірін, қазақ халқының азаттығын, Іле өзені бойындағы әр ұлт халқының тату-тәтті жаңа тұрмысын барынша жырға қосты.

Алпысыншы жылдардың бас кезінде ақынның өмірінде орасан зор өзгеріс болды. Ол еріксіз күдірлі, бұралаң жолға қадам тастады. Бірақ, «дәуірдің сол шақтағы боран-шашыны» оның жасампаздығын, сахараға деген махаббатын тоқтатпады. Отанға деген, туған халқына деген адалдығына селкеу түсіре алмады. Ақын еңбектен сыртқы уақыттарында мұқият үйреніп, жасампаздыққа ұмтылып, сол бір «ерекше» кездердегі халық өмірін бейнелейтін, талай-талай өлеңдерін жазды. Алайда, алуан түрлі себептерден, сол еңбектерінің там-тұмдары ғана сақталған. «Төрт кісілік төбе» быт-шыт етілгеннен кейін, Қ.Оспанұлы жаңа өмірін бастайды. Шынжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің (Шынжаң Жазушылар одағы) орынбасар төрағасы, «Ұлттар әдебиеті» журналының редколлегия алқасы болады. Жұмысы көп, уақыты аз, қарбалас жүрседе ақынның жасампаздығы шалқыған шабытпен шарықтай түсті.

Жоғарыдағылар біздің, Құрманәлі Оспанұлның жарты ғасырға жуық өмірінде жасампаздықпен шұғылданған, басып өткен жолдарына жасаған алақандай аялымыз. Енді біз, ақынның өзінің және басқа қатысты адамдардың көмегінде, жинақ болып басылған немесе жинақ болып басылмаған әртүрлі газет-журналда жарияланған өлеңдерін оқып зерттегенімізде, ақынның жасампаздық жолын – «Үш аймақ төңкерісі» мезгілі; елуінші жылдардандан тартып, алпысыншы жылдардың бас кездері; Мәдениет төңкерісінен кейінгі «Төртті осы замандандыру» реформасы кезеңі деп үш белеске бөлуге болатындығын айқын аңғарттық. Осы үш кезеңдегі поэзияның идеялдығы, көркемдігі тұтасып, жымдасып жатса да, бірақ, тарихи шарт-жағдайдың өзгешелігі, ақын өмірінің тап болған күрделі кезеңдердің өзгешелігі себепті өлең стилі жағында да өте зор парықтардың барлығы байқалады. Біз енді осы жайлы шама-шарқымызға қарай қысқаша тоқталып өтелік.

Сахара жыршысы

Құрманәлі Оспанұлы Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Кеген ауданының Тоғызбұлақ деген жерінде 1924 жылы қарапайым шауа отбасында дүниеге келген. Ол бала кезінен-ақ халық жырларына қызығып, ақындарға ілесіп, бәйіттер үйреніп, дастандарды жаттауға әуестенген. Орта мектептегі кезінде қазақтың Абай Құнанбаев бастаған классик ақындарының шығармаларын, сондай-ақ орыстың Пушкин, Лермонтов қатарлы ұлы ақындарының және әлемдік классиктердің өлеңдерін қызыға оқып, әдебиет дүниесіне қадам тастауға мықты негіз қалаған.

