Жұма, 21 Ақпан 2025
Ақмылтық 1331 7 пікір 19 Ақпан, 2025 сағат 13:44

НАТО-ның «өлім сағаты» таяды ма?

Сурет:ForceAge сайтынан алынды

Қазір Еуропа мен АҚШ-тың екі бөлек жолға түскеніне еш күмән жоқ. НАТО-ның өлім сағатының таяғаны бұдан бұрында айтылған еді.

Жексенбіде аяқтаған Мюнхен қауіпсіздік конференциясында шындыққа айналды.

АҚШ пен Еуропа арасындағы «бет жыртысу» үш салада көрініс тапты: Украина соғысы, сөз бостандығы және сауда-саттықта.

Өткен аптада ғана Трамп күтпеген жерден Ресей президенті Владимир Путинмен бейбіт келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді (ол өзінің сайлауалды науқаны кезінде мұны істейтінін айтқан, бірақ еуропалық көшбасшылар назар аудармаған сияқты). Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог 15-і күні еуропалықтарға жоғары деңгейдегі келіссөздерде олар үшін орын жоқ екенін ашық айтты.

Еуропалық көшбасшылар шошып кетті. Трамп Украинаның НАТО-ға мүше болмайтынын жариялаған кезде, кейбір еуропалық көшбасшылар, соның ішінде Стармер Украинаның болашақта НАТО-ға қосылуынан әлі де үмітті еді. Трамп Ресейдің дағдылы уәжін, Украинаның НАТО-ға қосылу мүмкіндігі соғысты тудырғанын қайталап айтты. Трамп сонымен бірге Украина соғыста жеңе алмайды деген қорытындыға келді (мен келісемін).

Бейбітшілік келісімінің ықтимал нұсқалары пайда бола бастады: Украина НАТО-ға кірмейді. Болжауымызша, Ресейдің тыйым салынған активтері қайтарылады; Трамп тіпті, Ресейдің жетілік тобына (G7) қайта қосылуын қалайды.

Бұл еуропалықтардың ашуын тудырды. Еуропалық БАҚ пен көптеген ғалымдар нәтижесіз ертегіні тағы жалғастыруда: Украина соғыста Батыстың үздіксіз қолдауымен ғана жеңе алады-мыс. Бірақ бұл майдан көрмеген сырт көздің сылдыр сөзі ғана.

Жақында британдық экономика тарихшысы Роберт Скидельский британдық БАҚ-тың соғысты жалғастыру туралы көзқарасы бір сарынды деді. Ол немістің әскери тарихшысы Карл фон Клаузевицтің: «соғысты қалай аяқтау керектігін білмейінше, соғысты бастамаңыз» деген маңызды кеңесін есімізге салды.

Еуропалықтар үшін соғыс сырт көздің ермегі сияқты болды. Олардың Украинаны қолдауы – бұл риторика және құр уәде ғана, стратегиялық жоспар, соңғы ойын жоспары, ең жақсы нәтижелерге қол жеткізу туралы келісім және соғыстан кейін не болуы мүмкін екендігі туралы нақты жоспар жоқ.

Украинадағы соғыс сөзсіз аяқталуы керек, өйткені Украина әлдеқашан жеңіліп қалды. Қарапайым шындық осы. Ресей соғыс экономикасына бет бұрды және оның әскери техника мен оқ-дәрілер өндіру қуаты Батыс елдерінен әлдеқайда асып түседі. Ресей енді жеңілмейді. Америка Құрама Штаттары мен Еуропа баяғыда, соғыстың бірінші күнінен бастап ресейлік мұнай мен газға толық эмбарго қойып, барлық ресейлік банктерді халықаралық қаржы желісінен толық ажыратып, қорғаныс өнеркәсібіне инвестицияны дереу ұлғайтып және әскер шығынына төтеп беруге дайын болғанда Украина жеңер еді. Украинаға батыл қолдаушылар қажет еді, өкінішке қарай сенгендері құры айтақшылар болып шықты.

