Сәрсенбі, 12 Ақпан 2025
46 - сөз 154 0 пікір 12 Ақпан, 2025 сағат 14:01

Ән періштесіне айналған әнші

Сурет әлеуметтік желіден алынды

(Ұлбосын Кенжебайқызы орындаған әндердің ғажап сиқырлы тылсымы)

Ұлбосын Кенжебайқызы – ән өнерінің ақ маржан айдынына қонған жалғыз жалқы, саф сұлу аққуы, жүректің жібек пернесін дір еткізіп шерте алатын тылсым үннің мәңгі қайталанбас ғажап иесі. Оның орындауындағы әрбір ән – сезім мен сырға, сағыныш пен үмітке, шаттық пен сұлу мұңға толы, таң тазалығына суарылған тұтас бір құпия әлем.

Ұлбосынның әндерін тыңдаған сайын көкірек түбіндегі сағыныш оянып, көңіл айдынында махаббаттың ақ желкені тербеліп, жүрекке сәуле түседі. Жан дүние түбінде ұйықтап жатқан тереңге батып, үміт үзіп бара жатқан сезімдер, ән құдіретінен оянып, сұлу әлемінің мөп-мөлдір жарқырған жаһұт аспанына ән әуенімен бірге самғап, қамығып, қамалған қараңғы тар кеудеден қалықтап көтеріліп, көңілдің көк аспанында еркіндік алып, жарқын нұрдың ішінде өмір сүреді.

Міне, бұл Ұлбосын орындаған әндердің құдіреті. Тәп-тәтті қыздың, тәп-тәтті таңдайынан ұшып шыққан бұбұл үн таң нұрының тазалығына суарылып, тап-таза сырлы әлемге көтеріліп, тап-таза құлаққа тәп-тәтті болып құйылады. Сосын үлбіреп тұрған жүрекке уілдеп жетіп, ішкі қыл пернені дірілдетеді. Ғасырлар ұйықтап ояна алмаған алапат сезімдерді оятады. Уыз үннен оянған тыңдарман мына он сегіз мың ғаламға тұтастай ғашық көзбен қарай бастайды. Тіпті тұтас айнала, түгелімен Ұлбосын үнімен ән салып тербетіліп тұрғандай сезінеді. Сезінеді де, әншіні іздейді, көргісі келеді, тіл қатқысы келеді:

«Ұлбосын, қайдасың? Әндетші, ән салшы, тыңдайын», – деп он сегіз мың ғаламға құлақ түріп, өзі де әнші болғысы, сұлу қыз болғысы, қазақ болғысы келіп, әнге ессіз ғашық болғанын да аңғара алмай дал ұрады. Оның жәудірген бота көзі, құлын мүсіні, уілдеген уыз үні тыңдарман есінде ұмытпастай болып мәгілікке, жүрекке ұя басып қалып қояды. Сосын қайда жүрсе де, қай ортада ән тыңдаса да, Ұлбосын әнін ән таразысына өлшем етіп, орындаған әндердің көбін тіпті бәрін Ұлбосын әнімен безбендейді де отырады.

Бұл не?

Бұл – ұлы ән өнері, бұл – ерекше ән орындау шеберлігі, бұл – әншілік өнер, шебер орындаушылық; өте нәзік, тіпті қылдан жіңішке сезімнің көзге көрінбейтін, ақылға бағынбайтын, ештеңеге табынбайтын, Ұлбосын бойына дарыған дара талант, дана әншілік тылсым.

Жә, оның репертуарындағы он әннің көркемдік, мағыналық және орындаушылық ғажайыптарына өз әсерімді жазып, тыңдармандармен ой бөлісу жөн санадым.

“Сүйген жүрек” – сезімнің мөлдір тамшысы

Бұл ән – ғашықтықтың лағыл тамшысы, жүректің тұңғиық түбінде тербелген нәзік қылындай дірілдеген сезім. Ұлбосын бұл әнді орындағанда, оның үні махаббаттың тұнық өзеніне тамған алтын сәуле тәрізді. Әрбір нотасы – сүйген жүректің дүрсілі, әрбір әуені – махаббаттың мөлдір айнасы. Ол әнге жан береді, сөзді сиқырға айналдырады, ал тыңдаушыны шынайы махаббаттың ғажайып бағына жетелейді.

“Қара шал” – тағдырдың толғауы

Бұл ән – өмір өткелдері мен адам ғұмырының жазылмаған жырындай. Ұлбосынның орындауында “Қара шал” өмірдің сарғайған жапырағындай сыбдырлайды, терең ойдың түбінен сүңгігендей әсер береді. Оның үнімен тыңдаушы уақыттың зымырап өтіп жатқанын сезінеді, тіршіліктің қым-қуыт ағымында мәнді ғұмыр сүру керектігін ұғынады. Ән әуені бірде күрсініп, бірде шарықтап, бірде мұңайып, бірде сабырлы қалпына түсіп, өмірдің заңдылығын баяндайды.

