Албан, Суан елінің ата қонысы - Ілеге қайта оралуы

Іле алқабы – Жетісу өңірнің өзіндік ерекшелікке ие бір экологиялық бөлегі. Тарихта «Жетісу өңірі» деп Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аякөз, Шу, Талас қатарлы жеті өзенге қатысты айтылған. Жетісу өңірі шығыста Жоңғар қақпасы мен Қас, Күнес, Текестен батыста Қордай асуына, оңтүстікте Ыстықкөл мен Шу өзеннің аңғарынан солтүстікте Алакөлге дейін созылып жатқан ұлан-байтақ экологиялық бөлек. Іле өзені жеті өзеннің ішіндегі арнасы ең үлкені. Сондықтан да жайшылықта Іле алқабы, Жетісу өңірі деп қатар айтыла береді.
Іле алқабы Қас, Күнес, Текес (Үшарал, Үшбурыл деп те айтылады) өзендерінің басынан Іле өзенінің Балқаш көліне құйғанға дейінгі атырабы. Іле алқабы Іле аңғары және Іле ойпатты сынды екі экологиялық бөлектен құралады. Тарихта Жетісу жұрты Іле өзені шығыстан батысқа қарай ағатындықтан Іле алқабының Қытай териториясына (Іленің шығыс бөлегіне) қоныстанған халықты «Өрдегі ел» деп атаған. Төменде Чиң үкіметі 1757 жылы Жоңғар бүлігін тыныштандырғаннан кейін Ұлы жүз құрамындағы Албан, Суан қатарлы елдің атажұртына қайта оралу рухқын ту етіп, патшалық Ресейдың отарлау саясатына қарсы тұрып, Ресейдің құрамына өтуді қаламай, ата қонысы Іленің шығыс бөлегіне (өрге) қайтадан қоныстану барысын уақыт жүлгесі, замана толқындары, сондай-ақ одан туындаған қоғамдық-тарихи өзгерістер жүлгесімен тарихи материалдар негізінде зерделемекпін.
Іле алқабы, Жетісу өңірі біздің заманымыздан бұрын-ақ Үйсіндердің атамекені болғаны тарихтан белгілі. Бертінгі Шағатай хандығы, Моғолстан хандығы дәуірінде де Іле алқабы, Жетісу өңірі Үйсін елінің тайпалар одағының мекені болғанын бәріміз білеміз. XVI ғасырдың соңында дербес өмір сүру қуатынан айырылған Моғолстан жерінің көп бөлегі жоңғарлардың иелігіне өтті. Жоңғар хандығы күшейген соң, жоңғар ақсүйектері ауыр қолмен Алтай, Тарбағатай, Жетісу өңірі мен Іле алқабын, Ыстықкөл мен Сыр бойындағы Шығыс пен Батысқа аты машһұр сауда қалаларын басып алды. Жоңғар ақсүйектері ордасын Қобықсарыдан Іле аңғарына жөткеді. Сонымен бүтін Іле алқабы XVII-XVIII ғасырларда мөлшермен 200 жыл айналасында жоңғар ақсүйектерінің саяси, экономика және мәдениет орталығына айналды.
Албан, Суан елінің ата қонысы Іле аңғарына қайта оралуы
Мөлшерімен XVII ғасырдың орта шенінде жоңғарлар Іле алқабын жаулап алған соң Албан елінің бір бөлегі Іле алқабынан бір мезет оңтүстіктегі Қаратау, Қазықұрт, Шымкент, Тәшкент өңіріне қоныс аударғаны тарихтан белгілі. 1757 жылы Чиң үкіметі жоңғарлардың бүлігін тыныштандырған соң, сол елдің көп бөлегі Жетісу өңіріне, Іленің батыс алқабына қайта оралған, аз бір бөлегі ата қонысқа орала алмай Оңтүстік өңірде қалып қойған. Ал Албан елінің тағы бір бөлегі Іле өзенінің оң қанатына яғни қазіргі Талдықорған өңіріне (Жетісудың солтүстігіне) қоныс аударған деп те айтылып жүр. «Іле дариясының оңтүстік өңіріндегі Алатау аймақтары түгелдей жоңғарлардың қолына өткен соң, ондағы халықтарды қырып-жойып тастағаннан кейін, сырғи-сырғи Іленің оң жақ қанатына ойысқан-ды. XVII ғасырдың орта шенінде осы босаған орындарға жоңғар феодалдарының бір талайы келіп қоныстана бастайды. Жоңғарлар Алатау баурайынан түпкілікті тұрақ тепкен соң, ұзақ жылдар бойы бауырына басып босатпай келгені бесенеден белгілі... Қазақтар андыз-андыз Балқаштың шөл, құмдауыт құрғақ даласы мен жоңғар Алатауның қойнау-қолтықтарында бірлесіп, ұйлығысып өмір сүрген-ді». («Албандар», Жәлел Айдарқанұлы, Алматы, Анарыс баспасы, 2012 жыл, 41-бет). Жетісу өңірі, Іле алқабында қазірге дейін сақталған моңғолша жер-су аттарынан сол бір алмағайып заманның ащы шындығын көруге болады.
