Сәрсенбі, 22 Қаңтар 2025
Талқы 598 11 пікір 21 Қаңтар, 2025 сағат 17:04

Төлен Әбдік: Біз қазір көшпелі ел емеспіз. Отырықшы елміз!

Сурет: massaget.kz сайтынан алынды.

Өткен аптада қазіргі қазақ әдебиетінің ірі өкілі Төлен Әбдіктің «Egemen Qazaqstan» тілшісі Қанат Бірлікұлына берген «Көшпелі елдің дамуы тасбақаның аяңына ұқсайды» атты сұхбаты жарық көргені белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы, драматург Төлен Әбдікке «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбатына сұхбат беріп, өзекті ой-пікірлерін жұртқа жайып салғанына ризашылық пейіл білдіріп, жеделхат жолдады.

Сурет: Берік Уәлидің желідегі парақшасынан алынды.

Тоқаев өзінің жеделхатында: «Өзекті ой-толғамдарыңыз арқылы ұлт руханияты үшін құнды дүниелер айтылған. Төл әдебиетіміздің даму көкжиегіне қатысты сын-пікірлеріңіз бен жас буынға қарата айтқан ақыл-кеңестеріңіз орынды деп санаймын. Шын мәнінде, жаһанды жайлаған қазіргідей құбылмалы заманда жазушылар қауымы көркем туындылары арқылы әділдік, жақсылық және адамдық құндылықтарын кеңінен дәріптегені жөн. Бұл еліміздің келешегі үшін өте маңызды. Қаламыңыз қарымды болсын! Сізге мықты денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!» – деді.

Сурет: egemen.kz скрині.

Танымал журналист өзінің сақадай сайлаған төмендегідей сауалдарын бірінен кейін бірін қойды. Атап айтсақ:

Төлен аға, әңгімемізді әдебиеттің бүгінгі жайынан бастасақ. Аға буын қаламгерлердің әдебиеттің болашағына күмәнмен қарайтын түрлі пікірін естіп қаламыз. Сіздің ойыңызша, қазақ әдебиетінің болашағы бар ма?

Сіз айтқан жылауық поэзияға кереғар баяғы түркілерден қалған рухты аңсайтын, әсіре мақтан «пафосқа» құрылған туындылар да аз емес қой.

Мақтан жөніндегі ойыңызды әрі жалғап көрсек. Қазіргі қазақтың күні мақтансыз атпайтын болды. Өзінен лауазымы жоғары азаматтарға жағымпаздануды «қызметтік этика» ретінде қарайтын көзқарас аз емес. Бұл дерттің шалығы әдеби қауымды да айналып өтпеді. Бір-бірін классик дәрежесіне көтеріп, жер-көкке сыйғызбай дәріптейтіндерге қатысты не айтасыз?

Бердібек Соқпақбаевтың «Ергежейлі еліне саяхат» атты хикаятында басты кейіпкер ергежейлілер елінің президентін жер көкке сыйғызбай ұлықтаушы еді ғой. Сонда Елдесер деген ергежейлі «біздің елде кісіні көзінше мақтау қорлаумен тең іс» дейтіні бар. Мына оқиғаңыз сол эпизодқа үндес екен.

Төлен аға, қаламгерлер жылауық, кеудемсоқ патриот, мақтан құмар, әсіреұлтшыл болмауы керек деп отырсыз. Ата-текті айтып, шектеушілікке бару індеті туралы не ойлайсыз?

Жас қаламгерлер кімді тәлімгер тұтса болады? Мысалы, сіз жас кезіңізде қазақ жазушыларынан кімді ұстаз санаушы едіңіз?

Кеңестік кезеңде тарихи оқиғаларды әдебиетке әкелу ісі қарқын алды. Халық өткенін әдеби шығармаларды оқып танитын үрдіс қалыптасты. Қазір де тарих туралы шығарма жазу қарқын алып тұр. Бұған не дейсіз?

Көп туындыларда автордың позициясы айғайлап көрініп тұрады. Бұл кемшілік емес пе?

Қазақ әдебиетіндегі көпсөзділік туралы айттыңыз. Кей авторлардың көне сөздерді көп біліп, шығармасында соны еркін пайдалануы оның артықшылығы ма, әлде кемшілігі ме?

Кей кітаптардан сірескен архаизмдерді көргенде баяғы көшпелілер дәуіріне кіріп кеткендей боламын.

Осы сауалдарға танымал қаламгер: «Қазақ әдебиетінің болашағына күмән келтірмеймін. Бізде талантты ақындар да, талантты жазушылар да жоқ емес. Бірақ сол таланттар мен талантсыздар мидай араласып, жақсылары жамандардан оқ бойы озып, қара үзіп кете алмай жүр. Мәселен, Құдай талант берген, өлеңнің техникасын жақсы меңгерген, ұйқастары шымыр ақындар аз емес. Олардың деніне ортақ бір кемшілік бар. «Жаңа ғасырда әлем қайда бет алды, адамзаттың қандай құндылықтары алға озып барады, шетел ақындары қандай жыр жазып жатыр?» деген секілді сұрақтарға бас қатырмайды. Бір сөзбен айтсақ, көбінің тарих пен бүгінгі заман, қала берді көркем әдебиеттің басты қағидалары төңірегіндегі көзқарастары тобырлық деңгейде. Баяғы ескі дағдылардан, кеңестік дәуірде бойға сіңген көне түсініктерден арыла алмай жүрген секілді»,- деп бастап: «Енді жас қаламгерлерге оралайық. Олар әлемдік деңгейдегі жазушыларды меже тұтпай, олармен іштей бәсекеге түспей, күреспей, тайталаспай, үлкен биікке көтерілу мүмкін емес екенін білгендері дұрыс. Кейінгі буын қаламгерлері әртүрлі қате көзқарастардың жетегінде кетіп, таланттарын өлтіріп алмаса екен деймін», - деп түйіндеп жауап берді.

Ең бастысы орынсыз «Біз көшпеліміз» деп кеудені соға берушілерге: «Көшпелілікті отырықшылықтан жоғары қоятын пікірлерді де естіген кездеріміз болды. Рас, көшпелі өмір салты қалыптастырған психология санамызда бар, бірақ біз қазір көшпелі ел емеспіз. Отырықшы елміз. Өмірге қажетті барлық нәрселер: қалтаңдағы сағат, телефон, үйіңдегі теледидар, жарық жылу беретін орындар, астыңдағы машина, бүкіл транспорт, пойыз, ұшақ, зауыттар мен фабрикалар, оқу орындары, ғылыми зертханалар, обсерваториялар, т.б. – осының бәрі ғылымның табысы. Бұған тек отырықшылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз», - деп рухани соққы бере білді.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

11 пікір