Дүйсенбі, 24 Ақпан 2025
Адасқандар 310 4 пікір 24 Ақпан, 2025 сағат 14:36

«Қазақстанда русофобтар көбейді» деп жүрген кім?

Сурет: QMonitor.kz сайтынан алынды.

Бүгін Орыс әскерінің Украинаға басып кіргеніне 3 жыл толды. Орыс билігі "НАТО-ға кірмек болды" деп айыптаған Украинадан бөлек, өзге де кеңес құрамында болған республикалармен арада болған шетін оқиғаларда өктемдігін қояр емес. Ол өз кезегінде Ресейден тыс жерлердегі орыс өкілдеріне жел беріп тұрған сияқты. Соны сезгендіктен бе Әзербайжан мен Молдава өз аумағындағы "Орыс үйін" жапты.

Нақтылап айтқанда Әзербайжан ұшақ апатына байланысты орыс тарабы жауапкершілікті алудан бас тартқаны үшін, Молдова өз терроториясына орыс дроны құлағанына жауап ретінде жоғардағыдай шешім шығарғанын жеткізді.

Ақ үйге қайта оралған Трамптың Зеленскийге шүйлігіп, соғыстың жауапкершілігін оған артпақ болған ессіз әрекеті, Путинді әлемдік қауымдастыққа қайта тарту талпыныстары - Ресей мен одан тыс елдердегі орыс қауымдастықтарына қайта бас көтеруге шабыт беріп отырғандай...

"TAUEKEL" (Теріскей бізге аманат) қоғамдық ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов бүгін әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп дабыл қақты:

"Трамптың әңгімелерінен кейін көрші елдің өкілдері есін жинай бастады. Тіпті ашық идеалогиялық шабуылдарға шыға бастады десек те болады. Мысалы, өзін солтүстік қазағы деп атайтын Аслан деген біреу бар. Оны бірәзіңіз білетін шығарсыздар. Сол кешелері Мәскеуде өткен руский общинаның жиналысына қатысты. Жиналыс анау-мынау емес, Кремльдің өзінде өткен. Сол жиналыста ол, құрметті қонақ ретінде қабылданып, община басшылығының алдында өзінің қаны - Қазақ, ру - Арғын болса да жаны орыс екенін жеткізіп, община басшылығына, Қазақстанда русофобтардың көбейіп кеткені жайлы айтып, өзін соларға қарсы соғысып жүрген қаһарман қылып көрсетті. Оның ютуб каналын қарасаңыздар, басты жауларының бірі мен екенмін. Яғни, Солтүстікке адам көшіріп, осындағы қазақи идеалогияның дамуына, өсіп-өнуіне сеп болып жүрген істерімді Кремльге жеткізіп, толық мәлімет беріп кетті деген сөз.

Жалпы, көрші елдің қамына жұмыс жасайтын мұндай адамдар аз емес. Менің түсінбейтінім, осындай адамдарды біздің құқық қорғау өкілдері неге құрықтамайды? Неге жазаламайды?

Егер мұндайларды дер кезінде тоқтатып отырмаса үлкен идеалогиялық күшке айналып кетеді. Айналып жатыр да", - дей келе:

"Қилы-қилы заман туды. Дәл қазіргі сәтте ел болашағын ойлап қам қылуымыз керек. Етек-жеңімізді қымтап, шекаралас жерлердегі мемлекет құраушы ұлттың үлесі, идеалогия мәселесіне баса назар аудару керек", - деп орынды ұсыныс айтты.

Ұлты қазақ Аслан дегеннің Кремль де, "Орыс қауымдастығы" басшыларының алдында "елімізде русофобия көбейді" деп мүләйімсіп, көмек сұрағандай, сүйек дәметкендей қылымсығаны рас болса, жетіскен екенбіз. Соңғы жылдары еліміз Үкіметінің ішкі және сыртқы көші-қонды солтүстік облыстарға бағыттағаны белгілі. Қазағы аз өңірлерге шеттен келген қандастар мен оңтүстік пен шығыстың ынталы тұрғындарының көптеп барып жатқаны шындық. Бұл құбылысқа қуанудың орнына өзге елдің өкілдіктеріне барып кері мағынада түсіндіру - Қазақстан билігінің шешімдеріне, стратегиялық жоспарларына ашық қарсы шығу деп бағалану керек. Бурахан дабыл қаққандай мұндай ел ішіне іріткі салушылардың әрекетіне заң жүзінде қатаң шара қолдану керек. Көз жұма қараудың арты ауыр зардапқа ұшыратары сөзсіз.

Abai.kz

4 пікір