Жоңғар бүлігі тыныштандырылған соң, қазақтар өздернің атамекені – Іле, Тарбағатай, Алтай өңіріне батыстан шығысқа қарай қоғамдық тарихи, саяси жағдайлардың жар беруімен қайтадан қоныстанған. Қазақтардың атамекеніне қайта оралуы бейне Ұбашының торғауыттарды бастап Волга бойынан атажұртына қайта оралғанына ұқсас бір реткі тарихи сипатты отаншылдық қозғалыс деп кесіп айтуға болады.
1757 жылы Чиң үкіметі жоңғарларды тыныштандырғаннан кейін, қазақтың бір бөлім ру-тайпалары ішке қарауға ниет білдірген, Чиң үкіметі де қазақтардың жоңғарлардың бұрынғы жайлымдарына кіріп мал бағуына рұқсат еткен. Сонымен патшалық Ресей шапқыншылығына дейін бір бөлім қазақ ру-тайпалары Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігі, Тарбағатай, Зайсаң өңірінде Чиң хандығы қарауылы төңірегінде көшіп-қонып мал баққан. Сондағы негізгі ру-тайпалар: «Зайсанның батысындағы Мұрын руы, Зайсанның солтүстігіндегі Қаракерей руы, Тарбағатайға жақын жердегі (кейінгі патшалық Ресейдің Лепсі ауданы) Бәйжігіт руы, Қызай руы. Қаратал өзені аңғарындағы Жалайыр руы, Алтын-Еміл тауның екі қапталында сондай-ақ Шарын өңірінде көшіп-қонып жүрген Албан руы және Шарын өзеннің батысынан Балқашқа дейін, Іле өзеннің оңтүстігінен Алатауға дейін көшіп-қонып жүрген Дулаттар». («Веников шығармалары», Мали ман аударған, «Жоңғар шегарасындағы тұрғындарды тексеру», «Шынжаң университеті ғылыми журналы», 1980 жыл, 3-сан). Чиң хандығының соңғы мезгілінде алуан түрлі себептер салдарынан осылардың ішіндегі Албан, Суан қатарлы ру-тайпалар атамекені Іле өңіріне қайта оралды.
«Қазақтың Үйсін тайпасының қазақтары сол XVIIІ ғасырдың 60-жылдарының соңғы кезінде-ақ Іле өңіріне көшіп келе бастаған» («Тарихи этнографиялық зерттеулер», Жақып Мырзақанұлы, Іле халық баспасы, 138-бет). Албан мен Суанның Іле алқабының батыс бөлегіне қайта оралуы 1750 жылдардың орта шенінде, Чиң хандығы үкіметі жоңғарларды тыныштандырғаннан кейін-ақ басталған. Абылай хан заманынан бері қарай Ұлы жүздің Албан, Суан тайпалары Іле алқабының батысынан шығысына – Күнес басы, Жұлдызға дейін мал отарлатып атамекенге қайта орала бастаған. «Сол тұста Шығысқа қоныс аударған негізгі рулар – Ұлы жүздің Албан, Суан рулары Іле өзенін өрлей жылжып көшіп отырған...». («Чиң патшалығы кезіндегі қазақ халқы», Нәбижан Мұқаметқанұлы, Іле халық баспасы, 120-бет).
Чиң патшалығы ордасы 1805 жылы шегара қорғаныс ұлықтарына: «Бұрынғы Чиянлұң патшаның 60-жылғы (1795 жыл) жылжымалы қарауылдың ішкі жағындағы бірнеше он шақырым жер қазақтардың қыстауына бекітілсін. Сонымен бірге олардың талабы бойынша үлкенді-кішілі қарауылдың сыртындағы жүз неше түтін қоныстанатын жер қазақтардың қыстаулығы мен күзеулігіне берілсін. Осы арқылы біздің оларға қаратқан қайырымдылығымызды білдіру керек» деп бұйрық түсірген. («Чиң патшалығы Рын зұң патшасының орда естелігі», қытайша қолжазба нұсқасы, 139-том, 20-21-беттер). Міне осындай қайырымдылық саясатты сезінген қазақтар қарауылдың төңірегіне қоныстанады, тіпті қарауылдың ішіндегі бұрынғы атамекендеріне оралуы да барған сайын тездеген. Чиң үкіметі қазақтардан бажы (салық) алу түзімін жолға қойған.
Алайда, 1854 жылы патшалық Ресейдің шапқыншы армиясы Жетісуға кіріп, қазіргі Алматыны басып алып, оның атын Верни деп өзгертіп, оған казак-орыстардан құралған қарулы әскерлерді орналастырады. Әрі қазақтардың шұрайлы жерлерін иемденіп алып, қазақ малшыларынан ауыр алман-салық жинады. Олардың езгіснен 1860 жылдарға таяғанда қарауыл сыртындағы қазақтар дүркін-дүркін қарауылдың ішіндегі жерлерге өте бастады. Шохан Уалихановтың естеліктеріне қарағанда, Жетісудағы Албан рулары Іле, Текес аңғарларына 1858 жылдан бастап кең ауқымды ауа бастаған. «1862 жылы патшалық Ресей еліміздің шекара қорғаныс әскери бөлімдернің қалыпты барлау жүргізуіне қарулы күшпен кедергілік жасады және қарауыл сыртындағы Чиң хандығының жерлерін зорлықпен басып алды. Осы араны мекендеген қазақ, қырғыз малшылары патшалық Ресейге қарағысы келмей арт-артынан ішке қарай көшті». («Шынжаң қазақтарының қоныс аудару тарихы», Ұлттар баспасы, 1-басылымы, қазақша, 439-бет ). Міне осы мезгілде Іленің Шығыс алқабына Іле алқабының батыс бөлегіне қоныстанған Албан, Суан тайпалары қарауылдың сыртынан ішіне қадам тастады.
