Жұма, 21 Ақпан 2025
Аласапыран 936 9 пікір 18 Ақпан, 2025 сағат 13:11

АҚШ пен Путин: Ширек ғасырлық текетірес...

Сурет: svoboda.org сайтынан алынды.

Ресейдің Украинаға басу кіруі - өткен жылғы Америкадағы президент сайлауында Трамп үшін демократ үміткерлерді тұқыртудағы басты тақырыпқа айналып еді. Трекең сайлаушылардың алдында: "Кезінде мен Путинге: "Сен Киевті бомбаласаң, мен Мәскеуді бомбалаймын", - дегем. Соғыс Байденнің әлсіздігінен болды. Мен президент болсам соғысты 24 сағатта тоқтатамын", - деп уәдені үйіп-төкті.

Енді ол сын садағын өткен айда Ақ үйден кеткен Байденді қойып, демократ Барак Обама мен өзінің партияласы, республикашыл кіші Бушқа қаратуда. кіші Буштың билігі кезінде Путин Грузияға әскер кіргізсе, Обаманың кезінде Қырымды Украинадан тартып алған еді.

Төменде Путин билік құрған 25 жылда Ақ үй басшыларымен қандай қарым-қатынаста болғанын бір шолып өтейік.

1999 жылдың аяғында Ельцинның мұрагерлікке Путинді таңдап, 2000 жылдың наурызында ресми президент болып сайланғаны белгілі. Ельцинмен көп істес болған Билл Клинтон естелігінде Путинмен алғашқы кездесуден кейін: "Ельцин мұрагерді дұрыс таңдапты", деген ойға келгенін, бірақ оның шешендер мен тәуелсіз басылымдарды басып-жаншығанын көргеннен кейін одан іш тарта бастағанын жазады.

"Путин НАТО-ға кіруге ыңғай танытқанымен, президенттіктен кетіп бара жатқан маған аса ықылас білдіре қойған жоқ", - дейді.

Америкада "11 қыркүйек оқиғасы" болған кезде Путин ең алғашқы болып кіші Бушқа телефон соққан. АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізгенде Путин өз әуе кеңістігімен Орта Азияны ашып берген. Десе де бұл әріптестік ұзаққа бармаған.

2002 жылы қарашада Балтық елдері бастаған 7 мемлекет НАТО-ға мүшелікке өтініш береді. Олар 2004 жылы Буштың қолдауымен Солтүстік Атлант әскери ұйымына ресми мүше болып қабылданады.

2003 жылы Буш БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мақұлдауынсыз Ираққа соғыс ашады. Англиядан басқа, Ресей, Франция, Қытай қарсы болады.

2003 жылдың аяғында Грузияда, 2004 жылдың көктемінде Украинада түрлі-түсті саяси төңкеріс болып, жаңа демократ басшылар билікке келеді. Путин: "Бұлардың артында Америка билігі тұр", - деп наразылық білдіреді.

Буштың Шығыс Еуропаға ядролық қарудан қорғаныс жүйесін орналастыру шешімі Путиннің қатаң наразылығын тудырады.

Кіші Буш 2008 жылы Путинмен бірге Қытайда Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын тамашалап отырғанда, орыс әскерінің Грузияға басып кіргенін естиді.

Ал Барак Обама кезінде Путин Украинадан Қырымды тартып алды. Путиннің өктемдігіне кіші Буш пен Барақ Обама экономикалық жаза қолданудан ары аспады. Кейін Ақ үйге келген Байден Обаманың Қырым дағдарысы жөніндегі арнайы өкілі болған еді. Оның Украинаға көмегі де Зеленскийге жеңіс әкеле алмады.

Буш үкіметінің Ресейге қатысты ақпарат жинау агентін басқарған, "Путин: Кремльдің шпионы" кітабының авторы Фиона Хилл Путинді "Өткенде, өз қиялындағы Ресейде өмір сүретін адам" деп сипаттаған еді.

Трамптың алдындағы прзиденттердің Путиннің түпкі ниетін дұрыс бағамдай алмағаны көрініп тұр. Өзгені сынағыш Трамптың әуселесі де көп өтпей белгілі болады.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

9 пікір