ХАЛЫҚТЫ АЛДАП, ФОНОГРАММАМЕН ӘН АЙТУДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК!

Емге іліп алар бір ұйқасы жоқ әнсымақтарды экран мен сахнадан шырқап жүргендерді, тіпті, халық әртістерін де көрдік…
Әншілеріміз баррикада жасап алып, “фонограмманы тоқтатуға болмайды, онда құримыз” деп кесе-көлденең жатып алған…
“Фонограмманы тоқтатуға болмайды, сахналық, дыбыстық техникалық жабдықтарымыз дайын емес” деген әңгіме осыдан 20 жыл бұрын да айтылған… Осылай соза берсек, әншілеріміз енді 20 жылдан кейін де “дайын емеспіз” деп отырады…
Фонограмманы пайдаланып, дарыны да, дауысы да жоқ орындаушылар сахнада сайран салып жүр...
Қатаң заң қабылдаған мемлекеттерде экран мен сахна түгілі, тойда да фонограммамен ән айтуға тыйым салынған.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қабылданды.
Талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе - фонограмманы пайдаланып ән айтуды тоқтатуды талап еткен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз.
“ФОНОГРАММА БОЛУ КЕРЕК!”-дегендердікі “ХАЛЫҚТЫ АЛДАЙ БЕРУ КЕРЕК!”-деген сөз!
-Біз бұл заң жобасын қолдаймыз. Жаңа баяндама жасаған депутат Асхат Аймағамбет атап өткендей, ономастика мәселесінде жекеменшік мектептерге ат қою енді заңмен реттелетін болады. Сонымен қатар концерттік мекемелерде ғана емес, жалпы телеарналар мен радиоларда да көркемдік кеңестер қағаз жүзінде қалмай, нақты жұмыс істеуі керек. Әйтпесе, ешқандай талапқа сай келмейтін әндер қаптап кетті. Тіпті, халық әртістері де емге іліп алар бір ұйқас таппайтын әнсымақтарды экран мен сахнадан шырқап жүргендерін талай көрдік…
Менің айтайын деген мәселем, жаңа әріптесім Мақсат Толықбай сұрақ қойған фонограмма мәселесі.
Талай жылдан бері жыр болып келе жатқан фонограммаға біз осы заңмен нүкте қоюымыз керек! “Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды” дегендей, бұл мәселені талай жылдан бері көтеріп келеміз. Кезінде сол Жамал апайдай халық әртістері ешқашан фонограммамен ән айтқан емес!
Өткен аптада осы заң жобасын талқылаған жұмыс тобына бір топ әйгілі әншілеріміз қатысты. Барлығы баррикада жасап алып, “фонограмманы тоқтатуға болмайды, онда құримыз” деп кесе-көлденең жатып алған… Тек қазақтың дарынды әншісі Ерлан Рысқали ғана “фонограмманы құрту керек” деді.
“Фонограмма болмаса, құримыз” деген әншілердің желеуі қандай? Ән айтуға қажетті сахналық, дыбыстық және техникалық жабдықтар жоқ, дайын емеспіз”-дейді әншілер әлаулайларын хормен айтып.
Біз әншілердің әуеніне жығылған Мәдениет министрлігінің ұсынысымен фонограмма пайдалануды бірнеше рет жұмсарттық.
«Егер ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу орны музыкалық шығармалардың сапалы жанды орындалуын қамтамасыз ететін қажетті сахналық, дыбыстық және техникалық жабдыққа ие болса, фонограмманы қолдануға тыйым салынады.
Өзге жағдайларда фонограмманы іс-шараны ұйымдастырушылар билеттерді сату басталғанға дейін көрермендерді осы факт туралы хабардар еткен жағдайда пайдалануға жол беріледі.»-деп, икемді етуге тырыстық.
Осы барынша жұмсартылған норманың өзін үкімет әлі қолдамай отыр…
Бұл норма фонограмманы пайдалануды заңнамалық реттеу, нақты техникалық талаптарды белгілеу және көрермендер үшін ашықтықты қамтамасыз ету арқылы концерттік іс-шаралардың сапасын арттырады.
“Фонограмманы тоқтатуға болмайды, сахналық, дыбыстық техникалық жабдықтарымыз дайын емес” деген әңгіме осыдан 20 жыл бұрын да айтылған осы парламентте. Сол кездегі үкіметтің солқылдақ-былқылдақтығынан фонограммаға тыйым салынбай қалды… Неге 20 жылдан бері дайын емес?!. Осылай соза берсек, әншілеріміз енді 20 жылдан кейін де “дайын емеспіз” деп отырады…
Егер сол кезде фонограмманы алып тастағанда, бүгінге дейін бәрі дайын болар еді…
Жүзуді үйрену үшін суға түсу керек! Біздің әншілеріміз әлі суға түспей жағалай шауып жүр. Егер осы заңды қабылдасақ, қажеттілік болғанда ғана техникалық жабдықтар дайын болады.
“Дайын емеспіз” дегенге де сенуге болмайды, цифрлық технологиялық дамуда әлемде 9-шы орындағы елміз ғой, дыбыстық техникаларымыз неге дамымай қалады?!.
Елімізде 30 жылдан бері әлі күнге дейін мәдени-бұқаралық іс-шараларда музыкалық туындыларды орындау кезінде ұйымдастырушылар фонограмманы пайдаланатыны туралы көрерменді хабардар етпейді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында, жарнамаларда және билет сатылатын орындарда тиісті ақпарат жазылмайды. Фонограмманы пайдаланып, дарыны да, дауысы да жоқ орындаушылар сахнада сайран салып жүр... Кейбір екі ән айтса, есіріп, төрт ән айтса, төбеңе шығатындардың көбісі осы фонограмманың арқасында “әнші” болып жүр… Осылайша олар көрермендерді адастырады.
Яғни, нағыз шын таланттарды тануда фонограмма кедергі болып келеді.
Сонымен қатар халықаралық тәжірибені де ескере отырып, музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммаларды пайдалануға тыйым салуды ұсынып отырмыз. Мысалы, осыдан 20 жыл бұрын қатаң заң қабылдаған Түркменстанда экран мен сахна түгілі, тойда да фонограммамен айтуға тыйым салынған. Қырғызстанда, Өзбекстанда, Әзірбайжанда да фонограммаға рұқсат жоқ. Ал Қытайда фонограммамен ән айтуға 2008 жылғы Олимпиададан кейін тыйым салынды. Салтанатты концертте Қытай қызы мүлде басқа әншіге тиесілі вокалмен әнді аузын жыбырлатып орындап тұрған.
Кең сарайда 20 мың теңгеге билет алып келген 3 мың көрермен алдында фонограмманы қойып қойып, ілесіп отыру - халықты алдау, әділетсіздік! “Ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың” дейді атам қазақ. Біздің көп әншілер әнді жанын жеп айтпайды, халықтың ақысын жеп айтады…
“Фонограмма болу керек!”-дегендер “Халықтың алдай беру керек, әділетсіздікті жалғай беру керек!”-деген сөз!
Осы заңмен фонограмманы тоқтататын уақыт жетті!
Әрдайым шын дарындарға Ақ жол ашылу керек!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты
Abai.kz