1862 жылы Саурық Алпарұлы бастаған ел Тезекке ілесіп шар патшаға қарамайтындығын, Чиң патшалығына қарасты бола беретіндігін, өздері жеті атасынан бастап осы өңірде тіршілік етіп келе жатқанын айтып, ал «Тезек бұл жерлер орыстың жері, сендер орысқа қараңдар деп ол бізді қыспаққа алды» деп Чиң үкіметіне арызданады. («Шынжаңның жерлік тарихи материалдарынан жинақтар», Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясының тарих зерттеу орны, Халық баспасы, 1987 жыл 1-ай, 1-басылымы, 444-бет). Әрі Айт-Бозым, Алжан, Сегіз Сары рулары атынан Саурық батыр бас болып 12 адам қол қойып, бармағын басады. Осылардың ішінде Чиң патшалығы тағайындаған бес ақалақшының (болыстың) аты-жөні хатталған. Олар: «Назардың ұлы Қожақ ақалақшы, ақалақшы Қабанбайдың ұлы, Жәнібектің ұлы ақалақшы Жанат, ақалақшы Түстікбайдың ұлы және Сымайыл ақалақшы» («Шынжаңның жерлік тарихи материалдарынан жинақтар», Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясының тарих зерттеу орны, Халық баспасы, 1987 жыл 1-ай, 1-басылымы, 445-бет). Хаттамада ақалақшы әкелернің атынан қол қойған екі баланың аты жазылмаған. 1871 жылы патшалық Ресей Ілені басып алған соң, Іледегі Іле генерал мекемесіне қарайтын бес ақалақшы Албан елін өздернің ел басқару ережесі бойынша үш болыс ел етіп қайтадан ұйымдастырған. Сол кезде Айт-Бозым руына Жетен Бұқабайұлы, Қоңырбөрік руына Есбер Басшаұлы, Сегіз Сары руына Атанбек болыс болыпты.
«1862 жылы Іле өзеннің оңтүстік жағалауына қоныстанған қазақ пен қырғыз ұлттарның малшылары арт-артынан қарауыл ішіне көшіп келді... 6-айдың 24-күні қазақ ұлтының елбасы Саурық бастаған көп адамдар қарауыл ішіне көшіп келіп мал бағуды өтінеді. Олар Іле қолбасына табыс еткен 12 ру басының бармақ табы (мөрі) басылған бір парша қағазда: «Біз жеті атамыздан бері қарай ұлы патша ағзамның жерінде көшіп-қонып жүргелі 140 жылдан асты. Ал бүгін орыстар жерімізді өзінікі деп бізден тартып алмақшы. Бізді орыстарға бағыныңдар дейді, біз бағынбаймыз. Бүгін қарауыл ішіне кіріп, шашымызды қырқып тастап кеттік...». («Шынжаң жергілікті тарихы», 166-167-беттер). Сауырық, Бөден батырлар бастаған қазақ жасақтары Күнес басы Жұлдызда Бұрбы әмбының басын алып, ордасын шабумен Іле алқабындағы қазақ пен жоңғар ортасындағы үлкен көлемді қақтығыстар осымен үзіл-кесіл ақырласады. Чиң хандығының естеліктерінде 1862 жылдан бастап Сауырық, Бөден батырлар бастаған 400 ден астам отбасы Күнес өзеннің басында, Жұлдыз сахарасында көшіп-қонып, мал бағып жүргені қатіреленген. Күнестегі қазіргі көптеген жер-су аттарын Сауырық батырдың қойғанын білеміз. «Бұл рет келген қазақ рулары – Айт-Бозым, Алжан Сегіз Сары болатын. Мұнан басқа да орыстардың айдауына көнбей, ізгі ниетімен ішке қарағандар үздіксіз көшіп келе берді. Іле шонжары Ұлы жүз қазақтарның Алжан руына Іле өзеннің солтүстігіндегі Қорғас қалашығынан бастап Құлжаның шығысына дейін және Іленің оңтүстігінен асып барып қоныстануына жол берді». («Шетелдерге қатысты істердің бір жайлы етілу барысы», Тұңжи патша бөлімі, 8-том, 66-бет). Тағы да осы Саурық батырлардың жершіл рухы туралы Чиң хандығының естеліктерінде былай қатіреленген: «1863 жылы 9-айда қазақ ұлтынан шыққан Саурық пен оның руластары қырғыздың 12 атаманымен уәделесіп, елге адал болу үшін патышалық Ресей шапқыншыларына батыл қарсы тұру бекімін білдіріп, қой, жылқы сияқты жылу беріп, үкімет армиясын қамтамасыз етті».(«Шынжаң қазақтарның қоныс аудару тарихы», Бейжің, Ұлттар баспасы, 199-200-беттер). Чиң хандығының естеліктерінде Іле және оның төңірегіндегі көшпелілердің патшалық Ресей азаматтығын қабылдағысы келмей 1872 жылы қарауылдың ішіне өткендігі, 1878 жылы тағы да неше мың қазақ, қырғыз малшыларның Іленің шегара өңірлерінен Тияньшаньның орта бөлегіндегі моңғолдардың мал шаруашылық районы Жұлдыз сахарасына көшіп барғандығы, Чиң хандығының қатысты ұлықтарның оларға осы жерде мал бағуға рұқсат еткендігі қатіреленген. («Чиң гаузоң естеліктері», 762-бума).