“Айқаракөз” – сұлулықтың симфониясы

“Aйқаракөз” – сұлулықтың жырланған бейнесі. Бұл ән қазақ қызының ай дидарын, бұрала өскен қырдың қызғалдағындай нәзіктігін, кіршіксіз пәктігін бейнелейді. Ұлбосынның дауысы әннің әуенімен үйлесіп, таңғы шықтай мөлдір күйге енеді. Оның үнімен қазақ даласының самалы еседі, қолаң шашты қыздардың бұрымында жаздың жылы желі тербелгендей болады. Ән бойында наз да бар, сағыныш та бар, таңғажайып нәзіктік те бар.

“Нұрикамал” – тағдырлы сағыныштың күмбірі

Бұл ән – көкіректе қалған бейненің өшпес сәулесі. Ұлбосын бұл әнді шырқағанда, уақыт тоқтап қалғандай, жүрек түкпіріндегі ең нәзік сезімдер дірілдеп оянғандай күй кешесің. Ән сазы сағыныштың қоңыр мұңына толы. Әрбір әуені – өмірден өткен аяулы жанға арнаған үнсіз дұға секілді. Бұл әннің жүректі тебірентетін құдіреті бар, өйткені оны Ұлбосын әр сөзіне жан бітіріп, сезімнен өрген жібек жіптей әсем әуезбен орындайды.

“Сағындым” – сағыныштың сарғайтқан үні

Сағыныш – жүрекке жамылған сәулелі мұң. “Сағындым” әні алыста қалған жылдардың, кездесуге жазбаған тағдырлардың, қайта оралмас сәттердің терең сазы. Ұлбосынның орындауында бұл ән құдды бір көкжиекке қарай созылған ұзын сүрлеудей – қайда басталып, қайда аяқталатынын білмейсің, тек жүректің үнін тыңдайсың. Оның дауысы әннің өзегіндегі сағынышты қаз-қалпында жеткізеді, бұл әнді тыңдаған адамның жүрегі сағынышпен бірге шырқайды.

“Күнес-ай” – шуақты жыр

Бұл ән – шуақты көктемнің, өмірге деген шексіз сүйіспеншіліктің гимні іспетті. Ұлбосын бұл әнді орындағанда, таңғы шықтай таза, бұлбұлдың сайрауындай сазды дауысымен күн шапағын әуезге айналдырады. Оның үнімен бірге таң атып, даланың қырмызы гүлдері қауызын ашады, көңіл көкжиегінде шаттықтың құсы қалықтайды. Ән әуенінің жеңілдігі, орындаудың шынайылығы адам жанына жарық сәуле түсіргендей болады.

“Балқадиша” – қазақ аруының рухты бейнесі

Бұл ән – қазақ қызының еркіндігінің, азаттығының айғағы. Ұлбосын “Балқадишаны” орындағанда, оның дауысы бойыңды тік ұстап, еркіндіктің самал желін сезінгендей әсер береді. Ол әнді ұлттық бояуын жоғалтпай, қайта әр нотасында қазақ әйелінің асқақ рухын көрсететіндей етіп жеткізеді. Ұлттық мінездің символына айналған бұл ән оның орындауында шынайы қазақ қыздарының болмысын паш еткендей.

“Қазағым” – елдік рухтың жалыны

“Қазағым” – бұл тек ән емес, бұл қазақтың намысы, рухы, жүрегі. Ұлбосын бұл әнде қазақ даласының кеңдігін, халқымыздың өр рухын өзінің қоңыр дауысы арқылы асқақтатады. Ән әуені сайын даладай кең, асқар таудай биік, жүрек лүпіліндей шынайы. Бұл әнді тыңдаған жанның көкірек түбіндегі оты маздап жанып түседі.

“Асыл ана” – мейірімнің үні

“Aсыл ана” – ананың ыстық алақанын, мейірімге толы жүрегін сипаттайтын ән. Ұлбосын бұл әнді орындай отырып, әрбір анаға деген құрметін дауысымен жеткізеді. Оның үнімен бірге ананың алақанын сезгендей боласың, анаңды құшақтауға асығасың. Бұл ән – шынайы перзенттік махаббаттың жырланған бейнесі.

“Гүлдерайым” – ғашықтықтың ақ гүлі

Бұл ән – тұмса махаббаттың, шынайы сезімнің мөлдір тамшысы. Әуені қоңыр кештің жұмбақ самалындай, ал сөздері жүрекке жылу беретін шуағындай. Ұлбосын бұл әнді өз үнімен одан сайын көркемдеп, ғашықтықтың ең асқақ сәттерін әуенге айналдырады.

Ұлбосын Кенжебайқызының әндерін тыңдау – нағыз өнерді сезіну, жанды рухани тазартып, қазақтың бай музыкалық мұрасына сапар шегу. Оның үні – халықтың жүрек үні, оның орындау мәнері – шынайылықтың ең биік үлгісі. Ән айымы, қарындасыма, ұзақ ғұмыр, өнердің ең биік өрінен еш төмендемей, қазақ халқының маңдайындағы жалғыз жалқы жарық жұлдыз болып жанып тұра берсін, әлем адамдары таңдай қақсын, таңғалсын. Қазақ әнінің кереметін, қазақ қызының айдай сұлу ажарын танысын, бағаласын!!

Болат Бопайұлы

Abai.kz

 

 

 

0 пікір