Жұма, 21 Ақпан 2025
46 - сөз 1487 1 пікір 17 Ақпан, 2025 сағат 12:50

Қосағыңмен қоса ағар...

Сурет: Айша Тұрмағанбетованың желідегі парақшасынан алынды.

Әйелдер тақырыбын жалғастырайын. Бүгінде басы бос әйелдер көп. Олардың ішінде мүлде тұрмысқа шықпағандар да, тұрмысқа шығып ажырасып кеткендер де аз емес. Күйеуі қайтыс болғандар да баршылық.

Байқағаным, табысты, жетістікке жеткен әйелдердің көбі бұрын тұрмыста болғандар. Олардың өмірі тұрмыста болған және күйеуден ажырасқан кезең болып екіге бөлінеді. Екінші кезеңінде ажырасқан әйелдер кәсіп бастап немесе өзінің иеленген мамандығы бойынша жетістікке жетіп, қоғамнан белгілі орын иеленіп жатады. Тұрмыста жүргенде елеусіз жүрген, отбасының қамынан өзгеге алаңдамайтын, пәлендей қабылет-қарымы да жоқ сияқты көрінетін осы әйелдер күйеуден ажырасқан соң мүлде басқа адамға айналып кететіні бар. “Анау бұрынғы пәленше емес,мүлде басқа әйел, оны мүлде танымайсың, күйеуінен кеткелі тура екінші тынысы ашылғандай” деген сөздерді ажырасқан әйелдер жайлы көп естуге болады.

Жуырда бір іскер әйелдер ортасына түсіп, олардың әңгімесін тыңдау барысында екісінің бірінің ажырасқан әйел екенін естіп тағы да таңғалдым. Бәрі де ақылына көркі сай қазақтың мен деген азаматына лайық жандар. Қалай ғана күйеуі қиып ажырасты екен дегендейсің. Бәрі де бір-бірін сүйіп қосылған жұбайлар болған. Алайда, дәм-тұздары жараспаған. Себептерін әрине, сұрауға батпадым.

Бірақ олардың бүгінде жасап жүрген жұмысы, жетістігі еріксіз отбасы психологиясында айтылатын жұбайлардың бір-біріне бағынышты, бір-бірі алдында міндетті, бір-біріне тәуелді жандар болмай немесе меншігіне айналмай, әрқайсының жеке қалауы, еркіндігі, мүмкіндігі ескерілетін, құрметтелетін жеке тұлғалар ретінде серіктес болуы қажеттігі жайлы қағида есіме түсті. Расы керек, қазақ отбасыларында бұған мән берілуі былай тұрсын, оны айту өрескел жай болып қабылданады көп жағдайда. Бізде “Әйел еркектің қабырғасынан жаралған”, ”еріне бағынған әйел жаннатқа барады” деген түсініктермен әйелдерді ер адамның басыбайлы меншігі секілді қарауды талап ететін жазылмаған ереже бар. Әсіресе, оңтүстік өңірде бұл талап айрықша салтанат құрғандығы жайлы жиі естиміз.

Үйдің тірлігі,баланы өсіріп,тәрбиелеу секілді тіршіліктің көзге көрінбейтін қамыты да әйелдің мойнына артылып қойылған. Күйеуінің айтқанынан шықпау, ол не десе құп көру керек. Барған жерін бақытты ету де әйелге артылған жүк. Осылайша қоғам тапсырған қалың міндетті иығына артып алған әйел күйеуге шыққан соң әйел жақсы әйел, жақсы келін, жақсы ана, “барған жеріне тастай батып, судай сіңген” жақсы қыз болудың қамына кіріседі. Тұрмысқа шығу деп аты айтылып тұрғандай ол өзін күйеуімен бақытты өмір сүруге емес, тұрмыстың бітпейтін тірлігіне арнайды. Бала кезден жүректі әлдилеген арман, сүйікті кәсіппен айналысып,өзінің қарым-қабылетінің мүмкіндігін көрсетсем,сол арқылы, қоғамнан орын алсам деген мақсат былай тұрсын, тіпті бір уақыт үй тірлігінен бой жазу елеске айналып кетеді ғой. Қырық жаны бар болғандықтан бәріне уақыт табу керек, бірақ тек өзіне емес. Бірнәрсе үйрену,оқу,жетілудің ауылы алыста қалады. Кешегі көзі жанған арманшыл, сұлу қыз үнемі шаршап жүретін, ешқандай қызығушылығы жоқ, қазан-аяқтан өзгені білмейтін, сәл бірнәрсе болса жүйкесі шытынап тұратын ашушаң,ақылсыз,көріксіз біреуге айналады. Сөйтіп алдымен өзінің бір кезде сүйіп қосылған,өзі десе жанын беретін күйеуіне қызықсыз бола бастайды. Ортада жүрген, жұмыстан басқа алаңдайтын мәселе жоқ,салулы төсек салқын үйде жүрген күйеуге үйдегі ызыңгүлден гөрі сырттағы әйелдер тартымды көріне береді. Өйткені олар күтімді,әр нәрседен хабары бар, тілдесе бастасаң әңгімең жарасып кете барады және үнемі шаршап, шекесі тырысып жүрмейді. Осылайша өз әйелінен жерініп, олармен көңіл қоса бастайды. Оның соңы көбіне ажырасуға әкеліп жатады.

