Жұма, 3 Қаңтар 2025
Билік 2486 52 пікір 30 Желтоқсан, 2024 сағат 12:16

Әлиев сөйледі: Қазақстанға айтылған алғыс пен Ресейге айтылған «қарғыс»

Суреттер: akorda.kz және wikipedia.org сайттарынан алынды.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты пікір білдіріп, Қазақстанмен достық пен бауырластық осынау қиын сынақтан кейін бұрынғыдан да нығая түскенін айтты.

«Осы ретте мен президент Тоқаевқа қайғылы оқиға салдарынан Қазақстанның алты азаматы қаза тапқанына байланысты көңіл айттым. Ол да маған көңіл айтты. Бұл оқиға қаншалықты қайғылы һәм қиын болғанымен, бұл да бір сынақ болды. Бұл сынақ - әр тараптың қалай әрекет ететінін көрсететін сынақ. Біздің достығымыз бен бауырластығымыз осынау қиын сынақтан кейін нығая түсті. Қазақстан да осындай пікірде екеніне сенімдімін», - деді Әлиев.

Әлиев қазақстандық құтқарушылардың еңбегін атап өтті.

«Оқиға болған соң бірден қазақстандық құтқарушылар апат орнына жедел жетіп, қираған фюзеляждан адамдарды шығаруға кіріскенін көріп-біліп, ақпарат алдық. Олар сол жерде жарылыс болатын-болмайтынын білмегендіктен, өз өмірлерін қатерге тіккен. Ұшақтың бір бөлігі өртеніп кеткен, ал екінші бөлігі өртеніп кетуі мүмкін еді. Бірақ, соған қарамастан олар нағыз ерлік көрсетті. Бұл ретте медицина қызметкерлерінің еңбегі көп болды.

Зардап шеккен жолаушылар дереу медициналық мекемелерге жеткізілді. Бұл үшін мен президент Тоқаевқа да ризашылығымды білдірдім. Қазақ бауырларымыздың ынтымағы, мен білетіндей, әзербайжан халқының жүрегінде терең із қалдырды.

Қарапайым азаматтар Ақтаудағы консулдығымызға гүл шоқтарын қойып, бізге деген ықыластарын білдірді. Нағыз достық пен бауырмалдық деген осы! Сонымен бірге, мен президент Тоқаевпен әңгімеде Әзербайжанның тергеуге қатысты ұстанымын айтып, оның назарына мен сізге айтып өткен жайттарды жеткіздім.

Біз халықаралық сараптамаға дайынбыз және ешбір жағдайда бұл мәселені Мемлекетаралық авиация комитетінің құзырына бере алмаймыз. Бұл ұстаным түсіністікпен қабылданды. Әрине, біздің мемлекеттік органдардың өкілдері, комиссия мүшелері мен басшылары, прокуратура өкілдері үнемі байланыста.

Қазақстан да өз кезегінде мемлекеттік комиссия құрды, бұл туралы маған әңгіме барысында президент Тоқаев айтты. Олар әрине, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға тырысады», - деді президент Әлиев.

Осыған дейін Әзербайжан лидері Илхам Әлиев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп:

«Әлбетте, біздің ұшақты абайсызда атып алуы мүмкін. Ешқандай қасақана ойластырылған шабуыл емес. Сол себепті кінәні мойындап, Әзербайжаннан кешірім сұрап, дос ел ретінде мән-жайды қоғамға түсіндіру керек еді. Бұл жасалуға тиіс қадамдар еді. Өкінішке орай алғашқы үш күнде Ресей тарапы ақылға келмейтін сандырақ нұсқаларды айтудан басқа ештеңе істемеді», - деген болатын.

Сонымен қатар, Әзербайжан Ресейге бірнеше талап-шарт қойған. Олар:

Біріншіден, Ресей Әзербайжаннан кешірім сұрауы тиіс.

Екіншіден, ол өз кінәсін мойындауы қажет.

Үшіншіден, қылмыстық жауапкершілік аясында барлық кінәлілер жазалануы керек.

Төртіншіден, Әзербайжан еліне, жапа шеккен жолаушылар мен экипаж құрамына тиісті өтемақы төленуі қажет.

Тақырыпқа тұздық:

Ақтаудағы әуе апатын тергеу жөніндегі комиссия апат болған ұшақтың қара жәшіктерін Бразилиядағы орталыққа жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы 29 желтоқсанда Көлік министрлігі хабарлады.

«CENIPA орталығында қажетті техникалық мүмкіндіктер қарастырылған, тиісті құралдармен жабдықталған және оларды оқу үшін сертификатталған зертхана бар. Бұл мәселе президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында», - делінген хабарламада.

Abai.kz

52 пікір

Үздік материалдар