Жалған ақпарат жар астында ма?
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/0705f0ea8255f322383588e0cd4cec72.jpg)
Сонымен, АҚШ-та билік басына келген Дональд Трамптың онсыз да шатқалақтап тұрған әлем архитектурасын түбегейлі өзгертуі мүмкін оғаштау бастамалары біздің елге де өз әсерін тигізе бастады.
Алдымен айтарым сол: Трамптың басқа елдерден келетін тауарларға баж салығын күрт көбейтуі әлемдік нарыққа мұнай, газ, бағалы металдар, уран сату арқылы қатысып отырған Қазақстан экономикасына да өз салқынын тигізері хақ. Оған біздің ұкімет дайын ба, дайын емес пе, оны бір Құдай біледі.
Трамптың USAID секілді ұйымды жауып, оны қаржылық аудиттен өткізуі де тікелей бізге қатысты болып отыр.
Білмейтіндерге ақпарат: USAID (ЮСАИД) – халықаралық даму жөніндегі американдық агенттік, 100-ден астам елде жұмыс істейді, ол тізімде Қазақстан да бар.
Міне, күні кеше Дональд Трамптың баспасөз хатшысы Каролин Левитт брифингте: "Қазақстанға жалған ақпаратқа (дезинформацияға) қарсы күреске арналған 4,5 миллион доллар бөлінгені" туралы ресми ақпарат таратты.
Иә, қазақстандық қоғамдық ұйымдар USAID-пен байланыста екенін білеміз. Әртүрлі салалар мен бағыттар бойынша гранттар алып жатқаны да жасырын емес.
Өз басым әртүрлі, соның ішінде, гуманитарлық, ағартушылық, әлеуметтік жобалар бойынша халықаралық ұйымдардан грант алып жүрген ұйымдарға еш қарсылығым жоқ. Ол - қалыптасқан халықаралық практика.
Бір ғана талап: ол ұйымдар не жеке тұлғалар халықаралық ұйымдардың гранттарын ақтаймын деп, Қазақстанның түпкілікті мүддесіне зиян келтірмеуі шарт!
Ақ үй баспасөз хатшысы жеткізіп отырған ақпаратта мені алаңдатып отырғаны 4,5 миллион доллардың «жалған ақпаратқа қарсы күреске арналғаны» дегені.
Ол не деген жалған ақпарат? Оны таратып отырған кімдер? Ол өз ішіміздегі тұрымыстық сипаттағы фейк таратушылар ма? Мәселен, осынау «аңқау елге –арамза... ақпарат» үстемдік еткен кезеңде фактчекинг ауадай қажет деп санаймын.
Әлде бұл ақпараттық күрестің ішкі саяси немесе сыртқы, халықаралық сипаты бар ма? Олай болса, ол қандай елдер мен ықпалды орталықтар?
Мұндай қомақты қаржы қанша уақытта берілді? Оны кімдер, қандай көлемде алған екен? Үкіметке берген бе? Қоғамдық ұйымдар не жеке тұлғалар алған ба?
Саяси конспирология тұрғысынан келсек, әгәрәки ондай ақпаратты АҚШ жақтан біреулер таратса, грант алғандар оларға қандай баға бере алады?
Ішкі және сыртқы қауіптер мемлекет Тәуелсіздігіне, жеріміздің тұтастығына, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп отырған гибридтік соғыстар заманында бұл дегеніңіз жай сұрақтар емес!
Міне, мәселе қайда жатыр.
Байден мен Трамптың геосаяси ұстанымының айырмашылығын барша жүрт көріп отыр. «Кім музыкаға ақша төлейді, қызбен сол билейді» деген сөз тағы бар емес пе? Егер де Ақ үйдің бүгінгі иесінің геосаяси көзқарасы Қазақстанның түпкілікті мүдделерімен қарама-қайшылыққа келсе, онда қазақстандық грант алушылар не істемек?
Айтпақшы, АҚШ-тан бөлек басқа да ықпалды елдер бар. Қытай, Ресей дегендей. Ол елдердің сойылын соғып жүрген белсенділеріміз олардан қаржы ала ма? Ол жағын да бір тексеріп қойған ләзім болар.
Әміржан Қосанов
Abai.kz