«Үш аймақ төңкерісі» қазақ халқының «демократиялық төңкерісінің» алғашқы передсін ашты. 1944 жылдың күзінде «толысар шағына» енді жетіп, жасы жиырмаға таяған Қ.Оспанұлы ұлт азаттық төңкеріске қатнасқаннан кейін, үкімет жағынан  Құлжада шығарылған қазақша газет-журналдардың  («Төңкеріс таңы», «Жаңа жол» , «Алға» қатарлы газет-журналдар, – ред.) редакциялық қызметіне жауапты болады да, тілшілік, редакторлық қызметтерін істейді. Бос уақыттарында поэзиямен шұғылдана бастайды. Сахарадан келген жас ақын, қазақтың ұлттық фольклорынан, дәстүрлі әдебиетінен нәр алған. Сондықтан өлеңдерінен қазақ ұлтының өлең ерекшеліктері айқын байқалады. Екпіні, ұйқастары қарапайым, тілі көркем, образдары жанды алынады. Ақындарға тән астарлы, айқын сарын аңғарылады. Мысалы, 1946 жылы мамырда жазылған «Гүлім едің», (...ға) деген өлеңінде образды теңеу ғана емес, оның үстіне қаратпалы қайталау қатарлы әдістер арқылы бақытсыз өмір көңіл күйін, бүкіл өлеңде сырлы-сымбатты сөйлемдерді қоспай-ақ қарапайым тілмен ақтарады. Және бір мысал, 1948 жылы наурызда жазған «Күле тұр...» (бұл екі өлең «Тияншан жырларында», қазақша басылуы Бейжің Ұлттар баспасы) деген өлеңін алып қарасақ, аралас буынды ырғақтар ауысып келіп кейде екпіні төмендейтін, кейде кідіріс жасайтын ұйқаспен жанды формада жазылған.

«Үш аймақ төңкерісі» кездерінде, ақынның шығармаларында, айқын төңкерістік жалынмен қарсыласуға батылдық еткен, тіпті күреске де араласып, шайқас жасайтын тивтік образдарды жаратсада, бірақ, сол образдарының дегендей, тұрманы түгел алынбағандығы, күңгірттіктің барлығы байқалады. Белгілі мағанадан айтқанда, бұл жайыт өлеңнің «құнын» да әлсіреткен. Мысалы, жоғарыда тілге алынған «Күле тұр...» өлеңінің бар-жоғы төрт шумақ, он екі жол (яғни 2-4, 2-4) лік жолдардан құралған) басқалардың оны ұқпағандығынан кемсітуге, мазақтауына жолыққан. «Ол» сол күлушігеде мазақтай күліп шынайы қоян-қолтық күресу уақтын күтеді. Бұл жайлы ақын былай жазған:

«Суалып жағы, сақалы өскен,
Жүдеулеп жүзі жарқындық өшкен.
Жағасы кірлеп, жыртылып иығы,
Қабақтан сүркей суық леп ескен;
Осы бір жанға күле қарадың,
Оны сен «Мырза» кімге баладың?!
Күлкіңе күліп қала береді ол,
Алда зор шайқас, бұраң соқпақ жол.
Осы күлкіңе күңіренбей көрші,
Майданда найза ойнатқанда қол...
Күле тұр, еркің, сенде кезегі,
Ендігі кезек бізге келеді».

Ақын тасқындаған төңкерістік ынтамен, күрескерлік сенім арқылы бір қайсар көтерілісшінің образын жасаған. Негізгі тақырыбы айқын алынған, ал осыбір қайсарда ысқақ-мазаққа төзе білген, болашақта өткір найзасын ойнатуға оңтайланып тұрған тегі кім еді? Оны мазақтап тұрған кім болды десеңші? «Оның» образына қарағанда, «ол» бір кедей, еркіндікті, азаттықты аңсаған еңбекші халық екендігі даусыз. Жәнеде...жинақтап келгенде, бұл образдағы, айқындылық ішінде сәл күңгірттік те бар. Өлең «Үш аймақ төңкерісі» басталғаннан кейін 1946 жылы жазылған, сол бір ерекше тарихи дәуірде осындай сәл болсада күңгірттік образдың айқындылық арасында сақталуынан, кейбір жаңсақ ұғымның туылуынан сақтану қиын еді. Өлеңнің негізгі мақсаты да осыдан зиян тартып жатады. Егер біз осы өлеңді, ол жазған 1957 жылғы «Жауынгер сөзі», 1960 жылғы «Көк қанжарын мықты ұстап» деген («Күркешеден күллі әлемге» қытайша басылымы 1962 жылы Жазушылар баспасында басылып шыққан) өлеңдермен салыстыратын болсақ, ақынның азаттықтан кейінгі шығармаларында жасалған сондай образдардың айқын әрі жарқын образдар екенін көруге болады. Әлгіндей болымсыз кінәраттар ақынның жас кезіндегі табыстарына нұқсан жеткізе алмайды. Өйткені, өлеңнің негізгі тақырыбы жөнінен алғанда бейнелеп отырған идеясы дұрыс. Ал, образдар жағында «кінәрат» тек көркемөнерлік жасампаздық жағындағы кемістік қана болып табылады.

