Сәрсенбі, 22 Қаңтар 2025
Аймақ 338 1 пікір 21 Қаңтар, 2025 сағат 16:37

«Мархабат» журналы оқырманға жол тартты...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында жауһар жазушы, дарынды драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін»  сыйлықтарының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының, Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына орай «Мархабат» атты Халықараық қоғамдық-саяси, әдеби-көркем, мәдени-әлеуметтік, тарихи-танымдық журналы мен «Markhabat.kz» әдеби-ақпараттық портал таныстырылым рәсімі өтті. Осылайша қазақ әдебиетінің алыптарына арналған «Абай», «Қасым», «Мұқағали» журналдарының қатарына «Мархабат» журналы да қосылып отыр.

Іс-шараны республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, облыстық мәслихаттың депутаты, «Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл» жобасының жетекшісі, «Медиакратия»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай қысқаша сөз сөйлеп ашты. Журнал ұлт әдебиеті мен мәдениетінің дамуына септігін тигізіп, сан алуан тақырыпта жаңашыл шығармалар жариялауға ниет білдіріп отыр. Ал ақпараттық порталда жазушының жеке фотомұрағаты, сұхбаттары, шығармалары,  қаламгер жайлы естелік, эсселер жарияланатын болады. Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жазушы Мархабат Байғұттың шығармашылығын  зерттеуге арналған қос бірдей кандидаттық диссертация қорғалғаны - мархабаттану ғылымының бастамасы іспеттес.

«Мархабат» журналының Бас редакторы Оралхан Дәуіттің айтуынша, бұл басылым осыған дейін жарық көріп келген «Тұран-Түркістан» журналының заңды жалғасы. Себебі мұның бастауында кезінде жазушы Мархабат Байғұт тұрған екен.

Басқосу барысында Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы, республикалық «Amanat» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев, Жамбыл облыcындағы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығының» директоры Жасұлан Әбдіхалық, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек, қаламгердің жан жаpы Қыздаркүл (Қыздан)  Пернебайқызы, ақын, Халықаралық «Алаш» және Константин Симонов атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты Нармахан Бегалыұлы  сөз сөйлеп, Махаң жайлы ойларын ортаға салды.

Мархабат Байғұттың «Ұлысымның ұйытқысы - Оңтүстік», «Ырыс алды - ынтымақ», «Таупістелі тағылымы», «Бозарықтан Бозторғайға дейін» секілді ізгілікті де игілікті іс-шараларға ұйытқы болғанын бәріңіз жақсы  білесіздер. Енді Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақбайұлы Қарашөкеевтің бастамасымен қолға алынған биылғы «Кітап оқу жылында» «Әулиеата - кітап оқитын өңір» жобасының аясында қазақтың қос қаламгері - Шерхан Мұртаза мен Мархабат Байғұттың шығармалары бірдей насихатталмақ. Егемен еліміздің Үшінші мегаполисінде  жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, «Мархабат оқулары» ұйымдастырылмақ. Шымкентте Мархабат Байғұт атындағы «Студенттер орталығы» ашылса, Түркістанда «Мархабаттану орталығын» ашу көзделуде.

«Мархабат» журналы Ғалымжан Елшібай мен Оралхан Дәуіттің алғысөзімен ашылған. Жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Дулат Исабеков, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Қамзабекұлы Мыңбай, Қазақстан Респубикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі, ақын, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Садықанұлы Әшімжанов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары – Бейсен Дәулетұлы  Тәжібаев, Ертай Кенжебекұлы Алтаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының жанынан құрылған Түркі дүниесі Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулетов, жазушының жан жары Қыздаркүл (Қыздан) Пернебайқызының ақжолтай тілектері жарияланған. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза, жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков, жазушылар - Қали Сәрсенбай, Көсемәлі Сәттібайұлының Мархабат Байғұт жайында ой-толғамдары берілген.

Журнал жастар шығармашылығына да едеуір орын ажыратыпты. Мамандығы - кинотеледраматург, орда бұзар отыз жастағы жазушы  «Махаббатым - Constant», Параллель» кітаптарының авторы Әлішер Рахаттың «Әдебиетке келуіме марқұм әпкемнің күнделігі әсер етті» деп аталатын сұхбаты мен «Үздіксіз әуез» әңгімесі жарияланған. 26 жасар ақын, филолог, журналист, қалалық, облыстық, республикалық жыр мүшәйралары мен әдеби байқаулардың жеңімпазы Азамат Әлібектің «Махаббат деген - осындай болады екен» сұхбаты мен «Құлап кеттік көңілсіздеу ғасырға» тақырыбымен берілген топтама өлеңдері де жүрек тебірентеді. Жазушы Ардақ Үсейінованың «Жалғыз-жарым» әңгімесі де әсері оқылады. Ақын, «Мен торғаймын» жыр жинағының авторы Мехриддин Өтегеновтің өлеңдері де елеулі. Аудармашы, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық аудармашылар байқауының Гран-при иегері (2006), «Таразы өмір» атты туындысы республикалық «Алтын қалам» байқауында «Жылдың үздік прозасы» аталымын жеңіп алған (2019) Гүлнар Ізтаева «Әйел адам - биологиялық робот» деген тақырыппен оңтүстіккореялық жазушы, сегіз роман, жиырма шақты әңгіме, хикаяттың авторы, төрт Халықаралық сыйлықтың, соның ішінде Букер сыйлығының (2016), Нобель сыйлығының  (2024) иегері Хан Ганның «Вегетариан әйел» шығармасына талдау жасаған. Ал жазушы, аудармашы Лира Қоныс осы корей қаламгерінің «Ит көйлек», «Күріш бәліш», «Ақ» деген мөтек әңгімелерін қазақ тіліне аударған.

Енді жауһар жазушы жайлы өзімнің жеке ой-пікірімді білдіре кетейін. Мархабат Байғұт ағамыз 70 және 75 жасқа толғанда мерейтойлық мақала жазғанмын. Құдай қаласа, 80 жылдық мерейтойына орай да қалам тарту ниетіндемін.

Мәртебелі Махаңның рухани інілерінің, талантты шәкірттерінің бірімін. Көзі тірі кезінде өзара сыйластығымыз болған. Оның қолынан «Шынайы тіл жанашыры» сыйлығын (ноутбук) алғанмын. Әділқазы ретінде әдеби шығармашылық байқауда «Миғұла» атты әңгімемді жоғары бағалаған. «Әдебиет әлемі» сериясымен жарық көрген ақын Тоқаш Бердияров жайлы жазылған «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты естелік, эсселер кітабыма, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Найманбаев жайлы жазылған «Қалың қазақтың Қалдарбегі: қаламгерлік, қайраткерлік қасиеттері» деп аталған әдеби-сын, ғылыми-зерттеу еңбегіме, түлкібастық тарланбоз, ат спортынан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы халықтары спартакиадасының тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан қажы Дауылбаев жайлы жазылған «Бәйге бермес баһадүр» деген деректі хикаятыма ізгі тілекке толы алғысөз жазған.

Сөз соңында айтарымыз, ойлы оқырман қатары біз де «Мархабат» журналымен танысып шықтық. Редакция ұжымына шығармашылық табыс тілейміз!

Әбдісаттар Әліп,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас диреторы - Бас редакторы.

Шымкент қаласы

Abai.kz

1 пікір