Ілияс Жансүгүровтың «Жетісу өлкесін орыс алуы» деген мақаласында: «Жетісуға орыстың ірге теуіп отыруы 1840 жылдан 1880 жылдардың басында болды... Осы күнгі Іле көпірінен өрге қарай Құлжаға шейін, жеті өзеннің екі жағын өрістеп, Ұлы жүздің Албан, Суаны жатушы еді» деп атап көрсетті. «Ұлы жүз қазақтарының Албан руының Іле өзеннің солтүстігіне (дұрысы: оңтүстігіне) өтіп барып қоныстануына жол қойды». (И.В.Бабков: «Батыс сібірдегі қызметімнен еске алғандарым» 1859-1875 жылдар, Бейжің, 1973 жыл, 1-кітап, 173-бет).
Өңіртанушы Ақай Сайдуақасұлының Іленің шығыс бөлегіне бытыранды түрде үздік-создық қоныс аударған ел туралы шежірелік деректерге негізделіп ұзақ жылдық ел арасында қыдырып тексеру арқылы жинақтап реттеген бірінші қол материалдарын ықшамдап беруді жөн көрдім. Жылқылы бай Шажа Бекмырза Қауменұлы 1823 жылы өз ауылын бастап, жылқысын жая-жая Күнес басы Жұлдызға дейін барып бірнеше жыл отарлап, одан қайта айналып Текестің Көксу өңіріне дамылдап, 1834 жылы Үш Құштай өңіріне тұрақтапты, онан соң артта қалған туыстарын да көшіріп алыпты. Жарты Едіге Дөңкібайұлы деген бай 1830 жылдары өз ауылдарын бастап көшіп оларда Үш Құштайға тұрақтапты. Базар Дадай (кейін ақалақшы (болыс) болған) Алжанбайұлының ауылы 1840 жылдардан бастап Текестің Ешкілік тауын мекендепті, 1862 жылға келгенде халық саны артқан соң Ешкіліктен жөткеліп, Қаражон, Көксу, Қордай, Шолақтерек қатарлы жерлерге қоныстаныпты.(Текес тарихи материалы, 1-кітап, 108-бет). 1850 жылдары Нарат би бастаған Жарты ауылы Текеске келіп ірге теуіпті. Шилыөзек ауылы Ақши қыстағының шығыс жағында өзеннің қабағындағы ақ күмбезді 1862 жылы Ағымсары Сымайыл деген сазгерге 80 серкештің майымен жүнін шылап ескерткіш етіп тұрғызған екен. Осы күмбез арқылы 1860 жылдарда сол жерде отырақтасқан бір қауым ел бар екенін көруге болады. Текес пен Тоғызтарауды тұтастыратын Сары-Буыршын сайы бар, бұл сайды мөлшермен XІХ ғасырдың басында Ағымсары Сары-Байсалұлы деген түйелі бай адам мекендеген, қауіпсіздік үшін түйенің буыршындарын бөліп алып осы сайға бақтырады екен. Буыршындарды көрген ел бұл кімдікі деп сұрайды. Бұл Сарының буыршындары деп жүріп, уақыттың өтуімен бұл сай «Сарбұршын» аталып кетеді. Жетісу күйшілік мектебінің алтын діңгегі дәулескер күйші Қожеке Назарұлы бір қауым елді бастап Бұратала, Тарбағатайды айналып 1863 жылы Ілеге келеді, ақыры Текеске ірге теуіп, Үш Құштай өңірін мекен етеді. Өр Текестің Қайыңды-Қарасу деген жеріндегі екі жақтан тең пайдаланып жүрген Мәнке (кейін ақалақшы болған) Қазаншыұлының ауылы 1865 жылы қотарыла көшіп, Текестің Шетмыс деген жеріне келіп бірнеше жыл тұрыпты. Одан соң Күнестің Наратына барып он жыл тұрыпты. Ақыры айналып Үш Құштайға ірге теуіпті.
