Жұма, 21 Ақпан 2025
46 - сөз 1338 0 пікір 17 Ақпан, 2025 сағат 13:27

Қасым мен Константин

Суреттер: wikipedia.org сайтынан алынды.

Бір қызығы осы екі өлеңді  мен бала кезден білемін. Біреуін жаттап өстік, біреуін баптап өстік.  Бұл өлеңдер кешегі ел басына күн туған кезде өмірге келген еді.  Опатты уақытта  окопта туған поэзия. Өмір мен Өлім, Күн мен Түн, Ақ пен Қара айқасқан шақта ақындардың махаббат жайлы толғауы түсінікті... және осының бәріне жас солдаттың алаңдауы заңдылық. Сарбаз буырқанып, бұрсанып, мұздай темір құрсанып келе жатқан дұшпанына қасқайып қарсы тұрса да,  артта қалған аруын ойлап мұңаяды..

Жди меня, и я вернусь.
Только очень жди,
Жди, когда наводят грусть
Желтые дожди,
Жди, когда снега метут,
Жди, когда жара,
Жди, когда других не ждут,
Позабыв вчера.

Отан – туып өскен елің, жерің. Дейтұрғанмен, артыңда ару қалғаны қандай ғанибет, әрі неткен азап?..  Сондықтан да Константин Симонов «жди меня» дейді. Ақынның бұл – шын сөзі. Өйткені автор орыс қызының психологиясын жақсы біледі. Сондықтан оған өтініші мен тілегін қатар айтады. Симонов бұл өлеңді  Валентина Сероваға арнаған. 1941 жылы жазда жазылған өлеңнің өрісі 1942 жылы кеңге жайылды. Иә, бұл өлең сол сұрапыл заманда таң алдындағы терезеден түскен сәуледей әр солдаттың жанына жақын бойтұмары болды.

Осындай шақта қазақ солдаты Қасым былай дейді:

Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір армандай қызды...
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.
Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,
Тулады толқын, шайқалды шың-құз...
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз?!.

Қасым жырындағы қазақ солдатына ауылда қалған аруына алаңдауға мүмкіндік жоқ. Себебі, теңіз тебіреніп, дауыл сапырып жатыр. Ең бастысы – елді, жерді жаудан аман сақтап қалу керек. Оның үстіне, Отан үшін от кешкен заман – қиғаш қасқа қарайлайтын заман емес. Ал, біле білген адамға алаштың аруы азаматын  жорықтан күтетіні бесенеден белгілі. Қазақ әйелдері жарының төсегін ешқашан былғамаған, жаман атқа қалдырмаған. Көзі ашық оқырман оны жақсы біледі, басқасын қойғанда, Әбіш Кекілбаев ағамыз бен Асқар Сүлейменовті жетелеп жүріп өсірген апаларымыз жарға адал әйелдердің жарқын бейнесі әм символы емес пе?!

Тағы да Константин Симоновты тыңдайық:

Жди, когда из дальних мест
Писем не придет,
Жди, когда уж надоест
Всем, кто вместе ждет.
Жди меня и я вернусь,
Не жалей добра.
Всем, кто знает наизусть
Что забыть пора.

Ақын өзінің хабар ошарсыз кетсе де, тіпті, тұтқынға түскен күнде де бәрібір келетінін айтады. Тек сен күтсең болды. Басқасының бәрі де екеумізге бөгет болмас. Тек күте біл! Бір өтініш, бір тілек. Көкейдегі айтылмаған жалғыз ауыз  ақырғы сөз: «Сен ешкімге көңіліңді бермеші. Тірі жанға бұрылмасаң болғаны. Басқасының бәрі  бос дүние. Тек мені күт, күтші  мені...» –  деп жалынғандай. Өлең өте жақсы. Сай сүйегіңді сырқыратады. Алайда. бұл – қазаққа тән тілек, өтініш емес. Біздің батырларымыз жорыққа аттанғанда: «Уа, әруақ! Уа, ақсарбас! Жолымызды оңғара көр! Жауды жеңіп туған елге аман есен қайтуға Алла нәсіп етсін!» – деп тілек тілеген. Мүмкін сондықтан да болар «бала – белде, қатын – жолда» дегені. Әйтпесе Махамбет: «Қоғалы көлдер қом сулар, кімдерге пана болмаған? Басына жібек байлаған арулар кімнен қалмаған?» – деп айтпас еді-ау...

Қайтадан Қасымға оралайық.

Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,
Барамын сөніп, келмейді өлгім.
Тұрғандай сол қыз жаныма келіп,
Талпына берді қайран жас көңіл.
Барамын сөніп, барамын сөніп
Жұтар ма мені  мына сұм соғыс?
Арманым бар ма өлсем бір көріп,
Қайда екен қайда, Дариға, сол қыз?