Қысқасы, «Үш аймақ төңкерісі» кезіндегі Қ.Оспанұлы, өзінің жай сөзді шымырланған жырлары арқылы қазақ халқының (әрі Шынжаңдағы қалың халықтың) «Ұлттық демократиялық төңкерісі» үшін бар дауысымен үн қосқан ақын. Өзінің қайсар, күрескерлік сенімдерін кең далаға тән тыныстарымен өлеңдер жолына енгізіп, қазақ халқының жаңа поэзиясының дамуы, соны жолдарын ашу үшін ісжүзінде пайдалы ізденістерге талпынды. Бұл пайдалы іздегістерін, оның кейінгі бояуы қанық, шыншыл өлең стилінің қалыптасуында  белгілі рөл атқарды.

Ұлттар достығын жырлаған ақын егер, біз «Үш аймақ төңкерісі» кездері – Қ.Оспанұлының поэзия әлеміне қадам тастаған, қазақ халқының жаңа өлең стилін іздену мезеті болды десек, онда, жаңа Қытай мемлекетінің құрылуымен бірге, ақынның поэзия жасампаздығын да пысып кәмелетке толатын уақыттары туылды деуімізге болады.

1949 жылы жаңа коммунистік Қытай билігі дүниеге келуіне ілесіп, Құрманәлі үкімет қызметіне белсене қатысады. Ол, үгіт-насихат қызметтерімен, шұғылданып, Кейін Іле қазақ автономялы облысының басшылығына тағайындалды. Ол әкімшілік қызметін істей жүріп, арасында жамампаздықпен де шұғылданады. Осы аралықта оның поэзия жасампаздығы кемелденіп, өлеңдерінің идеялдығы мен көркемдік өресі де жоғарылады. Ол жатылған, төселген ақын болды да, елге жарамды талай-талай шығармалар жаратты.

«Күркешеден күллі әлемге» деген толғауын ақын 1950 жылы қарашада жазған. Сол кезде жиырма жастардағы Қ.Оспанұлы қазақ ұлтының ақыны сипатымен Сұң Чиліңлиң, Гоморо қатарлылармен бірге, дүниежүзі бейбітшілігі жоралары мәжілісінің Полшаның Уаршавасында өткізілген екінші реткі конференцияға қатынасты. Елге қайту жолында, ақын осы азаматтық толғауын жазады. Бұл әйгілі толғау ақынның ең алғашқы қытай тіліне аударылған жинағының да аты болды. Бұл өлең жиыны 118 жол, кіші тақырыптарға бөлінген, икемді ұйқас қолданылған, ерікті жанрлы өлең. Ақын біршама молырақ сөйлемдер арқылы аралас келетін өлең формасын қолдана отырып, Уаршавадағы айбынды жиынды, жол жөнекей көрген, білгенінін және ескі қоғам мен жаңа қоғамды, қазақ халқының өткені  мен бүгінін салыстыра, шендестіре жазады. Өлеңнің құрлысы шымыр, ойы айқын, ол толғауы «еркіндікке қанат қағып, айды айналып, күнді құшып, жұлдыздармен сырласып көк жүзінде шырқа» деп келеді. Бұл сияқты романтикалық әдіс, керемет қиялдаулар қазақ ақындарының дағдылы әдісі. Ақын оны соншама табиғи, соншама етене етіп қолданып, «Күркешеден күллі әлемге» дегендегі «әлемге» деген беталыстық сөзді айшықты етіп, айқындай түскен. Ақынының жазған таңдаулы шығармалары осымен ғана шектелмейді. «Шопан жырындағы» мал табыны ақын қаламынан соншама тамаша түс алып жазылғандығы бұған және бір мысал бола алады.

