Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Руханият 888 0 пікір 13 Желтоқсан, 2024 сағат 14:33

«Иран конференциясы» – уақыттан тыс шығарма!

Суреттер: 98mag.kz, nege.kz, kazgazeta.kz сайттарынан алынды.

Тарихи шындықтың сахналық көрінісі: «Иран конференциясы» спектаклі

Иван Вырыпаевтың «Иран конференциясы» – өз дәуірінің бейнесін философиялық тұрғыдан суреттейтін ерекше қойылым. Көлемі жағынан шағын болғанымен, терең ойларға жетелейді.

Спектакль басталған сәттен-ақ, қарапайым жиналыс атмосферасы көрерменді тартып алады: күңгірт зал, сахнаның ортасында ақ үстел, айналасында сегіз спикер жайғасқан. Олардың әрқайсысы – әртүрлі мәдениет пен көзқарасты ұстанатын жандар. Алайда бәрінің мақсаты – адамзаттың ортақ мәселелерін талқылау.

Пьесадағы басты құрал – сөз. Қарапайым баяндамадан басталған ойлар бірте-бірте әркімнің ішкі драмасына ұласады.

Алғашқы сөзді Иранда ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген профессор Даниел Кристенсен алады. Оның баяндамасы нақты фактілерден алыстап, жеке қалауларына ойыса береді. «Соғыстың тоқтағанын, адамдардың күліп қарағанын қалаймын», - деп басталған монологы – шын мәнінде, барша адамзаттың аңсауы. Бірақ бұл жай ғана романтика емес, адамзаттың басты қайшылығының көрінісі: шынайы мәселелерді шешудің орнына, әркім өз тілегіне терең батып кетеді.

Пьесадағы әр спикер – бүкіл адамзаттың жиынтық бейнесі. Бірі Иран қоғамындағы әйелдер құқығын сөз етіп, ислам дінінің ұстанымдарын қорғауға тырысады. Екіншісі – Батыс гуманизмі мен жеке тұлғаның еркіндігін насихаттайды. Үшіншісі – терактіден зардап шеккен Сирияның ахуалын көтереді. Төртіншісі – Иранның рухани әлемін түсінуге тырысып, оның философиялық тереңдігін ашуға ұмтылады. Бірақ бәрінің сөздері ақыры шешімсіздікке тіреледі.

Көрермен ретінде бұл қойылымды көргенде, бір нәрсені анық сезесіз: Әлемді шарпыған қайшылықтардың түп тамыры – әртүрлі мәдениеттердің, идеологиялардың және көзқарастардың қақтығысында. Батыстың прогрессивті рационализмі мен Шығыстың діни дәстүршілдігі арасында көпір жоқ сияқты көрінеді. Пьесадағы пікірлердің алшақтығы дәл осыны дәлелдейді.

Алайда Вырыпаевтың идеясы осы қарама-қайшылықты көрсету ғана емес, одан шығудың жолын ұсыну. Шынайы диалогтың қажеттілігі, бір-бірін түсінуге тырысу, адамгершілікті ұмытпау – пьесаның түпкі ойы. Қойылым аяқталған соң, көрермен ретінде залдан шығып бара жатып, ішіңізде ауыр бір сұрақ қалатыны сөзсіз: «Біз, адамдар, осы қиындықтарды қалай еңсереміз? Әлде мәңгілік даумен өмір сүре береміз бе?»

«Иран конференциясы» – уақыттан тыс шығарма. Ол тек Иран қоғамын немесе халықаралық шиеленістерді ғана емес, адамзаттың болмысы мен рухани дағдарысын ашып көрсетеді. Бұл пьесаны көргеннен кейін әлемге, өз-өзіңізге, айналаңыздағы адамдарға жаңа көзқараспен қарай бастайсыз.

Айдын Азберген, Жансен Аманғали

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 2-курс студенттері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963