«Білетініміз, Қожбанбет руының Қосқұлақ атасы үш рет дүркін-дүркін Іле аймағына қоныс аударыпты, бірінші көшу кезеңі 1859 жылы басталыпты... Онан соң екінші мәрте көшуі 1860 жылдардың іші... Үшінші реткі көшу кезеңі 1880 жылдардың бірінші жартысы». («Албандар», Жәлел Айдарқанұлы, Алматы, Анарыс баспасы, 2012-жыл, 363-бет). 1850 жылдардың соңы 1860 жылыдардың басында Жансейт Қауменұлы өз қарауындағы елдерін бастап Іле аңғарның шығыс бөлегіне қоныс аударып, ақырында Текес өңіріне тұрақтапты. «Қожбанбет» атты тарихи-танымдық кітапта айтылуынша, ХІХ ғасырдың 50–60-жылдары Жансейт (кейін ақалақшы болған) бас болып Қосқұлақтың Қаржау атасы 70 үй мал-жанымен бірақ өрге көшіп барған. Тезек төренің тікелей қысым жасауымен, тағы да Өтепбай, Сүгірбай бастаған 35 үй барыпты. Олардың Текес өзеннің солтүстігіндегі Мыңбұлақ, Арал, Атшабыс, Қаражон, Қапсалаң өңіріне біріңғай қоныстанғаны тарихтан белгілі. «Қазақтың Албан, Суан рулары Чиң патшалығының алғаш Гуаңшұй жылнамаларынан бастап патшалық Ресейден көшіп келіп, Чиң үкіметіне бағынған». («Шынжаң қазақтарның қоныс аудару тарихы» қытайша, Үрімжі, Шынжаң университеті баспасы, 1993 жыл 12-ай, бірінші басылымы, 244-бет). Алайда Чиң үкіметі жоңғар бүлігін тыныштандырғаннан бастап 1930 жылдарға дейінгі үздік-создық жалғасып жатқан халықтық көші-қонды құлағынан тізіп түгендеу шығу мүмкін емес.
1864 жылы жасалған «Чиң-Ресей батыс солтүстік шегараны тексеріп айыру шартының ережесінде»: «Бұдан кейін осы белгіленген шекара маңындағы шаруалар қоныстанған жерлер қайсы елге бөлінген болса, сол жердегі адамдар тұрғындар сол жермен бірге сол елдің басқаруында болады» деп белгіленген. («Чиң патшалғы кезіндегі қазақ халқы», Н.Мұқаметханұлы, қазақша 125-бет). Осыдан бастап Чиң патшалығы мен патшалық Ресей мемлекетінің шегарасы негізінен қалыптасты. Чиң патшалығына қараған өңірде жасаған қазақтар Чиң патшалығының азаматы болды да, патшалық Ресей қармағына қараған жердегілер Ресейге тәуелді болды. Шегара маңындағы қазақтардың қайсы елге қарайтындықтарын таңдап алуларына бір жыл уақыт берілді. Тағы да Ресей патша үкіметі 1868 жылы қазан айында «Жаңа низам» жасап, «Жер патшаның меншігінде, қазақтар онан тек пайдалану ұқығы ғана болады» деп жарлық шығарады. Осыдан кейін қазақтардан бажы ала бастайды. Сонымен Жетісудағы қазақ халқы Ресей отаршылдарына қарсы тұра бастады.
Отаншыл, ұлтшыл қайраткер Тазабек Пұсырманбайұлы (1804-1871 ж.) бас болып, халық жасақтары патшалық Ресейдің қармағына өтуді қаламай, асқақ ұлтшылдық сезіммен 1865 жылдан бастап Ресей отаршылдарына қарсы көтеріліс жасайды, орыс-казак солдаттарының от қаруына төтеп бере алмай сәтсіздікке ұшырап, 1870 жылы қысқа салым ақырында Іле сұлтаны Әлаханмен келісіп, патша әскерлернің қоршауын бұзып, 1000 түтінді бастап, Шонжы арқылы Іленің Шығыс өңіріне өтіп, Тоғызтарауды негіз етіп қоныстанады. Орыстар 1871 жылы қазанда Іледегі халыққа жан саны санағын жүргізгенде «қазақтардың санын 22 мың 344 адам» деп жазған.(«Орта Азияны бағындыру тарихы», М.Ә.Терентиев қытай тілінде, Сауда баспасы, 1983 жылы 3-ай, бірінші басылымы 2-бөлім, 61-бет). Бірақ олар бұл жан саны санағын толықсыз мәлімет деп қараған.
Бұл уақиға шар патша отаршылдарына қатты соққы болып тиеді де, 1871 жылы мамыр айының 8-күні Іле сұлтаны Әлаханға «Тазабекты ұстап бір аптада тапсырып беру» жөнінде ақтық ескерту жарялайды. Әлахан бас тартқан соң, осы уақиғаны сылтау етіп мамырдың 15-күні Ілеге шабуыл жасады. Бастабында Іле аңғарындағы әр ұлт халқы патшалық Ресей армиясына сілейте соққы берді, сұлтан үкіметі де ең алғаш халық жақта болды. Алайда, көп өтпей Әлахан сұлтан Ресей армиясына тізе бүгіп, өзінің одақтасы Тазабекті қапыда тұтқындап Г.А.Колпаковский генералға тапсырып берді. Сатқын Әлахан Баяндайға барып Г.А.Колпаковский генералды қол қусырып қарсы алып, оның шапқыншы армиясын Құлжа қаласына бастап кіріп орналастырады. Тазабекті Қуғындаған орыстың Колпаковский генаралы 1871 жылы шілде айында Тазабекті тұтқындаған соң, оны Алматыға апарып қамап, соңынан у беріп өлтіреді. Сонымен патшалық Ресей Ілеге 1871 жылдың шілде айынан 1882 жылдың науырыз айына дейін 10 жыл үстемдік етті. «1871 жылы патшалық Ресей армиясы шілде айында Сүйдің және Құлжа қаласын басып алған кезде қазақтың Қызай тайпасы да бір рет патшалық Ресей армиясына сілейте соққы берген соң Көгіршін тауынан асып қайтадан Бұратала өңіріне шегініп кетті». («Шынжаңңның қысқаша тарихы», Шынжаңның қысқаша тарихын құрастыру гүрппасы, Шынжаң халық баспасы, 283-284-беттер).
