Даулы 20-бап: Конституциялық Сот «Әділетті Қазақстанға» қастандық жасады!
Конституциялық Соттың да әуселесі белгілі болды!
ҚР Конституциялық Сотының Төрайымы Э.Ә.Азимоваға!
Сонымен, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етеді деп, Президент өз қолымен құрған, халық сенім артқан Конституциялық Соттың да әуселесі белгілі болды.
Конституциялық Сот Конституциясының үстемдігін қамтамасыз еткені былай тұрсын, сол Конституцияға қайшы норманы өз қолымен бекітіп, Президентке қол қойдырып жібергенін көріп, төбемнен жай түскендей болдым!
Ендеше, әңгімені басынан бастайық.
Әңгіме баяғы «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабының 5) тармағы туралы.
Міне, бір жылдан асты, аталған норманың Үкімет айқындаған сегіз облыстан басқа тоғыз облыс пен Астана, Алматы, Шымкент – үш қалаға өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетін этникалық қазақтардың тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын шектеп тастағанын, оның Қазақстан Республикасының Конституциясының 21-бабына мүлде қайшы екенін тынбай айтып та, жазып та келе жатырмын.
Сөйтсек, 2023 жылдың 22 ақпанында Қазақстан Республикасының Үкіметі бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы әкімшілік реформасының мәселелері бойынша өзгерктер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (№7-11-54/4277/71) бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының түзетулеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚОРЫТЫНДЫ береді.
Ол ҚОРТЫНДЫҒА сол кездегі Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қояды.
Сол ҚОРТЫНДЫДА атышулы норманы қамтыған 20-баптың да толық жобасы Үкімет жағынан жасалып, Сенаттың қарауына келіп түседі.
Сөйтіп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылдың 14 наурызда Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында қарастырылып, комитеттің барлық мүшелерінің қолдауымен Сенаттың жалпы отырысына жіберілді.
2023 жылдың 16 наурызда Сенаттың жалпы отырысында қарастырылып, Парламент Сенатының барлық депутатары қолдап, дауыс берумен қабылданды.
Аталған Заң жобасы ары қарай Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қарауына кетеді.
Көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіген бұл Заң жобасын Конституциялық Сот (2023 жылғы 8 сәуірдегі №7 нормативтік қаулысымен): «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын», - деп қаулы етеді.
Конституциялық Соттағы бұл ҚАУЛЫНЫ қабылдауға Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының Төрағасы Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев; Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Парламент Сенатының депутаты С.Ж. Шайдаров; Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өкілі – Вице-министр Б.Б. Омарбеков; Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Вице-министр А.Қ. Мұқанова; Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің өкілі – Вице-министрлер Д.О. Темірбеков және Е.Е. Біржанов қатысыпты.
Бұл ақпаратты растайтын құжаттарды маған Сенаттың депутаты әрі Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Алдашев Сүйіндік Тасеменұлы берді.
2023 жылғы 24 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті аталған Заңға қол қояды...
Тағы да қайталап айтамын, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабының 5) тармағы Үкімет айқындаған сегіз облыстан басқа тоғыз облыс пен Астана, Алматы, Шымкент – үш қалаға өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетін этникалық қазақтардың тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын шектейді.
Бұл норма Қазақстан Республикасының Конституциясының 21-бабына мүлде қайшы!
Енді соны Конституциялық Соттың Төрағасы Э.Ә. Азимоваға түсініктірек болу үшін, мынадай қарапайым жолмен түсіндірейін:
Конституциялық Сот 2023 жылғы 8 сәуірдегі №7 нормативтік қаулысымен «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын», - деп қаулы шығарған 20-баптың 5) тармағындағы қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квотасының болмауы немесе этникалық қазақтың қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартуы – Қандас мәртебесін беруден және ұзартудан және (немесе) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден бас тарту үшін жасалған негіздердің бірі болып табылады.
Аталған норманы «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын», - деп қаулы шығарған жоғарыдағы Конституциялық Соттың судьяларының ішінен Е.Ә. Оңғарбаев ағамызды мен өте жақсы танимын.
Еркін Әнуәрұлы Оңғарбаев – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның құрметті заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор. 2019-2020 жылдары «Отандастар қоры» КЕАҚ басқарушы директоры болып еңбек еткен кісі. Сол жылдары Мәжілістегі Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заң жобасын талқылауға екеуміз бірге қатысқанбыз.
Демек, Еркін Әнуәрұлы ағамызға көші-қон саясаты, қандастар тағдыры жат емес, өте таныс әрі жақын тақырып.
Енді сол Еркін Оңғарбаев ағамыз Конституциялық Соттың судьясы емес, Түрікменстаннан көшіп келген этникалық қазақ болсын дейік.
Этникалық қазақ Еркін Оңғарбаев отбасымен Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолақ-Қорған ауылына көшіп келіп, сонда тұрақты тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығын алғысы келеді.
Ол үшін алдымен «Қандас» мәртебесін алуы керек!
Ерекең «Қандас» мәртебесін алайын деп, «Құтты мекен» мобильді қосымшасы арқылы өтініш берсе, өтініші отыз бес күннен кейін ОТКАЗ болады. Тағы берсе, тағы ОТКАЗ болады...