Зерттеулер некенің бұзылуына негізгі себеп ретінде көзге шөп салушылықты айтады. Ал, мұндай опасыздықтың да астарында әйел мен еркек арасындағы бір-біріне көңіл бөлмеушілік, қарым-қатынастағы үйлесімнің жоқтығы жатыр. Мұның бәрі көбіне отбасындағы бір-біріне деген тең көзқарастың жоқтығынан. Әйел әйел болғандықтан бәріне міндетті деген біржақты түсініктің ережеге айналғандығынан. Осылайша, әйелдің мықты әйел болып, тұрмысты үйіріп әкетуі, өзгені бақытты етуге ұмтылуы өзін ғана емес, тұтас отбасының өміріне сызат түсіреді. Осылайша шаңырақ шайқалады.

Күйеуден ажырасып,өзімен өзі қалған әйел арман-мақсаттары да еске түсіп, өмірін соған арнай бастайды. Ажырасқан әйелдердің мықты болып, табысқа жетуінің бір негізгі себебі осы. Әрине, кеште болса өзін тапқаны дұрыс болғанына қуануға болатын шығар. Бірақ қандай құрбандықпен өзінің арманын бағындырып, тұлға ретінде танытқанын ойлағанда өкініш өзекті өртеп жібереді. Өйткені, шаңырақ ортасына түсіп,бала жетім қалды. Бүгінде төрт-бес баласымен ажырасушылар көп. Оның бәрі демесек те көбі жүрегінде жарақаты бар, өмірге өкпелі жандар. Өйткені бізде ажырасқан ата-аналар бір-бірінен ғана емес, балаларынан да безеді. Шын мәнінде әу бастан жұбайлар бір-бірінің меншігі емес, жеке тұлға ретінде қарай алса, бір-біріне қолдау көрсетсе,бір-бірін толықтыра білсе, бір-бірімен әрдайым, сөйлесуге,келісуге дайын болса, әйелдер күйеулерінің қасында жүріп-ақ табысқа жетер еді. Өз қабылетін көрсететін мүмкіндікті басқа жерден іздемес еді. Жұбайлар да бір-біріне қызықты болып,айтар әңгімесі таусылмас еді ғой. Мұндай жұпта әйелдің біреуі бақытты етуі қажет болмай,бақыт бұл отбасын өзі тауып алар еді-ау.

Отбасының бақыты құқы тең екі жеке тұлғаның серіктестігі, отбасындағы үндестік, береке осы екі тұлғаның ортақ ұмтылысында дегенді терең түсінгенде ғана біздегі отбасы беріктігі артады. Ажырасқан әйелдердің жетістігі қуанатын жағдай шығар. Бірақ оның жолындағы құрбандықтың құны тым қымбат. Олар әрине, рух мықтылығының,табандылықтың үлгісі. Бірақ оның артында қаншама көз жасы, ақталмаған сенім, үміт жатыр сонымен қатар теріс үлгі де бар. Қоғамда қит етсе ажырасып кетуге дайын тұрудың астарында “пәленшенің ажырасып кетіп, жеткен жетісітігі” жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Сонымен қатар өзі ажырасқан әйелдің өзгенің бақытына да атүсті қарап, біреудің ұйыған отбасын бұзудан қашпайтынына да мысал жетерлік. Қысқасы отбасының бұзылуының толып жатқан зардабы бар. Әрине,әр түрлі жағдайда ажырасқан әйелдер бар. Біздің сөз еткеніміз отбасылық психологияда айрықша мән берілетін негізгі себептердің бірі.

Тұтастай алғанда әйел мен еркектің отбасындағы рөлін бір-бірінің құқын таптамай, теңдей қарап, олардың әрқайсының өз қалауы, арманы бар жеке тұлға, әрқайсының өз арманына жетіп, бақытты болуы,қоғамнан лайықты орын алуы отбасы бақытының кілті екенін ұғыну және соған сай әрекет ету отбасындағы қарым-қатынастың үйлесіміне жеткізу арқылы бүкіл қоғамды бақытты ететінін түсіну қажет болып тұр.

Айша Тұрмағанбетова,

Астана

Abai.kz

1 пікір