Әлахан сұлтан үкіметі кезінде, Ресей Ілені отарлап алған соң моңғолдың Олыт, Сахар қатарлы тайпаларның басым көпшілігі Оңтүстік және Солтүстік өңірлерге жөткеліп кетті. Мұнда мөлшермен 60 сұмын, 120 мың адам Тарбағатай мен Көрқарасу, аз бөлегі мөлшермен 8 мың 500 адам Жетісудің солтүстігіне көшіп кетті. Ал 12 сұмын халық Жұлдыз сахарасындағы моңғолдарға көшіп кетті. Осындай зор көлемді жан саны көшіп кеткендіктен Іледегі босап қалған ұлан-байтақ мал жайлымы қазақтардың иелігіне өтті. («Веников шығармалары», Малиман аударған, «Жоңғар шегарасындағы тұрғындарды тексеру», «Шынжаң университеті ғылыми журналы», 1980 жыл, 3-сан). Чиң үкіметі Ілені қайтарып алған соң, бытырап кеткен тұрғындарды қайтарып алып орналастыру қызметтерін істеді, мәселен 1893 жылы (Гуаңшидің 9-жылы) Іледен шығып кеткен Солұн, Сібе, Олыт халқынан қырық, елу мың жан санды қайтарып әкелді. («Шынжаңның қариталы шежіресі» шежіре бөлімі, 16-том, 9-бет). Бірақ қайтарып әкелген көшпелілердің саны көшіп шығып кеткен көшпелілердің санынан әлде қайда аз болды. Оның үстіне Чиң үкіметі Ілені қайтарып алған соң патшалық Ресей Іледегі Албан, Суан қазақтарның басым көпшілігін зорлықпен көшіріп кетті, сонымен осы бір мезгілде Іледе көп жайлым бос қалды... Гуаңшидің 25-жылына (1900 жылы) келгенде «Қызай, Албан қазақтары оңтүстік, солтүстік, батыс таулы өңірлерге бытырай қоныстанды, ара қашықтығы мың шақырым, неше жүз шақырым болды». («Шынжаңның қариталы шежіресі» шежіре бөлімі, 16-том, 9-бет).
1881 жылы 2-айдың 24-күні «Чиң - Ресей Іле шартына», 10-айдың 28-күні «Чиң - Ресей Іле шегара тоқтамына» қол қойылды. Келесі жылы наурыз айында (1882 жылы 3-айда) Іленің Шығыс алқабын Чиң патышалығына ресми қайтарып берді, Іле генералы Жин шұн әскерін бастап Ілеге келді. Келісім-шарт бойынша Чиң - Ресей шекара сызығын бекітіп, шекара қарауылдарын салды. Патшалық Ресейдің жандайшаптары әр ұлт халқын патшалық Ресей қарастылығына көшуге зорлайды. Көшпегендерін әскери күшпен зорлап көшіреді. «1881 жылдан 1884 жылға дейінгі төрт жыл аралығында патшалық Ресейдің Іледен қайтарып көшіріп кеткен Албан, Суан руларының түтін саны 5 мыңға жеткен».(«ХІХ ғасырдың соңғы жартысы, ХХ ғасырдың басында Іленің Шығыс өңіріне қоныс аударған қазақтар», Бақыт Еженқанұлы Үрімжі, 1987 жыл, 14-бет). 1881-1884 жылдардағы шегара бөлінісі кезінде Іле тұрғындарынан 70 мыңдай адам Ресейге зорлап көшірілген, оның көбі ұйғұрлар мен дүңгендер болса, 20 мыңдайы қазақтар екен. «Іле бойы, Күнес, Текестен көшірілген Албан, Суан елдернің түтін саны бес мыңға жеткен». («Іле тарихи материалдары», 19-кітап, 172-бет). Ал орыс тарихшысы Ю.Баранованың деректерінде: «Қорғас пен Алтын-Еміл арасына екі мың үй Суан, ал Іленің оңтүстігіне үш мың үй Албан көшіп келді» деп көрсетілген. («Шығыс тану секторның еңбектері», Алматы,1959 жыл, 1-том). Орыс тарихшысы Ю.Баранованың жазбасындағы сол кездегі Іле аңғарындағы үш болыс ел яғни ұш мың отбасы Албан елі патшалық Ресей қармағына түгел өтіп келді дегені қағаз бетіндегі тұспал ғана. Мөлшермен екі болыстай ел көшіп, бір болыстай ел көшпей қалған екен. Тарихи шындыққа жүгінсек, Іле аңғарына бытырап кеткен халықты жинауға арнаулы шеріктер жауапты болыпты, шеріктерге жазықтағы елді жинау оңай болғанмен, Текестің Көксу, Үш Құштай, Тегерек, Бозадыр қатарлы таулы өңірлеріндегі елді толық жинау қиынға түсіпті. Ал зорлықпен көшірілген елдің бір бөлегі солдаттардың күзеті босаған соң үйреншікті жерлеріне қайта оралған екен. «Айналасы екі-үш жылдың ішінде кеткендердің көбі Іле аймағындағы үйреншікті мекендеріне мыңдаған үйлер келіп үлгеріпті». («Албандар», Жәлел Айдарқанұлы, Алматы, Анарыс баспасы, 2012-жыл, 368-бет).
