Сәрсенбі, 12 Наурыз 2025
Бұ не мазақ? 789 10 пікір 11 Наурыз, 2025 сағат 13:25

Ресей билігі: «Алматыда Жириновскийге ескерткіш ашылады», - деп сүйіншілеуде...

Сурет: kommersant.ru сайтынан алынды.

Жаңа заман қазақ тарихында Қазақстанның қос тумасы: бірі – рухани-саяси,  енді бірі – ғаламторлық арандатушылық жасады.

Кімдер туралы екенін іштеріңіз сезіп отырған шығар? Сонда да әңгіменің басты кейіпкерлерінің атын атап, түсін түстеп өткеніміз жөн сияқты.

Оның бірі – «Яндекстің» негізін қалаушы, Атыраудың тумасы Аркадий Юрьевич Волож болса, екіншісі – атың өшкір Владимир Вольфович Жириновский.

Қазақ болған соң «атың өшкір» дейміз. Бірақ қазақтың суын ішіп, құдығына өле-өлгенше түкіріп өткен Жириновскийдің (өзі оқыған мектебінде талай мәрте әкесін танытып сабаған қазақ сыныптастырың қойған лақап аты - Жирик) "аты өшпейін" деп тұр екен.

Неге дейсіз бе, онда Ресейдің басты басылымы – «ТАСС-та» шыққан мына хабарды оқысаңыз қаныңыз басыңызға шауып шыға келеді. Сонымен «ТАСС» не дейді, соған тоқтала кетейік:

Ресейлік ақпарат: «2026 жылы Алматыда Жириновскийге ескерткіш ашылады», - деп жазады.

Сөзбе-сөз аударма: «2026 жылғы наурыз-сәуірде – Саранск қаласы, Мордовия Республикасында В.В.Жириновскийге арналған ескерткіштер мен өзге де ескерткіш нысандардың салтанатты ашылуы мен естелік іс-шаралар өтеді. 2026 жылдың сәуір-мамыр айларында, РФ субъектілерінде де Жириновскийге арналған ескерткіштер мен өзге де ескерткіш нысандардың салтанатты ашылуы жоспарланған», - делінген жоба хабарламасында.

Сондай-ақ: «Еске алу іс-шарасы Қазақстанда, саясаткердің туған жері – Алматыда оған арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы аталып өтіледі», - деп жазады.

Бұл бір жағынан – қазақ десе аузына келгенін айтқан жанды дәріптеу болса, екінші жағынан – қазақты сыртынан билеп-төсеу емес пе? Қазақстанда доминант басымдыққа ие қазақтардың Жириновскийді иттің етінен жек көретінін Ресей билігі жақсы біледі. Сонда Ресейдің саяси идеологтары қазақты тағы бір тулатып, еліміздегі екі ірі әлеуметтік топ арасына от тастамақ па?

Тақырыпқа тұздық: Аталған атышулы мәселеге байланысьты: «Алматы қаласының Мәдениет басқармасына В.Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініштер түскен жоқ,  Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау комиссиясы тиісті ұсынысты қарастырған жоқ», - деп хабарлады Алматы қаласының мәдениет басқармасы.

Түйін: «ТАСС» бұл ақпарды қайдан шығарды? Ресей президенті Путин 2024 жылғы қарашада: «2026 жылы Жириновскийдің 80 жылдығын мемлекеттік деңгейде мерекелеу туралы» жарлыққа қол қойды. Сол алашапқынның ішіне қасақана Жириновскийдің «туған жері» деп атап, қазақ жеріндегі Алматыны да кіргізіп жіберген сияқты .

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

10 пікір