Сәрсенбі, 26 Ақпан 2025
Анық-қанығы 186 1 пікір 26 Ақпан, 2025 сағат 14:44

Фонограммамен ән айтуға тыйым салына ма?

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев елімізде фонограммамен ән салуға тыйым салу бастамасын қайта көтерді. Оның айтуынша, фонограммамен ән салған жағдайда алдымен тыңдарманға ескерту керек.

«Қолданыстағы заң бойынша фонограммамен ән айтқан кезде концерт ұйымдастырушылары көрермендерді ескертуге міндетті, әнші аузын жыбырлатып фонограммамен айтады деу керек. Бірақ, бұл ереже мүлдем жұмыс істемейді. Сондықтан біз бұл жобасында фонограммамен ән салуға тыйым салуды белгілеуге бағытталған түзетулер енгізуді ұсындық, бірақ Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдамай отыр, айтатын сылтау көп, өңірлердегі техникалық құралдардың 70%-ы тозған дейді. Жарайды деп, норманы жеңілдетіп бердік, концерт залы техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілсе, фонограмманы пайдалануға тыйым салынады дедік, бірақ бұл норма да өтпей отыр. Тағы бір сылтау білікті дыбыс режиссерлері жетіспейді екен, сұраныс болмаған соң әрине жетіспейді. Фонограмманы алып тастаса, ең қымбат гонорарды дыбыс режиссерлері алады. Одан бөлек, тағы бір жеңілдік ұсындық, егер концерт өтетін орын жабдықталмаса, мысалы, концерт стадионда өтсе, аудиторияны хабардар ете отырып, фонограмманы пайдалануға рұқсат етіледі дедік, бұған да қарсы болып отырсыздар», - деді Мақсат Толықбаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Халық қалаулысы көтерген фонограмма мәселесіне қатысты Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов түсінік берді.

«Фонограммаға қатысты бірнеше жұмыс тобының отырысы өтті, қызу талқыланып жатыр. Мемлекеттік орган ретінде мамандардың пікірін тыңдап, мүдделі жандардың басын қосып, ашық талқылау керек деген мәмілеге келдік. 11 наурызда шоу бизнес өкілдері, мәдени мекемелер басшылары, режиссерлер және басқа мамандармен сіздер ұсынған механизмдерді талқылап, егжей-тегжейлі пысықтап Мәжілістегі заң жобасының екінші оқылымына дейін бір шешімге келеміз деген сенімдемін», - деп жауап берді министрдің орынбасары.

Вице-министр фонограммамен концерт өтетін кезде көрермендерді ескерту іс жүзінде орындалмай отырғанын мойындады.

Еске сала кетсек, елімізде фонограмманы ескертусіз қолдану заңмен қадағаланатыны 2020 жылдан бері айтылып келеді.

Былтыр Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева фонограммамен ән айту, авторлық құқық мәселесі заң арқылы реттелетінін айтқан еді.

Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Abai.kz

1 пікір