«Арадай бал жинаған бәйшешектен,
Қойларым қор жинайды шүйгін шөптен.
Аққуша көл теңізін жүзе жылжып,
Тоқтаман жерге бармай нысана еткен».

Бұлар, өлеңдегі төрт-ақ жол сөйлем. Бірақ, осы төрт жолдың өзінен-ақ көз тартқан ғажайып сурет құралған. Бұл суреттің ылди-өрі, алыс-жуығы, түгел дерлік қат-қатымен сайрап тұр. Алайда, бұл сурет емес. Қайта, көркем образды поэзия. Мұнда тыныштық билеген сахара, кең дала, сол даладағы халықтың бақытты тіршілігі жазылған.

1950 жылдардан 1960 жылдардың бас кезіне дейін, Құрманәлі мол жемісті жырларын жазды. Ол партияны, отанды, ұлттар ынтымағын жырлап қана қоймай, оның үстіне, тебіренген сезіммен қазақ халқы мекендеген сахараның гүлденуін жырлады. Оның қаламында бейнелеген «жазирада» бейне алуан түсті, көркем көріністі тамаша суреттей түр береді. Ақын:

«Тізбектелген маржандай,
Тауларыма қарашы?
Қойны толы қарағай
Бейне қолдың саласы.

...Шоқтай жайнап алуан гүл,
Желі жұпар аңқиды.
Аққу ойнап күміс көл,
Шақырады, шалқиды.

Көл жағалап жазықта,
Жылқым жатыр үйірлеп.
Құлындары құйынша,
Салады ойнақ дүбірлеп», – деп жазады.

Бұл жерде құрғақ, сылдыр сарын жоқ, жалтылдаған артық әшекейлі сөз де жоқ. Тек бірқанша нақтылы жағдай мен табиғат көрінісі ғана жазылған. Әрі әсерлі, әрі тынысты. көрікті де мағаналы. Біздің көз алдымызға, бейғам, тыныш, әдемі, бейне құлындай ойнақы, сүйкімді қазақ сахарасы шыға келеді.

Рас, қазақ ұлтының жері шынында көркем, шынында көз татарлық сұлу. Алайда, ақын қаламында жаңадан туылған, суретелген қазақ сахарасы көз тұндырарлық әдемі ғана емес, оның үстіне исі аңқыған қымыздай, оқырмандарын қазақ халқының бақытты, көңілді, ақкөңіл сезіміне бөлейді.

Ақын отанын, туған халқын қызу сүйеді. Сондықтан ақынның жүрегі өзі туған сахарасы мен қазақ халқы деп соғады. Сондықтан оның шығармаларының көпшілігі сахараны тақырып етеді. Сондықтан да:

«Батырдың кең жүрегі сияқтанып,
Туған жер тұр далада орын алып.
Мен ауылды сүйемін,
о, ауылым!
Басам алға сеніммен қанат қағып», – деп жырлайды.

Сайып келгенде, Қ.Оспанұлы, өмірге терең араласып, поэзия жасампаздығы жағынан күн сайын толысып, адамды әсерлендіретін көптеген өлеңдер жазып өмірді күйледі. Сонымен бірге жасампаздық барысыда барған сайын біршама жүйелі поэзия жасампаздығының нәзариясын қазақ халқы өлеңдерінің эстетикалық көзқарастарын қортындылады.

Мәдениет төңкерісінің соңғы кездерінде, сондай-ақ Қытайға лаң салған «Төрт кісілік төбе» быт-шыт етілгеннен кейін ақын: «Өлең жазу – «ақын» деген атақтың тажысын кию үшін емес, қайта халықтың жүрек үні, дәуірдің қан тамыры, күрестің қаруы» деп талай рет қалам тербетті. Қ.Оспанұлының өлеңдеріне қарасақ та, дәл осындай екеніне көз жеткіземіз. Ол сол дәуірдегі халықтың өмірін, идеялық сезімін шынайы бейнелеген.  Өлеңдері айтса айтқандай дәл сондай болғандықтан, ол қазақ халқының ортасында өте ықпалды, дүниеге әйгілі ақын болып жетіліп шығып, әр ұлт халқының алқауына ие болды.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Шыңға шырқаған «Құрманәлі»