Себебі, біріншіден, Түркістан облысы қандастарды қоныстандыруға арналған өңірлерге жатпайды;
Екіншіден, Түркістан облысы қандастарды қоныстандыруға арналған өңірлерге жатпайтындықтан, оған Үкімет жағынан өңірлік квота бөлінбейді.
Ал, Конституциялық Сот 2023 жылғы 8 сәуірдегі №7 нормативтік қаулысымен «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын», - деп қаулы шығарған 20-баптың 5) тармағындағына сай, этникалық қазақ Еркін Оңғарбаев отбасымен «Қандас» мәртебесін алып, Қазақстан Республикасының азаматы атану үшін, 2024 жылы Үкімет арнайы квота бөлген Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай облысының біреуіне баруы керек!
Ал, 2024 жылдың он бір айында 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алыпты.
20-баптың 5) тармағына сай, қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квотасының болмаса немесе этникалық қазақтар қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартса, оларға «Қандас» мәртебесі берілмеуі керек еді!
Түрікменстаннан көшіп келген этникалық қазақ Еркін Оңғарбаевтың ол облыстарға барғысы келмейді. Тек, осы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолақ-Қорған ауылына ғана қоныстанғысы келеді.
Себебі, Ерекеңнің аталары өткен ғасырдың нәубет жылдары осы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолақ-Қорған ауылынан жан сауғалап босып кеткен болатын.
Міне, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алып, отыз үш жыл өткенде оның ұрпағы Еркін Оңғарбаев этникалық қазақ атанып, ата-бабасының кіндік қаны тамған ауылына қайта оралып отыр.
Иә, этникалық қазақ Еркін Оңғарбаевтың Үкімет айқындаған немесе өңірлік квота берілетін алты облыстан басқа он бір облыс пен Астана, Алматы, Шымкент – үш қалаға бармауға, тек осы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолақ-Қорған ауылына қоныстанып қалуына толық хақысы бар.
Біріншіден, жоғарыда айттық, бұл оның ата-бабасының байырғы қонысы;
Екіншіден, қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 5-бабына сай, Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар деп жазулы тұр;
Үшіншіден, Қазақстан Республикасының Конституциясының 21-бабына сай, Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар екені тайға басқан таңбадай анық жазулы тұр;
Төртіншіден, 2011-2013 жылдары қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Бас хатшысының орынбасары болып қызмет атқарған Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда № 217 А (III) қабылданған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» 13-бабында «Әр адамның әр мемлекеттің ішінде жүріп-тұруына және өз қалауынша тұратын мекен-жайды таңдауына құқығы бар» деп, ашық көрсетілген...
Демек, этникалық қазақ Еркін Оңғарбаевтың қайда қоныстанып, «Қандас» мәртебесін алып, Қазақстан азаматы атануға толық ҚҰҚЫҒЫ бар еді.
Өкінішке орай, Конституциялық Соттың Төрағасы Э.Ә. Азимова бас болып, оның Е.Ә. Оңғарбаев бастаған судьялары төс болып, «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын!», - деп қаулы шығарып тастаған 20-баптың 5) тармағындағы этникалық қазақ Еркін Оңғарбаевтың Үкімет айқындаған алты облыстан басқа өңірлер мен қалаларға қоныстанып, «Қандас» мәртебесін алуына зәредей мүмкіндік қалдырмаған!
Нақтылап айтсақ, этникалық қазақ Еркін Оңғарбаевтың Үкімет өңірлік квота бөлген алты облыстан басқа өңірлер мен қалалардан тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы жоқ!
Егер, бар десе, Конституциялық Соттың Төрағасы Э.Ә. Азимова мен оның судьялары айтсын, кәне?
Тағы бір қызықты айтайын.
Биыл қандастарды қоныстандыру үшін жоғарыда аталған алты облысқа 2433 адамға ғана өңірлік квота бөлініпті.
Ал, биыл он бір айда көшіп келген этникалық қазақтың саны – 16 535 адам.
Сонда, қалған 14 102 адамға «Қандас» мәртебесі жетпей қалды деген сөз.
Демек, этникалық қазақ Еркін Оңғарбаев секілділердің қатары 14 102 адамды құрайды.
Бірақ, биылғы 25 қарашадағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпаратта: «2024 жылдың он бір айында 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды...», - деп тұр.
Демек, 13 694 этникалық қазақ ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартып, қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квотасы жоқ он бір облыс пен үш қалаға қоныстанып алған.
Сонда, атқарушы билік Конституциялық Соттың өзі бекіткен заңды бұзып, 13 694 этникалық қазаққа «Қандас» мәртебесін заңсыз берген болып тұр ғой!?
Қысқасы, Үкімет этникалық қазақтардың тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын шектейтін Заң жобасын жасап, Сенатқа ұсынады;
Сенаттың алдымен Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті, сосын елу депутаты оны бір ауыздан қолдап бере салады;
Ал, Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын», - деп бекітеді де жібереді...
Демек, Үкіметің де, Сенатың да, Конституциялық Сотың да мемлекеттік саясат пен құқықты айыра білмейтін, Конституцияны да, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын да ұрып ойнамайтын болып тұр ғой?!
Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Заң үстемдік ететін Әділетті Қазақстан құру ұстанымына қарсы жасалған қастандық деп есептеймін!
Ауыт Мұқибек
Abai.kz