Халықаралық дипломатияның жайлы үстелінен «балалар үстеліне» ығысқан еуропалықтар Мюнхен қауіпсіздік конференциясында америкалықтардан жақсы сөздер күткен еді. Алайда, олар АҚШ вице-президенті Вэнстің сөгісін алды. Вэнс оларға Батыстың алдында тұрған ең үлкен қауіп Ресей немесе Қытай емес, Еуропаның сөз бостандығын басып-жаншуы екенін айтты.

Вэнс АҚШ-тағы сайлаудан кейін көп ұзамай алғаш рет жасаған қоқан-лоққысын тағы қайталады: «ЕО-ның АҚШ-қа тиесілі әлеуметтік медиа компанияларына цензура жасау әрекеті АҚШ-тың НАТО-дан кетуіне әкеледі. «Халқыңыздың даусын, пікірін, ар-ожданын басшылыққа алудан қорқатын болсаңыз, қауіпсіздік жоқ екеніне сенімдімін» деді.

Еуропа үнсіз қалды. Еуропаның центристік үкіметтерінің оңшыл күштерге қарсы күресте айлалары таусылды. Олар «бақыланбайтын сөз бостандығы» еуропалық интеграцияға экзистенциалды қауіп төндіреді деп қорқады. Өйткені, ЕО демократиясы төменнен жоғарыға бағытталған  емес, еуроға қолдау басынан-ақ әлсіз болды. Мысалы, Германияда еуроны қолдау көпшіліктің қолында емес.

ВВС Вэнстің сөзін «өте нашар пайымдау» деп сипаттады. Дегенмен, британдықтар мен еуропалықтардың АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен күресудегі ұтымды қадамы екіұдайылықты тоқтатып, бастаманы қолға алу болар еді. ЕО мен Ұлыбритания енді Еуропаның қауіпсіздігіне жауапты болады - мәселе олар осы жүкті көтеріле ала ма? Олар қорғанысқа көбірек ақша жинап, жабдықты сатып алуды ұтымдырақ үйлестіріп, орталықтандыруы керек - мысалы, ЕО елдерінде 12 түрлі негізгі танкі бар, ал АҚШ-та бір ғана танк бар.

Мәселе мынада, Еуропада әр елдің өз қызыл сызықтары бар. Немістер ешқайда әскер жібергісі келмейді. Макрон еуроаймақтағы қарызды қорғаныс бюджетін қаржыландыру үшін пайдалануға шақырады. Поляктар еуропалық армия құру идеясын қолдамайды, ал Англия ЕО-тың мүшесі емес, айтқанымен жүрмейді. Олар қиын өткелден өткісі келсе, шындықпен санасуы әрі жедел  әрекет етуі керек.

Ащы болсада шындық мынау, еуропалық елдер қорғаныс саласында ондаған жылдар бойы белшеден қарызға батты, ресурстарды ұзақ уақыт бойы әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларына жұмсады. Бұл үрдісті өзгерту қиынның қиыны болып тұр.

Трамптың Еуропадан АҚШ-тың пайдасына бола бас тартып жатқаны даусыз. Ангела Меркель мұны 2018 жылы Трамппен кездескеннен кейін көп ұзамай Бавариядағы сыра шатырында сөйлеген сөзінде, болжаған болатын. Меркель сол кезде Еуропаның Америка Құрама Штаттарына тәуелділігін азайту керектігін айтқан. Бірақ басқалар сияқты ол да кейін ештеңе істемеді.

Сөйтіп бүгінгі күнге де жеттік,  еуропалық көшбасшылардың бөлек үстелдің басында отырғанын көрдік. Олар геосаясаттың Норма Десмондтары – дәурені өтсе де өзінің танымалдығына әлі де сенімді кино жұлдыз сияқты.

Вольфганг Мунчау

Financial Times редакторының орынбасары

Abai.kz

7 пікір