«Бұрын – соңды болып көрмеген», Қытай халқына қара бұлт қаптаған, сахараға қар мен зарды ала келген» зобалаң жылдарында ақын Құрмаләлі бейне үсік шалған бұлбылдай қараңғы қапасқа тасталды. Әйтсе де «Құрманәлі болғандықтан» да еліне деген сенімін және арқа сүйеуін жоғалтпады. Сондай-ақ өзінің қара ормандай қалың халқы, қазақ сахарасымен тыныстас тағдырын да үзе алмады. Күреске алу, еңбекке жегілуден басқа уақыттарында, ол, онан арман үйреніп, терең толғанып, ой желісін кемелдендіре түсті. Күрес оның еркін, жігерін шыңдап, одан ары қайсарландыра берді. «Төрт кісілік төбе» талқандалғаннан кейін, ол нық қадаммен поэзия айдына қайта оралып, «жан пернесін баса түсіп», «замана тамырына сәйкесіп» адам көңілін бауырайтын өлең жолдары арқылы әр ұлт халқының «төртті осы замандандыруға» арынаған шабытты сезімдеріне дем беріп отырды.

«Тарихта болып көрмеген» істің «шапағатында» ақын тіпті де аумақты мәселелерге кездесіп, кейбір жалған бет пердесін жыртып тастаған адамдарғада душарласты. Бұл оны бұрынғыдан ары оянуға шеберлей түсті. Сондықтан 1970 жылдардың соңғы кездерінде Қ.Оспанұлының өлеңдері және де жаңа түс алып, оның өлең техникасы жағында шыңға өрлеуін бейнеледі. Оның өлең жасампаздығындағы жаңа ерекшелігі ең алдымен қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді жазудың біршама молдығынан байқалады. Бұл сияқты шығармаларынан: «Тиянақ», «Болма құмар», «Алдым жауап», «Өзен бойындағы ойлар» қатарлылар мысал болады. Бұл туындылары талқы мақаладағы талдаудың, жорамалдаудың қортындысы да емес. Қайта жалғасты ойлар арқылы, адамдарды ойлануға жігерлендіреді. Бұл сияқты өлеңдерді белгілі тұрғыдан қарағанда қазақ халық жырларындағы «ғибраттарға» қатты ұқсайды. Онда белгілі философиялық ойлылық жатады. Мысалы, «Тиянақ» деген өлеңінде автор:

«Ес біліп, қолым тиіп ат жалына,
Өмірдің аттанғалы сапарына...
Өзімше таразылап көрдім бәрін,
Тиянақ:
Мұндай жандар қай-қашанда,
Жанынан биік ұстап келген арын.

Сондағы шын мәнінде сүйіп жаным,
Ардақтап, жете әбден аңғарғаным.
Дақ шалмас, қоспасы жоқ алтын екен,
Халыққа арнағандар бойда бәрін», – деп жырлайды.

Бұл жерде ақын, ең алдымен таптық қоғамдағы бір жалпылық құбылысты, яғни жалпы беттік заңдылықты көрсетеді. Яғни тап ұқсамағандықтан, орта ұқсамағандықтан әртүрлі заттар жөніндегі өлшем бірлігі де ұқсамайтындығын көрсетті. Ендеше не істеу керек? Ел елеңдесе еліріп, желпілдесе желігу керек пе еді! Жоқ, адамда берік сенім болу керек. Бұл, мұқияттықпен «халық үшін қызмет істеу» атап айтқанда, халық жақта тұру, халықты өлшем бірлігі ететін сенім болу керек деген сөз. Онан соң, ақын осындай берік сенімге жоғары баға береді. «Жанынан да биік», «қоспасы жоқ алтын» деп есептейді оны. Біз осынау өлең жолдарынан оқып отырған кездерімізде қазақ халқының классик ақыны Абайды еске түсіреміз. Ол жазған сол бір «ғибадатқа» жақын ғақияларды да еске аламыз. Ақын Құрманәлінің осындай типтегі шығармалары қазақтың классик өлеңдерін, араб, парстың классик өлеңдері «рубайиларды» үйренгеннен кейінгі формасын өзгертіп жаңалана барып қалыптастырған өлең өнеріндегі ең биік шырқау шыңға шығу екені күмәнсіз.