Чиң үкіметі Ілені қайтарып алған соң, 1882 жылдан бастап Іле қазақтарына бұрынғыдай ақалақшылық басқару түзімін жолға қойған. Лай хұңбо былай дейді: «ХІХғасырдың орта шенінен соң, қазақтар Ілеге көптеп көшіп келді. Гуаңши патша жылдарында Чиң патшалығы ордасы ұйғұрлардың бектік түзіміне еліктеп, қазақтарға бір тайжы, 4 ақалақшы, 4 мампаң, 24 зәңгі, 27 күнде, 77 елу басы, 4 бас шарлаушы, 27 кіші шарлаушы, жины 117 мансапты тағайындады. Қазақтарға қатысты істердің барлығы генерал жамбылының басқаруында болды». (Іле тарихи материалдары, 11 ден 15 ке дейінгі топтама кітап, 7-бет). Демек, Чиң үкіметі Қызай еліне 3 ақалақшы, ал патшалық Ресей Ілені отарлап тұрғандағы үш болыс Албан елінің ата қонысында тұрақтап қалғандарына бір ақалақшы тағайындапты. Іле генерал мекемесінің бекітуімен 1882 жылы Текесті негіз еткен бір ақалақшы ел болып ұйысып, Дадай Алжанбайұлы ақалақшы, Жансейт Қауменұлы мампаң болыпты. Кейін үш ақалақшы, одан алты ақалақшы елге кобейіпті.
Қызай елінің Іле аңғарына қоныс аудару барысы
Чиң үкіметі 1882 жылы наурыз айында Ілені қайтарып алған соң, Іле аңғарындағы жайылымдар негізінен бос қалғандықтан Тарбағатайдың Солтүстігі мен Бұратала өңіріндегі Қызай елінің атқа мінерлері қасиетті Қызай ананың «Ел өсіп жерден қысылсаңдар, әкем Бәйдібектің ата мекені Ілені табыңдар» деген өсиеті бойынша «орысқа емес, Чиң патшалығына қараймыз» деп Іле генерал мекемесіне өздерін Іле аңғарына орналастыруды талап етеді. Іле генералы Жин шұн Қызай тайпасының бұрын Тарбағатай Санзан уәзіріне қарайтынын ескеріп, сол кездегі Тарбағатай Санзан уәзірі Ши лұнның адам жіберіп оларды Тарбағатайға орналастыруын талап етеді. Алайда, Тарбағатайда орналастыратын бос жер болмағандықтан Бұраталаның таулы өңірлерінде мал бағуына уақтылы бұйырық берген. Көп өтпей Іле генерал мекемесі Қызай елінің Іле аңғарына қоныстануына рұқсат етеді. Қасиетті Қызай ана ұрпақтарына мынадай өсиет қалдырыпты: «Жаугершілік жойылып, тыныш бейбіт заман орнаған да, кейінгі ұрпақтарым менің атамекенім Ілеге барып қоныстансын». («Мұра»,1999 жыл, 3-сан,30-бет).
«Жататын Ұлы жүзге Үйсін қандай,
Үйсыюінныің туажаты Бәйдібек бай.
Күнбибі Бәйдібектің күндей қызы,
Атанған кейін келе анам Қызай». («Есенкелді» дастанынан).
1882 жылы Іле генералы Құдайменді төрені Қызай тайпасының тәйжілігіне тағайындады, ол Қызай тайпасының үш ақалақшысының үстінен қарады. Сасан, Боқаш, Бәйеке Қызай елінің ақалақшысы болып тағайындалды, оларға 3-дәрежелі үкі тағуды ылтипат етті. Байболат ақалақшылық мансап тимегендіктен өкпелеп Қазымбет, Қоңырбай, Тастемір, Шобан қатарлы төрт рудан 100 ден астам отбасын бастап патшалық ресей територясына өтіп кетеді. 1883 жылы 7-айда Сасан, Боқаш, Бәйеке өзіне қарасты руларды бастап үш бағытпен Іле аңғарына көшеді. Боқаштың басқаруындағы Тәңірберді рулары Қарабұқа асуынан асып, Сайрам көлін жағалап, Талқыдан асып, Қас, Күнес өзендернің аңғарына көшіп барады. Сасанның басқаруындағы Бегімбет-Дербіс рулары Жың өңірінен аттанып, Көкқамыр тауынан асып, Күнес өзеннің Оңтүстік жағасына көшіп барады. Бәйекенің басқаруындағы Тілеуберді, Тілеуқабыл рулары Күнестің шығысындағы таулы өңірден асып өтіп, Күнеске келеді, онан соң Іле аңғарның басқа жерлеріне бытырай қоныстанады.