Өң мен түстей, адамның есі кіресілі-шығасылы сәтте осындай суреттің көз алдыңа келуіне сенесің, иланасың. «Тұрғандай сол қыз жаныма келіп». Құдды кино кадрлар. Оқырманның өзі шешсін дегендей автор мұнда арудың түр әлпетін, киген киімін айтпайды. Иә, мынау қою қара түтін басқан, жер дүние қопарылған әлемде, адам аяғы өлік пен қираған техникадан жүре алмай тұрған кезде үстінде – қос етек көйлек,  кызғылт камзол киген ару қыз оқ пен өртке қарамай саған қолын созады. Әлде сені көріп бақыттан басы айналып күлгендей ме, болмаса, мына мүшкіл халіңе қарап көкірегіне өксік келіп тығылғандай ма?.. Бұл – Әуезовтің «Қарагөзі». Ес-ақылынан адасқан шағы. Болмаса, Король Лирдің қыздарынан пана таппай шыққандағы дүлей дауыл өміріндей өксік кезең.

«Арманым бар ма өлсем бір көріп. Қайда екен қайда, Дариға, сол қыз?».

Бұл – жастыққа тән романтика ғана емес, бұл – ер жігіттің арманы. Өмірін кім үшін қиғанын сұлу қыздың көргені абзал. Қазақша айтқанда бұл арман – өлім, ақ өлім. Отан үшін, Елі үшін шеиіт болған батырдың соңғы сәтінде елес болған ерке қыздың келуі, оған қол созуы эпостық көрініс. «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген өлгенде ақбоз аттың ертоқымсыз елес боп бара жатқанындай... Қарапайым өлеңнің эпикалық күші, романтикасы. Қасымның өлеңі осымен ерек, осысымен құнды.

Констан Симонов не дейді?

Жди меня, и я вернусь,
Всем смертям назло.
Кто не ждал меня, тот пусть
Скажет: – Повезло.
Не понять, не ждавшим им,
Как среди огня
Ожиданием своим
Ты спасла меня.
Как я выжил, будем знать
Только мы с тобой,-
Просто ты умела ждать,
Как никто другой.

Өлеңдегі қайталана беретін «жди меня и я вернусь» деген жолдар бұл тек поэтикалық әдіс емес, бұл – психологиялық тұрғыдан нысанаға дөп тиген, сол шақтағы миллиондаған солдаттың бірге соққан жүрегінің дүрсілі. Біздің Қасым да дәл солай:

«Жеңдік қой жауды арман, не құрбым?
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып, өлеңімді айтып..
Қайда екен қайда, Дариға, сол қыз?» – дейді.

Соңғы жол тағы да қайтаналанып тұр. Бірақ Касымның өлеңінде  еркелік бар, ерлік бар, өрлік бар, оптимизм атойлап көзге ұрып тұр. Мысалы, майдангер ақын Сырбай Мауленов: «Барады үнсіз түнеріп, Соғыстан қайтқан солдаттар», – дейді.. Сырбай ақын бұл жерде музыка тілінде вилиончельде, жо-жок, контрабаста ойнаса, Қасым флейтада ойнағандай, Римский Корсаковьтың «Полет шмелясс»  іспетті, ойнақы саз төгеді. Сонысымен де Қасым – қазаққа нұр сыйлаған ақын. Өмірден ерте көшкен, өз бағасын толығымен әлі де ала алмаған жампоз. Қасым солай қазақ поэзиясына өз атын еркелеп жүріп жазған тұлға. «Келемін қайтып, өлеңімді айтып».  Міне, образ.. Міне, кейіпкер, міне, герой! Өлеңдетпесе бола ма? Жауды жеңіп, Рейхстагқа ту тігіп  келе жатқанда, Ермахан боксер айтпақшы, «неге өлең айтпасқа?». Оның үстіне ақынды тосқан, күтіп жүрген, қалыңдығы ну ормандай қиындыққа қарамай, қара жолға күнде көз салған қайран ару бар, опалы, адал жар бар. Ол – қазақ қызы. Өйткені қазақ қызының атасы қашанда: «Жаным – арымнын садағасы», – дейтін-ді. Иә, осындай ұстаным мен тәрбиені көрген қыздың басқаша болуы, елес боп келгенімен, ер азаматы егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалғанда – күтпеуі мүмкін емес. Иә, солай. Ақын жүрек аңсай жырлаған ару – Қасымның ғана Дариғасы емес,  қазақтың – Дариғасы. Әр қазақтың іштей іздейтін, күтетін ару қызы.

Талғат Теменов, кинорежиссер

Abai.kz

0 пікір