«Өзен бойындағы ойлар» өзінше бір келісімдегі «филологиялық жырлар», ол «Тиянақ», «Алдым жауап» деген шығармаларына ұқсамайды. Поэзия тілімен шындықты тікелей бейнелейді, әрі ашық көркем образбен ақиқатты ортаға жайып салады. «Ойлар» төрт өлеңнен бір тізбек құраған. Әрқайсысының ой саларлық тақырыбы бар. Мысалы бірінші өлең «Осындай болса», үшінші өлең «Аңғарсақ» болып келеді. Бұл өлеңдер және төрт шумақтан тұрады. Мысал келтірейік:

«Көсіліп жатыр көк өзен,
Қадірмен қала шетінде.
Үзіліп әсте көрмеген,
Толқыны тулап бетінде.

Отырдым біршақ бойында,
Ағыны билеп жанымды.
Жып-жылы сезім бойымда,
Туыла кетті жағымды.

Екен-ау ғажап өзендер,
Тұтас былай тұрғанда.
Құрған өркен түйірлер,
Тамшының өзі шыт жаңа.

О, шіркін аулақ ширдан,
Осындай болса өлең де.
Ары асып талай қырдан,
Жалғаспай сірә өлерме?!».

Өлеңнің алдынғы үш шумағында ағынды өзен, иірімді толқын, өзеннің түбіндегі тастарды зат құбылстарын жазса, әрі тезқатар ағындағы терең тыныштықты да жазады. Қарамаққа, жәй әншейін табиғат көрінісі ғана, ештеме жоқтай, ал, шынында бұлай емес. Мұнда көптеген ойланарлық, толғандырарлық мәселелер бар. Өзен ағымында не үшін тыныштық жайлар болады. Және асыға ұмтыла лықсиды, үйіріле толқиды. Оның астында не бар? Ап-анық көрініп тұрғандай, және соншама күңгірт. Өзеннің тұнық түбінде көптеген тастарда бар. Сен анық көре аласың, алайда, анық білген жөн. Ол затында қаншалық, санап санына жетуге болмайды. Қалай дегенде де, әйтеуір саны, өте көп! Жоқ оның басқа да себептері бар. Өлеңнің ең соңғы бір шумағында, қарапайым бір «жүйе» айқындалады. Үш сөйлем өлең «үш жүйені» тиянақтандырады. Қарамаққа ерекше, еш нәрсесі жоқ, жай ғана сияқты. Алайда жете ойланса, оншалықты жеңіл-желпілі емес. Шынында да «тыныш өзен терең жерінен толқып жатады».

Осы тектес философиялы сипатындық өлеңдер – ақынның таяудан бергі поэзиялық шығармаларының негізгі тұлғасы. Саны мол, сапасы жоғары, кейбіреулері тәмсіл тәрізді. Мысалы, «...Деме» деген өлеңінде ақын:

«...Қойылмаса теңдік белгі араға,
Кім болсада қол қусырма, «хош» деме.
...Жұмсалмаса миға толы болсада,
Үрген қарын, допқа тең де бас деме», –  деп жазады.