Чиң үкіметі жоңғар бүлігін тыныштандырғаннан кейін, Қызай елі мөлшермен 1760 жылдары Аякөзден Тарбағатай өңіріне көше бастаған. «Тарбағатайға таяу жердегі (кейінгі патшалық Ресейдің Лепсы ауданы) Бәйжігіт, Қызай рулары». (Веников шығармалары Мали ман аударған, «Жоңғар шегарасындағы тұрғындарды тексеру», «Шынжаң университеті ғылыми жұрналы», 1980 жыл, 3-сан). Чиң хандығының естеліктерінде осы мезгілдерде «Қызай елінің тарбағатай Санзанына қарайтындығы» қатіреленген. («Шынжаңның қариталы шежіресі» шежіре бөлімі, 16-том, 5-бет). Ал патшалық Ресейдің тарихи материалдарында «Қызай елінің Барлық тауында көшіп-қонып» жүргені қатіреленген. (И.В.Бабков: «Батыс сібірдегі қызметімнен еске алғандарым» 1859- 1875 жылдар, Бейжің, 1973 жыл, 1-кітап, 130-бет). Қызай елі Тарбағатайдың Тоқтабарлық, Орқы, Майлы-Жайыр таулы өңірін және Еміл өзеннің екі жағасындағы кең байтақ сахарада көшіп-қонып жүрген, 1865 жылы1-айдың 27-күні Шәуешекте дүңген көтерілісі туылды, Қызай елі де көтерліске белсене қатынасты. 1866 жылы 4-айдың 1-күні көтерлісшілер Шәуешекті басып алып, Чиң үкіметінің Шәуешектегі билік органдарын жойды. Бірақ ішкі-сыртқы күштердің басымына төтеп бере алмай 6, 7-айларда дүңген-қазақ көтерлісшілері Шәуешектен шегініп шықты. Олардың көп бөлегі Көрқарасуға (шихуға) барды. «Олар (дүңгендерді айтып отыр, - автор) мал-мүлкімен Шәуешектен шегініп, одақтастары Бәйжігіт, Қызай, Дөртуіл руларымен Манас төңірегіне жөткеліп барып, Күйтүн деген қыстақ құрды».(«Орта Азияны бағындыру тарихы», М.А.Терентиев қытай тілінде, Сауда баспасы, 1983-жылы 3-ай, бірінші басылымы 2-бөлім, 13-бет). Манас өңіріне барған қазақтардың бір бөлегі Чиң армиясының қысымы мен жайлым жетіспегендіктен Жетісу-Семей өңірене көшіп кетті. Ал Қызай елінің көп бөлегі 1869 жылдың алды-артынан 1883 жылы 7-айда Іле аңғарына көшкенге дейін Тарбағатайдың солтүстігіндегі таулы өңірлер мен Бұратала ойпаты, Сайрам көлінің төңірегінде көшіп-қонып жүрді. «...Бұрын Дөрбілжын, Толы ауданы көлемінде тұратын қазақтың Қызай руы соғыстың ала-шапқынынан қашып, Еренқабырғаны жиектей көшіп, Үрімжі өзеннің жоғарғы ағысына дейін барды, кейін Тәңір тауын бойлай батысқа беттеп, соңында Іле аңғарына қоныс тепті». («Шынжаң қазақтарның қоныс аудару тарихы» қытайша, Үрімжі, Шынжаң университеті баспасы, 1993 жылы 12-ай, 1-басылымы, 220-бет). Қызай елінің көші-қоны туралы бұдан басқа да жазба деректер бар. «Тарбағатайдан шегініп шыққаннан кейін, Қызай тайпасының басым көпшілігі айналып Бұратала ойпаты мен Сайрам аңғарына көшіп келді. 1869 жылдың алды-артын 1883-жылы 7-айда (Гуаңшидің 8-жылы 6-ай) Іле аңғарына көшкенге дейін, Қызай тайпасы бастан-аяқ осы өңірді қимыл орталығы етті». (И.В.Бабков: «Батыс сібірдегі қызметімнен еске алғандарым» 1859 – 1875 жылдар, Бейжің, 1973-жыл, 1-кітап, 213-бет).
1900 жылы 5-айда Күнболат Байболатұлы патшалық Ресей азаматтығына өтуді қаламай, бұрын әкесі Байболат бастап шар патша жеріне өтіп кеткен елді бастап Іле аңғарына көшіп келуді талап етті, әрі Іле генерал мекемесінің рұқсатын алды. Сол жылы 6-айда 130 отбасы, 513 адамды бастап Ілеге көшіп келді.
Патшалық Ресейдің отаршылдық езгісіне қарсы 1916 жылғы Қарқара көтерлісіндегі үлкен қырғыншылық салдарынан халық жаппай Іле аңғарның шығысына қоныс аударған. Келесі жылы екі елдің келісімімен бұл елдің басым көпшілігі қайтарылды. Тағы да 1930 жылдардағы Кеңестер Одағында болған ашарлық салдарынан халық солтүстік Шынжаң өңіріне кең ауқымды қоныс аударып, қайтпай тұрақтап қалған.
Демек, Чиң үкіметі жоңғарларды тыныштандырғаннан кейін қазақтың бір бөлім ру-тайпалары патшалық Ресейдің отарлау саясатына батыл қарсы тұрып атамекені Іле, Алтай, Тарбағатай өңіріне қайта орала бастайды.
Мұратәлі Мәшірепұлы,
Іле педагогикалық университеті философия пәнінің магистирі, ұлттану пәнінің докторы.
Мақаланы төте жазудан аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.
Abai.kz