«Төрт кісілік төбе» быт-шыт етілгеннен кейінгі Құрманәлі өлең жасампаздығының екінші ерекшелігі – қоғамдық реалдыққа барынша назар аударады. Негізгі тақырыптарды жанды, өміршең фактілер арқылы, адамға әсерлі образдар арқылы көрнекілендіруге күш салады. Бұл да оның ізденсітің, терең ойлануының жемісі. Сондай-ақ, алдыңғы кезеңдердегі поэзиялық шығармаларынан сабақ алғаннан кейінгі, сөзсіз жарыққа шыққан құбылыс. 1950 жылдардан тартып 60-жылдардың бас кезіне дейін, ақын, талай-талай кең тарқалған тамаша шығармалар жазды. Солайда кейбір қате идеялық ағымдардың ықпалы себебінен, саяси жақтағы көпірмелік әдеби шығармаға ала келді. Ол көзді жұмып тұрып-ақ «барлық жерде домналар, ұшырды болат жұлдызын» деп жазып, сол бір қалыпсыз, науқаншылықтың әсерінен «барынша істеу, жапалы істеуді» жырлаған еді. Ақынның 1978 жылғы 3-жалпы мәжілістен кейінгі шығармаларынан, бұл сияқты жәйіттер кезікпейді. Бұл оның саяси жақтағы кемелденуінің бейнесі ғана емес, оның көркемдік, шеберлік жетілуі жағындағы биігін де байқатады.

«Алтай жырлары» ақынның 1982 жылы Алтайды аралағанында жазылған. Мұндағы «Елітіп тәтті сезімге» деген өлеңінде, ақын жайлаудағы малшылар өмірін суреттейді:

«Біршақ тай танаулап,
Шықты алдымнан топ бала.
Қалдық үйге таяулап,
Үлкендер тұр топтана.

Жайын тауып жарастық,
Әжей шашты мол шашу.
Қуана құрт таласып,
Шалқыды күлкі, әзіл, ду».

Мұндағы қазақ малшыларының қадірлі қонақты қарсы алған кезіндегі көріністер жазылған, қонақты күту алдағы дәм-тұзды тамақтары қарамаққа жәй ғана, ақын үй ішіндегі көркем жасау, жабдықтарды жазып жатпайды. Бірақ, жыр болған майдан, орны, шынайы, өміршең тынысқа мол. Аса сән-салтанатты көрініс жоқ. Ең маңыздысы, ол қазақ малшыларының өмірін, күнделікті әдет-салттарын шыншылдықпен бейнелейді. Сондықтан да, дәл сол ортаның өзінде болғандай адамға жақын сезіледі. Бұл сияқты шығармалары өте көп, оған мысал алып отырмадық.

Осы кездердегі ақынның поэзиялық шығармаларындағы үшінші ерекшелік, тақырыбының көрнекті, айқын болуымен бейнелеу амалы жақта, бұрынғы мезеттердегі шығармалары сияқты тұтастай тікеден-тіке баяндаушылық емес, біршама астарлы келуінде. Елімізде «Өлеңнің қадірі – астарлықта» деген бір көнеден келе жатқан тәмсіл сөз бар. Мұнда қазақ ұлтының халық жырлары мен, классик ақындарының шығармаларының бәрінен де айтарлық ерекшелік көзге түседі. Қ.Оспанұлының «Қараймын мақтанышпен» деген өлеңі 1979 жылы жазылған. Онда қайта көркейіп жайнаған дала суререттеледі. Бірақ, автор сахарадағы өзгерістерді,  малшылардың шаттығын тікелей жаза салмай, қайта: «Есігін ақбоз үйдің ашып шалқақ, еркіндеп шықтым шыңға басып алшақ, жайыла жатты алдымда жасыл алқап» деп келіп, онан соң барып, көк тіреген заңғарларды, тұла бойын күш керінеген ормандарды жазады. Арындаған, тулаған өзендерді жазады. Таулардың асқарлығын, ағаштардың көкке ұмтылған асқақтығын суреттейді. Ақын бойына, «күш-қуатын, тынысын» жинақтай келіп, одан барып:

«Сүйсіне мақтанышпен қарағанда,
Толады нұр көзіме, күш бойыма.
Ұшамын айда түнеп, марыс көздеп,
Ойнатып реалға романтика», – деп түйіндейді.

Астарлылық – күңгірттік емес, күңгірттік ой-жүйенің бейтаптығынан болады. Негізгі тақырып астарлы болса, оқырман бұлттың аяғын көргендей ұғымсыз қалады. Оның есесіне, астарлық негізгі тақырыптың айқын, ашық болу шарты астында, табиғат көрінісі арқылы, сезімді жеткізудің біртүрлі әдісі. Бұл жалпыға аян. Ақынның осы кездердегі осы сияқты шығармаларында, сезімді жырлайтын өлеңдерінен басқа, заттарды жырлайтын өлеңдері де бар. Бұл арада көп тоқталмадық.

Жоғарыда біз Қ.Оспанұлының таяу уақыттардан бергі шығармаларына тоқталғанда, мәселелерді қойып жазуы көп болды дедік. Сонда оның реал өмірді жазуы өте аз ба қалай? Жоқ, олай емес. Оның таяу уақыттардан бергі өлеңдері реал өмірмен тығыз ұштасқан. Дәуір ауқымымен тіптіді қабысып жатады. Ол мал шаруашылық өңірдегі дәрігерлерін, кен іздеген қарт гиолок мамандарын ішкерілей тереңдетіп жазады. Малшылардың «Төртті осы зандандыруға» арнаған өскелең рухтарын да жазады. Бұл жақтардан ақын сол жылдардағы өршілдігін бәсейткені жоқ. Оның үстіне жырлау формасы бұрынғыға қарағанда сан-алуан, жырлары бұрынғыға қарағанда мағаналы, салмақты, әсерлі болды. Сайып келгенде, «Төрт кісілік төбе» быт-шыт етілгеннен кейін «қарттықтан қайта жасарып» поэзия жасампаздығы жағында жаңа биік шыңға көтерілді.

Жоғарыда, Қ.Оспанұлының поэзия жасампаздығымен шұғылданған қырық жылы туралы үстірт шолу жасадық. Мұнда, оның өлеңдеріне деген түсінік арқылы еңбекшіл қарапайым, қазақ халқын жақынырақ түсіну мақсат етіледі. Олардың отанға, елге деген кіршіксіз жүрегін түсіну арқылы ұлттар арасындағы ауысу-қатнасы, достықты, ілгерлету мақсат етілді. Солай болғанда да, адамның жан-дүниесін дүрліктірген сай-сүйегін сырқыратып, жанын құрта жаздаған «Тарихта болып көрмеген» апат қаламгерлерді құртты. Сондай-ақ Құрманәлінің поэзиялық шығармаларына қызығып сақтап жүрген замандас жолдастарының да барлық материалдарын қоса құртты. Тіпті автордың өзінде көне шығармалар жұрнағының да сақталмауы, жалпы шығармаларды түгел оқып, танысып шығуымызға өте зор қиыншылықтар келтірді. Бақытқа қарай, әр жақтың тырысшаңдығында, оның негізгі шығармаларын түгел дерліктей жинастырып, уақытқа, түрге бөле алдық деуімізге болады.

Осы өлеңдерден біз, ақынның еліне адал,  отанға адал, халыққа адал шынайы махаббатын байқадық. Бұл махаббатты – Сайрам көлінен де терең, мөлдір махаббат. Сол кең сахараға сай тынысты көркемдік стилдің де бар екенін негізінен байқадық. Ол стиль бейне жаңбырдан кейінгі ашылған көгілдір аспанның даласындай жаңа да жарқын стиль. Жинақтап келгенде, біз ақынның қазіргі бар шығармаларынан, оның қазақ халқының ауыз әдебиеті, қазақ халқының классик әдебиеті туралы үйренулері мен мұрагерлігін, оған қосымша құралы астарлық жағындағы алға басу сапарын да байқадық.

Бір жазушы туралы шолу жасап, баға беру оңай-оспақ іс емес, оның үстіне бұл мақаланың ақын-жазушының да сөздерінің қисынына түспеуі, алған мысалдарының айтарлықтай болмай қалуынан сақтану да қиын. Сөйтседе «алыс сапар, алғашқы қадамнан басталады ғой» менің мұным алыс сапардың ойлары ғана, түзету жәйлі пікірлер болса, өтіне талап етіп қабылдауға дайынмын.

Хы Лу

әдебиеттанушы, сыншы (ҚХР)

1984 жылы.

Қытай тілінен ықшамдап аударған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz      

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958